Тұрғын үй кезегі, жұмысқа орналасу және еңбек құқығы: Әділет партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтар қандай мәселе көтерді?
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Құрылтай депутаты Тілектес Адамбеков елорда тұрғындарын қабылдады. Кездесу барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбек құқығы, әлеуметтік қорғау, жұмысқа орналасу мәселелері бойынша өтініштер қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі 2019 жылдан бері Астанада тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтты. Оның сөзінше, бастапқыда кезекте шамамен 16 мыңыншы орында болған. Кейін тұрғын үй кезегіне қатысты мәліметтердің Отбасы банкке берілуіне байланысты банкке бірнеше рет жүгінгенімен, қазіргі кезегінің нақты ретін біле алмаған.
«Мен 2019 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Алғашқы кезде кезектілігім 16 мыңыншы орында болды. 2026 жылдың тамызында Отбасы банкке барып, кезектегі орнымды сұрадым, бірақ нақты жауап ала алмадым. Менің сұрағым – қазір кезекте нақты нешінші орында тұрғанымды және кезегімнің не себепті өзгергенін білгім келеді», – деді ол.
Тұрғынның айтуынша, бұған дейін Астана қаласының Тұрғын үй қорына да жүгінген. 2026 жылдың қаңтарында Отбасы банкке барған кезде кезегіне қатысты ақпарат алуға тырысқан. Тамыз айында банкке қайта барғанымен, менеджерден нақты мәлімет ала алмаған.
Депутат азаматтың өтінішін тиісті органдарға жолдау үшін e-Өтініш арқылы рәсімдеуді ұсынды. Осылайша, оны құзырлы органдарға жолдап, жауап алуына көмек көрсететінін жеткізді.
Қабылдауда жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маманның жұмысқа орналасу мәселесі де көтерілді. Қытайдан көшіп келген қандастың айтуынша, баласы Назарбаев университетінде білім алған, Италияда магистратура оқыған. Қазақ, қытай және ағылшын тілдерін жетік біледі. Алайда Италиядан оралған соң жұмыс іздеу барысында кейбір мекемелер орыс тілін білмегені үшін жұмысқа алмай қойғанын айтты.
«Балам қытай тілін біледі. Кейін Италияда болды. Қазақстанға келген соң жұмыс іздеді. Назарбаев университетіне де жұмысқа орналасу үшін өтініш берді, сол жерде орыс тілін жақсы білу керек деген талап айтылған. Осы жағдайға байланысты баламның жұмысқа орналасуына көмектесуді сұраймын», – деді ол.
Оның айтуынша, екінші қызы да Қытайдағы Фудань университетінде медицина мамандығында білім алып жатыр. Қызы оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға келіп, жұмыс істесе деген тілегі бар. Алайда әкесі ұлының жұмыс таба алмай жүргеніне қарап, екі ойлы болып отырғанын жеткізді.
Осы орайда депутат қытай тілін білетін мамандарға сұраныс бар екенін айтты. Сондай-ақ ол жас мамандар еңбек нарығына енді кіргенде жұмыс тәжірибесінің болмауына байланысты қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ. Құрылтай депутаты мәселені назарға алып, көмек көрсетуге тырысатынын жеткізді.
Қабылдауға келген азаматтардың бірі әскери саладағы еңбек өтілін растауға байланысты көмек сұрады.
Депутат азаматтың өтінішін электронды түрде тіркеп, барлық құжатты қоса ұсыну қажет екенін айтты.
– «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың өтініштерін тыңдап, түрлі мәселелері бойынша қабылдау жүргіздік. Қабылдауға әртүрлі жағдайға тап болған азаматтар келіп, өз өтініштері мен мәселелерін жеткізді. Енді түскен өтініштердің барлығын тиісті мемлекеттік органдарға жолдап, олардың жауабын аламыз. Сонымен қатар кейбір мәселелерді тек ресми хат алмасу арқылы шешу жеткіліксіз. Сондықтан мемлекеттік органдардың жауапты мамандарымен тікелей байланысып, әр өтініштің мән-жайын нақтылап, шешу жолдарын бірге қарастыру қажет, – деді Тілектес Адамбеков.
Депутаттың айтуынша, қоғамдық қабылдауға түскен өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, олардың жауабы негізінде әрі қарай жұмыс жүргізіледі. Ал азаматтар өтінішінің қаралу барысын электронды жүйе арқылы бақылай алады.
Айта кетейік, партия жанындағы қоғамдық қабылдаудың мақсаты – азаматтармен тікелей диалог орнатып, олардың өтініштерін қарау, консультативтік-құқықтық көмек көрсету және мемлекеттік органдардың қатысуын талап ететін мәселелер бойынша одан әрі қабылданатын шараларды айқындау.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:88
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 08 Қазан 2026 18:20 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















