Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Еңбек дауы: қос тараптан кететін қателік

Қазақстан шетелдіктердің тұрақты тұруына (ТТҚ) рұқсат беретін мамандықтар тізімін үш есе кеңейтуге дайындалып жатыр

Депутат СК Фармацияның 2027 жылғы медициналық бұйымдарды сатып алуларын тексеруді талап етті

Жігер Ауыпбаев жұбайына ерекше сый жасады (видео)

Каспийдегі қасірет: құтқарылған адамның жағдайы туралы ақпарат пайда болды

Қасым Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Короліне құттықтау жеделхатын жолдады

Қазақстанда 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды

iPhone 18 ге қызығушылықты пайдаланған алаяқтар жаңа схема ойлап тапты

Жемісті жеті жыл

Шымкентте екі маңызды нысан бой көтереді

XXI ғасырдың технологиясын өткен ғасырдың құралдарымен басқаруға тырысып отырмыз депутат

“Бостон некесі“. Неге қазақстандық әйелдер бірге тұратын “әйел“ іздейді?

Ұлттық сана сезімге серпіліс беріп, қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет Тоқаев

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тағайындалды

Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді

БҰҰ да Украина жөніндегі Ресейге қарсы мәлімдемені 193 елдің 51 і қолдады

Көркем жазу баллды төмендетпейді 23 қыркүйектен бастап Қазақстанда 2 4 сынып оқушыларын не күтіп тұр

Ұлытауда XXXIV республикалық “Ұлытау үні“ фестивалі басталды

Ақтауға балықтан уланған пациенттерге көмектесу үшін дәрігерлер ұшып келеді

Зейнеткерлер үшін бе? Қазақстандық зумерлер “бәрі қосылғаннан“ бас тартып, “санаторингті“ таңдады

Ғашық мынау әлемге ақын болсам деп едім

Ғашық мынау әлемге ақын болсам деп едім

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Оның қаламынан туған жазбалары жинақталып, кітап болып жарық көрді. Қаламгердің бүкіл мұрасына ие болып отырған  – өмірлік жары Ғазиза Исахан. Бүгін біз  кейіпкерімізбен Бейбіт Құсанбектің көпшілік біле бермейтін қырлары, отбасындағы болмысы мен өмірлік ұстанымдары туралы сыр шерттік.  Сондай-ақ бірге өткізген жылдардың жарқын сәттерін еске алып, журналистің шығармашылық жолы мен адамгершілік қасиеттері жайында жылы естелігін бөлісті. 

– Бейбіт ағаны ел ең алдымен «Өмір өзен», «Үркер», «Ойталас»  секілді тағы­лымды тележобалардың авторы ретінде таниды. Ал сіз үшін көпшілік біле бер­мейтін Бейбіт Құсанбек қандай адам еді?     

– Қазақ теледидарында мыңдаған хабар жасаған Бейбітті жалпы көпшілік тележобалары арқылы ғана танитыны рас. Ал онымен бірге оқыған сыныптастары, курстастары, араласқан дос­тары, бірге жұмыс істеген әріптестері, түсірген хабарларының кейіпкерлері оның бірқалыпты мінезін, байсал­дылығын, білімін, жан-жақтылығын жақсы біледі. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп Абай атамыз айтады ғой, Бейбіттің бойында сол қасиеттер болды, талантты, талапты, еңбекқор, мейірімді, қана­ғатшыл, рахымды, пенделіктен ада, жүрек күші де, білек күші де бір басына жетерлік азамат болды.

Бейбіт өмірде қандай болса, эфирде де сондай еді. Өзін эфир үшін өзгертіп, жасанды бейне жасайтындардың қата­рынан болған жоқ. Оның бойындағы суырыпсалма ақындық, сазгерлік, ән­шілік, серілік, әдемі әзіл мен тапқыр­лықты көпшілік біле бермейді. Ал айналасы жақсы білді. Достарының, ағайын-туыстың, отбасылық басқосу­лардың сәні еді. Талай досының тойын жүргізіп, талай келіннің бетін ашты.

Бейбіттің бір ерекшелігі – адамға жақындығы. Сырт көзге көп сөй­ле­мей­тін, сырбаз, сабырлы көрін­генімен, жақын араласқан адам оның  мейірімді, сезімтал екенін аңғаратын.

Қажытай Ілиясов Бейбітті студент кезінен білетін. Оның «Бейбіттің бітімі» атты өлеңінде Бейбіттің болмысын дәл сипаттайтын жолдар бар: «Жаны тым нәзік, жанда жоқ сабырлылығы», «Үлкенге құрмет, ініге ізеті қандай?!», «Білімі – мығым», «Өнері – үстем, қыры – көп» дейді. Меніңше, осының бәрі Бейбіттің табиғатын өте дәл танытады.

Жақсыны жақтап, 

жаманды көзі де көріп,

Жігіт болды жетелі сөзіне берік.

Қасарысса, қаймықпай, қаралықтарға,

Намысы тұтап, бітетін өзіне желік!

Жаны тым нәзік, жанда 

жоқ сабырлылығы,

Әндер де туған шабытты, арынды күні!

Гитараны да үйрете бастаған едім,

Ындынын еміп тұрған соң 

«табырдың» үні!

Үлкенге құрмет, ініге ізеті қандай?!

Тіс жармаушы еді, ішкі ойын 

түзетіп алмай!

Қағілез қалпын 

өзгертпей, сақтанатұғын.

Өкшелеп жүрген, соңында күзеті бардай!

Білімі – мығым, тұғырдай 

мойылдан қиған,

Олжасы – үлгі, торқалы 

тойыңнан жиған.

Өнері – үстем, қыры – көп, 

жыры да жетік.

Тұлғасы – тұтас, мүсіндей 

шойыннан құйған.

Қызғаныш кернеп, жаласын 

тізгенде надан, 

Пысқырмайды оған бұрылып, 

ізденген адам!

Бәйгені күткен бапкердей тілеуін тілеп,

Болса екен дейміз, тек қана 

тіл-көзден аман!

Бағалы басы – ғаламдық жарық құндысы

Қошқар қояр қозыдай қалып-тұрғысы,

Ең сәулелі Министр болар-ақ еді,

Қоя салса, қарымын танып бір кісі! – дейді Қажытай аға. 

Бейбіттің жан дүниесін оның өлең­дерінен көруге болады. Тележурналист Бейбітті біз әдетте сұрақ қоятын, сөйле­тетін, пікір таластыратын, қоғамға ой тастайтын адам ретінде елестетеміз. Оның телевизиядағы бағдарламалары да осы қоғамдық-интеллектуалдық болмысын көрсетеді. 

Ал өлеңдері  Бейбітке, Бейбіттің жан дүниесіне жақындауға мүмкіндік береді. Бейбіттің өлеңдері арқылы Бейбіттің бол­мысын, ақындық табиғатын, көзқарасын, ойларын білуге болады. Бейбіт өмірден өткен соң оның қойын дәптерлерінде, жеке­леген парақтарда жазылып қалған жырларын жинақтап «Өлең – Өзім» деген атаумен кітабын шығардық. Оған дейін өзі «Махаббат маусымы» деген кітабын шығарған еді.

– Қалайша өлең жазбайын,

Сыр толып тұрса тұла бой.

Бұл өлең өлең емес қой,

Бұл өлең – менің өзім ғой. 

Бұл өлеңде өлең жазуы кәсіби міндеттен гөрі адамның ішкі сыры, сезімінен, ойынан туған табиғи құбылыс екені көрініп тұр.

Бейбіт үшін ішкі дүние – толып жатқан сыр. Ол өзін өлең арқылы сыртқа шығара­ды. Ол тек қоғаммен сөйлесетін журналист емес, ішінде көп нәрсені алып жүретін, сезімін іште пісіретін адам. Оның сезім­талдығы – азаматтық сергектігінің бастауы.

«Миллион тарау ойларымның арнасы:

Ақын болсам – адам емен аз мұңы.

Ойлантады тірлігімнің формасы,

Ойлантады өмірімнің мазмұны».

Бұл – сыртқы дүниеге бейжай қарай алмайтын адамның сөзі. Ол үшін өмір – жай фактілер жиынтығы емес. Өмір – сезім, арман, ой және жауапкершіліктің қосындысы.

Бұл оның тележурналистік болмысын да түсіндіруге көмектеседі. Оның архивтік және телевизиялық мұрасында тарихи тұлғалар, тіл, әдебиет, мәдениет, ел ағалары туралы көптеген бағдарламаның болуы осы қоғамдық қызығушылықтың кеңдігін көрсетеді. 

Бейбіт – дүниеге сырттай қарап тұрған адам емес, дүниені жүрегінен өткізіп барып қабылдайтын адам. Оның ішінде үнемі қозғалыста тұрған ой бар. Сол ой кейде ма­хаббатқа, кейде туған жерге, кейде халықтың тағдырына, кейде болашаққа ай­налып, өлең болып сыртқа шығады. Ол қалада жүріп даланы аңсайды, тәуелсіздікке қуанып тұрып елдің ертеңіне алаңдайды, халық туралы ойлап жүріп өз жанын тыңдауға уақыт таппай қалады. Оның қатқыл азаматтық үнінің ар жағында өте нәзік, табиғатты аңсаған, махаббатқа сен­ген, арманынан айырылмаған адам бар. Сон­дықтан оның «Бұл өлең – менің өзім ғой» деген сөзі шығармашылығының ғана емес, оның ішкі болмысының кілті секілді.

Бейбіт өлеңдерінде оның бізге қалдыр­ған дауысы емес, біз естімей қалған ішкі дауысы бар. 

– Бейбіт ағаның өмірде берік ұстанған, қандай жағдайда да аттамаған қағидасы болды ма? Оның сол мінезі отбасы өмірінен қалай көрінетін еді?

– Бейбіттің өмірлік ұстанымдарының өзегінде адамды сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, ағайынның татулығын сақтау, ұлттық дәстүрді қадірлеу деген түсініктер жатты деп ойлаймын.

«Жиырма бірінші ғасырға» деген 1989 жылы жазылған өлеңінде Бейбіт ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға қарата: «Жаңа ғасыр, қақпаңа келіп қалдық» деп сөйлейді.

Бірақ өлеңдегі ең маңызды мәселе – жаңа ғасырдың техникалық жаңалығы емес, қазақ халқының жаңа заманға қандай күйде енетіні.

Мысалы:

«Тілін, ділін сақтаған халқым үшін

Қойшы орын төр жақтан қарастырып».

Бұл жерде Бейбіт үшін болашақтың басты өлшемі – технология немесе мате­риал­дық даму емес, тіл мен ділдің сақталуы, ұлттық болмыстың орнығуы.

Несіпбек Айтұлы Бейбітке арнаған өлеңінде: «Имандай ұйып өсіп ең, атадан қалған ғұрыпқа, исең де басты үлкенге, бүкпедің тізе ұлыққа» деп жазған. Бұл – оның болмысын сипаттайтын сөз.

Бейбіттің түсінігінде қазақтың қазақ­тығын ұстап тұрған дәстүрлердің бірі – ағайын арасындағы татулық, кішінің үлкенді сыйлауы, ағаның ініге деген қамқорлығы, есіктің ілінбеуі, яғни кез келген уақытта қонақ қабылдай білу, ата-текті білу, қызды сыйлау, құдалықтың қадірін түсіну – жай ғана дәстүр емес, елді ел ететін қасиеттер. Үлкеннің қас-қабағына қарау, ақсақалды тыңдау, адамды қадірлеу дегенді де ерекше бағалады.

Ол сөз бен істің алшақтығын ұнат­пайтын. Яғни ұлттық құндылықты айту бір бөлек те, оны күнделікті өмірде ұстану бір бөлек екенін жақсы түсінетін.

Бейбіт үйінің үлкені болғандықтан, ата-анасына, бауырларына, ағайын-туыстарына тірек болды. Бауырларының, ағайын-туыстың оқуы, жұмысқа орна­ласуы, дәрігерге қаралуы, отбасын құруы, тағысын тағы бәріне қолынан келгенше көмектесетін. Наурыз, Жаңа жыл, 8-нау­рыз, айт күндері, ең алдымен ата-ана­ларымызды құттықтау, батасын алу біздің отбасында дәстүрге айналған.   

– «Өмір өзенде» талай адамның тағдыры, өмірдің бұралаң жолдары сөз болды. Бейбіт аға кейіпкерлерінің тағдырын жүрегіне жақын қабылдайтын ба? Түсірілімнен кейін ұзақ уақыт ойынан кетпей жүрген оқиғалар болды ма?

–  «Өмір – өзен» Бейбіт үшін жай ғана телебағдарлама емес еді. Ол арқылы белгілі бір кезеңнің адамын, қоғамның рухани ахуалын түсінуге тырысты.

1980-жылдардың соңы мен 1990-жыл­дардың басындағы күрт өзгеріс­тер адам­дардың ішкі жан дүниесіне де үлкен төңкеріс жасады. Бұрынғы мақсат-мұраттардың быт-шыты шыққан кезде «Енді қандай рухани қазыналарды пір тұтамыз? Тәуелсіз мемлекет ретінде ХХІ ға­сырға қандай қасиеттермен қадам басамыз? Тіліміз бен діліміз алашабыр ұлттың басын не біріктіреді?» деген сұрақтар Бейбітті қатты толғандырды.

1995 жылдың күзінен 1998 жылдың жазына дейін «Өмір – өзеннің» жүзден астам хабары жасалды. Өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер, тарихшылар, педагогтер, психологтер және басқа да мамандар қатысты.

Бейбіт бағдарламаның идеясын түсін­діре отырып: «Бәріміз жақсы бір кемемен жайбарақат келе жатқанбыз. Ағыс күрт өзгерді де, кемені толқын төңкеріп кетті. Біреуіміз малтып келеміз, біреу тұншығып жатыр, енді әркім өзінше», – деген еді.

Оның мақсаты – адамдардың сол аласапыран кезеңде не ойлағанын, неге толғанғанын түсіну. Әр кейіпкердің өткен өмірінен оның болмысын ашатын маңыз­ды сәттерді табуға тырысты. «Сол кезде неге солай істеді? Қазір солай істер ме еді? Болашақта ше?» деген сұрақтар Бейбіт үшін маңызды болатын.

Ол адамның тағдырын сырттай бақы­лаушы ретінде емес, түсінуге тырысқан сұхбаттас ретінде қабылдайтын.

– Шығармашылық адамын кейде отбасы ғана терең түсінеді. Бейбіт ағаның көпшілікке көрінбейтін күмәні, толғанысы немесе жанын ауыртқан дүниелері туралы сізбен сырласатын кездері болушы ма еді?

– Бейбіттің жан дүниесі нәзік еді. Оның ішкі әлемін өзі жазған бір хатының бірнеше жолы-ақ аңғартады. 1988 жылы Мәскеуде телекоммен­таторлар курсында екі ай оқыды. Ол кез – қоғамда үлкен өзгерістер басталған кезең. Сол жерде өмірдің көлеңкелі жақтарын көрсететін фильмдерді көріп, әрі үйін сағынып жүрген кезінде маған жазған хатында: «Бүкіл көңіл күйім, жан дүнием домбыраның екі ішегі сияқты. Бірі – мұңлы үн, екіншісі – көңілді, өмірге құштар үн шығарады», – деген еді.

Өмірдегі қиындықтар мен жамандықтар оның «мұңлы ішегін» қағып, өмірден түңілгендей күйге түсіретінін, ал жақсы фильм, жақсы кітап, адамдардың тазалығы мен адалдығы оның бойындағы «көңілді ішекті» үн қақтырып, өмірге қайта ғашық ететінін жазған.

Меніңше, Бейбіттің табиғатын осы сөздерден артық сипаттау қиын. Ол жаман­дықты көргенде бейжай қала алмайтын, жақсылықты көргенде шын қуана білетін адам еді.

Оның жан дүниесі ақ қағаздай таза болатын. Бірақ өзінің ішкі толғанысын көпшілікке жариялай бермейтін. Сырын кез келген адамға аша қоймайтын. Жақын араласқан адам ғана оның ішкі әлемінің қаншалықты бай әрі сезімтал екенін түсінетін. 

«Нәзіктік менде бұрыннан барды

Қайсарлық сенен дарыды» – деп Бейбіт сол балаң кезінде Қажытай ағасына өлең арнаған. Нәзіктік бұл адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы, адамдарға қамқор­лығы, сенімі, адамдарды қас-қабағынан түсінуі, байқауы, сондықтан ішкі дүниесі бай, ішкі тегеуріні мықты кісінің ұстанымы да мықты болатыны сөзсіз.

– Сіз ұзақ жыл архив саласында еңбек еттіңіз. Архив – өткеннің ізі мен адам ғұмы­рының куәсі. Бүгін Бейбіт ағаның мұрасына архив маманының көзімен қарағанда, ең алдымен нені сақтап қалуымыз керек деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, Бейбіттің өзі жасаған телехабарларын, сұхбаттарын, бейне­таспаларын, қолжазбаларын, хаттарын, өлеңдері мен әндерін, жұмыс дәптерлері мен сценарийлерін жүйелеп, біртұтас шығармашылық архив ретінде сақтау керек деп ойлаймын. Сондықтан да оның жеке қоры Ұлттық архивте сақтаулы. Жеке архивінде сақталған бірқатар хабарының бейнетаспалары мен дискілерді Кино­фотоқұжаттар мен дыбысжазбалар ар­хивіне өткізгенбіз. Ал өмірбаянына, жеке өміріне қатысты деректер Астана қалалық архивіндегі отбасылық қорында сақтаулы. Өйткені оның мұрасы – бір адамның жеке шығармашылығы ғана емес, белгілі бір дәуірдің рухани шежіресі.

Мысалы, «Өмір – өзенде» Әбділда Тәжібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Тынышбай Рахым, Жарасқан Әбдірашев сияқты көптеген белгілі тұлғаның соңғы бейнелері сақталған. Бұл – өте құнды дүние. «Ел ағалары» циклы бойынша портреттік хабарлары, «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» хабарындағы бейнелер, тағы басқалары тек Бейбіттің шығармасы ретінде емес, ХХ ғасырдың соңындағы қазақ қоғамының рухани портреті ретінде де қарауымыз керек.

Бұрынғы буынның талай телехабары бейнетаспаға жазылмай, ізсіз кетті. Біздің дәуір оған қарағанда бақытты: Бейбіттің көптеген бағдарламасы сақталды. Ендігі міндет – бар дүниені жоғалтпай, цифрлан­дырып, сипаттап, зерттеушілер мен кейінгі ұрпаққа қолжетімді ету.

Архив деген – ескі қағазды сақтайтын қойма ғана емес. Архив – халықтың жады. Ал Бейбіттің мұрасы сол ұлттық жадтың бір бөлігі.

– Бір шаңырақта ұзақ жыл бірге ғұмыр кешкенде адамның айтқан сөзінен гөрі ісі көбірек есте қалады ғой. Бейбіт ағаның сізге қалдырған ең үлкен өмірлік сабағы қандай?

– Оның ең үлкен сабағы – адам болып қалу. Бейбіт атаққа, мансапқа, дүние-мү­лікке қызыққан адам емес еді. Ол үшін адамның адамдығы бірінші орында тұрды.  «Сен елдің киіміне, дүниесіне қарама, мені жұртпен салыстырма, әркім өз жағдайына қарайды. Әулетімізде оқыған, көзі ашық, бас көтеретін біз болғандықтан, ағайын-туыс бізге келеді, бізден көмек сұрайды. Кең болсаң, кем болмайсың» – дейтін.  Сөздің ретіне қарай «Каждому свое», «Әр нәрсенің шегі болады», Абайдың сөз­дерінен айтып отыратын. 

Балаларына: «Ең алдымен, білім алыңдар, оқып-үйреніңдер, таңдаған мамандықтарыңа адал болыңдар, өмірден өз орындарыңды табыңдар. Ешқашан ақшаға, дүниеге қызықпаңдар. Адам­гершілік, адалдық, қайырымдылық – өмірдің басты қағидасы болуы керек», – деп айтып отыратын. Меніңше, бұл – оның бүкіл өмірінің формуласы.

– Егер бүгін Бейбіт аға ортамызда отырып, қазіргі қоғамға, журналистикаға немесе кейінгі буынға бірауыз аманат айтар болса, ол қандай сөз болар еді деп ойлайсыз?

– «Адам болып қал!» дер еді деп ойлаймын.

Ал журналистерге, блогерлерге «Сөзге жауапкершілікпен қараңдар, адам тағ­дырын сенсацияға айналдырмаңдар, халықтың сөзін халықтың алдында адал жеткізіңдер» деген болар еді.

Бейбіт журналистиканы жай ғана ақпарат жеткізу деп түсінген жоқ. Ол адамның жанын, қоғамның болмысын, уақыттың тынысын түсінуге тырысты.

Оның «Теледидар неге олай емес, неге бұлай емес дейтініміз бекер сияқты. Ол өміріміздің көшірмесі ғой. Біз өзімізде жоқ нәрсені: жақсы тұрмысты, жақсы сөзді, әділеттілікті теледидардан көргіміз келеді. Өмірде жоқ нәрсе қалай онда болады? Өзіміз қандай болсақ, біздің теле­дидарымыз да сондай» деген пікірі бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ.

Яғни ол теледидарды қоғамнан бөлек дүние деп қарамаған. Экрандағы өзгеріс үшін алдымен адамның өзі өзгеруі керек екенін айтқысы келді.

Ал кейінгі буынға айтар аманаты – білім іздеу, тілін қадірлеу, үлкенді сыйлау, адамды алдамау, еңбекті адал атқару, жақсыны көре білу болар еді деп ойлаймын.

– Бейбіт ағаның ең үлкен аманаты – балалары. Ұрпағы қандай азамат болып өсті? Әкесі туралы балаларыңызға жиі әңгімелеп бересіз бе?

– Бейбіттің балалары әкесінің тәр­биесін бойларына сіңіріп өсті. Әкелері өмірден ерте кеткенімен, оның айтқан сөздері мен көрсеткен өнегесі балалардың жадында мәңгі қалды. Бейбіт біздер үшін асқар тау, қорғанымыз, әділдіктің символы болды. 

Бейбіттің мен перзентханада  жатқанда (балаларымыз дүниеге келгенде) жазған запискалары (тілхат) бар. Іссапарға кеткенде жазған жазбалары, хаттары бар. Отбасылық отырыстарда, күнделікті тіршілікте «сонда осылай жазған», «былай айтып еді» деп үнемі еске алып отырамыз. Қиналғанда, әділетсіздікті көргенде «әкеміз жанымызда болса бұлай болмас еді» деп мұңаятын кездер де болады. Бейбіттің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, әрбір қимыл-әрекеті, эфирдегі отырысы, үйдегі қамқорлығы, бәрі кешегідей көз алдымызда. Өзі өмірден өтсе де, көзі тірісінде айтқан әрбір ақылы, үлгі-өнегесі балаларына мәңгі сабақ болып қалды. Бұл – әке тәрбиесінің ең үлкен нәтижесі шығар. Астанаға келген бір сапарында (2006 жыл, желтоқсан айы) «Балалардың біреуін журналистикаға баулу керек еді» деді. «Немерелеріміз болады, саған ұқсатып тәрбиелейміз» деген едім. 

Бейбіт балаларын еркелететін, бірақ керек жерде талап қоятын. Білімге ерек­ше мән беретін.  Ең бастысы, балаларына байлық қалдыруды емес, жақсы адам болуды үйретті.

Меніңше, бұл – Бейбіттің ұрпағына қалдырған ең үлкен мұрасы.

Бейбіттің өзі 16-17 жасында «Кім болам?» деген өлеңінде:

«Ғашық мынау әлемге ақын болсам деп едім, 

Адамдардың жанына жақын болсам деп едім», – деп жазған екен.

Ол арманына жетті деп ойлаймын. Ақын да болды, журналист те болды, сазгер де болды. Ең бастысы, адамдардың жанына жақын болды.

Бейбіттің артында қалдырған ең қымбат мұрасы – оның балалары ғана емес, адамға деген құрметі, ұлттық рухы, журналистік мектебі, шығармалары және өзі араласқан адамдардың жүрегіндегі жақсы естелігі.

Тұманбай (Молдағалиев) ағасы  «өнегелі, өр, сұлу, ғажайып қазақтардың бірі» деп еді. Ал Әкім ағасы Бейбіттің үш қасиетін атап айтады: «Бірінші, әлдекім­дердей жалт етіп шығып, жалп етіп құлап қалған емес, арық  айтып, семіз шығып келе жатқан азамат. Екіншіден, қай тақырыпты қозғаса да тереңнен тартып, шарықтатып  көтеретін қаламгер. Маржан тіл, сыпайы мінезі көрерменді жалықтырмай, қызықтырып ұстайды. Үшіншіден, Бейбіт ылғи іздену үстінде, өзі ашқан асылды қалың елімен бөлісуге құштар, жақсының жақсылығын жария­лап жар салу міндетім деп  біледі. Бұл – ілуде бір кездесетін киелі қасиет. Құсан­бек Бейбіт қаншама жылдан бері әрбір қазақ отбасының төрінде сыр шертіп, ақылдасып, кеңесіп, «өз үйінің»  адамы болып келеді. Оны танымайтын, оны күтпейтін қазақ жоқ десем, артық  айтқаным емес». 

Бейбіт қысқа ғұмырында көп нәрсеге үлгерді.  1980-жылдардың ортасындағы «Жадыра», «Құрдастар», «Дидар» хабар­ларындағы сюжеттер, «Халық қазынасы», «Өмір – өзен», «Үркер», «Таразы», «Ақи­қат ауылы», «Тіл», «Нысана», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр», «Ел ағалары» сияқты ха­барлары арқылы өз дәуірінің сөзін айт­ты. Ал артында қалған адамдық болмысы арқылы өзі өмір сүрген ортасына қандай азамат болу керегін көрсетті.

Сондықтан Бейбіттің өмірін еске алғанда,  оның бізге қалдырған ізін, сөзін, тәрбиесін, шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізу  біздің міндетіміз деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
seeКөрілімдер:30
embedДереккөз:https://aikyn.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 26 Қыркүйек 2026 08:08
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Еңбек дауы: қос тараптан кететін қателік

24 Қыркүйек 2026 10:15see152

Қазақстан шетелдіктердің тұрақты тұруына (ТТҚ) рұқсат беретін мамандықтар тізімін үш есе кеңейтуге дайындалып жатыр

24 Қыркүйек 2026 10:19see150

Депутат СК Фармацияның 2027 жылғы медициналық бұйымдарды сатып алуларын тексеруді талап етті

24 Қыркүйек 2026 09:59see150

Жігер Ауыпбаев жұбайына ерекше сый жасады (видео)

24 Қыркүйек 2026 10:11see150

Каспийдегі қасірет: құтқарылған адамның жағдайы туралы ақпарат пайда болды

24 Қыркүйек 2026 19:41see149

Қасым Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Короліне құттықтау жеделхатын жолдады

24 Қыркүйек 2026 10:12see148

Қазақстанда 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды

24 Қыркүйек 2026 19:09see145

iPhone 18 ге қызығушылықты пайдаланған алаяқтар жаңа схема ойлап тапты

24 Қыркүйек 2026 10:08see145

Жемісті жеті жыл

24 Қыркүйек 2026 10:10see144

Шымкентте екі маңызды нысан бой көтереді

24 Қыркүйек 2026 10:12see143

XXI ғасырдың технологиясын өткен ғасырдың құралдарымен басқаруға тырысып отырмыз депутат

24 Қыркүйек 2026 10:16see143

“Бостон некесі“. Неге қазақстандық әйелдер бірге тұратын “әйел“ іздейді?

24 Қыркүйек 2026 11:03see143

Ұлттық сана сезімге серпіліс беріп, қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет Тоқаев

24 Қыркүйек 2026 12:48see142

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тағайындалды

24 Қыркүйек 2026 10:13see142

Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді

24 Қыркүйек 2026 09:58see141

БҰҰ да Украина жөніндегі Ресейге қарсы мәлімдемені 193 елдің 51 і қолдады

24 Қыркүйек 2026 10:34see141

Көркем жазу баллды төмендетпейді 23 қыркүйектен бастап Қазақстанда 2 4 сынып оқушыларын не күтіп тұр

24 Қыркүйек 2026 10:20see140

Ұлытауда XXXIV республикалық “Ұлытау үні“ фестивалі басталды

24 Қыркүйек 2026 18:58see140

Ақтауға балықтан уланған пациенттерге көмектесу үшін дәрігерлер ұшып келеді

24 Қыркүйек 2026 10:19see138

Зейнеткерлер үшін бе? Қазақстандық зумерлер “бәрі қосылғаннан“ бас тартып, “санаторингті“ таңдады

24 Қыркүйек 2026 10:21see138
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары