Қашып шықтым...
Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Демаламын дейсің бе, ем аламын дейсің бе, пажалыста. Сұлу құшамын дейсіз бе, шетелге ұшамын дейсіз бе, пажалыста. Бел қуатын арттыратын дәрі керек пе, танысатын жандар арасынан жасы керек пе, кәрі керек пе, пажалыста. Ал мына біреу бір топ «өлеңің» жариялапты. Оқып отырып құсқым келді. Ана біреу тамақ деп жын-жыбыр салыпты, тыш... келді.
Ал енді мына жарнама жарып тұр. Салқын таудың баурайындағы санаторий екен. Төрт мезгіл тамақ береміз дейді. Құлқындары кеуіп бара жатқандарға аямай арақ береміз дейді. Қаншама жесеңіздер де бәріне жарап береміз дейді. Емнің елу түрі бар екен. Арқаңызды қасытасыз ба, қаныңызды тасытасыз ба, пажалыста. Аяғыңызды уқалатасыз ба, арқаңызға тас қалатасыз ба, пажалыста. Жан алдырасыз ба, жо-о-о-оқ, қан алдырасыз ба, тағы да пажалыста. Емдемейтін ауруы жоқ, беліңіз бе, құяңдағы желіңіз бе, бүйрегіңіз бе, арқаңыздағы түйнегіңіз бе, жүрегіңіз бе, бауырыңыз ба, шипасы дайын. Аттай шауып, құлындай құлпырып кетесіз.
Жатын бөлмелері қандай, шіркін! Люкс бөлме! Ваннасында ыстық суы да, суық суы да салдырап келіп тұр. Диваны сондай жұмсақ. Негізі, бұл санаторийге долы әйелдерінен қашқандар баруы керек тәрізді. Өйткені дивандары әйелдерден де жұмсақ. Отыра кетсеңіз былқ етеді. Тербеліп отыра бергіңіз келеді. Үйіңізде әйеліңіздің тізесінде не бөксесіңде теңселіп ұзақ отыра алмайсыз ғой. Ал мұнда түні бойы теңселсеңіз де еркіңіз. Ешкім қой демейді. Рахат па? Рахат!
Енді осындай сансыз рахаттардан қашатын мені ақымақ көріп отырсыз ба? Жоқ, ақымақтар ауылынан аулақпын. Осы күйіммен талай сұлудың жүрегін жаулаппын. Құс жастықтарға жантайып, жұмсақ төсектерге аунаппын. Сол жарқын күндер мен барқыт түндер есіме түсіп, санаторийге барып, шалқадан түсіп, аруларға арқаға массаж жасатып қайтқым келді.
– Келіңіз! Бізді таңдағаныңыз қандай жақсы болған? Тұрған жеріңізден шыға беріңіз. Күтіп аламыз! – деді демалушыларды күтіп алып, орналастыруға жауапты маман.
Сонымен, арқаланып жолға шықтым. Таудың баурайында, сылдырап аққан бұлақтың басында демаламын деп ойлаған едім. Бірақ тау алыстан мұңартып қана көрініп тұрады екен. Осыған да қанағат дедім. Демей қайтейін, теңгемді алдын ала төлеп қойған едім.
Люкс деген бөлмесі сайтанның сабалағы түнеп кеткендей астан-кестең екен. Әйтеуір, еден жуушы апай үйтіп-бүйтіп тазалап, жаймаларды ауыстырып берген болды. Телевизорда тіл жоқ. Ваннада не жылы, не суық су жоқ. Айтысып жүріп, үні бар телевизор әкелдіріп қойғыздым. Сантехниктер «қорықпаңыз, кешке дейін жылы су да, суық су да келіп қалар» деп жұбатты.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, жылы суға өкпелеп жүргенде тағы бір пәлесі алдымнан шықты. Бөлмедегі былықтарға ренжіп отырғанда, ем алудың аспандап кеткені айқаптағы жынымды қоздырды. Әуелі барлық анализімді сығып алды. Оның қорытындысы шыққан соң ем-домын бастайды екен. Жан-жағыма қарасам, анаған да бір система, мынаған да бір система салып жатыр. Мені де тәулік бойы жатқызып қойып, күре тамырымнан бір суларды айдады.
– Мына дәріңіз қандай ауруыма шипа? – деп сұраймын білегіме ине шаншып кеткен мейірбикеден.
– Тыныш жатыңыз. Дәрігер белгілеген дәрі ғой.
– Ойбай-ау! Менің анализдерім әлі шыққан да жоқ қой.
– Шықпаса, «құлағымда шу, өкпемде су, асқазанымда әрі-бері ұйытқып жүрген жел, қуығымда көл, өтімде құм, миымда қаңғып келген бір жын бар, жүрегім әлдебір қорқыныштан дірілдейді, көзім былшықтанып іріңдейді, түні бойы кірпігіме тіреу қойғандай көзім ілінбейді, түсіме бір сұлу кіріп, маған қарап күлімдейді» депсіз ғой. Соған қарап, ем қолданып жатырмыз да, – деді мейірбике.
Менің мынадай мыңдаған сырқатыма қатарымда жатқандарға салып жатқан қоспа ем болмаса керек-ті. Сонда мына қан тамырларыма сылдырап кетіп жатқан дәрі не болды екен?
– Бәрімізге осы бір сұйықтықты саласыздар да жатасыздар. Не пайдасы барын білмедік. Білегім көгеріп кетті, – деп шеткерек жатқан кемпір ыңырсып тіл қатты.
Қызықтың көкесі әлі де алда екен. Анализ шыққан күннен бастап ақылы ем түрі көбейді. «Ана жеріңіз сырқырайды екен, мұрныңыз бұрқырайды екен, асқазаныңыз түйнейді екен» деген сияқты түсімізге де кірмеген ауруларымыз қаптап шыға келді. Дәрігер айтқан соң амал жоқ, санаторий дәріханасынан қап-қап дәрі сатып алдық. Айтпақшы, жарнамада барлық ем түрі тегін деген еді-ау.
Бұл, бұл ма, емдік шаралардың көптеген түрі ақылы болып шықты. Жеңіл-желпі ем түрлері болмаса, қалғанының барлығы ақылы. Ақылы болғанда да удай.
Қалтам қағылды. Байқаймын, санаторийдегілердің барлығының жағдайлары мәз емес. Балаларынан теңге сұратқан қариялар тіптен көп. Біреулері «мұндай санаторийі бар болсын!» деп чемодандарын жинап қайтып жатыр. Олардың қарасы да қалың.
Мен де бөстегімді жинадым. Түкке де пайдасы тимей, босқа кеткен теңгелерімді қимадым. Санаторийден қашып шықтым. «Бұлардың күтіп аламыз дегені – қолымызға бір түссең түтіп аламыз дегендері екен ғой» деп қоямын.
Қашып келемін. Дәрігерлер жаяу жүрген пайдалы дейді ғой. Санаторийдің болымсыз ақылы емінен гөрі жаяу жүргенім артық-ау. Әлден соң байқадым, кәдімгідей ширап қалыппын.
С.ОЛЖАБАЙ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:46
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 26 Қыркүйек 2026 02:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















