Ұлттық қордан үлес ұрпақ несібесі
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жоба ұлттық байлықтың игілігін бүгінгі баланың ертеңгі арманына айналдыруға мүмкіндік беріп, оның білім мен баспанаға бастар бастапқы капиталының іргесін қалайды. Бағдарлама әлеуметтік әділдіктің шынайы көрінісі ретінде жас ұрпақтың еңсесін тіктеп, болашаққа сенімін бекемдейді. Ал жаңа Конституция жобасында балалар құқығының айрықша айқындалуы осы бастаманың рухымен үндесіп, мемлекет қамқорлығы мен ұрпақ аманатын бір арнаға тоғыстырады.
Ата Заң – балалық шақтың қорғаны
Жаңа Конституция жобасында балалардың құқықтарын қорғау мен мемлекет қамқорлығын күшейтудің көзделуі де бағдарламаның идеясымен үндеседі. Осы арқылы ұлттық ресурстардан түскен табыс заңдық кепілдіктермен ұштасып, Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұрпақ болашағына қызмет етеді. Бұл тек қаржылық көмек емес, ел байлығының иесі – халық, ал сол халықтың ертеңі – бүгінгі бүлдіршін екенін айғақтайтын тарихи шешім. Қазақ пайымында «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры». Алайда сол нұрды сөндірмей, гүлді солдырмай өсіру – тек ата-ананың емес, мемлекеттің де мерейлі міндеті.
2026 жылдың 15 наурызында өтетін жалпыұлттық референдум – еліміздің саяси келбетін ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігін де айқындай түспек. Жаңа Конституция жобасының 30-бабында бала тағдыры мемлекеттік деңгейде шегеленген. Мұндағы үш таған – мемлекеттік қорғау, ата-аналық міндет және ұрпақтар сабақтастығы – қоғамымыздың рухани әрі құқықтық темірқазығы іспетті.
Жаңа Конституция жобасында өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылған. Жас буын тікелей Ата Заңның қорғауына алынады. Атап айтқанда, оның 30-бабында, біріншіден, «әрбір баланың мемлекет қорғауында болатыны» нақты жазылған. Екіншіден, «Балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп көрсетілген. Үшіншіден, «Кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті», – деп ұрпаққа жауапкершілік жүктелген.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жыл сайын кәмелетке толмаған әрбір қазақстандықтың шотына қаражат аударылады. Нысаналы жинақтарды пайдалану 18 жасқа толғаннан кейін тек 2 бағыт бойынша жүзеге асырылады: тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе Қазақстандағы және шетелдегі білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеу. Қаражатты толық немесе ішінара пайдалану мүмкіндігі бар. Пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақ шотында сақталады. Шағын жинағын пайдаланып үлгергеннің қатарында елорда тұрғыны Назерке Қапанова да бар.
Оның айтуынша, президенттік бағдарлама зор әлеуетке ие әрі жастарға нақты қолдау көрсетеді. Назерке 2025 жылы қазақстандық университеттің біріне гранпен тегін оқуға түсті. Алайда ол осы оқуын бітірген соң «Болашақ» бағдарламасы арқылы Франциядағы Sorbonne University ғылым ордасына түсуге ниетті, себебі бала кезінен француз тілін жанына жақын тартып, жақсы меңгерген.
– Оныншы сыныпта оқып жүргенімде француз университеттеріне өтініш жолдап, екеуінен шақырту да алдым. Бірақ олар грант ұсынғанымен, студенттерге жатақхана бермейді екен, ал Парижде және оның маңайында пәтер жалдау өте қымбат. «Болашақпен» түскім келеді. Ол кепілге пәтер талап ететіндіктен, ата-анам Отбасы банк арқылы маған пәтер сатып алып берді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-дан түскен 260 доллар соның құрамына қосылды. Бағдарлама – замандастарым үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет берген азғантай үлес үлкен мақсаттарға бастау бола алады, – дейді бойжеткен.
Сандар сөйлейді
Назерке сияқты балалар қазірдің өзінде жүз мыңдап саналады. Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталып, кейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсалатыны айтылды. БЖЗҚ мәліметі бойынша, осы мақсаттарға 200 мыңнан астам өтініш берілген. 2026 жылғы қаңтардағы жағдайда нысаналы жинақтарды пайдалану жөніндегі 205 505 өтініш орындалды. Аударылған қаражаттың жалпы көлемі 31,61 млн доллардан асты. Оның ішінде 127 445 өтініш иесі 19,69 млн долларды – тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 78 060 өтініш иесі 11,92 млн долларды – білім алуға бағыттаған.
Биыл тағы 356 613 қазақстандық 18 жасқа толып, өз нысаналы жинақтарын пайдалану құқығына ие болады. Ескерер жайт, 18 жасқа толған азаматтар өз деректеріне БЖЗҚ мен eGov сервистері арқылы ата-анасына қарайламай, дербес қол жеткізе алады. 2026 жылғы қаңтарда 6 918 656 қазақстандық балаға кезекті есептеу жүргізіліп, әрқайсысына 130,71 доллар қаражат аударылған. Осының арқасында бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып отырған баланың жинағы инвестициялық табысты қоса есептегенде 370 доллар 56 центті құрады.
18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордан қаражат жыл сайын олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған шоттарына «нысаналы талаптар» түрінде аударылады. Бұл ретте заңнамаға сәйкес, балаларға есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында қалып, әрі қарай инвестициялануын жалғастырады. Инвестициялау нәтижесінде әр баланың нысаналы талаптарының сомасы жыл сайын инвесттабыс есебінен қосымша өсіп отырады.
БЖЗҚ мамандарының түсіндіруінше, бағдарламаға үшінші жыл қатысып отырған балалардың жинағына соңғы 2 жылда 9,95 доллар қосымша инвестициялық табыс есептелді. Ал тек екі жыл қатысып, алып қойғандарға өткен жылғы қосымша табыс 3,84 доллар болды.
Нәтижесінде, бағдарламаға қатысатын баланың барлық жинақталған нысаналы талабының сомасы (жыл сайынғы инвесттабысты қоса алғанда): бірінші жылы 130 доллар 71 центті құрады; екінші жылы 263 доллар 93 цент жинақталды; үшінші жылы жинақ көлемі 370 доллар 56 центке жетті. Соның ішінде инвесттабысты қоспағанда, 2024 жылы әр балаға 100,52 доллар, 2025 жылы – 129,38 доллар, ал 2026 жылы 130,71 доллар бірреттік аударым жасалды. Бағдарлама іске қосылғалы Ұлттық қордан барлық балаға есептелген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 2,5 млрд долларды құрапты.
«Ұлттық қор – балаларға» бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жариялаған болатын. Оның негізінде елдің ұлттық байлығы әрбір азаматқа бала кезінен бастап тікелей әрі нақты пайда әкелуге тиіс, табиғи ресурстарды пайдаланудан түсетін табыс атаулы әрі тең бөлінуі қажет деген қағидат жатыр.
Бастаманы практикалық іске асыру 2024 жылғы 1 қаңтарда басталды. Алғашқы кезеңде 2006 жылдан 2023 жылға дейін туған барлық бала қатысушы атанды. Бағдарлама іске қосылған сәтте 6 919 131 бала қамтылды. 2024 жылы олардың 304 815-і жинақталған қаражатты пайдалану жасына жетті. Есептеулер тең жағдайда жүргізіледі және өңірге, отбасының табыс деңгейіне немесе ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне тәуелді емес.
БЖЗҚ мәліметінше, 2023 жылдан кейін туған Қазақстан азаматтары енді бағдарламаға автоматты түрде қатысушы болып тіркеледі. Ата-аналар немесе заңды өкілдер есептелген сомаларды eGov mobile қосымшасы, kids.enpf.kz сайты және банктік сервистер арқылы көре алады.
Депозит – тиімді таңдау
Азаматтарға Ұлттық қордағы жинақтарын Отбасы банкіндегі депозитке аударуына болады. Отбасы банкінің мәліметінше, 18 жасқа толған жастардың көбі қаражатты бірден жаратпай, депозит ретінде сақтауды жөн көреді екен. Мұның қисыны қарапайым: тіпті, аз көлемдегі қаражаттың өзі салымшыға табыс әкеледі. Оған банк тарапынан 2% сыйақы және мемлекет тарапынан 20% сыйлықақы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға) есептеледі. Депозит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мемлекеттік сыйлықақыны ескере отырып 14%-ға дейін жетеді. Депозиттің болуы жас салымшыға тұрғын үйді аз шығынмен, арзандау ипотекаға сатып алуға мүмкіндік береді. Жинақ шотын тұрақты түрде толықтырған жағдайда 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі жылдық мөлшерлемемен заем алуға кепілдік беріледі. Бұдан бөлек, бастапқы жарнасы мен сыйақы мөлшерлемесі төмендетілген банктің бағдарламаларына, «Наурыз» бағдарламасына қатыса алады.
Отбасы банктегі жинақ қаражат 10 жыл бойы пайдаланылмаса, ол автоматты түрде жас азаматтың зейнетақы шотына аударылады. Демек, ұлттық байлықтан түскен үлес ешқайда жоғалмайды, ол – иесін табатын аманат әрі болашақ зейнетақы. Сонымен қатар қаражатты ипотека арқылы пәтер сатып алғанда бастапқы жарна ретінде қосуға немесе тұрғын үйді толық сатып алу кезінде есепке алуға болады. Білім беру бағыты бойынша қаражат AQYL білім беру депозитін толықтыруға немесе бұрын рәсімделген оқу несиесінің бір бөлігін өтеуге жұмсалады.
– Жинақты неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым қажетті жинақ деңгейіне тез жетіп, бағалау көрсеткішін арттырасыз. Бұл несие мөлшерлемесіне әсер етеді. Бағалау көрсеткіші жоғары болған сайын мөлшерлеме төмендеп, ай сайынғы төлем мен артық төлем азаяды. Тұрақты толықтырулар табысты растаусыз несие алуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Отбасы банкінің менеджері Әлия.
Отбасы банкінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдарлама басталғалы 18 жасқа толған қазақстандықтар тұрғын үй және білім беру депозиттеріне өткен екі жылда 9,1 млрд теңге салған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы – әрбір баланың болашағына арналған қаржылық негіз қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тетігі. Ал жаңа Конституция аясында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау басымдыққа ие болады.
– Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттің ұзақмерзімді дамуы мен ұлт болашағының берік негізі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы мемлекеттік саясаттың басым міндеті ретінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және әрбір баланың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына жағдай жасауды айқындады. Осы салаларда іргелі реформалар мен заңдар қабылданып, іске асырылып жатыр, – деп атап өтті Ж.Сүлейменова.
Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 негізгі заң қабылданды. Олар балалардың өміріне, денсаулығына және психологиялық әл-ауқатына қауіп төндіруі мүмкін факторлардан қорғаудың құқықтық тетіктерін бекітеді. Бұл кешенді қадамдар Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасымен үйлесім тауып, жас буынды аялы алақанға алатын біртұтас қамқорлық моделіне ұласты. Сөйтіп, құқықтық қалқан мен қаржылық кепілдік қатар өріліп, бүлдіршіндеріміздің бейбіт күні мен баянды болашағының берік іргетасы қаланды.
Айхан ШӘРІП
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:39
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 28 Ақпан 2026 14:28 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















