Саудадағы серпіннің сыры неде?
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстанның сыртқы сауда көрсеткіштері биыл айтарлықтай жақсарды. Ұлттық статистика бюросының жаңартылған дерегіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-шілдеде елдің тауар экспорты 50,89 млрд доллар, ал импорты 36,86 млрд доллар болды. Соның нәтижесінде сауда профициті 14,03 млрд долларға жетті. Бұл – Қазақстанның шетелге сатқан тауары сырттан сатып алған өнімінен осынша сомаға артық болды деген сөз.
Алайда жоғары профицит экспорт құрылымының сапалы өзгергенін бірден білдірмейді. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдері жалпы экспорттың 48,2%-ын қамтамасыз етті. Одан кейін тазартылған мыс пен өңделмеген мыс қорытпалары – 6,6%, радиоактивті элементтер мен изотоптар – 4,8%, мыс кендері мен концентраттары – 4,6%, ферроқорытпалар 2,4% үлес алды. Яғни Қазақстан сыртқа сататын негізгі тауарлардың басым бөлігі әлі де табиғи ресурстардан тұрады.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова мұны профициттің негізгі әлсіз тұсы деп санайды.
«Қазақстан экспортының құрылымы негізінен шикізаттық сипатта қалып отыр. Мыс, мыс кендері, радиоактивті элементтер мен ферроқорытпалар да айтарлықтай үлеске ие. Сондықтан қазіргі профицит көбіне экспорттық түсімдердің жоғары деңгейін көрсетеді, бірақ әзірге экономика құрылымының түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Оның көлемі әлемдік мұнай мен металл бағасына, өндіру көлеміне және шикізатты сыртқы нарықтарға үздіксіз жеткізу мүмкіндігіне әлі де тәуелді».
Мұнайдың экспорттағы үлесі біртіндеп төмендеп келеді. 2025 жылғы қаңтар-шілдеде ол 52,3% болған, ал биыл 48,2%-ға түсті. Бірақ бұл мұнайдан түсетін кіріс азайды дегенді білдірмейді. Экспорттың жалпы көлемі мен мұнай үлесін негізге алсақ, 2025 жылдың жеті айында мұнай экспорты шамамен 22,8 млрд доллар, биыл 24,5 млрд доллар болған. Яғни мұнайдың үлесі төмендегенімен, одан түскен қаражат шамамен 7,6%-ға көбейген.
Сыртқы сауданың географиясында да өзгеріс бар. Биыл экспорттың 18%-ы Қытайға, 17,7%-ы Италияға, 8,9%-ы Ресейге, 7,7%-ы Түркияға бағытталған. Нидерландтың үлесі 6,2%, Францияның үлесі 5,9% болды. Бір жыл ішінде Түркияның үлесі 4,7%-дан 7,7%-ға дейін өссе, Италияның үлесі 21,6%-дан 17,7%-ға төмендеген. Бұл экспорт бағыттарының біршама кеңейгенін көрсеткенімен, негізгі өнімдер өзгерген жоқ.
Тұрақтылыққа тасымал жолдары да әсер етеді. Reuters мәліметінше, Қазақстан мұнай экспортының 80%-дан астамын Каспий құбыр консорциумы арқылы жөнелтеді. 2026 жылғы қаңтар-тамызда осы жүйе арқылы тасымалданған мұнай көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8%-ға аз болған. Демек, құбыр жұмысының тоқтауы, теңіз терминалындағы ақау немесе геосаяси шектеу экспорттық кіріске тікелей соққы беруі мүмкін. Reuters жариялаған дерек профициттің тек мұнай бағасына емес, оны үздіксіз жеткізу мүмкіндігіне де тәуелді екенін аңғартады.
Елге енген доллар елде қала ма?
Сауда профициті сыртқы экономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші болғанымен, оны елдің қолында қалған таза қаражат деп қабылдауға болмайды. Тауар экспортынан келген валютаның бір бөлігі шетелдік тасымал, сақтандыру, консалтинг және басқа қызметтер үшін төленеді. Бұған қоса, шетелдік инвесторларға дивиденд пен инвестициялық табыс аударылады, сыртқы қарыздар өтеледі. Сондықтан сауда балансы мен төлем балансы бір ұғым емес.
Саида Тілеуленова да 14 млрд долларды ел ішінде толық қалған ақша ретінде түсіндіруге болмайтынын айтады.
«Тағы бір маңызды жайт бар: сауда профицитінің жоғары болуы экспорттан түскен барлық қаражат Қазақстан ішінде қалады дегенді білдірмейді. Экспорттық түсімнің бір бөлігі кейіннен шетелдік қызметтерді төлеуге, шетелдік инвесторларға инвестициялық табыс төлеуге, сыртқы міндеттемелерге қызмет көрсетуге және басқа да төлемдерге жұмсалады. Сондықтан елдің сыртқы жағдайының іргелі тұрақтылығын бағалау үшін тек сауда балансына ғана емес, бүкіл төлем балансына да назар аудару маңызды. Сонымен қатар Қазақстан экспортының құрылымы мүлде өзгермей жатыр деу дұрыс болмас еді. Оң белгі бар: шикізаттық емес экспорт біртіндеп өсіп келеді».
Жоғары профицит теңгеге валюталық ұсыныс арқылы қолдау көрсете алады. Бірақ теңге бағамына мұнай бағасымен бірге импортқа деген сұраныс, капиталдың қозғалысы, Ұлттық қор операциялары, сыртқы қарыз төлемдері және нарықтағы күтулер де әсер етеді. Сол себепті «профицит өсті, демек теңге міндетті түрде нығаяды» деген тікелей байланыс жасау дұрыс емес.
Инфляция көрсеткіші де осыны аңғартады. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы шілдеде жылдық инфляция 10,2%, бір айлық өсім 0,6% болды. Яғни сыртқы саудадағы жоғары оң айырма ішкі бағаның өсуін автоматты түрде тоқтатпады. Инфляцияға азық-түлік пен қызмет бағасы, тарифтер, бюджет шығыстары, несие көлемі және өндіріс шығындары қатар ықпал етеді.
Экспортты мұнайдан тыс кеңейту бағытында да ілгерілеу байқалады. Жалпы экспорттан мұнай санатын алып қарасақ, қалған тауарлардың көлемі 2025 жылғы шамамен 20,8 млрд доллардан биыл 26,4 млрд долларға дейін көбейген. Өсім шамамен 26,8%-ды құрайды. Бірақ бұл соманың ішінде мыс, уран, кен және ферроқорытпа сияқты шикізаттық тауарлар бар. Сондықтан оны толығымен «шикізаттық емес экспорт» деп атауға болмайды.
«Сауда министрлігінің деректері бойынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында шикізаттық емес және өңделген тауарлар экспорты 12,9 млрд доллардан 15,2 млрд долларға дейін өсті. Бұл экспорттық базаның біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді, дегенмен әзірге бұл сыртқы сектордың шикізат нарығындағы конъюнктураға тәуелділігін жою үшін жеткіліксіз. Сондықтан 14 млрд доллар көлеміндегі сауда профициті – Қазақстан үшін, шынымен де, жақсы қор. Оның тұрақтылығы шикізаттық емес экспорттың қаншалықты жылдам өсетініне, мұнай мен металл бағасының қалай өзгеретініне, өндіру мен жеткізу көлемінің сақталуына және экспорттық кірістердің ел ішіндегі инвестициялар мен өнімділіктің артуына қаншалықты тиімді бағытталатынына байланысты болады», – дейді маман.
Сонымен, 14 млрд доллардан асқан сауда профициті – Қазақстан экономикасы үшін оң нәтиже. Ол елге валюталық кіріс әкеліп, сыртқы міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл көрсеткіш әзірге мұнай мен металға, олардың әлемдік бағасына және бірнеше негізгі тасымал бағытына тәуелді. Профициттің, шын мәнінде, тұрақты болуы үшін экспорттық кіріс жаңа өндірістерге, технологияға және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталуы керек. Сонда ғана бүгінгі қолайлы нәтиже уақытша мүмкіндік емес, экономикадағы сапалы өзгерістің белгісіне айналады.
Кәмила ДҮЙСЕН
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:53
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 26 Қыркүйек 2026 08:41 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















