Freedom Қазақстанда дата орталықтарды салуға 2 миллиард доллар жұмсамақ
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Sovereign AI Hub деп аталатын бұл бастама еліміздегі есептеу қуатын арттырып, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын дамытуға және деректердің ел аумағында сақталуына мүмкіндік бермек. Компанияның мәліметінше, жобаны жүзеге асыру үшін 100 мегаватт электр қуаты қарастырылған.
Алматыда өткен Freedom AI: Inside Infrastructure талқылауында компания өкілдері ЖИ бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары туралы бөлісті. Жиын барысында мамандар дата-орталықтарды дамыту, технологияларға тәуелділікті азайту және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Сонымен бірге ЖИ-дің бизнес пен мемлекеттік қызметтерге ықпалы мен Қазақстандағы цифрлық инфрақұрылымның болашағы сөз болды.
Бүгінде ЖИ жүйелерінің энергия тұтыну көлемі артып келеді. Талқылауда компания мамандары осы мәселеге айрықша назар аударды. Компания сарапшыларының сөзінше, қазір дәстүрлі есептеу жүйелеріне қарағанда ЖИ-ге арналған технологиялар әлдеқайда көп ресурсты қажет етеді. Оның үстіне есептеу қуаты ЖИ моделін оқытудан бөлек, кейін оны тұрақты пайдалануға да жұмсалады. Холдингтің мәліметінше, 2027 жылдың соңына дейін Астанада 25 мегаватт қуатты іске қосу жоспарланған. Ал жалпы есептеу қуаты шамамен 50 мегаватқа жетеді. Осы ретте Freedom AI басшысы Ренат Туканов әубаста қуаты 2 мегаватт болатын есептеу кластерін жоспарлаған кезде оның жартысын Freedom компаниясының өзі пайдаланып отырғанын, ал қазір бұл қажеттілік одан да асып түскенін атап өтті.
Дата-орталықтарды салуға не кедергі?
Ренат Тукановтың айтуынша, Қазақстанда орналасқан қолданыстағы дата-орталықтары жоғары өнімді GPU-серверлердің талаптарына сай келмейді. Бұрын серверлік тіректер 5-15 киловатт қуатқа есептелсе, қазір бір B300 серверінің өзі 15 киловатт энергия тұтынады. ЖИ-ге қажетті есептеу қуатын арттыру жаңа серверлер сатып алумен шектелмейді. Онымен қоса заманауи талаптарға сай дата-орталықтарын салып, оларды тұрақты электр энергиясымен және тиімді салқындату жүйесімен қамтамасыз ету керек. Алайда әлемде мұндай инфрақұрылымға сұраныстың күрт артуы қажетті жабдықтарды жеткізу мерзіміне де әсер етіп отыр. Компания өкілдері технологиялық жобаларды жүзеге асырудағы қиындықтардың бірі де – осы екенін айтты.
– Дата-орталықты салу үшін ең алдымен электр энергиясы мен жер телімі қажет. Одан кейін қаржы мен уақыт мәселесі бар. Бұрын дата-орталықтарын салқындатуға арналған арнайы қондырғыларды жеткізу мерзімі 4-6 ай болса, қазір ол 12-15 айға дейін ұзарды. Себебі әлемдік нарықта мұндай жабдықтарға сұраныс өсті. Өндірушілер тапсырыстарды уақытында орындап үлгермей жатыр. Сондықтан дата-орталықтарды дамытуда ғимарат құрылысынан бастап, жабдықтарды жеткізу мен іске қосуға дейінгі барлық процесті қатар қарастыру қажет, – деді Freedom AI басшысы Ренат Туканов.
Деректерді қорғауға басымдық беріледі
Сарапшылар кездесуде ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді ел аумағында сақтау мәселесін де ортаға салды. Freedom Cloud директоры Темірлан Зиналабдиннің айтуынша, жергілікті инфрақұрылымды дамыту шетелдік бұлттық сервистерге тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Азаматтардың дербес деректерін өңдеу кезінде заңнамалық шектеулер мен қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескерсек, бұл тұста Қазақстан аумағында орналасқан есептеу орталықтарының маңызы арта түспек.
– Қазір көптеген компания есептеу ресурстарын пайдалану үшін Amazon немесе Google Cloud сияқты халықаралық платформаларға жүгінеді. Десек те, барлық ақпаратты шетелдік сервистерге орналастыруға болмайды. Дербес деректер мен банк құпиясына қатысты мәліметтерді өңдеу кезінде арнайы талаптарды сақтау қажет. Сол себепті өзіміздің есептеу инфрақұрылымымыздың болуы маңызды, – деді компания өкілі.
Холдинг ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде компанияның киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 250-ге жуық маман жұмылдырылған. Ақпараттық жүйелер қауіпсіздікті тәулік бойы бақылайтын SOC орталығына біріктірілген. Бұл кибершабуылдарды дер кезінде анықтап, жедел әрекет етуге көмектеседі.
Жасанды интеллект адам еңбегін алмастыра ма?
Сондай-ақ пікір алмасу кезінде сарапшылар ЖИ-дің экономикалық тиімділігіне баға берді. Сарапшылар қазір жаңа технологиялар ең алдымен күнделікті қайталанатын және көп уақытты қажет ететін жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік беретінін айтады. Әсіресе, қаржы, сақтандыру, клиенттерге қызмет көрсету және құжат айналымы салаларында ЖИ-дің әлеуеті жоғары.
– ЖИ адамның күнделікті атқаратын жұмысын автоматтандыруға болатын салаларда жоғары нәтиже береді. Мәселен, телефон қоңырауларына жауап беру үшін мың қызметкерден тұратын үлкен ұжым ұстаудың орнына, осы жұмыстың бір бөлігін технологияға тапсыруға болады. Сонымен қатар ЖИ күрделі құжаттарды талдауға, тәуекелдерді бағалауға, қажетті ақпаратты жылдам табуға септігін тигізеді. Мысалы, заңгер жүз беттен тұратын құжатты оқуға көп уақыт жұмсаса, ЖИ оны бірнеше секунд ішінде өңдеп шыға алады. Бірақ барлық жұмысты автоматтандыру міндетті емес, өйткені кейбір жағдайда технологияны қолдану адам еңбегінен қымбатқа түсуі мүмкін, – деді Freedom Holding Operations компаниясының әзірлеу жөніндегі директоры Евгений Самойленко.
Цифрлық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде
Басқосу аясында Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігіне қатысты маңызды пікірлер де ортаға салынды. Спикерлердің сөзінше, кейінгі уақытта әлемдегі көптеген мемлекет шетелдік технологиялық жобаларға деген тәуелділіктен арылуға ұмтыла бастаған. Бұл үрдіс бұлттық сервистерге, бағдарламалық қамтамасыз етуге және басқа да цифрлық жүйелерге қатысты. «Өйткені мемлекеттік қызметтер мен экономиканың көптеген саласы цифрлық технологияларға тәуелді болған жағдайда, сыртқы платформалардың жұмысындағы іркіліс үлкен қиындықтарға әкелуі ықтимал, – деді мамандар.
– Бұрын мемлекеттің маңызды инфрақұрылымы туралы айтқанда, ең әуелі жолдар мен электр станцияларын елестететінбіз. Қазір бұл қатарға дата-орталықтар, бұлттық сервистер және бағдарламалық жүйелер қосылды. Кейінгі жылдары біршама елдер өз цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін түсіне бастады. Себебі сыртқы технологияларға толық тәуелді болу қауіпті. Бір ғана платформаның жұмысы тоқтаса, оған тәуелді көптеген қызмет қатар істен шығады. Сол үшін болашақта мемлекеттер өздерінің бағдарламалық өнімдері мен цифрлық қызметтерін дамытуға көбірек көңіл бөледі, – деді холдинг өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған компания Freedom AI және Freedom Cloud жобаларын дамытуға, бұлттық қызметтердің бизнес пен мемлекеттік мекемелер үшін барынша қолжетімді болуына басымдық беріп отыр.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:84
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 30 Қазан 2026 18:14 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















