Интимдік суреттерді жариялаймын: Жетісу облысында тұрғыннан қорқытып, ақша бопсалаған
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Жетісу облысында полицейлер облыс тұрғынынан ақша бопсалаған күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай облысының тұрғынын ұстады. Ер адам Жетісу облысының тұрғынынан ақша бопсалады деген күдікке ілінді.
"Күдікті жәбірленушіні әлеуметтік желілерге оның интимдік суреттері мен бейнематериалдарын жариялаймын деп қорқытып, 200 мың теңге сұрап бопсалаған. Ал жәбірленуші бірден полицияға жүгінген", - деп хабарлады полиция.
Полицейлердің жедел әрекеттерінің арқасында күдікті қолға түсті. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Заңнамаға сәйкес, бопсалау әрекеті үшін төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Полиция бопсалауға және қорқытуларға көнбеуді ескертті.
"Егер сіз құқық бұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға хабарлаңыз. Дер кезінде қабылданған шаралар қылмыскерлерді тоқтатып, өзге азаматтарды осындай қауіптен қорғауға мүмкіндік береді", - делінген полиция таратқан хабарламада.


