Шерхан Мұртазаның Егеменде сақталған мұрасы
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Халық «намыс найзағайы» деп бекер айтпаса керек. Екі көзін Ақсу-Жабағылының барысындай қадап, тарғыл мұртын тікірейтіп, қақпақ жауырынын күжірейтіп, шамырқана шатынай, қыранша саңқылдай сөйлегенде қазақ баласы дүрілдете қол соғар еді. Ал жазғанда халқының арын арлап, жоғын жоқтаған көсемсөзі оқырманның көкірегіне қона кетіп, сай-сүйегін сырқырататын-ды. Бірақ бір сәт ойланайық. Ол бұл биікке қалай жетті? Әлбетте, оңай жеткен жоқ. Кемелдікке жетер жолдың шырғалаң һәм шытырман, қиыр да қиын соқпағынан өтті. Қаламгердің осынау бейнетті бел-белесінің бедері қойындәптері мен түрлі жазбасында сақталған.
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Хаттағы хамса
Сөз арқауы – жоралы жұртының жоталы тұлғасы, ұлт баспасөзінің бәйтерегі Шерхан Мұртаза. Өзі редакторлық еткен «Egemen Qazaqstan» газетінің мұрағатында қаламгердің шығармашылық зертханасынан хабар беретін құнды қолжазбалар мен құжаттар, фотосуреттер қатталған. Ішінде жарық көрмеген жазбалар да бар. Бұл мұра 2016 жылдың күзінде Жуалыдағы музей-үйінен жеткен. Бәрі де ізгі ниет үшін! Тарихты, дәстүрді, тұлғаға құрметті жалғау аясында. Архив түбінен аршып алынған деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Авторлық еңбек – қызықты да азапты үдеріс. Қызығы сол, қаламгер күнделікті тіршіліктен бір сәтке ажырап, өзі жасаған көркем кеңістікте еркін самғай алады. Ал азабы – сол кеңістікті жарату, жоқтан бар ету. Оның алдында жүйесіз, мағынасыз, өңдеуге қырсыға көнетін табанды һәм қатты материал жатады. Қаламгердің мақсаты – содан көз сүйініп, көңіл қуанатын өнер тудыру. Ойлап қараңызшы, әйтпесе жабайы мәрмәр тасынан мүсінші қалай Юпитердің бейнесін көреді? Біз де Шерхан Мұртазаның архивінен «Қызыл жебеге» айнала қоймаған, ескерткіш болып үлгермеген «мәрмәр» нобайын көптеп кездестірдік.
Бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» хамсасы – қазақ прозасындағы тарихи роман дәстүрінің шоқтығы биік жалғасы. «Рысқұл», «Тұрар», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» пенталогиясы болып шыққаны мәлім. Айта кетейік, кітаптардың бұлай аталуына Шерханның Мәскеудегі қаламдас аға-достары себеп болған сияқты.
1978 жылдың 23 қарашасында әдебиет сыншысы Леонид Ханбеков Қазақстандағы досына хат жолдайды. «Романыңа тағы да құтты болсын айтамын! Жарайсың! Нағыз жігітсің! Екінші бөлімді аяқтаған кезіңде, «Қызыл жебе» Қазақстан көгінде ғана емес, бүкіл ел аспанында ысқыра атылатынына сенімдімін. Батыл, тың, қуатты шығарма. Бірінші кітапты «Рысқұл» деп атадым. Бұған келісерсің деп ойлаймын. Екіншісі «Тұрар» болады».
Біз қаламгер мұрасын зерделей отырып, аталған шығармалардың қолжазбасы өте жинақы, таза жазылғанын аңғардық. Парақ сайын кездесетін бірді-екі түзетулер мазмұнына емес, сөйлем жүйесіне, емлесіне енгізілген. Арагідік синтаксистік құрылымын өзгертіп отырғанын көзіміз шалды. Бұдан қолымыздағы жазбаның бастапқы «шимай» емесін ұқтық. Бірнеше рет өңделген, ширап-шыныққан шығарма жатты алдымызда. Өйткені қолжазбамен қоса теру машинкасынан шыққан «Қызыл жебе» де жатты. Асылында, Шер-ағаңның біз оқып отырған қолжазбасы баспаға жөнелтуге дайындаған соңғы нұсқасы деп шамаладық.
Одан кейін ерекше назар аударған материалымыз – Тұрарға қатысты құжаттар. Оның ғұмырбаяны мен фотосуреттері, қайраткер туралы жазылған газет қиындылары. Ішінде Тұрардың тарала қоймаған бейнелері бар. Алайда олар ешқашан жарық көрмеген деп тап басып айта алмаймыз. Біраз суреттердің астында төте жазумен түсініктеме берілген («Хорезм, Бохара уа Росие урталарида» деген сияқты), ол және ретушь әдісімен өңделген, яғни бір кездегі газеттен қиылған дерек екенін аңғарамыз. Деректер өте тиянақты топтастырылған. Бұл қаламгердің көркем шығармаға қандай дайындықпен келгенін көрсетеді. Әлбетте, қолымызға түскен Тұрар туралы мәліметтер Шерхан ұстаханасының кішкентай бөлігі ғана. Кірпіштей кітап жазуға Хеопс пирамидасындай дерек қажет. Бұл туралы қаламгердің өзі де естелігінде жазады: «Отыз жыл ойландым, жиырма жыл жаздым. Қаламға түсіргеннен бұрын да дерек жинадым. Бір сөзбен айтқанда, бас пен көкіректің бос болған кезі жоқ».
Расында, Шерхан Мұртаза мұхиттай ізденістің нәтижесінде маржандай «Қызыл жебені» жазып шықты. Академик Серік Қирабаев кітапқа «ұлттың рухын түлеткен, рухани ұстазына, көш бастар көсеміне айналған шығарма болды» деп жоғары баға берген. Өйткені роман Тұрар бейнесі арқылы тұтас халық ахуалын көрсетіп, дәуір дауысын естіртіп тұр. Мұны әдебиет теоретигі Зейнолла Қабдоловтың сөзімен де тиянақтауға болады. «Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады». Дәл сөз. «Зевсті халық жасаған, Фидий тасқа қашаған» деген секілді, Тұрарды қазақ тудырып, оған ескерткішті Шерхан Мұртаза орнатты. Шығармашылық зертхананы айтқан кезде, автор қиялының үлкен мүмкіндігін айтпаса болмайды. «Қызыл жебені» оқып отырып, қаламгердің тарихи деректерге аса жауапкершілікпен қарағаны анық байқалады. Оны жеке мұрағатындағы ыждағатпен жиналған құжаттар да дәлелдеп отыр. Тіпті жазушының көркемдік қиялынан туған Рысқұлдың хаттары дәуір шындығынан алыс кетпеген. Бұл туралы әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабекұлы тарқатып жазған еді. Кезінде совет жазушысы Сергей Бородин «Дружба народов» журналына берген сұхбатында француз королі VI Карлдың Әмір Темірге жазған хатының тарихи негізі барын, соны қолына еш түсіре алмаған соң, ақыры өзі король болып хат жазғанын айтады. Қаламгер құжаттың түпнұсқасымен біраз уақыттан соң танысады. Сонда тарихи дерек пен ойдан шығарылған өз хатын салыстырғанда, хат расында да сол түпнұсқаның көшірмесіндей болып шыққанын айтады. Шерхан Мұртазаның көркемдік өрісінен шыққан Рысқұлдың хаттары да өмір шындығынан алыс кетпегенін топшылаймыз.
«Нағыз жазушы өзінің бас кітабын ғұмыр бойы жазады. Ол фәни жалғанға тек сол үшін келеді. Тек сол үшін ғана өмір сүреді. Егер ол көзі тірісінде, яки фәниде бас кітабын жазып үлгере алса, бақиға көшу деген сол. Ондай талант өлсе де өлмейді. Бір кезде өзі бала болып келген өмірде дана болып мәңгілік қалып қояды, кетпейді». Зейнолла Қабдоловтың бұл сөзімен келіспеске болмайды. Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұловты халқымен қауыштыру мақсатында отыз жыл ізденді, жиырма жыл жазды. Ұлттың биік тұлғасына көзінің нұрын, бойының қуатын сарп етті. Еңбегі еш кеткен жоқ. Бірнеше жылдан кейін қайта ақтарылып, жаңа өмірі басталып жатқан қолжазбалар осыны айғақтайды.
Мәңгілік мезет
Жапырақ сарғаяды, адам қартаяды. Тамыр суалады, сақал-мұрт қуарады. Жүзіңе әжім түседі. Бірақ... Жүрекке емес. Лүпілі баяу тартқанмен, үміті баяғы. Жүрек қаз-қалпында қалады. Шер-ағаң айтқан шебер сөзге шек келтірмейміз. Бірақ оның мұрағатынан жігіт кезіндегі суретін тауып алып, жүрекпен бірге жанардағы жарық та еш өзгермейтінін аңғардық. Жас кезінде көзінің қарасы, қабағының сұсы қандай болса, баршын тартқан байсалды шағында да дәл сондай.
Асылында, портрет – кісі бейнесі ғана емес, семиотикалық қабаты терең мәдени мәтін. Өнертанушы Юрий Лотман портреттің «мені» уақытқа бағынбайтынын жазады. Ол өмір шындығы мен көркемдік өріс арасында тербеліп тұрады. Сондықтан портрет табиғатынан мифогендік құбылыс, оның көзге көрінбейтін ішкі, динамикасы осыны айғақтайды. Қозғалмай тұрған нәрсенің өз ішінен қозғалатындай сезілуі, яғни жандануы портреттің мағыналық кернеуін арттырады. Осылайша, портрет заттық бейнеден шығып, мағыналар кеңістігіне – адам болмысы мен шындықтың терең қабаттарын бейнелейтін рухани кеңістікке айналады. Бұл сәтте портрет өзінің авторынан, тіпті бейнеленіп отырған кейіпкерден бір жолға ажырап, жаңа уақыт пен кеңістік өлшеміне өтеді. Ендеше, жаңа кеңістікте жан біткен Шерханның суретіне қайта назар салайықшы. Жанарындағы жазуды оқи алсақ, нендей тарих ақтарылып түсер еді? Бұл көзқараста не жоқ дейсің? Майданнан қайтпай қалған солдат баласының сартап сағынышы бар мұнда. Құлазып қажыған ауылының жадау иін, жадағай көңілі көрінеді. Жесір шешесі мен жетім бауырларын өмір өкпегіне тоңдырмай, жанының жарығымен жылытқысы келген құштарлық та менмұндалайды. Әке көтерген шаңырақты қаңыратпаймын, халыққа алғаусыз қызмет қыламын деген жігер де байқалады жас шерінің көзінен. Бұл Шерхан Мұртазаның Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде таспаланған мәңгілік мезеті болса керек.
Қойындәптердегі құпиялар
Жазушының шығармашылық ұстаханасын зерттеп-зерделеуде эпистолярлық мұраның қызметі ерекше. Әсіресе қаламгер дүниетанымын, көзқарасын, қолтаңбасын айқындау мақсатында күнделік жанрының өзіндік орны бар. Өмірде көргені мен түйгенін қаламынан тыс қалдырмайтын Шерхан Мұртаза күнделік жүргізуге ықтиятты қарағанын білеміз. Олардың біраз бөлігі БАҚ жүйесіне жарияланды, афоризмдері жеке кітап болып шықты. Бірақ олар қаламгердің кемеліне келіп, халқына танылған сәтте жазылған ойлар еді. Бағымызға орай, Шерхан Мұртазаның Мәскеу университетін енді аяқтаған кезіндегі қойындәптері қолымызға түсті.
Ең кереметі мынада. Бұл жай қойындәптер емес. Мұнда Шерхан Мұртазаның өзі жазған өлеңдері хатқа түскен. Иә, қателесіп тұрған жоқпыз. Қаламгер шығармашылық жолын ақындықтан бастаған. Қойындәптерге 24-25 жасында жазылған жырлар топтастырылған. Оны біз өлеңнің соңында жазылған датаға қарап анықтадық. Сонымен қатар «Ш.М» инициалынан қаламгердің дара қолтаңбасын көрдік. Бұған қоса қойындәптерге пәлсапалық ойлар да топтастырылған. Кей тұсына тұрмыстық, қызметтік қажеттіліктен туған деректер түртілген. Бірақ олар арагідік кездеседі, парақтың дені өлеңге толы. Ендеше, белгілі адамның белгісіз қырына үңіліп көрейік.
Дәптердің алғашқы беттерінде қазақтың мәйекті мәтелдері, ұтымды сөздері жазылған. Артынша мына бір өлең жолдарына назарымыз түсті.
«Күн жылып, қар еріп,
Бүршіктенді қара өрік.
Шешек атар, гүл атар,
Жемісін мәуе мол беріп.
Шіркін-ай, мен де гүл ашсам,
Жемісімді ел көріп».
Асылында, бұл – ұлт үшін туған перзенттің жүрек жарды сөзі. Халықтың игілігіне жарау үшін ғана өссем екен деген ниет батырлық жырлардағы қаһармандардың болмысын еске салады. Кеуде жерде жол қылып, шөлең жерді көл қылып, бытыраған халықты өз алдына ел қылсам дейтін Ақтамбердінің арманы көрінеді. «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш, ... Пайдалан шаруаңа жараса, алаш» деген Міржақыптың жырымен өзектес өлең. Келесі жыр шумақтарында жас Шерхан арман аспанына қанат қағуға талпынады:
«Қыранды көріп қосқанат,
Шарықтап ұшқан төбеде.
Менің де көңілім тасқындап,
Менің де ұшқым келеді...»
Рухты, патриоттық сарындағы жырлармен қатар лирикалық, ғашықтық жырлар да хатқа түскен.
«Мен – мен емес, осы кезде,
Мен өзімді таныман.
Лықсып келіп жас көзге,
Жауар күндей жабығам.
Сен бет бұрсаң, сәулешім,
Көңілім шат-шадыман».
Осы өлеңнің тұсында адресаты болса керек, бір қазақ қызының есімі мен мекенжайы жазылыпты. Қаламгердің шығармашылық әлемін зерттеуде бұл да құнды дерек. Өйткені Шерхан – бірінші кезекте шығармашылық адамы, сезімтал жан. Алайда қойындәптерде халық алдындағы борыштар рухта жазылған мәтіндер көбірек. Қаламгер осы кезден-ақ адалдық пен әділетті ту еткені көрінеді. Оны үлкен әріптермен Құранның мына бір аятын жазғанынан аңғардық. Дәлме-дәл берсек: «Говорите истину, хотя она будет горька и неприятна для людей», «Самая святая война – та, в который человек побеждает самого себя». Расында, Шерхан Мұртаза тәтті өтіріктен ащы шындықты құп көрді. Халқын да сол шындыққа өмір бақи шақырып өтті.
Құнды деректер «емделіп» жатыр
Қаламгердің бүкіл қолжазбаларын жариялауға газет көлемі көтермейтіні анық. Өйткені құнды жәдігерлер жинақталғанда үш жәшікті еркін толтырды. Олар осы уақытқа дейін Шерхан Мұртазаның мұрагерлерінде, кейін «Egemen Qazaqstan» газетінің мұрағатында сақталып келді. Енді қолжазбаларды алдағы заманға аман жеткеру үшін Шер-ағаның жәдігерлері ұлттық архивке табысталды. Бұл – аманат жүгін арқалаған тарихи шешім және маңызды қадам.
Күні кеше деректерді қабылдау үдерісіндегі Ұлттық архивке бардық. Бізді жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Әсия Заманбекқызы қарсы алып, Шерхан Мұртазаның мұрасын зерттеп-зерделеу ісі басталып кеткенін жеткізді. «Ағамыздың архивінен 6000 парақты құрады. Құжаттар орташа жағдайда келіп түсті. Кейбір парақтар дымқылданып, жазу бұлыңғырлана бастаған. Онысы заңды да. Алпыс жылға жуық уақыт сөреде тұрған кез келген қағаз осындай күйге ұшырайды», деді.
Қойма меңгерушісі Оңғарбай Күнесбекұлы құжаттарды қалай қалыпқа келтіріп жатқанын айтып берді. «Әуелі оларды дестелеп, зертхананың ауа температурасына үйретеміз. Артынша азот толтырылған арнаулы вакуумде сақтаймыз. Оның ішінде қағаздағы көзге көрінбейтін зиянкестер өледі. Одан алып шығып құжатты қалыпқа келтірумен айналысамыз. Бір парақты өңдеуге бір күн кетеді. Осылайша, «сырқаттанып» келген қолжазбаларды «емдеп» шығамыз. Тұп-тура адам емі сияқты», дейді маман. Артынша архив қызметкерлері құжаттарды оқуға жарамды еткен соң, түгелдей цифрландырады. Оны ғылыми және әдістемелік кеңеске жіберіп, әр құжатты нөмірлеп, іздеуге қолайлы етеді. Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова Шерхан Мұртазаның мұрасын сенім артып тапсырған «Egemen Qazaqstan» ұжымына алғысын айтты. Ал оның орынбасары Тұрсынгүл Құсайынова қазіргі ұлттық архивтің Мұқағали жырлағандай «шаң басып» жатпайтынын жымия ескертіп, оның жаңа технологиялармен жабдықталғанын айтты. Енді Шерхан Мұртазаның мұраларын оқырман Ұлттық архивтен оқитын болады. Бұл да бір жазушыны жақыннан білсем деушілерге жол ашу сынды елдік қызмет.
P.S. Бүгін елордадағы бас мұрағатымызда Республика күніне орай «Шерхан Мұртаза мұрасы: «Egemen Qazaqstan»-нан – Ұлттық архивке» атты мәдени шара өтеді.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:33
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Қазан 2025 09:55 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















