Өктемдік өтіндегі қайталанбас өнеге
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Жұмабек Тәшеновтің есімі ел арасында ерекше құрметпен аталады. Бұл көрнекті тұлғаның халықтың ыстық жүрегінде ерекше сақталып қалғанын білдірсе керек. Мұндай биік бедел, асқақ абыройға талғампаз ел көңілінің, талайлы тарихтың сүзгісінен өткендер ғана ие болады.
Басқасын айтпағанда, КСРО тізгінін Н.Хрущев ұстаған аралықта қазақ даласын бөлшектеу саясаты қитұрқылықпен жүргізілді. Әсіресе Н.Хрущевтің республикамыздың астықты бес облысын солтүстіктегі көршіміздің иелігіне беру бастамасы ұлтымыздың ұнжырғасын түсіріп, басшылық қызметте жүрген өрелі азаматтарды шын абыржытқан еді. Дәлірегі, бұған қарсылық көрсету басшылықтағы қазақ азаматтарына үлкен сынақ болды. Дәл осы кезеңде ұлт мүддесіне бола көкейіндегісін айтып, азаматтық танытқан азаматтардың ішіндегі ең шоқтығы биігі, бірегейі Жұмабек Тәшенов болды. Ол Хрущевтің солақай саясатына, әпербақан іс-әрекетіне лайықты тосқауыл қоя білді. Ж.Тәшеновтің жеке басының қамынан ұлт мүддесін жоғары қойып, азулыдан қаймықпай, халықтың есесін жібермей, ел мен жерді қорғап қалуы оның аңыз адамға айналуына жол ашты.
Жұмабек Ахметұлы 1960 жылдың 20 қаңтарында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Осы қарсаңда Н.Хрущев жаңадан құрылғалы жатқан, орталығы Целиноград қаласы болып белгіленіп, атқарушы билігі нақтыланып, ұйымдастыру жұмысы қызу жүргізіле бастаған, бірақ ресми түрде жариялана қоймаған Тың өлкесіне Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты ендіріп, одан әрі өлкені РКФСР-дің құрамына беру мәселесін қозғайды. Көпке белгілі естеліктерде айтылып жүргендей, Н.Хрущев бұл бастамасын алдымен әлгі бес облыс басшыларына, республиканың бірқатар жауапты тұлғаларына мақұлдатып алып, соңында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеновті келістіруді көздейді. Содан Ж.Тәшеновке республика аумағының кеңдігі экономиканың өрістеуіне кедергі болып отырғанын айта келіп, бес облысты РКФСР құрамына өткізу қажеттігін, бұған республика, облыстар басшыларының келісіп отырғанын алға тартады. Н.Хрущев енді Ж.Тәшеновтің пікірін білгісі келетінін айтады. Сол кезде Ж.Тәшенов КСРО, ұлт республикаларының Ата заңдарын бетке ұстап «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», дейді. Мұндайды күтпеген Н.Хрущев беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалады. Біраздан кейін ол: «Сонымен бұл әңгіме аяқталсын», дейді. КСРО-ның, ұлт республикаларының конституцияларын мойындағысы келмеген Н.Хрущевтің өктемдігіне осы тайталаста лайықты жауап берген Ж.Тәшенов ыза кернеп, тіпті БҰҰ сияқты халықаралық заңды мекемелерге шағым түсіретінін ескертеді. Ж.Тәшеновтің бұл қарсылығы оның іштей толғанып, ой елегінен өткізіп барып жасаған қадамы екенін мынa жағдайлардан аңғарамыз.
Ол бес облысты РКФСР құрамына өткізу мәселесі жоғары жақта сөз болып жатқанынан хабардар болады да, жай-күйдің анық-қанығына жету үшін 1960 жылдың күзінде Целиноградқа жедел ұшып келеді. Мұнда Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколовқа жолығып, келер жылға арналған бюджеттiң жоспарын неге кешіктіріп, өткізбей жатқанын сұрайды. Т.Соколов келер жылға арналған бюджеттің жоспары Қазақ КСР-i Үкіметіне емес, РКФСР Үкіметіне жолданады депті. Сонда Жұмабек Ахметұлы: «Тың өлкесі РКФСР құрамына өтпейді», дейді. Демек ол Хрущев тарапынан қозғалар мәселеге алдын ала өз жауабын нақтылап, дайындалып барған.
Республика басшылығын Тың өлкесінің тізгінін ұстаудан шеттетіп, жай ғана уәкіл ету көзделген бұл кезде Ж.Тәшенов Орталық жіберген өкілдердің кеудемсоқ әрекеттеріне жол бермеген. Негізінде, ол Тың өлкесінің құрылуына, оның тікелей Мәскеуге бағынатынына жан-тәнімен қарсы болған. Өйткені оны құрудағы мақсаттың астарында астықты өңірлерді басқару ісін жетілдіру емес, бес облысты бір әкімшіліктік орталыққа топтап, сосын оны солтүстіктегі көршімізге түгел беру мүддесі жатқанын анық білген.
Жалпы, Тәшенов Хрущевке бес облысты Ресейге бермеу мәселесіне қатысты ғана емес, Тың өлкесін құрудың тиімсіздігін, оған артылмақ жүктемені орындау мүмкін еместігін айтып та қарсы шыққан. Тәшеновтің бұл қарсылығының дұрыстығын небәрі 2–3 жылдың өзінде-ақ республика, одақ басшыларына өмірдің өзі түсіндіріп берді. Бұған 1 млрд түгілі, 540 млн пұт беруге Тың өлкесінің шамасы зорға жеткенін айтсақ та жетіп жатыр. Құрылғаны 1960 жылдың 26 желтоқсанында ресми түрде жарияланған Тың өлкесі өзінің тиімсіздігін көрсетіп, көп өтпей таратылды.
Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік-эссесіне қарағанда, 1960 жылдың желтоқсан айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясындағы түскі үзіліс кезінде Орталық Комитет Президиумының мүшелері түгел жиналған ас үстінде Н.Хрущев Ж.Тәшеновке ерекше ықылас танытып, бәйек болып, асты-үстіне түскені, бірақ айналасы бірер сағатта КСРО бірінші хатшысы күрт өзгеріп, Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасын қызметінен босату туралы пәрмен бергені анық жазылған.
«Тәшеновті Республика Министрлер кеңесінің төрағалығынан босатыңыз», деді. Бұл мен күтпеген шешім еді. Никита Сергеевичке таңдана қарадым...» /Д.А.Қонаев. Ақиқаттан аттауға болмайды. Естелік-эссе. Алматы. «Санат». 1994 жыл. 210–211-беттер/.
Н.Хрущевтің Тәшеновке асты-үстіне түсіп бәйек болуының мәні еліміздің терістіктегі бес облысын Ресейге қосуға көндіру ме, әлде басқа ма, бұл жағы Д.Қонаевтың естелігінде нақты көрсетілмеген. Десек те, осы естелікте жазылғандай, алдында ғана Тәшеновке «мынадан алыңыз, дәмдісі осы болар» деп ас ұсынып бәйек болған Хрущевтің нілдей бұзылып, қазақ Премьерін қызметтен босатуға дейін баруының себебі үлкен екені түсінікті. Демек Ж.Тәшенов КСРО басшысының дегеніне көнбей, атамекеніміздің тұтастығына тұтқа бола білді. Н.Хрущев Ж.Тәшеновтің қарсылығынан кейін Тың өлкесін Ресейге беру мәселесін қайта қозғамады. Нақтылай айтқанда, 1960 жылдың 26 желтоқсанында өткен КСРО Жоғарғы кеңесінің кезекті сессиясында Тың өлкесінің құрылғаны ресми түрде жарияланғанымен, оны Ресей иелегіне беру мәселесі қаралмады. Бұл қазақ халқының үлкен жеңісі еді.
«Тың өлке билеушілері Т.Соколов, В.Машкевич тікелей Мәскеуге, не РКФСР-ға бағынуды арман етіп, КОКП Орталық комитетіне бірнеше рет мәселе қойды. Ал Н.Хрущев те Тың өлкесін Ресейге бағындырудың амалын іздеп, саяси бюроға қайта-қайта ұсыныс жасады. Республика басшылары бәрі дерлік Тың өлкесін РКФСР-ға беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болмады. Тек баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Наурызбай сияқты батыр бабаларымыз қан төгіп, сыртқы жаулармен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам Жұмабек Тәшенов. Қазақ халқының ерте заманнан бері қоныстанған тамаша шұрайлы жерін оның бір қатерден сақтап қалғанының куәсі болғанбыз», деп жазған-ды кезінде атақты партизан, ғалым, жазушы Ә.Шәріпов.
Хрущевтің тапсырмасы берілген сәттен кейін арада 12 күн өте, яғни 1961 жылдың 6 қаңтарында Ж.Тәшенов қызметінен босатылды. Әрине, лауазымнан шеттету үшін сценарий бойынша «тырнақ астынан кір ізделіп», кемшілік көрсетілуі керек. Содан Қазақ КСР Министрлер кеңесінің тікелей Тәшеновтің жұмысына қатысты кемшілік іздеу науқаны басталып, оған бірқатар адам «аянбай тер төгеді». Мақсаты – Тәшенов республика Министрлер кеңесін басқара алмады деп дәлелдеп шығу. Негізінен, Ж.Тәшеновтің «кемшілігі» ұлтшылдығы, Хрущевтің айтқанына көнбеуі, туған жердің тұтастығын сақтап қалуы, Соколов, Козлов, Яковлевтердің аяғын бастырмауы, қазақ зиялыларына оң көзқарасы, Мағжан Жұмабаевтың зайыбына пәтер бергіздіруі, Алматы ортасында «Қазақ ауылын» ұйымдастыруы, тағы басқалар еді.
Жұмабек Ахметұлынан құтылу үшін қиыннан қиыстырып ойлап табылған айла-шарғы Хрущевтің кек алуының түрі болатын. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаевтың төмендегі сөзіне мән беретін болсақ, Жұмабек Ахметұлы басшылықта болған 6 жылда электр энергиясын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір қазу – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыштар өндіру – 2 есе, аяқкиім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1, 4 есе, өсімдік майын шығару 2 есе өскен. Ал егістік жер көлемі – 6 млн-нан 22 млн гектарғa, ipi қара мал басы - 5,5 млн, қой мен ешкі 28,5 млн басқа дейін өскен. Тәшенов басқарған кезде ауыл шаруашылығы құлдырады деуге болмас. «...Осыдан кейін Ж.Тәшенов Министрлер кеңесінің төрағасы міндетін атқара алмады деудің ешқандай қисыны жоқ сөз екені түсінікті» / «Түркістан», №42 (173), 14–21 қазан,
1997 жыл/.
Жұмабек Тәшеновтің ел жадына жатталып қалған өрелі істері архивтік құжаттарда жеткілікті деңгейде сақталмаған болар, бірақ ол туралы көрнекті тұлғалардың естеліктеріне, халықтың ыстық ықыласына құрметпен қарауымыз керек. Бұл – өсер елдің баласына тән іс. Халық дана, ол қаламаса, жаратпаса, қанша жерден насихаттасаң да, ешкімді ұлт жадына батыр ретінде сіңіре алмайсың. Ал Тәшенов – арнайы насихатсыз-ақ, біз оқып жүрген естеліктер жарияланбай тұрып-ақ ерлігімен ел аузына ілігіп, өрлігімен жұртының жадына жатталып қалған бірегей тұлға.
Жұмабек Ахметұлы туралы әңгіме ел ішінде көптеп кездеседі. Белгілі тұлғалар тарапынан ол кісі туралы естеліктер көп жазылды. Бұлардың бірсыпырасында Ж.Тәшеновтің Солтүстік Қазақстан облысының басшылығында жүріп, тылдағы жұмысты асқан қабілеттілікпен ұйымдастырғаны, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда халық шаруашылығының өркендеуіне, елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгерілеуіне үлкен ықпал еткені қозғалған. Тағы бір естеліктерде қазақ кадрларын қызмет бойынша көтерудегі, қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы еңбегі ілтипатпен еске алынса, келесі бірінде халқымыздың рухани-мәдени өміріне қатысты батыл іс-қимылдары сөз болған. Мәселен, жазушы Садықбек Адамбековтің «Қайта соққан боран» атты замандастары туралы жазған естелігінде 1958 жылы 28 шілдеде Орталық Комитеттің мәжіліс залында «Қазақ әдебиеті» газетінің мәселесі майшаммен қаралып, оны жабу қаупі туғанда Ж.Тәшенов батыл араласып, қарсы жақты тойтарып тастағаны жөнінде жеткілікті баяндалған.
Жұмабек Ахметұлының қазақ үшін жасаған көңіл қуантарлық еңбектерінің ішіндегі Алматы қаласындағы үлкен даңғылға Абайдың есімін бергізіп, данышпанның Республика сарайының алдында тұрған ескерткішінің мүсінделуін өзі қадағалап, тікелей басшылық жасағаны, Б.Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге риясыз көңілмен ниеттеніп, нақты әрекеттерге барғаны, 1958 жылдың желтоқсан айында Мәскеу төрінде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігін өткізудегі ұйымдастыру қабілеті, соның нәтижесінде бес бірдей өнерпазымыз КСРО Халық әртісі атағын алуына жасаған ықпалы естеліктер әлемінде таңбаланып, халық жадында сақталып қалды.
Н.Хрущевпен болған келіспеушіліктен кейін Ж.Тәшенов Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне төмендетілді. Оны Шымкенттің қарапайым халқы құрметпен қарсы алды. Осы орайда Жұмабек атамыз туралы естеліктердің бірсыпырасы оңтүстіктің азаматтары жазғанын айта кетелік.
Жазушы Ғабит Мүсірепов іссапармен Шымкентке келгенде профессор Керімбек Сыздықұлы серік болып, ол кісіні ертіп жүреді. Сол кезде Ғабит Мүсіреповтің Жұмабек Тәшеновке қарап айтқан сөзіне профессор К.Сыздықұлы куә болыпты. Ғ.Мүсірепов: «Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық кісіге өз жүрегінен орын береді. Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім, еркек інім Жұмабектің мынау елге келген қадамы сіздерге құтты болсын деп тілек айтпақпын», деген еді» /К.Сыздықұлы. «Қазақстан әйелдері», №10. 1997 жыл/.
Ғ.Мүсіреповтің Ж.Тәшеновке арнап айтқан бұл сөзін бүкіл қазақ халқының жүрегін жарып шыққан ыстық лебіз деп санасақ артық кетпеспіз. Осы өңірден шыққан басқа да қаламгерлердің жазбаларында облыстың дамуына қосқан үлесі, қарапайым халықпен етене жүріп еңбек еткені, адамгершілік қасиеттері көрсетілген.
Дербес зейнеткер, журналист Ердесбек Әшеневтің естелігінде Жұмабек Ахметұлының Түркістан қаласына, ондағы Ясауи кесенесіне ерекше көзқараста болғаны, кесене алдындағы тас моншаны қалыпқа келтіріп, іске жаратқаны жазылған. Атеистік тәрбие өрістеп тұрғанда Ясауи кесенесіне, Түркістанның басқа да тіршілігіне жанашырлықпен қарауы Жұмабек Ахметұлының рухани құндылыққа жат агрессияның әсерін бойына дарытпай, Алланың сүйген құлдары бола білген айтулы бабаларымызды, олар қасиетті жер деп таныған Түркістанды қадірлей білуі оның бойында имандылықтың мол, Жаратушыға деген сенімінің берік болғанын көрсетсе керек.
Ж.Тәшенов тура 60 жасқа толған күні Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Республика, облыс басшылары бірауыз жылы сөз айтуға жарамайды. 60 жас ақыл-ес кемеріне толып, елге қызмет ететін шақ емес пе еді?
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Жұмабек ағамыз қарап жатпады. Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығын, ондағы ғылыми қызметкерлер ұжымын басқарды. Облыстық «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті. 1962 жылы Мәскеуде экономика саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
«Жұмекең өмір, уақыт, адам туралы шертетін әңгімелер кезінде өзі жөнінде сөз қозғауды, істеген қызметін, жұртқа жасаған жақсылығын айтып, желпіне мақтану дегенді білмейтін. Ол жайында біреулер тарапынан сөз қозғала қалса: «Тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар, – деп сөзге араласатын ол кісі, – сол алып уақыт әркімді өз орынына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады. Әңгіме осымен бітетін» /Н.Сүлейменов. Шындық пен сұмдық. «Қасиет» баспасы./
1986 жылдың 18 қарашасында, дүрбелеңді Желтоқсан көтерілісіне бір ай қалғанда, 71-ге қарағанда бақилыққа аттанды... Өзі айтқандай, бүгінде алып уақыт бәрін өз орнына қойды. Соның жарқын дәлелі – Ж.Тәшеновтің халық санасында берік сақталған жарқын бейнесі, ерлігі, мызғымас тұлғасы. Тарихта кімдер қалмаған, ал халық жүрегінде қалу екінің бірінің маңдайына бұйырмаған. Ж.Тәшенов болса, халық жүрегінде!
Бәрін айт та бірін айт, ұлт бақыты – тәуелсіз ел болу, бұрын батыр бабаларымыздың, одан кейін Алаштың арысы Әлімхан Ермеков сынды ерлердің қайраткерлігімен қорғалып келген ел мен жердің тұтас сақталуы, кейін ел астанасының солтүстікте бой көтеріп, сән түзеуі, Қазақстан – Ресей шекарасының бейбіт реттелуі жолында атқарылған барлық жасампаз еңбектің бел ортасында Ж.Тәшеновтің қосқан теңдессіз үлесі жарқырап көрініп тұр. Мұны қазақ баласы аман тұрғанда ешкім көлегейлей алмайды.
Соңғы жаңалықтар
Қызылордада мал ұрлап, сойып жатқандар ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 00:30
«Қайрат» – «Брюгге» матчы: билеттер сатылымы басталды
Спорт • Кеше
Тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын: 9 қаңтарда бірнеше өңірде ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Спорттық мансабын аяқтаған Бекзад Нұрдәулетов басшылық қызметке тағайындалды
Тағайындау • Кеше
«Ұлттық қор – балаларға»: төлемдер көбіне қандай мақсаттарға жұмсалып жатыр?
Қаржы • Кеше
Ата-енесін өлтірді деп күдікке ілінген күйеу бала туралы тың мәлімет жария болды
Қылмыс • Кеше
Шымкентте жағымсыз иіс қайта сезілді
Шымкент • Кеше
Дубай биыл қолма-қол ақшадан бас тартады
Әлем • Кеше
Ақтауда ер адамды соққыға жықты: қылмыстық іс қозғалды
Қоғам • Кеше
«Оқжетпес» футбол клубына жаңа бапкер тағайындалды
Спорт • Кеше
31 желтоқсан күні ең көп неке қай өңірде тіркелді
Отбасы • Кеше
Талдықорғанның өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті
Партия • Кеше
Ұстаздар қолданыстағы заңның түйткілді тұстарын атады
Ғылым • Кеше
Атыраудағы жоғалған отбасының қызы мен баласын сүңгуірлер іздеп, таба алмады
Қоғам • Кеше
Аграрлық колледждердің басшылары оқу орындарына жер беруді сұрап отыр
Партия • Кеше
Көрілімдер:64
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 09 Қаңтар 2026 11:10 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар



















