Елорданы еңселендірген экономикалық аймақ дамудың жауапты кезеңіне қадам басты
Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Жалпы мұндай аймақтардың жұмыс істеу мерзімі 25 жыл деп белгіленген. Сондықтан биылғы желтоқсан айында елордалық аймақтың арнайы мәртебесі жойылып, ол кәдімгі толыққанды индустриялық аймақ ретінде жұмысын жалғастырады.
Шаһар экономикасын әртараптандыру, заманауи өндіріс ошақтарын құру – бас қаланың стратегиялық даму бағытының өзегі. Бүгінде Астана ірі өнеркәсіптік, логистикалық орталыққа айналып келеді. Осы орайда шаһардағы арнайы экономикалық аймақтардың рөлі ерекше.
Бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, қолға алынған соны жобалар жайында «Astana Invest» қалалық инвестициялық дамыту орталығы төрағасының орынбасары Сәбит Мұхаммеджанұлы маңызды деректерді алға тартты. Оның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта бас қала аумағында екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді: «Астана – жаңа қала» мен «Астана-Технополис».
«Астана – жаңа қала» – елдегі ең алғашқы арнайы экономикалық аймақ. Оның басты мақсат-міндеті – елорданың сол жағалауын жедел қарқынмен дамыту. Аумағы 15 мың гектардан асады. Жалпы, сол жағалау толықтай индустриялық аймақ ретінде белгіленген. Құрылысты, нысандарды тездету мақсатында №1 Индустриялық парк құрылды. Оң жағалауда орналасқан бұл парктің көлемі 598 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта инфрақұрылымның аяқталу деңгейі 87%-ды құрайды, оны дамытуға жұмсалған шығындар 24,8 млрд теңгеге жетті.
Бүгінде №1 Индустриялық парк аумағында 130-дан астам өнеркәсіп орны шоғырланған. Онда локомотив, электровоз құрастыру зауыттары, «Штадлер» вагон құрастыру кәсіпорны, «Тау-Кен Алтын» алтын өңдеу зауыты секілді алып өндіріс ошақтары тұрақты жұмыс істеп тұр. Оған қоса, «BI Group» компаниясының модульді үйлер құрастыратын «Modex» зауыты, «Шар құрылыс» компаниясының «GLB» кәсіпорны, «Sensata» құрылыс тобының «Uniton» зауыты бар. Елорда нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуде бұл кәсіпорындардың маңызы зор.
Өндірілетін өнімдердің нарықтағы үлесі де ауқымды. Осы ретте Сәбит Мұхаммеджанұлы шығарылатын тауарлардың географиялық бағытына тоқталды.
«Индустриялық парктегі 130-дан астам кәсіпорынның 12-сі тікелей экспортқа бағытталған. Олар шетел нарығына электровоздар, локомотивтер, транзистрлер, мұнай саласына қажетті өнімдер, әтірлер мен тоқыма бұйымдарын шығарады. Қалған кәсіпорындардың өнімдері негізінен Астана қаласы мен оның іргесіндегі елді мекендердің сұранысын өтейді. Кірпіш, құрғақ құрылыс қоспалары секілді материалдар бас қаланың құрылысына бағытталған. Парктің негізгі идеясы да елорданың қарқынды салынуын қамтамасыз ету болатын», дейді төраға орынбасары.
Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімі 25 жыл деп бекітілген. Биыл, 2026 жылдың 31 желтоқсанында «Астана – жаңа қала» аймағының уақыты аяқталады. Қазір бөлінген жерлер толық игеріліп, зауыттар іске қосылған, қалған 10–15 пайызы жыл соңына дейін құрылысты аяқтауды көздеп отыр. Алдағы уақытта бұл аумақ арнайы мәртебесін жойып, кәдімгі индустриялық аймақ ретінде өз жұмысын жалғастырады.
Бас қаланың қарқынды өсуі жаңа өндіріс көздерін, қосымша жұмыс орындарын ашуды талап етеді. Осы мақсатта жергілікті билік жаңа жобаларды қолға алды. Нақтырақ айтқанда, «Астана-Технополис» аймағының шеңберінде №2 Индустриялық парктің құрылысы жоспарланып отыр. Елордада инфрақұрылымы толық дамыған жаңа индустриялық, логистикалық, аграрлық аймақтар құрылып, шаһар экономикасына тың серпін бермекші.
Аталған жаңа өндірістік аймақтың инфрақұрылымы мен құрылыс барысы туралы Инфрақұрылымды дамыту департаментінің басшысы Ақан Нұрғожин баяндап берді. «Жаңадан бой көтеретін №2 Индустриялық парк оң жағалауда, бұрынғы қар полигонының орнында салынбақшы. Оның көлемі 400 гектардан астам аумақты қамтиды. Қазір мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобасы аясында «BCN Group» компаниясы жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Инфрақұрылым жүйелерін жеткізудің барлық жоспары әзірлену үстінде. Биыл жобаны мемлекеттік сараптамаға өткізу көзделген, содан кейін құрылыс-монтаждау кезеңі басталады. Әкімдік жос-парына сәйкес, биыл күз мезгіліне дейін алғашқы кезеңнің жұмыстарына кірісу міндеті тұр», дейді департамент жетекшісі.
Жаңа өнеркәсіптік аймақтарды ашу идеясы кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан түскен жоғары сұранысқа негізделген. Шаһардың дамуы халықаралық капитал тартуға, заманауи нысандар тұрғызуға тікелей байланысты. Екінші ірі жоба – «Астана-Технополис» шеңберінде құрылатын Логистикалық парк. 200 гектарға жуық аумақты алатын бұл паркте А және А+ санатындағы жоғары стандартты қоймалар бой көтереді. Қазір жер телімдерін анықтау, дайындау шаралары жүріп жатыр. Инвесторларға жер беріліп, олар өз қаражатына заманауи логистикалық кешендер салады.
Үшінші маңызды бағыт – Аграрлық индустриялық аймақ құру. Бұл жобаның мәні мен мақсатын Сәбит Мұхаммеджанұлы былай деп түсіндірді: «Аграрлық индустриялық аймақ елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында қолға алынды. Бұл қадам жергілікті өнімдердің өркендеуіне үлкен серпін бермекші. Қазір оң жағалаудағы өндірістік аймақта арнайы территория белгіленіп, бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Тамақ өнеркәсібінің санитарлық қорғау аймағы үлкен болатындықтан оның маңына басқа өндірістік нысандар салуға рұқсат берілмейді. Сол себепті тамақ өндірісін бір жерге шоғырландыруды жөн көрдік. Бүгінде осы бағытта жұмыс істеуге ниетті шетелдік, отандық инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, тиімді ұсыныстар дайындалып жатыр», деді ол.
Елордада жаңа өндірістік, логистикалық, аграрлық аймақтардың құрылуы қала экономикасының әлеуетін арттырып қана қоймай, мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады. Инвестиция тартудың мұндай кешенді тетіктері бас қаланың тұрақты дамуының кепілі болары анық. Бүгінде елордалық АЭА-ға тартылған инвестициялар көлемі 693 млрд теңгеден, өндірілген өнім көлемі 103 млрд теңгеден асты.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:93
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 03 Маусым 2026 10:45 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















