Самокатшылар тротуарлардан сол күйі қуылмады ма? Ережелерді қатаңдатқаннан кейінгі алғашқы қорытындылар
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Электрсамокаттар маусымы аяқталуға жақын - қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында ереже қатаңдатылғаннан кейінгі алғашқы нәтижені шығаратын кез келді. Көшедегі жағдай расында реттелді ме, құқықбұзушылықтар мен жол апаттары азайды ма әлде жаңа шектеу тиімсіз болып шықты ма - Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
Ереже бар, бірақ бәрі бірдей орындамайды
25 тамыздан бастап Қазақстанда электрсамокат пайдаланушыларға қатысты жаңа шектеу күшіне енді: тротуар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды. Енді самокатпен веложолдармен веложолақтар арқылы, ал олар болмаған жағдайда - жүргізуші 18 жасқа толып, жүргізуші куәлігі болса, жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етілген. Жаңа ереже жалға берілетін де, жеке электрсамокаттарға да қатысты.
Талаптың қатаңдатылуы қарқынды дамып келе жатқан бұл салада тәртіп орнатып, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін қауіп-қатерді азайтуы тиіс еді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жаңа шектеу де үйреншікті құқықбұзушылықтарды түбегейлі жоя алмады. Пайдаланушылар әлі де тротуармен жүреді, бір самокатқа екі адам мінеді, жолдан өткенде самокаттан түспейді және белгіленген жылдамдықтан асыра береді.
Фото: Tengrinews.kz
Мәселен, Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 25 тамыздан бері тротуармен жүргені үшін 2895 адам жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 2765-і - жалға алынған самокат, 130-ы - жеке самокат мінгендер.
Жылдамдық режимін бұзғаны үшін 9329 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 212 самокатшы "өзге де құқықбұзушылықтар" бойынша жазаланды.
Сондай-ақ аталған кезеңде полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың электрсамокат айдауына жол берген 106 ата-ананы жауапкершілікке тартты.
Бұл құқықбұзушылықтар пайдаланушылар арасында жиі кездесетінін кикшеринг компаниялары да растап отыр.
"Пайдаланушылар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтар - тұрақ ережесін сақтамау, бір самокатқа екі адамнан міну және кәмелетке толмағандардың электрсамокатты басқаруы", - деп бөлісті Jet кикшеринг компаниясының өкілдері.
Сондай-ақ компания өкілдері самокат тек бір адамға арналғанын және кәмелетке толмағандарға кикшеринг қызметін пайдалануға тыйым салынғанын еске салды. Олардың айтуынша, алайда кейбір пайдаланушылар бұл талапты бұзуды тоқтатар емес.
Сонымен қатар Алматы полиция департаменті бұдан ерте кезеңге қатысты статистиканы ұсынды. Ведомство мәліметінше, 1 тамыздан бастап қалада электрсамокаттардың қатысуымен 10 жол апаты тіркелген. Онда 9 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты.
Айыптұрақтағы 9000-нан аса самокатІІМ мәліметінше, жаңа ереже күшіне енгеннен бері арнайы тұрақтарға 9100-ге жуық электрсамокат қойылды.
Ведомство самокаттар ереже бұзғаны үшін ғана емес, оларды рұқсат етілмеген жерлерге - тротуарларға, көгалдарға немесе жолдың жүру бөлігіне тастап кеткен жағдайда да алынатынын түсіндірді.
Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Еске сала кетейік, жаңа ережелерге сәйкес, жалға берілетін электрсамокаттарды пайдаланушыларды бақылау міндеті кикшеринг компанияларына жүктелген.
Атап айтқанда, компаниялар пайдаланушылардың жасын және жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге, белгіленген талаптарға сай келмейтін тұлғаларды жолдың жүру бөлігінде басқаруға жібермеуге, самокаттардың жылдамдығы мен орналасқан жерін қадағалауға, олардың техникалық күйін бақылауға және жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтіретін тұрақтардың алдын алуға міндетті.
Бұдан бөлек жалға берілетін электрсамокаттардың тіркеу нөмірі мен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруы болуы тиіс. Сонымен қатар операторлар заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органдарға қажетті мәліметтерді беріп отыруы қажет.
Tengrinews.kz редакциясы кикшеринг компанияларына электрсамокатты жалға алушыларды бақылау бойынша нақты қандай шаралар қабылданғаны туралы сауал жолдады.
"Қауіпсіздік саласындағы олқылықтарды жою үшін осы маусымда біз Riding Score - әр сапардан кейін жүру стилін бақылайтын жүйені іске қостық. Сондай-ақ жергілікті билікпен бірлесіп әзірленген GPS-жылдамдықты шектеу аймақтары, жүруге және тұраққа тыйым салынған аймақтар әрбір сапардың қауіпсіздігін қосымша қамтамасыз етеді. Ережені бұзған пайдаланушыларға ескерту жасалады, шектеу қойылады немесе сервиске кіру мүмкіндігінен біржола айырылады", - деді Қазақстандағы Bolt компаниясының операциялық директоры Рүстем Айдарханов.
Сондай-ақ ол сервиске рұқсат бермес бұрын компания пайдаланушылардың жасын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын ЖСН арқылы мемлекеттік деректер қорынан тексеретінін айтты.
"Кәмелетке толмаған бала ересек адамның (ата-анасы немесе басқа тұлға) атынан тіркелген аккаунт арқылы рұқсат алған жағдайда, ол үшін жауапкершілікті аккаунт иесі көтереді", - деп атап өтті Айдарханов.
JET өкілдері де тіркелу кезінде пайдаланушы ЖСН көрсететінін, сол арқылы жүйе оның жасын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын анықтайтынын хабарлады. Алайда кәмелетке толмағандардың жалға берілетін самокаттарды пайдалануын толықтай шектеу әзірге мүмкін болмай отыр.
Компания мұны ересектердің кейде өз аккаунттарын немесе кіру деректерін балаларға беретінімен түсіндіреді. Сондықтан тіркелу кезінде құжаттарды тексеру самокатты нақты сол аккаунт иесі басқарып бара жатқанына кепілдік бермейді.
"Егер аккаунттың кәмелетке толмаған балаға берілгені расталса, есептік жазба мерзімсіз бұғатталады", - деп ескертті компания өкілдері.
Жылдамдық қалай бақыланады?JET компаниясы барлық электрсамокат жылдамдықты автоматты түрде шектеу жүйесімен жабдықталғанын мәлімдеді. Ол құрылғының қай жерде тұрғанын анықтап, белгілі бір аймаққа кіргенде жылдамдықты толық тоқтағанға дейін азайтады.
Компания мәліметінше, мұндай шектеу, атап айтқанда, Арбатта, Панфилов көшесінде, Сайран көлі маңында, теренқұрда, жағалаулар мен саябақтарда қолданылады.
"Жылдамдықты шектеу және геоаймақтар бағдарламалық деңгейде бекітілген және орталықтандырылған түрде басқарылады. Пайдаланушының бұл лимитті мобильді қосымша арқылы да, физикалық араласу арқылы да алып тастауға мүмкіндігі жоқ", - дейді компания өкілдері.
Сонымен қатар оператор жалға берілетін самокаттардың жылдамдығы сағатына 25 шақырыммен шектелгенін нақтылады. Олардың деректері бойынша, бұл шектен асу жағдайы тіркелмеген.
Бұл ретте компания өкілдері GPS жүйесі самокат нақты қай жерде - тротуарда, веложолақта немесе жолдың жүру бөлігінде келе жатқанын әрдайым дәл анықтай бермейтінін атап өтті.
"Бұл жүйенің белгілі бір қателігі бар, сондықтан самокат нақты қай жерде келе жатқанын сантиметрге дейін дәлдікпен анықтау техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Біз бақылауға скауттар командасын жұмылдырамыз және қала тұрғындарының өтініштерін өңдейміз", - деп түсіндірді компания өкілдері.
Операторда барлық құқықбұзушылықты анықтайтын автоматты жүйе әзірге жоқ. Компания болашақта бұл олқылықты Sergek жүйесімен интеграциялау арқылы жоюға үмітті.
"Біздің барлық электрсамокат паркі жол камералары танитын арнайы шрифті бар тіркеу нөмірлерімен жабдықталған. Осы мақсатта біз Sergek жүйелерімен тезірек интеграциялануды жоспарлап отырмыз", - деп хабарлады компания.
Bolt компаниясы да пайдаланушылардың қауіпті әрекеттерін анықтау үшін борттық датчиктер мен GPS қолданылатынын айтты. Ереже бұзудың сипаты мен санына байланысты тәртіп бұзғандарға ескерту жасалуы, аккаунтың уақытша бұғатталуы немесе сервиске кіру мүмкіндігі толық тоқтатылуы мүмкін.
Алайда полиция анықтаған құқықбұзушылықтар саны бұл шаралардың тиімділігіне күмән келтіреді. Кикшеринг компанияларының пайдаланушыларды бақылауға техникалық мүмкіндіктері жете ме және қолданыстағы шектеулерді айналып өту қаншалықты оңай деген сұрақ туындайды.
Кикшерингтерге қолданылатын жазаАлматы полициясының мәліметінше, 1 шілдеден бастап кикшеринг компанияларына қатысты жолдың жүру бөлігінде электрсамокат айдауға жүргізуші куәлігі жоқ немесе құқығынан айырылған пайдаланушыларға рұқсат бергені үшін 17 әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұл ретте полиция нақты қай компаниялар жауапкершілікке тартылғанын және әр жағдайда қандай санкциялар қолданылғанын нақтыламады. Заңбұзушылықтарды анықтаумен аяқталған тексерістер саны туралы деректер де берілген жоқ.
Мәселе бар - жолақтар жоқҚала тұрғындары тротуарда жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін самокатшыларға шағымданса, кикшеринг компаниялары басқа мәселені - веложолақтардың тапшылығын алға тартады. Олардың пікірінше, тиісті инфрақұрылымды дамытпай, көшелердегі жағдайды өзгерту қиын.
JET өкілдері, мысалы, Алматыдағы веложолақтардың біртұтас желіге біріктірілмегенін, салдарынан пайдаланушылар тротуарға шығуға мәжбүр екенін айтады.
Компания тек шектеу жеткіліксіз екенін және саланың дамуы велоинфрақұрылым құрылысымен қатар жүруі тиіс деп санайды.
"Біз заңдар қабылданған, бірақ жағдай мен инфрақұрылым жасалмағандықтан олардың жұмыс істемейтін жағдайын көріп отырмыз: веложолақтар тапшы кезде тротуармен жүруге тыйым салу тиімді емес", - деп мәлімдеді компания.
Оператор ереже мен қалалық инфрақұрылым мәселелерін әкімдіктермен бірлесіп кешенді түрде шешу үшін микромобильділікті реттеуді Көлік министрлігіне беруді ұсынады.
"Мәселенің шешімі шексіз айыппұл мен тыйым емес, саланы ауқымды әрі кешенді түрде дамыту болып отыр. Бұл жүзеге аспайынша, біз жұмыс істемейтін шектеулерді және пайдаланушылар тарапынан ережебұзушылықтарды көре береміз", - деді компания өкілдері.
Осыған ұқсас ұстанымды Bolt компаниясы да білдірді. Ондағылар пайдаланушылардың тротуарға ережені елемегендіктен ғана шықпайтынын атап өтті.
Жүргізуші куәлігі және жеке самокаттарға ауысу"Олар мұны істейді, өйткені балама жол - ешқандай физикалық бөлініссіз жылдам қозғалатын көліктердің қасында жүру. Осы шындықты ескермейтін реттеу көшелерді қауіпсіз етпейді. Жолдың жүру бөлігімен жүру қосымша қауіпсіздік шараларын талап ететіндіктен, қала көшелерінде арнайы велосипед инфрақұрылымы пайда болған сайын бұл шектеуді біртіндеп, кезең-кезеңімен енгізу ең оңтайлы шешім болады", - деп есептейді компания.
Веложолдар тапшылығынан бөлек, кикшеринг компаниялары жаңа ережелердегі тағы бір талапты - электрсамокатпен жолдың қозғалыс бөлігінде жүру үшін жүргізуші куәлігінің міндетті болуын сынға алды.
"Бұл талап қандай қосымша мәселені шешетіні түсініксіз, бірақ ол сервистің қолжетімділігін шектейді. Біз бұл талапты алып тастап, оның орнына тікелей самокатты басқаруға қатысты міндетті оқытуды қалдыруды ұсынамыз", - дейді Рүстем Айдарханов.
Оның пікірінше, талаптың қатаңдатылуы пайдаланушылардың бір бөлігін жалдаудан бас тартып, бақылау тетігі жоқ жеке электрсамокаттарға ауысуына әкеп соғуы мүмкін.
Пайдаланушылардың жеке электрсамокаттарға көшуі жол жүрісі ережелерінің сақталуын бақылауды қиындатуы ықтимал. Бұл ретте жеке көлік иелері де құқықбұзушылықтарға жол беріп жатады.
Полиция деректері бойынша, 25 тамыздан бері жеке электрсамокаты бар 451 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы кезеңде арнайы тұраққа бір ғана самокат қойылған.
ТүйінЖаңа шектеу күшіне енген алғашқы айлар тек тыйым салумен мәселені шешу мүмкін емес екенін көрсетті. Ереже бұзу әлі де тыйылмай тұр, ал олардың кейбірін анықтау мен жолын кесу қиынға соғады. Бұл ретте қала көшелеріндегі қауіпсіздікке тек кикшеринг компаниялары емес, пайдаланушылардың өздері де жауапты болуы тиіс.
Фото: Tengrinews
Тротуардағы қауіпсіздік тікелей электрсамокат айдайтындарға, яғни олардың ереже сақтауына, жаяу жүргіншілерді құрметтеуіне және көлікті басқаруға жауапкершілікпен қарауына байланысты. Жүру мәдениеті қала өмірінің үйреншікті бөлігіне айналмайынша, тек шектеу жеткіліксіз болады. Самокат мінгендер мінез-құлқының өзгеруі қақтығыстарды азайту мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Тағы оқыңыз: “Құрылысшылардың өзі күлмеді ме?“. Алматылықтар жаңа веложолаққа таңғалды
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:37
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 30 Қазан 2026 12:57 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















