Донор мен дотация: Өңірлерді өркендету бағдары қалай өзгереді?
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
«Донор өңірлер неге азайып кетті?» деген мәселенің мемлекеттік деңгейге көтеріле бастағанына біраз болды. Жалпы өңірлік экономикалық саясатқа зейін салсақ, экономикалық әлеует пен ішкі жалпы өнімнің 80%-ы өңірлерден шығады. Дегенмен де донор өңірлер азайып, шығыстарын кірісімен жаба алмай отырған өңірлер көз алдымызда көбейіп жатыр.
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Қазіргі көрсеткіш бойынша елімізде Атырау облысы, Алматы және Астана қаласы ғана донор. Қалған облыстар бюджетке тәуелді, яғни дотация алып отырған өңірлер. Яғни жылдың басында бүкіл облысқа республикалық бюджеттен ақша бөледі. Экономика заңдылығы бойынша шыққан шығыстың бәрі кіріспен толығуы керек. Ал осы қағидатты орындап отырған – үш өңір, қалғандары минуспен шықты деген сөз. Мұның өзі өңірлерде теңгерімсіздік сақталып отырғанын аңғартады. Сол себептен Президент өңірлердің дербестігін ұлғайту, салық жинау саясатын реттеу қажеттігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Егер республикалық бюджет пен жергілікті бюджет арасында тепе-теңдік сақталса, онда өңірлердің экономикалық дамуына да жол ашылады.
Сарапшылардың сөзінше, өңірлердің донорға айналуы – ұзақ үдеріс. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былтыр журналистермен кездесуінде бірінші кезекте өңірлердің өз-өзін асырау мүмкіндігіне көңіл бөлінетінін айтқан. Мемлекеттің субвенциялары олардың қажеттіліктері мен жеке кірісінің айырмашылығын жабуға ғана бағытталады.
Ал өңірлерді қаржылай күшейту көбінесе ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты болады. Мысалы, Алматы облысында «Алатау city» жобасы өңірдің және Алматы маңындағы агломерацияны дамытуға зор ықпал етеді. «Болашақта донорлар қатарына Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары қосылуға тиіс. Барлығы қазір іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға байланысты болады», дейді вице-премьер.
Жалпы, өңірдің субвенциялық немесе донор екенін анықтайтын негізгі параметр – жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысының арақатынасы. Үкіметтің экономикалық блогі өткен жылы бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау кезінде трансферттерді бөлудің ұтымды жолы мен фискалдық орталықсыздандыруды тереңдету жоспарын жариялады. Бұл өзгерістердің бір бөлігі Бюджет кодексіне де енді.
Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, аудандық және ауылдық бюджеттерге мәртебе беруді кеш қолға алдық. Сол себепті өңірлердің даму деңгейін теңестіруге бағытталған барлық күш-жігер ұзақ уақытқа дейін нәтиже бермеді. Дегенмен де келешекте донорлар көбеюі мүмкін. Позитивті болжам бойынша 2028 жылдан бастап бұл қатарға Маңғыстау облысы қосылып, Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге көтерілуі ықтимал.
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Сарапшылар реципиент облыстың донор өңірлердің қатарына қосылуы жақсы құбылыс екенін айтады. Мысалы, Павлодар облысы өткен жылды тәуір көрсеткішпен аяқтады. Кейінгі екі айда Екібастұз өңірінде екі бірдей зауыт ашылды. Үшіншісі салынып жатыр. Аяқталған соң еліміз ферросилиций өндіруден әлем бойынша 2-орынға көтеріледі. Өңірде бұрыннан келе жатқан кәсіпорындардың жұмысын әртараптандыру бойынша оң динамика бар.
Осы тақырып аясында біз Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әміринді әңгімеге тартып, біраз сауалымызға жауап алдық.
Азамат Кемеңгерұлы айтып өткендей, 2000 жылдардың басында мемлекеттің саясаты, соның ішінде бюджет айтарлықтай орталықтандырылды. Жергілікті бюджет шығындарының көп бөлігі республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Мемлекеттік және бюджеттік басқарудың орталықтандырылған моделі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде, бюджеттік жүйені шоғырландыруда шешуші рөл атқарды. Бюджет қаражатын неғұрлым тиімді басқару үшін жергілікті шығыстарды қаржыландыру біртіндеп республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге берілді.
«Жергілікті атқару орындарының республикалық бюджет қаражатына тәуелділігін қысқарту мақсатында салық түсімдерінің жекелеген түрлерін өздеріне бердік. Республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қарсы трансферттерді барынша азайту, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, өңіраралық диспропорцияларды төмендету тәсілдері қайта пысықталды», дейді Азамат Әмірин.
Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігінен басқа, кіріс бөлігі де республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге жоспарлы түрде беріледі.
Бүгінде барлық салық жергілікті бюджеттер базасында шоғырланған. Енді өңірлердің қаржылық дербестігін нығайту мақсатында республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге қосымша кіріс көздері де берілді. Осылайша, шағын және орта бизнестен КТС түсімдері 2020 жылы 481,6 млрд теңгеден 2025 жылы 1789,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2026 жылдан бастап жаңа Бюджет кодексі аясында пайдалы қазбаларды өндіру салығы, баждар мен төлемдердің жекелеген түрлері, ойын бизнесіне салынатын салық, яғни бұрын республикалық бюджетке түскен барлық түсім, соның ішінде әкімшілік айыппұл түсімдері де жергілікті бюджетке берілді, дейді А.Әмірин.
Оның айтуынша, қазір жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру тәсілдері де өзгерді. Қолға алынған бұл өзгерістер өңірлердің жауапкершілігін арттырады және жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігін біртіндеп төмендетеді.
Бұрын донор облыстардың саны 12 болған. Қазір олардың саны – 3-еу. Сарапшылардың басым көпшілігі мұның себебін сол кездегі салықтық бөліністің басқаша болғанымен түсіндіреді. Қазір тек Атырау, Астана, Алматы ғана «ортақ қазанға» қаржы құяды. Қалғандары — субвенциялық, яғни ақша қабылдайтындар.
Өңірлер қазірдің өзінде бюджеттерді дербес басқарады. 2018 жылдан бастап ауылдық бюджеттер жеке қалыптастырылады. Сарапшылар қазіргі басқару жүйесі 100 пайызға іске асырылмағанын жиі айтады. Салық жүйесі орталықтандырылған, яғни салықтар орталық бюджетке түседі, трансферттер түрінде қайтарылады, сондықтан субсидияларды барлық өңір алады. Егер өңірлер дербес болса және олардың ресурстарын нығайтуға мүмкіндік берілсе, оның нәтижесі жақсы болуы әбден мүмкін.
Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, өңірлер даму үшін мемлекеттік бағдарламалар орындалып, жекелеген өңірлердің экономикалық өсімге оң-теріс әсері үкіметтік деңгейде терең зерттелуі керек. Бізде өңірлердің қандай салаларға дамуға бейім екеніне көңіл көп бөлінбейді. Бұл олардың экономикалық стратегиясын айқындауға кедергі келтіреді. Қалған өңірді сақтаймыз деп қолдағы бардан айырылып қалуға болмайды. «Бюджетаралық қатынастардың қазіргі жүйесі арқылы өңірлердің өркендеу деңгейін теңестіріп, дамуды ынталандыру керек» деген мәселеге Үкімет бірінші кезекте мән беруі керек. Кейінгі 20 жыл ішінде сегіз өңірден тек үш донор қалды.
«Кейінгі бес жылда бюджеттің елеулі бөлігі Ұлттық қордан келетін трансферттерге байланған. Бұл – қауіпті тренд. Бізге өңірлердегі өңдеу өнеркəсібінің үлесін жалпы өңірлік өнімнің кемінде 15–20%-ына жеткізу міндеті тұр. «Өндіріс диверсификацияланғанда ғана донорлар саны табиғи түрде артады. Аймақтарда əртараптандырылған экономикалық жүйе қалыптастыру керек, әйтпесе ол жердің кірісін тек салықты арттырумен көтеру мүмкін емес», дейді сарапшы.
Қ.Дүйсеновтің айтуынша, соңғы бес жылдың қорытындысы көрсеткендей, республикалық бюджеттің салық түсімдеріне ғана емес, Ұлттық қордан келетін трансферттерге де тəуелділігі қауіпті деңгейге жетті. 2024 жылдың қорытындысы мен 2025 жылдың басындағы Қаржы министрлігі мен Жоғары аудиторлық палатаның есептеріне қарасақ, республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің жоспардан қалуы кей айларда 2,5–3 трлн теңгеге дейін жеткен. «Бұл – жай ғана статистика емес, бұл еліміздегі нақты экономикалық белсенділіктің баяулағанын, бизнес сегментінің тынысы тарылып жатқанын білдіретін нақты дабыл. Ал биыл күшіне енген жаңа Салық кодексі аясында бізге мөлшерлемелерді механикалық түрде көтеруден барынша қашу керек. Мəселен, қосымша құн салығын 12%-дан 16%-ға дейін өсіру қадамы түптеп келгенде, бизнеске ауыр жүк салып, инфляцияны одан әрі қыздыруы мүмкін. Қазір мөлшерлемені өсіргеннен гөрі салықтық əкімшілендіруді цифрландыру арқылы оңтайландырып, жинау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету əлдеқайда тиімдірек болар еді. Сонымен қатар тиімсіз салық жеңілдіктері мəселесін шұғыл түрде қайта қарауымыз қажет», дейді Қ.Дүйсенов.
Кейбір сарапшылық бағалаулар бойынша, шамамен 7–9 трлн теңге көлеміндегі қаражат түрлі жеңілдіктер мен преференциялар ретінде бюджетке түспей қалып отыр. Бұл – экономикалық айналымға қосылмай, мемлекет қазынасын ортайтып жатқан «өлі капитал». Осы жеңілдіктерге толық ревизия жасап, экономикалық қайтарымы дəлелденбегендерін жою арқылы бюджеттің ішкі резервтерін іске қосу керек. Сонымен қатар ең басты бағыттың бірі – көлеңкелі экономиканың үлесін азайту арқылы салық базасын кеңейту.
«Ресми деректер бұл көрсеткішті 2024 жылдың соңында 16,71% деп көрсеткенімен, бейресми есептер бойынша ол 30%-дан да жоғары болуы мүмкін. Салық жүгін адал салық төлеушілердің иығына мінгестіре бермей, «көлеңкеде» жатқан орасан зор қаржыны заңды айналымға шығару – бүгінгі күннің ең тиімді əрі əділетті шұғыл шарасы», дейді сарапшы.
Қ.Дүйсеновтің айтуынша, өңірлердің қаржылық дербестігі – тек əкімшілік шешім емес, фискалдық жүйенің түбегейлі реформасы. «Мəселен, салық түсімдерінің көп бөлігі республикалық бюджетке кетеді де, кейін субвенция ретінде кері үлестіріледі. 17 облыс пен 3 мегаполистің толық тəуелсіз болуы үшін бюджетаралық қатынастардың моделін өзгерту керек. 2020 жылдан бастап шағын жəне орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы өңірлерге қалдырыла бастады, бұл – алғашқы қадам. Бірақ нақты бəсекелестік болу үшін өңірлерге салықтық преференциялар белгілеу құқығы мен инвестициялық кірістерді басқару тетігі берілуге тиіс. Онсыз «дербестік» тек декларативті, жазбаша сипатта қала береді», дейді Қ.Дүйсенов.
Экономикалық саясатты дамыту барысында өңірлерге салықтық және бюджеттік тəуелсіздік беру керек деген пікір жиі айтылады. Сарапшының айтуынша, бюджеттік тəуелсіздік жергілікті жердегі салық базасын кеңейтуге жол ашады. «Бізге «орталық – өңір» балансын сақтау үшін трансферттердің қатаң формулалық есептеуіне көшу керек. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – ақшаны «сұрағанға» емес, «нақты мұқтажға» беру деген сөз. Қазір өңірлерге бюджетті бөлуде көбіне субъективті факторлар, яғни əкімдердің пысықтығы немесе орталық биліктегі ықпалы рөл ойнап кетеді. Сондықтан бізге халық саны, жер көлемі, инфрақұрылымның тозу деңгейі сияқты нақты деректерді есептейтін математикалық модель керек. Сонда мемлекеттік қаржы «кім жақсы сөйлей біледі?» деген қағидатпен емес, нақты əділдікпен бөлінеді. Бұл жергілікті жердегі масылдықты азайтып, əкімдерді дайын ақшаға сеніп отыра бермей, өз бетінше инвестиция тартып, табыс табуға мəжбүрлейді, дейді сарапшы.
АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар
Жас жыршылар «Қырымның қырық батырын» жырлады
Мирас • Бүгін, 08:10
Тарих • Бүгін, 08:00
Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне қатысты
Спорт • Бүгін, 01:41
Алина Чистякова Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальді сыйлады
Жеңіл атлетика • Бүгін, 00:55
Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды
Спорт • Бүгін, 00:25
Руслан Курбанов семсерлесуден Германиядағы әлем кубогінің жеңімпазы атанды
Спорт • Бүгін, 00:13
Қысқы Олимпиада-2026: Жарыс кестесі жарияланды
Спорт • Кеше
Алматыда жасырылған есірткі зертханасы әшкереленді
Есірткі • Кеше
Мықты теңге экономиканы неге қолдамайды?
Экономика • Кеше
Қазақстанның спорт қауымдастығы жаңа Конституцияны қолдауда біртұтас ұстанымын білдірді
Ата заң • Кеше
Мемлекет басшысы Пәкістанның Президенті мен Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Кәсіподақтар федерациясы Жаңа Конституция жобасын қолдау үшін қазақстандықтарға үндеу жасады
Қоғам • Кеше
Пәкістан астанасындағы мешітте жарылыс болып, 31 адам қаза тапты
Оқиға • Кеше
Атырау облысында бұзақылық дерегімен 121 адамға сот үкімі шықты
Аймақтар • Кеше
Түркістанда Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы басталды
Өнер • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:63
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 07 Ақпан 2026 08:40 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















