Ештеңені ұмытқан жоқпын : 101 жастағы әжей шөпшегімен бірге көптің көңілін толқытты
Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АЛМАТЫ, 9 қазан – Sputnik. Алматы тұрғыны Кәмила Қасымова 16 мамырда 101 жасқа толды. Бір ғасырдан астам ғұмыр кешкен кейуананың әлеуметтік желідегі бейнежазбасы талайды таңғалдырды. Қоғамның қызығушылығын тудырған әжеймен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасты.
Жастайынан еңбекке араласып, бейнетпен өткен өмірі көпке үлгі болған Кәмила әже әлі күнге дейін қолөнермен айналысады.
© Sputnik / Айдана ДайыроваКәмила Қасымованың қолынан шыққан қолөнер бұйымы

Кәмила Қасымованың қолынан шыққан қолөнер бұйымы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Қой, сиыр бақтым, сауыншы болдым, пішен шаптым. Қолөнермен айналысамын, іс тігемін. Халықаралық қолөнершілердің лауреаты болған адаммын. Қазір де тоқимын, бәрінен жылдам, бәрінен әдемі тоқимын", – дейді ол.
Кәмила әже үш рет үлкен қажылыққа барған. Әлі күнге дейін бес уақыт намазын қаза қылмайды.
"Он жасымда соғыс басталды. Төрт сыныптық қана білімім бар. Үш өлең кітабым және бір прозалық кітабым бар. Маған халық жазушысы деген атақ берді. Төрт жасымнан бастап өмірімде болған оқиғалардың бәрін білемін, ештеңені ұмытқан жоқпын. 1928 жылы әкем бай болғандықтан, мал-мүлкіміз тәркіленді. Сол кезде не болғанын, қандай оқиғалар өткенін түгел білемін. Ол кезде төрт жаста едім", – дейді әжей.
Кәмила әже 82 жасында Құранды небәрі екі айда толық жаттап алған.
"2012 жылы Түркияда "Көрікті ана" деген байқау өтті. Сол жерде бас жүлдені алдым. Түрік ағайындар құрмет көрсетіп, кубоктарын табыстады. Кейін олар мен туралы "Аналардың анасы" деген фильм түсіріп, оны Түркияда көрсетіп жүр", – дейді Кәмила Қасымова.
Сонымен қатар ол Әлем жазушылар одағының мүшесі болған.
"Қазақстандағы 28 ақынның өлеңдері таңдалып, "Әлем жазушылар антологиясы" деген кітапқа енгізілді. Сол 28 адамның бірі мен болдым. Үш адамға медаль берілді, соның бірі – мен", – дейді әже.
Кәмила Қасымова еңбек жолының басым бөлігін трактор бригадасында есепші болып өткізген. Ол Қазақстанға Ресейден көшіп келген. 1970 жылы Есіктегі тігін фабрикасына тігінші болып орналасқан. Кейін басшылық оның біліктілігін бағалап, сапа бөлімінің басшысы етіп тағайындаған. Сол жерден зейнетке шыққан.
Кәмила әженің төрт баласы, алты немересі, 16 шөбересі және 11 шөпшегі бар.
"Төрт балам бар, ең үлкені – қыз. Биыл 76 жасқа толды. Алты немере, 16 шөбере бар. Шөберелерімнің үлкені 37 жаста. 11 шөпшегім бар, ең үлкені бесінші сыныпта оқиды. Бір ғасырлық өмірім бар, бірақ бір де бір өкінішім жоқ. Аллаға сансыз шүкір. Алла тағы да өмір берсе, дәл осылай өмір сүрер едім", – дейді ол.
Әже 31 жасында жесір қалған. Сол кезде төрт баласының кенжесі небәрі бір жаста болған. Бүгінде ол кейінгі ұрпаққа ақыл-кеңесін айтып отырады.
"Біреу бірдеңе айтты екен деп ашуланбау керек. Тату, кешірімшіл, адал болыңдар. Біреудің затын рұқсатсыз алмаңдар, ала жібін аттамаңдар. Ешқашан өтірік айтпаңдар. Тағы бір айтар ақылым – балаға дұрыс қараңдар, еңбекке баулыңдар", – дейді Кәмила әже.
Кейуана өмірінде қиындықтар аз болмағанын айтады. Алайда ол сол сәттерді есіне түсіргісі келмейді.
Кәмила әженің көзі әлі де жақсы көреді, көзілдірік тақпайды. Немере-шөберелерінің жанында болып, оларға қолғабысын тигізіп келеді.
Әженің Данара есімді шөбересі оның өзіне көрсеткен қамқорлығын ерекше ықыласпен еске алады.
"Менің екі бауырым егіз. Өзім жиі ауыратынмын. Әке-шешем солардың қамымен жүретін. Ал мені әжем өсірді. Тұрмысқа шыққан кезде қиналдым. Тіпті омырау сүтім тартылып, бір жарым айлық балам сүтсіз қалды. Бір күні әжем телефон соғып: “Қызым, түс көрдім. Сүтің тартылып қалды ма? Үйге қайт, мен сені қандай болсаң да қабылдаймын”, – деді. Баламның аты – Әбілмансұр", – дейді Данара Ахмедова.
Ол кезде Кәмила әже 93 жаста болған. Әбілмансұрды бауырына басып, бірге тәрбиелеген.
Жуырда Кәмила әже мен оның шөпшегі Әбілмансұрдың бірге түскен бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің көңілін толқытты.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:87
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 09 Қазан 2026 16:37 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















