Тікұшақпен саяхат, этноауыл, агротуризм: Ақмола облысы туристерге не ұсынады
Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
– Андрей Иванұлы, қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың Ақмола облысында демалуға деген қызығушылығы қалай өзгерді?
– Өңірге қызығушылық артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысына шамамен 1 миллион 600 мың турист келген. Бұл — рекордты көрсеткіш, өткен маусыммен салыстырғанда 26%-ға өсім бар. Туристердің 90%-ы Щучье-Бурабай және Зеренді курорт аймақтарында демалған. Әрине, негізінен Бурабайға келеді.
Оның ішінде 560 мыңға жуық турист қонақүйлерде бір тәуліктен артық уақыт тұрақтаған. Көрсетілген қызмет көлемі шамамен 32 миллиард теңгені құрады. Бұл да айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Соның нәтижесінде бюджетке шамамен 4,2 миллиард теңге салық түсті.
Курорттық орындар туралы айтсақ, негізгісі — Щучье-Бурабай курорт аймағы. Шетелдік туристер саны да 25 мыңға дейін артты, бірақ ішкі туризммен салыстырғанда әлі де аз. Көбінесе бізге қазақстандықтар келеді. Қонақтардың басым бөлігі — Астана қаласының тұрғындары, өйткені елорда жақын орналасқан. Дегенмен өңірімізге Қазақстанның барлық аймақтарынан турист келеді. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды өңірлерінен, сондай-ақ алматылықтар да жиі келіп демалады.
Фото: Оксана Матасова
– Щучье-Бурабай курорт аймағын дамыту үшін қандай шаралар қолға алынды?
– Былтыр наурыз айында Үкімет Щучье-Бурабай курорт аймағын дамытуға арналған кешенді жоспарды бекітті. Ол 137 млрд теңгені қамтитын 118 іс-шарадан тұрады. Ең алдымен, бұл жұмыстар инфрақұрылым мәселелерін шешуге бағытталған. Сонымен бірге, курорт аумағында жүзеге асырылатын түрлі инвестициялық жобалар да қарастырылған. Бұған қоса, өңірді ілгерілету мен кеңінен таныту шаралары да қамтылған.
Өткен жылы туризм саласына салынған негізгі инвестициялар көлемі шамамен 40 млрд теңгені құрады. Жаңа демалыс орындары, қонақүйлер салынды. Биыл да ауқымды, болашағы зор жоспарлар бар.
– Демек, ең алдымен инфрақұрылым мәселелері шешіледі ғой?
– Иә, бұл тұрғыда өткен жыл өте қарқынды болды. Бурабай курорты аумағында 8 жаңа шолу алаңы салынды, Абылай хан алаңындағы мультимедиялық музей жаңартылды, Ақбура аумағынан «Бурабай» ұлттық паркі кіреберісіне дейін шамамен 10 шақырымдық веложол құрылысы аяқталды.
Қазіргі уақытта Бурабай курорты – инфрақұрылымы дамыған туристік өңірлердің бірі деп сенімді айтуға болады. Мұнда шамамен 35 шақырым веложол, сондай-ақ курорт аймағын толық айнала өтетін жаяу жүргінші жолдары бар.
Фото: Kazinform
– Ал шешілмей отырған қандай негізгі мәселелер бар?
– Бізде жолдағы «кептеліс» мәселесі үлкен проблема туындатып отыр. Туристер ағынының көп болуы көліктердің де толассыз көп болуын білдіреді, өйткені көптеген адамдар өз көлігімен келеді. Бұл өте өзекті мәселе, әлі толық шешілген жоқ. Біз автотұрақтар салып, жағдайды жақсартуға тырысып жатырмыз. Былтыр ұлттық парк аумағында төрт автотұрақ салынды, бірақ бұл проблеманы толық шешпейді. Ықтимал шешімдердің бірі — Бурабай кентінде біржақты қозғалыс енгізу деп есептеймін. Ол үшін Әлимусиндер көшесі мен Громатуха өзенінен өтетін көпірді біржақты ету қажет. Кенесары көшесі бойынша шығу бағытында біржақты қозғалыс, ал Әлимусиндер көшесі бойынша – кіру бағытында біржақты қозғалыс болады. Сонда кептеліс мәселесі ішінара шешіледі. Қазір біз республикалық бюджеттен көшелер мен көпір салуға қаржы сұрап отырмыз. Жалпы сома шамамен 3 миллиард теңгені құрайды. Жоба дайын, тек қаржыландыру мәселесі қалды. Сондай-ақ Есіл жанармай құю бекетінен Бурабайға жүретін жол жарықтандырылды. Бұл жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, сапарды қолайлырақ етеді.
– Тағы бір жиі көтерілетін мәселе — санитарлық инфрақұрылым, яғни дәретханалар. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Өткен жылы біз қосымша 15 санитарлық торап орнаттық, олардың бірі жыл бойы жұмыс істейтін, жылы дәретхана. Ол Бурабай кентінің орталық алаңында орналасқан. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Туристер жиі баратын негізгі нысандардың бірі — Бөлектау тауының басына да заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін дәретхана орнатылады. Ол барлық санитарлық тораптар сияқты таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Бірақ жаз мезгілінде оны тәулік бойы жұмыс істету мүмкіндігін қарастырамыз. Сонымен қатар, жайлы жағдайы жоқ, бірақ тәулік бойы жұмыс істейтін көше дәретханалары да бар. Жалпы, Бурабай курортында осындай шамамен 100 қарапайым санитарлық торап бар. Соңғы екі жылда дәретханалар мәселесін толығымен дерлік шештік деп есептеймін. Қазір тұрғындардың негізгі шағымдары дәретхананың жоқтығына емес, олардың ақылы болуына және күтіміне қатысты болып отыр. Барлық жерде тиісті тазалық деңгейі сақтала бермейтінін мойындаймын. Айтпақшы, кәсіпкерлерге дәретханаларды күтіп-ұстау үшін бір санитарлық торапқа ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Биыл бұл мәселені түбегейлі шешеміз деп үміттенеміз.
Фото: Kazinform
– Былтыр жағажайлардың қолжетімділігі бойынша да шағымдар болды. Бұл мәселені қарастырдыңыздар ма?
– Иә, қоғамдық жағажайлардың жетіспеуі және су айдындарына қолжетімділіктің шектелуі туралы шағымдар болды. Өткен жылы әкімдік Щучье көлінде қоғамдық жағажай жасады. Биыл Бурабай көлінде де тегін қоғамдық жағажай ашылады. Біз жалға берілген жағажайлардың санын азайтып, Су кодексінің талаптарын сақтай отырып, халықты таңдау мүмкіндігімен қамтамасыз етеміз.
– Туристік нысандарға көлікпен жетуде қиындықтар бар ма?
— Былтыр біз тікұшақпен экскурсиялық турларды іске қостық, оған өте жақсы сұраныс байқалды. Бағасы салыстырмалы түрде қымбат болғанына қарамастан, жаз мезгілінде шамамен 175 рейс ұйымдастырылды, яғни күніне екі-үш рейс жасалған. Биыл шағын моторлы ұшақтармен экскурсияларды іске қосуды қарастырып жатырмыз. Мұндай турлар арзанырақ болады, әрі ұшақтар Астанадан Бурабайға тікелей қатынай алады. Ол үшін ұзындығы шамамен 1 шақырым болатын ұшу-қону жолағын салу қажет. Қазір осы жөнінде инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ұшақтар 6-8 адамға дейін тасымалдай алады, оларды биылдың өзінде іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ былтыр Астанадан Бурабайға жүрдек электр пойызы іске қосылды. Ол аптасына бес рет қатынайды, жол уақыты — 2 сағат 15 минут. Онда әр түрлі бағадағы үш класты вагондар бар. Жүру уақыты қонақүйлерге орналасу кестесімен үйлестірілген. Бұл бағыт әсіресе жаз мезгілінде өте танымал.
– Бурабайға түсетін жүктемені азайту үшін басқа бағыттарды дамыту жоспарланып отыр ма? Облыстағы қандай жаңа туристік локацияларды атап өтер едіңіз?
– Щучье-Бурабайдан бөлек, Зеренді курорттық аймағы да қызығушылық тудырады. Қазір Зерендіде визит-орталықтың құрылысын бастадық. Бұл нысан негізгі туристік орынға айналып, өз ішінде музей экспозицияларын, визит-орталықты және әртүрлі көрме мен іс-шара форматтарын қамтиды. Биыл Зеренді курорттық аймағында екі абаттандырылған туристік маршрут пен Смольная төбесінде бір шолу алаңын жасауды жоспарлап отырмыз, одан бүкіл курорттық аймаққа әсем көрініс ашылады. Зерендіде инфрақұрылым аздау болғанымен, табиғаты анағұрлым таза. Сондай-ақ мұнда жағалау аймағын дамыту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, биыл ол жаққа апаратын жол құрылысы аяқталады. Бастапқыда бұл жол Қазақстандағы алғашқы бағыты өзгермелі трасса ретінде қарастырылған еді, қазір мұны қайта талқылап жатыр. Былтыр ол жерде балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі салынып, оның жанынан шаңғы-роллер паркі жасалды. Бұл да өзіндік экопарк. Ол Мемлекет басшысының экопарктер құру жөніндегі тапсырмасымен үндес жүзеге асты. Айтпақшы, экопарктер бойынша алдағы үш жылда 10 жоба іске асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың негізгі бөлігі елорда маңында —Целиноград ауданы, Қосшы қаласы және Аршалы ауданында салынады. Бұл жерлерде жеке инвестициялар есебінен шамамен алты экопарк шоғырланады. Бұдан бөлек, туризмді дамытуға әлеуеті жоғары Ақкөл ауданы бар. Онда қазірдің өзінде экопарктер құру бойынша екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 8 парк, ең алдымен, Астана тұрғындары үшін демалыс орнына айналып, «демалыс күнгі турлар» форматы бойынша қызмет етеді. Сондай-ақ Көкшетауда Байтерек саябағы аумағында экопарк салу жобасы әзірленіп жатыр.
Фото: Kazinform
– Өңірдегі туризмнің маусыммен шектеліп қалу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Туристік әлеуетті ілгерілету үшін бізде «Four seasons» бағдарламасы бар. Өткен жылы 25 ірі іс-шара өткіздік, олардың 12-сі халықаралық деңгейде Бурабай курортында ұйымдастырылды. Биыл ақпанда Burabay Ice атты халықаралық жүгіру жарысы өтті. Бұл бағыт әрі қарай да жалғасады. Биыл 12-ге жуық халықаралық іс-шара жоспарланып отыр, оған әлемнің әр түкпірінен қонақтар келеді. Туристер ағынын біркелкі бөлу үшін негізгі назарды маусымаралық кезең мен қыс мезгіліне аударып отырмыз. Спорттық жарыстардың рөлі де үлкен. Ақпарат арнайы қауымдастықтар арқылы таратылады, сондай-ақ біз елшіліктермен және ұйымдармен жұмыс істейміз, ал ішкі туристер әлеуметтік желілер мен жарнама арқылы хабардар болады. Өткен жылы Аршалы ауданындағы «Бейбарыс» демалыс аймағына Satisfaction музыкалық фестивалін өткіздік. Биыл да концертті сол жерде өткізуді жоспарлап отырмыз және Бурабайда да ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Былтырдан бастап Бурабайда 2000 орындық конгресс-орталық салу жобасын қарқынды жүргізіп жатырмыз, онда жыл бойы түрлі жергілікті іс-шаралар өткізуге болады. Бұл орталық туристерді тартатын маңызды нысанға айналып, өңір экономикасына қосымша серпін береді.
– Ал биылғы 2026 жылға қандай жоспарлар мен болжамдар бар?
– Биыл шамамен 1,8 млн турист келеді деп күтеміз. Себебі жаздың өте ыстық болатыны болжанып отыр.
Халықаралық іс-шаралар мен әуе қатынасының дамуы да шетелдік туристер санын екі есеге дейін арттыруы мүмкін. Бізге ең көп келетіндер — Ресей азаматтары (шамамен 70%), екінші орында Қытай, соңғы жылдары Үндістаннан келетін туристер де көбейіп келеді. Көрсетілетін қызметтердің көлемі шамамен 30 млрд теңгеге, жеке инвестициялар — 13,6 млрд теңгеге жетеді деп болжануда.
Биыл да Бурабайда ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Мысалы, халықаралық қонақүй желілерін салу және басталған нысандарды аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар биыл мұнда этноауыл жасау жоспарланған.
Фото: Kazinform
– Сіз Бурабай, Зеренді аудандары және елорда маңы туралы айттыңыз. Облыстың басқа аудандарында туризмнің даму әлеуеті бар ма?
– Сандықтау ауданының әлеуеті жоғары, бірақ ондағы инфрақұрылым әлі жеткіліксіз. Онда біз агротуризм бағытын таңдадық. Яғни тұрғындар туристерді қабылдап, тұздалған тағамдар, балық секілді өз өнімдерін сата алады. Бұл жаз мезгіліне арналған. Қыста қар өте көп жауатындықтан, қарда жүретін көлікпен және шаңғымен турлар ұйымдастыруға болады, өйткені ол жерде шаңғы жолы да бар. Дегенмен, әзірге халықты оқыту семинарларын өткізіп жатырмыз, себебі тұрғындар бұл бағытқа әлі толық дайын емес. Қазірдің өзінде шамамен 6 туристік маршрут бар, олардың бірін биыл іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, бұған дейін Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамытуға 2,4 млрд теңге бөлінетіні туралы жазған болатынбыз.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:100
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Сәуір 2026 08:23 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















