“Қазақстанға жете ме?“ Орталық Азиядағы су тапшылығы туралы министрмен сұхбат
Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанда өзен суының шамамен 45 пайызы көрші елдерден келеді. Ал кейбір суару жүйелерінде судың жартысына жуығы егістікке жетпей жоғалады. Ал су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қазір елде жалпыұлттық су тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді.
2030 жылға қарай Қазақстан 10 миллиард текше метрге жуық суды үнемдеп, қосымша жинауды жоспарлап отыр. Нұржан Нұржігітов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында қай өңірлер трансшекаралық өзендерге көбірек тәуелді екенін, неліктен тасқын суды оңтүстікке бағыттай салуға болмайтынын және бұл салада жасанды интеллект қандай болжам жасап отырғанын айтты.
Елде су жетеді, бірақ барлық жерде емес- Бұған дейін мұнай басты стратегиялық ресурс саналса, қазір су туралы жиі айтылады. Қазақстандағы су тапшылығы қазірдің өзінде қаншалық күрделі мәселе болып отыр? Бізге қанша су қажет және бізде қанша су қоры бар?
- Су мен мұнайды бір-біріне қарсы қою дұрыс емес, әр ресурстың өз рөлі бар. Кейінгі онжылдықтарда Қазақстан экономикасы мұнай есебінен де көтерілді. Бірақ сусыз экономиканың бірде-бір секторы дамымайды, халық та өмір сүре алмайды. Сумен қамтамасыз ету бүгінде стратегиялық мәселеге және ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды.
Қазақстандағы өзен ағынының орташа жылдық көлемі - шамамен 100 миллиард текше метр. Судың шамамен 45 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бізде сегіз бассейн бар, оның жетеуінің трансшекаралық сулармен байланысы бар. Біз суды көрші мемлекеттер - Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ресейден аламыз.
Жыл сайын экономика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрғын үй-коммуналдық секторы шамамен 25 миллиард текше метр су пайдаланады. Сондықтан Қазақстанда қазір жалпы су тапшылығы бар деп айтуға болмайды. Бірақ әр бассейндегі жағдай әртүрлі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Сурет: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оңтүстіктегі бес өңірде суармалы егіншіліктің негізгі бөлігі шоғырланған. Сырдария бойынша Түркістан және Қызылорда облыстарына арналған судың шамамен 90 пайызы - трансшекаралық. Жамбыл облысына Шу өзені бойынша судың 75 пайызы Қырғызстаннан келеді. Сондықтан біз үшін су дипломатиясы өте маңызды.
Биыл министрлікте алғаш рет Су дипломатиясы департаменті құрылды. Вице-министрлердің бірі осы бағытқа жеке жетекшілік етеді. Халықаралық жұмысты күшейтіп жатырмыз, себебі оңтүстік өңірлер қанша су алатыны көбіне осыған байланысты.
"Еш жерде дағдарыс болмайды деп отырған жоқпыз"- Иран қалалар мен ауыл шаруашылығына әсер еткен күрделі су дағдарысына тап болды. Қазақстанда осындай сценарий қайталануы мүмкін бе?
- Еш жерде су дағдарысы болмайды деп отырған жоқпыз. Су жетіспейтін жағдайларға біз де тап болдық. 2021 жылы Маңғыстау, Қызылорда және Түркістан облыстарында қиындық туындады. Маңғыстау облысында тіпті шөп жетіспей, мал қырылды.
Анықтама: 2021 жылы Маңғыстаудағы қуаңшылық салдарынан жайылымдар қурап, тұрғындар малға картон беруге мәжбүр болды. Кейінірек Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау облысында және Қызылорда облысының Арал ауданында қуаңшылықтан 1 700-ден аса мал басы қырылғанын хабарлады.
Анықтама: 2023 жылы Жамбыл облысында да жағдай күрделенді. Қырғызстанда қар, жаңбыр жаумай, Шу және Талас өзендері арқылы су аз келді. Бұл Қырғызстан міндетін орындамағанынан емес, қырғыз тарапының өзіне де су жетіспеді. Сол жылы Жамбыл облысының шаруалары суармалы су жетіспейтініне, егістік қурап жатқанына шағымданды, ал Қырғызстандағы Киров су қоймасы тек жартылай толы болды. Су аз болған кезеңде Талас өзені арқылы Қазақстанға жіберілген су көлемі елдің қажетін өтемегені хабарланды.
Қазір сегіз бассейн бойынша 2040 жылға дейінгі бес, он және он бес жылдық жоспарлар әзірлеп жатырмыз. Су деңгейінің төрт сценарийі қарастырылады. Әрқайсында әртүрлі сала қанша су ала алатыны есептеледі. Су аз болса, ауызсумен қамтамасыз ету басымдыққа ие болады.
Министрліктің баспасөз қызметі бассейн бойынша жоспарларда су көлемі 50 және 75 пайызға азайған жағдайларға арналған сценарийлер де қарастырылуы керек екенін нақтылады. Астана, Алматы және Балқаш- Алдағы 10-15 жылда қай қалалар мен өңірлердің жағдайы сізді көбірек алаңдатады? Олардың арасында Астана, Алматы және Шымкент бар ма?
- Бүгінде Астана, Алматы және Шымкент бойынша су жетпейді деп айтуға негіз жоқ.
Астана су қоймасының көлемі - шамамен 410-420 миллион текше метр. Астана ауызсумен қамтамасыз ету үшін шамамен 150-160 миллион текше метр су тұтынады. Қор бар. Сонымен қатар, әкімдік Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы елорданы сумен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатыр.
Алматыда жерасты және жерүсті су көздері де жеткілікті. Шымкентте де жағдай осындай.
Маңызы зор нысандардың бірі - Солтүстік Арал. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Аралды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Кейінгі үш жылда Солтүстік Аралдағы су көлемі шамамен 18,5-тен 23,5 текше шақырымға дейін өсті. Біздің міндетіміз - оны ең жоғарғы деңгейге, яғни шамамен 27 миллиард текше метрге жеткізу.
Тағы бір маңызды нысан - Балқаш. 2023 жылы министрлік құрылған кезде көл деңгейі төмендеп бара жатқаны көп айтылды. Кейінгі үш жылда оны тұрақтандыра алдық. Іле өзені арқылы шамамен 30 миллиард текше метр су жіберілді. Енді көл деңгейін біртіндеп көтеру қажет.
Сонымен қатар, 49 миллиард текше метрге жуық су жинай алатын Бұқтырма су қоймасы бар. Судың шамамен 30 пайызы Ертіс өзені арқылы Қытайдан келеді, қалған бөлігі ішкі көздерден құралады. Мұнда ГЭС каскадының жұмысын, кеме қатынасын және Қазақстанның Ресейдің алдындағы міндеттерін ескеру маңызды.
- Су қоймасында су болуы ол пәтерлерге үздіксіз жеткізіледі дегенді білдірмейді. Халқы су тапшылығына тап болып отырған елді мекендер бар ма?
- Ауызсумен жабдықтау мәселесімен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысады. Біз ірі су бассейндері мен топтық су құбырларына жауаптымыз.
Кейінгі үш жылда 20-ға жуық топтық су құбырын жөндедік. Ұмытпасам, былтыр Солтүстік Қазақстан облысының 70-ке жуық елді мекені сумен қамтылды. Биыл тағы 12 топтық су құбырында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жақында Ақмола облысында жұмыстар аяқталғаннан кейін тағы 1 100-ге жуық адам сумен қамтамасыз етілді.
Алайда елді мекендердің ішіндегі желілердің техникалық жағдайына қатысты мәселелер туындап тұрады. Оларды жергілікті органдар қайта жаңартады. Ауылда орталықтандырылған су құбыры болмаса, онда блок модульдер орнатылуы мүмкін.
Ведомство бассейндерде су жинау мен су бөлуге жауапты. Суды тазарту, қалалық және ауылішілік желілер, суды тікелей пәтерлерге жеткізу және оның сапасы басқа органдардың құзырына жатады. Неліктен тасқын суды жинап алуға болмайды?- Көктемде Қазақстан су тасқынынан, ал жазда құрғақшылықтан зардап шегеді. Неге артық суды сақтап, оны кейін пайдалана алмаймыз?
- Бұл - Қазақстанның өзіндік ерекшелігі. Еліміз үлкен, бізде сегіз бассейн бар. Көктемде солтүстік, шығыс және батыс өңірлер су көптігінен зардап шексе, оңтүстік аймақтар дәл осы уақытта су тапшылығын сезінуі мүмкін.
Көпшілігі: "Су қоймаларын салып, бүкіл суды жинап алу керек" дейді. Бірақ құрылысты бастамас бұрын су ағыны қаншалық тұрақты екенін, оның экология мен азаматтардың қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін, экономикалық тиімділігі қандай болатынын тексеру керек. Су қоймаларын тек тиімді жерлерге салу қажет.
Солтүстіктегі суды оңтүстікке оңай бағыттай салу мүмкін емес. Мұны да есептеп, бағалау керек. Қазір ең алдымен оңтүстіктегі бес өңірде су инфрақұрылымын қалпына келтіріп, жаңа су қоймаларын салып, қолданыстағы нысандарды жаңартып жатырмыз.
Сурет: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Су тасқынының салдарын азайту, елді мекендерді қорғау үшін солтүстік және шығыс өңірлерде су қоймалары қажет. Ал оңтүстікте ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және халықты жыл бойы сумен қамтамасыз ету үшін маңызды. Әсіресе, егістікті суару кезінде суға сұраныс артады.
- Су қоймасын салуға қанша қаржы кетеді және саланы жаңғырту жоспары қанша қаражатты талап етеді?
- Бағасы су қоймасы не үшін салынатынына, оған қанша су жиналуы қажет екеніне, ондағы топырақ түріне және қандай материалдар қажет екеніне байланысты. Біреуі алты-жеті миллиард теңге тұруы мүмкін, енді бірінің құны - 50-80 миллиард.
Ғылыми негіздемесіз жобалауға кіріспеуіміз керек. Халықтың қауіпсіздігін, су көлемін, экологиялық салдарды және жобаның экономикасын ескеру қажет.
Су саласын дамытудың кешенді жоспарына кіретін іс-шаралардың жалпы құны - 3,5 триллион теңге. Кейінгі үш жылда салаға шамамен бір триллион теңге келді. Бұл - республикалық және жергілікті бюджеттердің, жеке инвестициялар мен халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты. Жоспар бойынша алдағы жылдары осы көздерден тағы 2,5 триллион теңгеге жуық қаражат тарту қажет.
- Тозған каналдардың кесірінен қанша су ысырап болады, министрлік шығынды қалай азайтуды жоспарлап отыр?
- Есеп бойынша кейбір суару жүйелері арқылы тасымалдау кезінде судың 50 пайызына дейін кемиді. Көптеген канал осыдан ондаған жыл бұрын салынған.
Біздің міндетіміз - 2030 жылға қарай шығынды екі есеге, яғни 25 пайызға дейін азайту. Ол үшін 14,5 мың шақырым суару жүйесін жөндеу және қайта жаңарту қарастырылған. Биыл 4,6 мың шақырымнан аса каналда жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін мың шақырымға жуық каналды іске қосып, 200 мың гектарға жуық суармалы жерді сумен қамтуды жақсартуды жоспарлап отырмыз.
Баспасөз қызметі 2024-2025 жылдары 1,5 мың шақырымға жуық каналды қайта жаңарту жұмыстары аяқталғанын нақтылады. Сондай-ақ, ведомство бетонмен қапталған каналдардың үлесін 20 пайыздан 50 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы және суды көп қажет ететін дақылдар- Қай сала суды көп пайдаланады?
- Ауыл шаруашылығы біз пайдаланатын судың шамамен 60 пайызын тұтынады. Өнеркәсіп 35 пайызға дейін алады. Тұрғын үй-коммуналдық секторына шамамен 7-10 пайыз тиесілі.
Қазақстанда 25 миллион гектарға жуық егістік алқап бар, бірақ қазір оның шамамен бір жарым миллион гектарын ғана суарамыз. Биыл 1,2 миллион гектарға жуық жер суарылды. 2030 жылға қарай суару алқабын шамамен 1,8 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз - осы жерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету.
Өзбекстанда жағдай басқаша: онда 4,5 миллион гектар егістік жердің 4,2 миллионы суарылады. Сондықтан екі елдің ауыл шаруашылығын салыстыруға болмайды.
Анықтама: Күріш мәселесі 2023 жылғы су тапшылығы кезінде туындаған болатын. Ол кезде экология министрі Түркістан облысының кейбір аудандарында күріш алқабын қысқартуға шақырып, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы суға қатысты күрделі жағдайды хабарлаған еді. Ведомство Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш өсіруді тоқтатуды ұсынды. Бұл Экология министрлігінің 2023 жылғы ұстанымы болатын; біздің сұхбатымызда Нұржігітов Қазақстан қазір қай дақылдардан бас тартуды жоспарлап отырғанын атамады.
- Қазір ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте суды үнемдеу үшін не істеліп жатыр?
- Кейінгі екі-үш жылда су үнемдеу технологиялары жыл сайын шамамен 152-158 мың гектарға енгізіліп жатыр. Былтыр олар 543 мың гектарда қолданылса, биылғы жедел дерек бойынша 700 мыңнан аса гектарды қамтыды. Үнемделген су көлемі - шамамен бір миллиард текше метр.
2030 жылға қарай мұндай технологиялар 1,3 миллион гектар алқапта қолданылуға тиіс. Болжам бойынша бұл тағы екі миллиард текше метрге жуық суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп кәсіпорындары пайдаланылған суды қайта өңдеп, оны қайта қолдануға көшуі керек. Яғни суды бір рет пайдаланып болған соң оны тазартып немесе салқындатып, қайта қолдануға болады деген сөз. Қазір судың шамамен 28-30 пайызы қайта пайдаланылады. Кәсіпорындар осы жүйеге өткеннен кейін бұл көлем екі есеге жуық артуға тиіс, бұл қосымша 1,7 миллиард текше метрге жуық суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бірақ су үнемдеу мәдениеті де маңызды. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында сабақтар өткізіп жатырмыз. Дәрістер мен кездесулер нәтижесінде 3,5 миллионнан аса оқушы, студент қамтылды. Сондай-ақ, "Мөлдір бұлақ" акциясын өткізіп жатырмыз. Қазақстанда 2 700-ден аса бұлақ бар, олардың әрқайсына паспорт жасап, судың сапасын анықтап, оны не үшін пайдалануға болатынын түсінгіміз келеді.
ЖИ және "Цифрлық су қалқаны"- Жасанды интеллект су дағдарысының алдын алу құралы бола ала ма? Ол қазір не істей алады?
- Министрлік Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі. Қазір ол өнеркәсіп режимінде жұмыс істеп тұр. 2027 жылы кейбір бағыттар бойынша деректі халыққа ашық ұсынуды жоспарлап отырмыз. Биыл алғаш рет су нысандары бойынша ұлттық есепті жарияладық. Енді оны жыл сайын жариялап тұрамыз.
Тасқынды болжайтын Talsim жүйесін жасақтап жатырмыз. Енді қуаңшылықты болжауды үйрену үшін техникалық мүмкіндіктерді қосқымыз келеді. Су саласын цифрландырып жатырмыз: су беру шарттарын электрон форматқа көшіріп, ирригациялық жүйелерге есептегіштер орнатып, су қоймаларының цифрлық көшірмесін әзірлеп жатырмыз.
Министрлік жазбаша жауабында Talsim жүйесінде ЖИ қазірдің өзінде тасқын мен қуаңшылықты болжау құралы ретінде қолданылып жатқанын нақтылады. Сондай-ақ, ведомство спутник дерегін талдау құралдарын әзірлеп жатыр. Олар суармалы жерлердегі су тұтынуды бағалауға және суды тиімсіз немесе заңсыз пайдалануды анықтауға көмектесуге тиіс. Сонымен қатар, нормативтік базаны іздеу және талдау үшін ЖИ агентін енгізу жоспарланып отыр.
- Неліктен қазір картаны ашып, өзендердің, су қоймаларының және су қорының жай-күйін көре алмаймыз?
- Бұрын ақпарат әртүрлі жүйе мен дереккөзде сақталатын. Қазір Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құрып жатырмыз. 2027 жылы кейбір көрсеткіштер бойынша деректі көпшілікке қолжетімді етеміз. Биыл министрліктің сайтында алғаш рет су нысандары бойынша ұлттық есеп жарияланды. Онда әрбір бассейн бойынша ақпарат бар. Азаматтар су нысандары туралы мәліметті көріп, қай жерде су бар екенін, ал қай жерде ол жетіспеуі мүмкін екенін түсінгенін қалаймыз.
Биылдан бастап су беру шарттары электрон форматқа көшіріліп жатыр. Келесі кезең - жергілікті жерлердегі цифрландыру іс-шаралары: келісімшарттар, су төлемі және су беру кестелері. Сондай-ақ, ирригациялық жүйелерге есептегіштер орнатып жатырмыз. Бұл суды есепке алуға ғана емес, оны үнемдеуге де көмектеседі.
Сурет: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
- Орталық Азияның бес елінің дерегін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру қаншалық іске асатын жоба?
- Бұл жұмысты бастап кеттік. Қазақстан мен Өзбекстан Сырдариядағы гидробекеттерді цифрландыруға келісті: он учаске - бесеуі Өзбекстанда, бесеуі Қазақстанда. GIZ халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамы құжаттарды дайындауға көмектесті. Қазақстандағы екі гидробекет Түркістан облысы әкімдігі қаражаты есебінен салынды. Өзбек тарапымен бірге оларды тексердік, енді нақты уақыт режимінде бірдей деректі көріп отырмыз.
Қаңтарда әріптестерімізге бүкіл Сырдария бассейнін цифрландыру жоспарын әзірлеуді ұсындық. Тәжікстан келісімін берді, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан тараптарынан жұмыс тобы құрылды. Алғашқы отырыс қарашаның басына жоспарланған болатын. Алдағы уақытта бұл жұмысқа Қырғызстанды да шақыруды көздеп отырмыз.
Бүкіл бассейнді цифрландырсақ, қанша су өтетінін және әр ел өз міндетін қалай орындайтынын көріп отырамыз. Сонда сенім артады. Бір ел "мен пәленбай су жібердім" десе, екіншісі "ештеңе алған жоқпын" дейтіндей жағдай туындамайды.
Сырдария бассейніндегі суды автоматтандырылған есепке алу жоспары әзірленіп, тараптарға жіберілген. Министр толыққанды ортақ жүйе құру мерзімін және оның құнын атаған жоқ. "Су бізді біріктіреді"- Қазір Орталық Азия елдері су үшін ынтымақтаса ма, әлде бәсекелесе ме? Су тапшылығы қақтығысқа әкеп соғуы мүмкін бе?
- Су бізді біріктіреді. 1992 жылы бес министр Алматыда келісімге қол қойып, суды бірлесіп және ұтымды пайдалануға уағдаласты. Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істейді. Оның жанында су ресурстары және экология жөніндегі комиссиялар бар. Жылына кемінде төрт рет бас қосып, болжамдарды, су көлемін және әр елге арналған шекті мөлшерді талқылаймыз.
Мәселен, Солтүстік Арал үшін вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдерде қанша су келуі керек екені бөлек белгіленген. Cу аз болса, шекті мөлшер де азаяды. Кейінгі үш жылда шекті мөлшер бойынша заңбұзушылықтар болған жоқ.
- Елдердің бірі көбірек су алғысы келіп, уағдаластықты бұзса ше?
- Ондай жағдай болмайды, өйткені су дипломатиясы бар, жауапкершілік бар. Бұл - трансшекаралық өзендер, әр елдің міндеті бар және олар орындалуға тиіс.
Сондықтан мұндай жағдай ешқашан болмайды.
Біз Орталық Азияда суды ұтымды пайдалану туралы конвенция әзірлеуді ұсындық. Оны Қазақстан ішінде келісіп, әріптестерімізге жолдадық. Қазір елдердің ұсыныстарын қалай біріктіру қажет екенін, климаттық өзгерістерден келетін залалды азайтуға көмектесетін ортақ ережелерді қалай жасау керек екенін талқылап жатырмыз.
- Көрші елдердің энергетикасы Қазақстанды сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіруі мүмкін бе?
- Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан энергетиктерімен жылына төрт рет кездесеміз. Су нысандарына су келуі және су жұмсалуына байланысты электр энергиясын өзара жеткізу мәселесін талқылаймыз. Хаттамаларға қол қоямыз, әр елдің өз міндеті бар. Кейінгі үш жылда бұл бағытта тығыз жұмыс істеп келеміз.
Тарифтер және құбыр суы- Алдағы бес-он жылда су айтарлықтай қымбаттауы мүмкін бе?
- Ауызсумен және оның тарифімен монополияға қарсы комитет айналысады. Тариф суды жеткізетін кәсіпорынның шығынынан құралады: жөндеу, жалақы, электр энергиясы. Бұл шығындар тарифте ескерілмесе, кәсіпорын банкротқа ұшырауы мүмкін, сонда қызмет көрсететін ешкім болмайды.
Цемент, металл, азық-түлік бағасы, жалақы өссе, су жеткізу неге қымбаттамауы керек? Тұтынушы судың өзі үшін емес, оны жеткізу қызметі үшін ақы төлейді.
Баспасөз қызметі министр пәтерге келетін ауызсу емес, суармалы су тарифі, яғни суды алқаптарға дейін жеткізу туралы айтқанын нақтылады. Су ресурстары министрлігі тұрмыстық ауызсу тарифін белгілемейді. Министр оның бес немесе он жылдан кейін қаншалық қымбаттайтыны туралы нақты болжам айтқан жоқ.- Астанада құбырдан ағатын судың сапасы жақсы болуы мүмкін. Алайда неге көп адам бөтелкедегі суды сатып алады?
- Жақында құбырдан ағатын суды алып, оны төрт танымал маркамен салыстырдық. Бірдей, айырмашылық шамалы ғана. Жалпы алғанда, Астанада су сапасы жаман емес. Әрине, құбырдан су ішу қауіпті аймақтар бар екенін түсінемін.
Әуежайда бір литр су 700 теңге тұрады, дүкенде шамамен 350 теңге тұрады. Жанармай бекетінде бір литр бензин де 350 теңге тұруы мүмкін. Су қымбаттаса да, оны еш қиналмай сатып аламыз. Көліксіз өмір сүруге болады, бірақ сусыз өмір жоқ.
Министр 2040 жылғы Қазақстанды қалай елестетеді?- Он жылдан кейін Қазақстан су дағдарысына тап болса, мемлекет қауіп барын біліп, жеткілікті шара қолданбады деп айтуға бола ма? Қазірден бастап не істеу керек?
- Жаңа Су кодексінде "су қауіпсіздігі" ұғымы енгізілді. Үш негізгі қатер бар: су тапшылығы, су сапасы және оның шектен тыс көптігі. Соңғысын біз 2024 жылғы су тасқыны кезінде көрдік. Қазір жаңа су қоймаларын салып, ескілерін жөндеп жатырмыз, каналдарды қалпына келтіріп, су үнемдеу технологияларын енгізіп жатырмыз.
2030 жылға қарай ауыл шаруашылығында суды үнемдеу арқылы шамамен екі миллиард текше метр суды сақтап қалуды жоспарлап отырмыз. Жаңа су қоймаларының құрылысы тағы 2,6 миллиард текше метр су жинауға, ал цифрландыру іс-шаралары 1,4 миллиард текше метр су үнемдеуге мүмкіндік беруге тиіс. Каналдарды жөндеу шығынды азайтып, тағы екі миллиард текше метрге жуық суды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп суды қайта пайдаланады. Біздің есебіміз бойынша тұрғын үй-коммуналдық секторында үнемделетін су шамамен 260 миллион текше метр болады.
Нәтижесінде 2030 жылға қарай резервімізде шамамен 10 миллиард текше метр су болуға тиіс. Болжам бойынша 2040 жылға қарай Орталық Азиядағы су мөлшері 15 миллиард текше метрге азаюы мүмкін. Бұл жағдай экономика дамуын тежемеуі үшін мемлекет, жергілікті органдар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және халық бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Авторы: Рәбиға Дүйсенғұлова
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:32
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қазан 2026 14:45 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















