Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды

Қостанай облысында тұрғын үй өртеніп кетті

Қайрат Нұртастың концертіндегі сұмдық кептеліс: ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді

Германиядан келген туристерге Қазақстан полициясының көмегі қажет болды

Алматыда екі ер адамның көпқабатты үйдің тұрғынын сыртқа алып шығу әдісі күдік тудырды

Астанада күзгі экологиялық айлыққа 400 мыңға жуық тұрғын қатысты

Эр Риядтағы әуежайға жасалған шабуыл: 12 адам қаза тауып, 300 ден аса адам жараланды

America’s Got Talent жеңімпазы Тайланд королінің алдында тізерлеп тұрды

Яндекс сервисінде туындаған ақаулардан кейін такси бағасы шарықтап кетті

Ғарышта 237 күн болған француз ғарышкері Еуропа рекордын жаңартты

АҚШ та жаппай атыс болып, тоғыз адам қаза тапты

ЕО Украина үшін 100 млрд үнемдеу мақсатында бюджетті қысқартуды жоспарлап отыр

Тоқаев Ақордада Бельгия королі мен патшайымын қабылдады

Көкшетауда жұмысшы биіктен құлап кетті

Эр Рияд әуежайындағы жойқын жарылыс видеоға түсіп қалды: қаза тапқан адам бар

АҚШ Украинадағы қақтығыстың соңғы кезеңде екенін мәлімдеді

Зеленский Ресейдің мұнай зауыттарына соққы жасауды тоқтатудың шартын атады

Ресей Украинаға әуе шабуылдарының тактикасын өзгертті Financial Times

Трамп Атлант немесе Тынық мұхитын өз құрметіне қайта атағысы келді

ЕАЭО елдерінің астаналарында орташа жалақыға қанша азық түлік сатып алуға болады

Байқоңыр 90 шы жылдарды қалай өткерді. Газет архивтерінен сіз білмеген немесе ұмытып кеткен деректерді таптық

Байқоңыр 90 шы жылдарды қалай өткерді. Газет архивтерінен сіз білмеген немесе ұмытып кеткен деректерді таптық

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Биыл Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 71 жыл толды. 

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

«Сол кезде және қазір» арнайы жобасы аясында Tengrinews.kz редакциясы «Байқоңыр» ғарыш айлағының күрделі 1990-шы жылдарды қалай өткергенін және сол кездегі баспасөзде қандай мәселелер жазылғанын анықтау үшін қазақстандық газеттердің мұрағатын зерттеді. Байқоңырдағы дағдарыс КСРО ыдырағаннан кейін басталды деп есептелгенімен, ғарышқа ұшыру саны 1980-ші жылдардың аяғында-ақ азая бастаған болатын. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін күрделі жағдай туындады: ғарыш айлағы Қазақстан аумағында орналасты, бірақ оны Ресей пайдалануды жалғастырды, ал кешеннің құқықтық мәртебесі ұзақ уақыт бойы реттелмей қалды. Экономикалық қиындықтар тек ғарыштық бағдарламаға ғана емес, кейіннен Байқоңыр деп өзгертілген Ленинск қаласы тұрғындарының күнделікті өміріне де әсер етті. 1990-шы жылдардың басында жергілікті тұрғындар жарықтың өшуіне, су мен жылу берудегі іркілістерге тап болды, ал қатал қыста пәтерлердегі температура кейде нөл градусқа дейін төмендеді. Тағы бір өткір мәселе экология болды: қазақстандық мамандар зымыран сатылары құлаған аумақтардың ластануы және ғарыш айлағының қоршаған ортаға тигізген зияны туралы ескертті. Қазақстан мен Ресей бірнеше жыл бойы Байқоңырды пайдалану шарттары туралы келіссөздер жүргізіп, жалдау ақысы, қаржыландыру және кешенді күтіп ұстау жауапкершілігі туралы келісуге тырысты. 1994 жылы тараптар келісімге қол жеткізді, бірақ бұл ғарыш айлағының қаржылық және тұрмыстық мәселелері толық шешілді дегенді білдірмейтін. Барлық қиындықтарға қарамастан, ұшырылымдар жалғасты, ал 1994 жылы ғарышқа Тәуелсіз Қазақстан атынан ұшқан тұңғыш ғарышкер Талғат Мұсабаев аттанды. 90-шы жылдары Байқоңырда адамдар шын мәнінде қалай өмір сүрді, журналистер сол жылдары ғарыш айлағына барғанда не көрді және келісімдер жасалғаннан кейін де жағдай неге қиын болып қала берді — Tengrinews.kz материалының толық нұсқасынан оқыңыз.

Осы уақыт ішінде кешен таңдай қақтырарлық өрлеуді де, ауыр құлдырауды да өткерді. Бұл тікелей және ауыспалы мағынада да болды.

КСРО ыдырағанға дейін ғарыш айлағы нақты заңдық шекарада болды және қаржыландыру жағынан айтарлықтай қиындық көрген жоқ. Алайда 1991 жылдан бастап Байқоңыр үшін көп нәрсе өзгерді. Ол тәуелсіз Қазақстан жерінде орналасқан, бірақ оны Ресей пайдаланды. Бұл жағдай құқықтық тұрғыдан ешқандай реттелмеген еді. Салдарынан ғарыш айлағы да, оның іргесіндегі қала да күрделі кезеңдерді бастан кешті.

Заңдық мәртебенің белгісіздігі, қаржының жоқтығы, кадр тапшылығы - мұның бәрі кешеннің болашағына күмән келтірді. 

Tengrinews.kz редакциясы "Ол кезде және қазір" жобасы аясында Байқоңырдың 90-жылдары бастан кешкендерін еске алып, сол кездегі баспасөз ғарыш айлағының жай-күйі туралы не жазғанына талдау жасайды. Ол үшін біз кітапханаға барып, көптеген ескі газетті парақтадық.

"Ол кезде және қазір" - бұл Қазақстанның қазіргі заман тарихы туралы шағын арнайы жоба. Оның мақсаты - елде болған оқиғаларды еске түсіріп, зерделеу және бүгінгі өмірмен салыстыру: не өзгерді, не өткеннің еншісінде қалды, ал не әлі күнге дейін бізбен бірге. Осы жоба үшін редакция тілшілері кітапханада көп уақыт өткізіп, сол кездегі қазақстандық баспасөз жарияланымдарын зерттейді.

КСРО ыдырар алдындағы Байқоңыр

Байқоңыр ғарыш айлағының дағдарыс кезеңі КСРО ыдырағаннан кейін бірден басталды деген пікір қалыптасқан. Әдетте бұл пікір ғарыштық ұшырылымдар саны күрт азайып, бірқатар офицер мен өндіріс мамандары ғарыш айлағынан кетіп қалды деген уәждерге негізделеді. Алайда бұл толықтай шындыққа жанаспайды.

Айта кетерлік жайт, 1987 жылға қарай Байқоңыр ұшырылымдар саны бойынша рекорд көрсеткішке жетті - 48 сәтті және үш сәтсіз ұшырылым жасалды. Бұл ретте 1988 жылы 46 сәтті және төрт сәтсіз ұшырылым болды. Ал ұшырылымдар санының айқын төмендеуі 1989 жылдан басталды, сол жылы 29 ұшырылым тіркелді.

Ұшырылымдар санының азаюы Кеңес одағындағы қайта құру кезеңінде басталған экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келді. Алғаш рет кеңес басшылығы экономикалық құлдырауды 1989 жылдың қаңтарында СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының отырысында ресми түрде мойындады. Дегенмен, одақтас елдердің тұрғындары оның зардабын әлдеқайда ерте сезіне бастаған еді.

Коллаж ©️ Tengrinews.kz қазақстандық газеттердің жарияланымдары негізінде жасалған

Бірақ айта кету керек, 1991 жылы Кеңес одағы ғарыштық мақсаттағы зымырандарды ұшыру бойынша әлемдегі абсолют және қолжетпес көшбасшы болып қала берді - мұндай ұшырылымдардағы үлесі 67 пайыз болды. Ал сол жылдың 2 қазанында ғарышқа тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты. 

Одан кейін зымырандарды ұшыру көрсеткіші төмендей берді. Динамиканы анық көру үшін "Байқоңыр" ғарыш айлағының 90-жылдардағы статистикасына назар аударайық:

1990 жылы 27 сәтті және екі сәтсіз ұшырылым жасалды. 1991 жылы - 23 сәтті және бір сәтсіз ұшырылым. 1992 жылы - 22 зымыран ұшырылды, оның біреуі сәтсіз болды. 1993 жылы - 20 сәтті және екі сәтсіз ұшырылым. 1994 жылы Байқоңырдан 30 сәтті ұшырылым жасалды. 1995 жылы - 19 сәтті ұшырылым. 1996 жылы - 13 сәтті және үш сәтсіз ұшырылым. 1997 жылы - 16 сәтті және екі сәтсіз. 1998 жылы - 16 сәтті және бір сәтсіз ұшырылым. 1999 жылы - 19 сәтті және екі сәтсіз ұшырылым.

Кейінгі жылдары ұшырылымдар саны дағдарысты 90-жылдардағыдан да аз болып отыр. Біріншіден, бұған геосаяси және экономикалық жағдай әсер етеді. Екіншіден, Байқоңырды жалға алып отырған Ресейдің тағы екі - "Плесецк" және "Восточный" ғарыш айлақтары бар. Мәселен, 2021 жылы 14 ұшырылым, 2024 жылы - сегіз ұшырылым, ал 2025 жылы - алты ұшырылым.

Байқоңырдың 90-жылдардағы тұрмыстық және табиғи мәселелері

80-жылдардың аяғындағы экономикалық дағдарыс Байқоңырдағы ұшырылымдар санын азайтып қана қоймай, оның жанында орналасқан Ленинск елді мекенінің тыныс-тіршілігіне де әсер етті. Бұл қала кешенмен аттас атауын 1995 жылы алды.

Ал Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі ғарыш айлағы мен қаланың екіұдай заңдық мәртебесі тұрмыстық мәселелерді одан сайын ушықтырып жіберді - қалада жарық жиі сөніп, жылу мен су іркіліспен берілді.

Мәселен, 1993–1994 жылдардағы қатал қыс пен коммуналдық қызметтердің нашар дайындығы Ленинскідегі өмірді айтарлықтай қиындатты. Сол кезеңде пәтерлердегі температура нөл градусқа дейін төмендейтін еді. 

1994 жылдың қаңтарында өңірдегі жағдай табиғи катаклизмдерге байланысты қиындай түсті. Біз мұны сол жылдардағы газеттерден білдік. "Казахстанская правда" газеті 1994 жылғы 26 қаңтардағы №18 санында Қызылорда облысында қысқы су тасқынына байланысты аса қауіпті жағдай қалыптасқаны туралы ақпарат жариялады.

"Кейінгі жиырма жылда арнасы тарылған Сырдария өзені судың мол көлемін сыйғыза алмайды. Облыс орталығы маңындағы көптеген саяжай учаскесін су басты, Жалағаш, Тереңөзек және Қазалы аудандарында су тасқыны қаупі жоғары. Кей жерлерде су деңгейі қорғаныс бөгетінің биіктігімен теңесіп қалды, небәрі 10–20 сантиметр қалды. Облыс орталығынан он шақырым жердегі геологтар кенті маңында ағын су бөгетті екі рет бұзып өтті", - деп жазды басылым тілшісі.

Бұл уақытта Қазақстан мен Ресей ғарыш айлағының мәртебесі туралы келісе алмағанына екі жылға жуық уақыт болған еді.

1990-шы жылдардағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңыр мәртебесі туралы келіссөздер

1994 жылғы 9 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Андрей Козыревті қабылдады.

Бұл кездесу туралы "Казахстанская правда" газеті 10 ақпандағы № 24 санында егжей-тегжейлі жазды. Осы жарияланымнан кездесуде әскери саладағы келісімдер мен Байқоңырдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын білеміз - Ресей оны пайдалануды жалғастыра берген еді.

Сондай-ақ материалда Козырев президентпен кездесуден кейінгі күні ғарыш айлағына баруы тиіс екені хабарланды.

Коллаж ©️ Tengrinews.kz қазақстандық газеттердің жарияланымдары негізінде жасалған

Сонымен қатар, кітапханадағы "Казахстанская правда" тігіндісінен "Байқоңырдағы экологиялық жағдай мүшкіл" деген тақырыта (1994 жылғы № 27 санында) жарық көрген мақаланы таптық. Онда 14 ақпанда президент аппараты мен министрлер кабинетінде КСРО-ның бұрынғы ғарыш айлағының Жезқазған және Қызылорда облыстарының табиғатына әсері туралы эколог-мамандар жұмыс кеңесін өткізгені айтылады.

1994 жылғы "Казахстанская правда" газетінің № 27 санындағы "Байқоңырдағы экологиялық жағдай мүшкіл" атты мақаланың фотосы. Түпнұсқа Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы

Онда Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы жоспарланған шартта ғарыш айлағының көп жылғы пайдаланылуы мен қазіргі тыныс-тіршілігі аймақтың экологиясына орасан зор зиян келтіріп жатқаны ескерілмегені атап өтілді.

"Зымырандардың түрлі сатысының қалдықтары құлаған жерлерде отын компоненттері қалып қояды, олар кейін су айдындарына түседі. Мамандардың мәліметінше, Байқоңыр төңірегінде ондаған радиоактивті зат көмілген жерлер бар. Қазір 4,5 мың гектар қазақстандық жер рекультивацияны қажет етеді. Бұған қоса - қазақстандық мамандарды ғарыш айлағына аттатпай отырған Ресей жағы қоршаған ортаны ластағаны үшін бірде-бір рет айыппұл төлеген жоқ, іргелес аудандардағы елді мекендер мен мал шаруашылығы нысандарын сумен қамтуды қалпына келтірмеді", - делінген жарияланымда.

Бұл ретте ғарыш айлағы маңында орналасқан бірқатар елді мекен ауыз су көздерінсіз қалған, ал Байқоңырдың техникалық қажеттіліктеріне осы жерде өндірілетін жерасты суларының жетпіс пайызына дейін жұмсалған, деп атап өтті экологтар.

"Қазақстандық мамандар бұл мәселеге қатысты бірнеше рет дабыл қақса да, Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені бұрынғысынша үнсіз қалып отыр. Осыған байланысты кеңесте аталған шығынның барлығын Қазақстан мен Ресей арасында әзірленіп жатқан Байқоңырды жалға алу туралы шартқа енгізу туралы ұсыныс айтылды", - деп түйінделген мақала.

Ал 1994 жылдың наурызында Алматыда Қазақстан мен Ресей үкіметтік делегацияларының келіссөздері өтіп, онда Байқоңыр мәселелері талқыланды. Қазақстандық делегацияны басқарған мемлекеттік кеңесші Төлеген Жүкеев бұл келіссөздерді "өзара тиімді" деп бағалады.

"Жүкеевтің пікірінше, қазіргі келіссөздер қатысушыларға осындай күрделі мәселе бойынша позицияларды жақындастыру тұрғысынан едәуір алға жылжуға мүмкіндік берді. Оның айтуынша, ғарыш айлағына қызмет көрсететін Ленинск қаласы тұрғындарының мәселелеріне үлкен көңіл бөлінді. Қатал қыс пен коммуналдық базаның нашар дайындығы қаланы қиын жағдайға қалдырды. Тараптар жергілікті әкімшілік басшысы бастаған бірлескен комиссия құруға келісті, ол Ленинскінің барлық мәселесін тағы бір мәрте қарастырып, оларды шешу бойынша Қазақстан мен Ресей үкіметтеріне өз ұсыныстарын береді", - деп жазды "Казахстанская правда" 1994 жылғы 15 наурыздағы № 38 санында.

Бұл ретте Жүкеев Ресейдің Байқоңырдан кетуі туралы сөз болуы мүмкін емес екенін атап өтті - себебі оның жақын болашақта орнына басқа кешен салуға қаржылық және материалдық мүмкіндіктері жоқ.

1994 жылғы 15 наурыздағы "Казахстанская правда" газетінің № 38 санындағы "Мемлекеттік кеңесші Т. Жүкеев Қазақстан мен Ресейдің Байқоңыр бойынша позициялары жақындап келеді деп есептейді" деген тақырыпта шыққан жарияланым фотосы. Түпнұсқа Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы

Келіссөздерде ғарыш айлағын жалға алудың ықтимал мерзімдері де талқыланды, бірақ ол кезде үкіметтік делегациялар әлі ортақ шешімге келмеген еді.

"Ғарыш айлағын пайдалану ұзақ мерзімді сипатқа ие болуы мүмкін және болуы тиіс екенін түсіне отырып, өйткені бұны Қазақстан міндетті түрде қатысатын Ресейдің перспективті бағдарламалары талап етеді, сондай-ақ осыған байланысты Байқоңырдың өзін де, Ленинск қаласын да жандандыруға қабілетті тиісті қаржы көздерін табу қажеттігін ескере келе, мәселені екі тараптың мүдделерін ескере отырып қосымша қарастыру туралы шешім қабылданды", - делінген жарияланымда.

28 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Борис Ельцинмен кездесу үшін алғашқы ресми сапармен Ресейге барды.

Сол кезде КазТАГ журналисіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Ельцинмен кездесудің негізгі мәні "екі ел арасындағы қарым-қатынаста жиналып қалған түйткілдерді жою" екенін атап өткен болатын. Назарбаев қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын іздестірумен Ресей мен Қазақстан сарапшылары бір жыл бойы айналысқанын айтты.

"Президент мәселе ең алдымен әскери ынтымақтастық туралы болып отырғанын айтты. Бізде ортақ армия, ортақ қару-жарақ, ортақ әскери мектеп болды, деп еске салды ол, сондықтан бұл байланыстарды үзудің қажеті жоқ. Әсіресе, достас мемлекеттер арасында. Кезінде біз тиісті шартқа қол қойғанбыз. Ресей армиясына Қазақстан жеріндегі әскери полигондарды пайдалану үшін қалыпты жағдай жасау керек деп ойлаймын. Екінші мәселе - Байқоңыр да шешілуі тиіс, - деп жалғастырды Мемлекет басшысы. - Бұл кешен бірегей нысан. Ресей тарапымен оны Қазақстанның да, Ресей Федерациясының да мүддесі үшін пайдаланудың өзара тиімді шарттарын табамыз деп ойлаймын", - деп жазды "Казахстанская правда" газеті 1994 жылғы 29 наурыздағы № 44 санында Назарбаевтың сөзін келтіріп.

"Казахстанская правда" газетінің 1994 жылғы 29 наурыздағы № 44 санындағы Байқоңыр бойынша келіссөздер туралы мақаланың фотосы. Түпнұсқа Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы

Бірақ Ресей-Қазақстан келісіміне қол қою процесі созылып кетіп, ол 28 наурыз кешіне ауыстырылды. Ұзақ дайындыққа қарамастан, "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға алуға қатысты құжаттар "мұқият пысықтауды" қажетті етті. 

Қазақстан мен Ресей Байқоңыр бойынша қалай келісті?

Ақыры ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен шарттары туралы келісімге қол қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы былай деген:

"Ғарыш айлағын жалға алу туралы қол қойылған келісімге қатысты сұраққа жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарапы Байқоңырдың бүгінде Ресей үшін қаншалықты маңызы бар екенін түсінетінін, сондықтан Қазақстан оны қалтасына басып отырмайтынын атап өтті. Қазақстан көшбасшысы Байқоңыр Ресей Федерациясына 20 жыл мерзімге жалға берілетінін хабарлады", - деп келтірді Президенттің сөзін "Казахстанская правда" газетінің 31 наурыздағы № 45 санында.

Ал Борис Ельцин журналистермен әңгімелесу барысында Байқоңырды жалға алу туралы келісімді дайындау кезінде туындаған қиындықтардың "саяси сипаты болмағанын" атап өтті. Ол бұл мәселе ең алдымен ғарыш айлағына қызмет көрсететін Ленинск қаласында тұратын адамдарды техникалық және экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етумен байланысты болғанын түсіндірді.

"Байқоңыр мәселесі кейінгі екі жылда Мәскеу мен Алматы арасындағы көптеген саладағы қарым-қатынастың дамуына кедергі келтірген басты "тікен" болғанын қазір ашық айтуға болады", - делінген жарияланымда.

Осы мақалада ғарыш айлағын жалға беру шарттары алғаш рет егжей-тегжейлі сипатталды.

"Ресей Байқоңырды Қазақстаннан 20 жыл мерзімге ғана жалға алып қана қоймайды, жалдау мерзімін тағы 10 жылға ұзарту процедурасы да қарастырылған. Жалдау ақысының сомасы жылына 115 миллион доллар болып белгіленді. Алайда Ресей бұл соманы жыл сайын "қолма-қол ақшамен" береді дегенді білдірмейді: оның бір бөлігі, бәлкім бүкіл сомасы екі елдің жалпы сауда-төлем балансында есепке алынуы мүмкін. Байқоңырда жұмыс істейтін ресейлік әскери қызметшілер мен азаматтық тұлғалар мәселесі де шешілді. Жалға алу кезеңінде ғарыш айлағында Ресейдің егемендігі мен юрисдикциясы танылады, яғни Ресей азаматтары ғарыш айлағында РФ заңдарымен өмір сүріп, жұмыс істейді", - деп жазды басылым тілшісі.

Қыркүйекте РФ федерация кеңесі президенттер Ельцин мен Назарбаевтың ғарыш айлағының мәртебесі туралы шартын ратификациялады. Сол кезде Ресейдің әскери-ғарыштық күштерінен мүлікті азаматтық ғарыш мекемесі - Ресей ғарыш агенттігіне (РҒА) беру басталды.

Коллаж ©️ Tengrinews.kz 90-жылдардағы қазақстандық газеттердің жарияланымдарынан алынған

Қазанда Ресей Федерациясының Президенті Байқоңырда 1997 жылдың қаңтарына дейін РҒА қаражаты есебінен арнайы әскери контингентті ұстауды бұйыратын жарлық қабылдады.

"Алайда бұл мерзім өткеннен кейін де әскерилердің Қазақстан аумағында қалатыны анық: қазір азаматтық мамандарды табу мүмкін емес. Қарапайым мамандар жалақысы бір жарым есе өссе де, әскерилердің мардымсыз еңбекақысына жұмыс істеуге келіспей отыр", - деп жазды 1994 жылғы 26 қарашадағы № 46 санында "Панорама" газеті.

Бұл ретте наурызда қол қойылған келісім әлі түпкілікті емес еді. 1994 жылдың қарашасында Ресей мен Қазақстанның бірінші вице-премьерлері Олег Сосковец пен Нығметжан Есенғарин "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға алу туралы шартты парафирледі. Осы уақытта тараптар егжей-тегжейін талқылай берді. 

"Шарт бойынша жалдау ақысының бір бөлігі өтемақы негізінде өтелуі мүмкін екені қарастырылған. Десе де, Ресейдің үкіметтік және ғарыш құрылымдарының қысымымен қазақстандық тарап ұстанымының жұмсаруы салыстырмалы түрде ғана, өйткені шартқа сәйкес 1991 жылғы жағдай бойынша ғарыш айлағының барлық мүлкі мен нысандары Қазақстанға тиесілі. Ресей ең айтулы жетістіктерінің материалдық бейнесі бұлайша меншіктелуіне наразы болды, сондықтан кейінгі кездері Байқоңырдың ресейлік қаржыға салынғаны бірнеше рет мәлімделді", - деп жазды "Панорама" тілшісі.

Байқоңыр бойынша Ресей мен Қазақстан арасындағы қорытынды келісімге 1994 жылғы желтоқсанда қол қойылды. Бұл ретте Ресей Мемлекеттік думасы аталған құжатты 1996 жылдың сәуірінде ғана ратификациялады.

"Казахстанская правда" газетіне апталық қосымша ретінде шыққан "Казахстанские новости" басылымындағы мақаланың фотосы, 1996 жылғы 13 сәуір, №5 сан. Түпнұсқа Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы

Бұған дейін құжаттарға қол қою процесі созылып кеткеніне қарамастан, осы уақыт бойы "Байқоңыр" ғарыш айлағы жұмысын тоқтатпағаны туралы жазған едік. Мәселен, 1994 жылғы 1 шілдеде ғарышқа Талғат Мұсабаев аттанды, ол тәуелсіз Қазақстан атынан ұшқан тұңғыш ғарышкер болды. Сол миссия кезінде Мұсабаев алғаш рет еліміздің туын орбитаға көтерді. Мұсабаевтың сапары 1994 жылғы 4 қарашада аяқталды. Бұл оқиға баспасөз беттерінде кеңінен жарияланды.

"Байқоңыр: Гагариннен ақтөбелік контрабандашыларға дейін"

Бірақ "Байқоңыр" ғарыш айлағының мәселелері жалдау туралы шартқа қол қойылғаннан кейін бірден сейіліп кеткен жоқ. Баспасөз бұл туралы жазуды жалғастыра берді.

Мәселен, "Экспресс-К" газеті 1996 жылғы 9 сәуірдегі №53 санында "Жарықты жағыңыздар, ұшу көрінбейді!"

"Байқоңыр кешені үйлестіру кеңесінің мүшелері Ресей және Қазақстан вице-премьерлері О. Сосковец пен Н. Есенғаринге ғарыш айлағының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мәселелерін үкіметаралық деңгейде тезірек шешуді сұрап жүгінді. Олар бұл тілектерін ғарыш айлағының бастығы А. Шумилин, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы (ол уақытта Ленинск атауы өзгертілген - ред. еск.) Г. Дмитриенко және Қазақстан Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Нұрғалиев қол қойған хатта білдірді", - делінген жарияланымда.

Хат авторлары бүгінде қалыптасқан ауыр жағдай "ғарыш бағдарламаларының орындалуының үзілуіне және ғарыш айлағы қызметкерлері арасында өткір әлеуметтік шиеленістің туындауына ғана емес, бүкіл Қызылорда өңіріндегі әлеуметтік қайшылықтарға әкеп соғатынын" мәлімдеді. 

Сол сәтте Байқоңыр "Қазақстанэнерго" компаниясына 75 миллиард рубль, ал Батыс Қазақстан теміржолына төрт миллиардқа жуық қарыз болған екен. Салдарынан теміржол келіп түскен жүктерді бермей, еңбекақы төлеу мүмкін болмағандықтан жұмыс күшін таратқан, ал энергетиктер электр энергиясын беру көлемін азайтқан. 

90-жылдардың соңына қарай Ресей қазақстандық тарап алдындағы қарызын мойындады. Ол уақытта берешек көлемі 1,893 миллиард долларға жеткен. Ақыры қаржылық мәселелер 1998 жылғы 13 қазандағы Ресей мен Қазақстанның қарыздарын өзара есепке алуды қарастыратын арнайы келісіммен реттелді.

1996 жылғы 21 мамырдағы №75 санында "Экспресс-К" тілшісі Байқоңырға жасаған сапарын сипаттаған болатын. Репортажға қарағанда, оның көз алдындағы көрініс әлі де айтарлықтай күйзелісті күйде еді. Материалдың тақырыбы да сол жылдардағы атмосфераны дөп басып жеткізді: "Байқоңыр: Гагариннен ақтөбелік контрабандашыларға дейін".

"Экспресс-К" газетінің бірінші бетінің фотосы, 1996 жылғы 21 мамыр, №75 сан. Шығарылымның негізгі материалы - "Байқоңыр: Гагариннен ақтөбелік контрабандашыларға дейін" мақаласы. Түпнұсқа Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы

"Юрий Гагарин ұшқан сәттен бері көп нәрсе өзгерді. Оның өзі де, оны ғарышқа аттандырған ел де жоқ. Біз де басқа адам болдық. Әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағының серіктес қаласы, ұзақ жылдар бойы Ленинск деп аталған қала Байқоңыр болып өзгертілді. Бір кездері бұл қатаң режимдегі аймақ еді, оған кіру үлкен қиындық туғызатын. Рұқсат беру режимі әлі күнге сақталған, бірақ... жақында мен мұнда кезекті іссапармен келіп, базардан өздерінің қарапайым тауарларын сатып тұрған ақтөбелік үш коммерсантты кездестірдім. Мұнда қалай келдіңіздер деп сұрадым. Олар күліп жіберді: "Ақсақал, бірнеше қорап темекі үшін бақылау-өткізу пунктінің қайыршы сарбазы мұнда сайтанды да өткізіп жібереді", - деп жазды сол кезде "Экспресс-К" тілшісі.

Сол мақалада ол бұл коммерсанттардың бос пәтерлерді өз бетінше иеленіп, ешқандай тіркеусіз тұрып жатқанын сипаттаған. 

Бұдан бөлек, журналист Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы Геннадий Дмитриенкомен сұхбат жазған, ол қазіргі өлшеммен қарағанда айтарлықтай ашық көрінеді.

Дмитриенко пәтерлерді "өз бетінше басып алушыларды" шығару бойынша атқарылған жұмыс нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты. Оның сөзінше, кейінгі уақытта қалада мұндай адамдар "көбейе түскен".

"Менің басты мәселем - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инженерлік желілер. Олардың жағдайы мәз емес. Одан кейін - әлеуметтік сала. Содан соң - жалақы. Біз жалақыны беруге міндеттіміз! Президент Ельциннің ақша төлеуді кешіктіру сияқты әлеуметтік құбылыспен күресу туралы жарлығы да шықты. Біз оны іске асыруға білек сыбана кірістік. Осы әкімшілікке ведомостарды әкеліп, әрбір мекеме қызметкеріне жалақының жекелей жетуін өзіміз қадағалап отырған жағдайлар болады! Жасыратыны жоқ: мұнда заңсыздық өте көп, қаржының бәрі бірдей тиісті иесіне жете бермейді", - деп ағынан жарылды Дмитриенко.

90-жылдардағы қазақстандық газеттерден жасалған коллаж ©️ Tengrinews.kz

Сондай-ақ сол уақытта мектепке дейінгі балалар мекемелері жабылу алдында тұрды: бұған оларды ұстап тұруға қаражаттың тапшылығы мен балабақша ақысының қымбаттығы себеп болды. Байқоңырдың кез келген тұрғыны баласын балабақшаға беру мүмкіндігіне ие болмады.

"Өкінішке қарай, біз салық жүйесі есебінен жергілікті бюджетті әлі қалыптастыра алмадық. Қабылданған жүйе бізге емес, "басқаларға" жұмыс істеді. Енді бәрі өзіміздікі. Бірақ біз кәсіпкерлерді, кәсіпорындарды бюджетке ақша төлеуге мәжбүрлеуді үйренуіміз керек. Содан кейін ғана аз қамтылғандарға атаулы көмек ұйымдастыра аламыз. Әзірге мұның бәрі тек құр сөз күйінде қалып тұр", - деді әкімшілік басшысы.

Бұл ретте Геннадий Дмитриенко Қазақстан келіскен жалға алу нысанымен келіспейтінін атап өтті.

"Мен Байқоңыр кешенін жалға беруді сөздің толық мағынасындағы жалдау шартына айналдырар едім. Егер бұл жалдау болса - жалға алушының заңдары жүруі тиіс. Ал қазіргі екіұштылық пен тараптардың "өз дегенін" қорғаштауы кімге керек? Қарапайым адам үшін ең бастысы не? Үйі жылы, суы болса, жалақысы уақытылы беріліп, дүкен сөрелері бос тұрмаса болғаны", - деп Дмитриенко қазақстандық газет беттерінде өз ойын ашық айтудан тартынбады.

Еске сала кетейік, ол кезде Байқоңырда өзіндік қос билік орнаған болатын: екі сот (қазақстандық және ресейлік), екі прокуратура, екі полиция және тағы басқалар. Дмитриенко бұл тәсіл қате екенін және мемлекеттік органдар біртұтас болуы керек екенін атап өтті. 

"Ол мейлі қазақстандық, мейлі ресейлік, тіпті үшінші бір тараптікі болсын, бірақ біртұтас болуы тиіс. Осында тұрып, жұмыс істейтіндердің бәріне заң ортақ болуы керек! Бұл құқық қорғау органдарында түсініспеушілік пен бәсекелестік тудырмас үшін қажет", - деді шенеунік.

Алайда қазір бұл жағдай өзгеріссіз қалды - Байқоңырда әлі де қазақстандық және ресейлік мемлекеттік органдар қатар жұмыс істеп жатыр.

90-жылдардағы Байқоңырдың тыныс-тіршілігі қазақстандық газет беттерінде осындай болды. Бұл ретте қаржылық жағдайдың қиындығына қарамастан, ғарыш айлағынан зымырандар ұшырыла берді. Соның ішінде, Байқоңырдың арқасында еліміздің азаматтары да ғарышты бағындырды. Қазір ғарыш айлағынан ұшырылымдар саны азайған. Жақын болашақта бұл жағдай өзгере ме, оны қазіргі заманауи БАҚ беттерінен білеміз. 

Тағы оқыңыз:

“Ол кезде және қазір“: осыдан 35 жыл бұрын баспасөз Семей полигонының жабылуы туралы не жазды?

“Ол кезде және қазір“. Осыдан 30 жыл бұрын қазақстандықтар қалай өмір сүрді?

Авторы: Никита Данилин

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу
Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
seeКөрілімдер:86
embedДереккөз:https://kaz.tengrinews.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 12 Қазан 2026 15:57
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды

10 Қазан 2026 17:27see148

Қостанай облысында тұрғын үй өртеніп кетті

10 Қазан 2026 22:55see144

Қайрат Нұртастың концертіндегі сұмдық кептеліс: ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді

11 Қазан 2026 11:21see138

Германиядан келген туристерге Қазақстан полициясының көмегі қажет болды

10 Қазан 2026 17:10see136

Алматыда екі ер адамның көпқабатты үйдің тұрғынын сыртқа алып шығу әдісі күдік тудырды

11 Қазан 2026 20:28see135

Астанада күзгі экологиялық айлыққа 400 мыңға жуық тұрғын қатысты

11 Қазан 2026 11:30see132

Эр Риядтағы әуежайға жасалған шабуыл: 12 адам қаза тауып, 300 ден аса адам жараланды

11 Қазан 2026 22:08see131

America’s Got Talent жеңімпазы Тайланд королінің алдында тізерлеп тұрды

10 Қазан 2026 17:43see130

Яндекс сервисінде туындаған ақаулардан кейін такси бағасы шарықтап кетті

11 Қазан 2026 17:50see124

Ғарышта 237 күн болған француз ғарышкері Еуропа рекордын жаңартты

11 Қазан 2026 16:28see122

АҚШ та жаппай атыс болып, тоғыз адам қаза тапты

12 Қазан 2026 00:34see119

ЕО Украина үшін 100 млрд үнемдеу мақсатында бюджетті қысқартуды жоспарлап отыр

11 Қазан 2026 12:08see115

Тоқаев Ақордада Бельгия королі мен патшайымын қабылдады

12 Қазан 2026 12:25see113

Көкшетауда жұмысшы биіктен құлап кетті

12 Қазан 2026 11:07see113

Эр Рияд әуежайындағы жойқын жарылыс видеоға түсіп қалды: қаза тапқан адам бар

12 Қазан 2026 10:51see111

АҚШ Украинадағы қақтығыстың соңғы кезеңде екенін мәлімдеді

12 Қазан 2026 09:28see109

Зеленский Ресейдің мұнай зауыттарына соққы жасауды тоқтатудың шартын атады

11 Қазан 2026 18:16see109

Ресей Украинаға әуе шабуылдарының тактикасын өзгертті Financial Times

10 Қазан 2026 22:00see107

Трамп Атлант немесе Тынық мұхитын өз құрметіне қайта атағысы келді

11 Қазан 2026 10:19see107

ЕАЭО елдерінің астаналарында орташа жалақыға қанша азық түлік сатып алуға болады

12 Қазан 2026 15:49see106
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары