Жол бойындағы сервистік қызмет: неге жағдай жасалмай отыр
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қазақстанның кең аумағын жалғайтын республикалық жолдар – ел экономикасы мен күнделікті қозғалыстың негізгі тірегі. Бірақ жақсы жол дегеніміз тек тегіс асфальт емес. Оның сапасы жол бойындағы жағдаймен де өлшенеді. Демалыс алаңдары, дәретханалар, жанармай бекеттері, тамақтану орындары мен медициналық пункттер – жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін маңызды нысандар.
Соңғы жылдары республикалық трассаларда сервистік нысандардың жетіспеушілігі жөнінде шағымдар жиілеген. Көп жағдайда санитарлық жағдай талапқа сай емес, ал кейбір бағыттарда демалыс орындары мен тамақтану нүктелері мүлде жоқ. Бұл мәселе бойынша Көлік министрлігіне ресми сауал жолдадық.
Министрліктің мәліметінше, сервистік қызметті жақсарту үшін кешенді шаралар қолға алынған. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті әкімдіктер жеке инвесторларды тарту, қолданыстағы нысандарды ұлттық стандарттарға сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Барлық санитарлық-гигиеналық тораптар мен демалыс алаңдарына QR-код орнатылып, пайдаланушылар тікелей «1403» байланыс орталығына шағым немесе ұсыныс жолдай алады. Бұл сервис сапасын бақылауды жеделдетіп, мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Бизнес өкілдері үшін де ынталандыру шаралары бар. Мәселен, санитарлық тораптарды күтіп ұстаған кәсіпкерлерге ай сайын 83 мың теңге субсидия төленеді, ал нысан құрылысының жалпы құнының 10 пайызына дейін өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ сервистік модульдерге арналған жер учаскелері жеңілдетілген шарттармен жалға беріледі.
Инфографика: Kazinform
Қазіргі таңда республика бойынша 1 449 сервис нысаны жұмыс істейді, олардың 90 пайызы ұлттық стандарттарға сай. Жыл соңына дейін тағы 48 жаңа нысан іске қосылып, бұл көрсеткішті толық орындау көзделіп отыр. 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы аясында кемінде 200 заманауи сервистік кешен салу жоспарланған.
Байланыс пен интернет: сапалы сервиске кедергіАвтожолдар бойындағы тағы бір өзекті мәселе – мобильді байланыс пен интернеттің әлсіздігі. Бұл тек жолаушылардың қолайлылығына ғана емес, жол бойындағы сервистік нысандардың тиімді жұмысына да әсер етеді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2023 жылы «Silver Telecom» компаниясымен 12,6 мың шақырым оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту жөнінде келісім жасалды. Сонымен қатар, «Freedom Telecom» өз қаражаты есебінен 16,7 мың шақырымдық желіні дамытуда. Оның ішінде 2025 жылы – 2,5 мың шақырым, 2026 жылы – 1,5 мың шақырым жол бойында интернетпен қамту жоспарланған.
Бұл қадамдар жүргізушілер мен жолаушыларға тұрақты байланыс орнатып, цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Электромобильдерге арналған инфрақұрылымЭлектромобильдердің саны жылдан жылға артып келе жатқан қазіргі кезеңде, жол бойында зарядтау станцияларын орнату өзекті бағыттардың біріне айналды. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар трассаларда 43 жылдам қуаттау станциясы жұмыс істейді.
Коллаж: Canva
Алайда министрлік өкілдерінің айтуынша, шалғай аймақтарда инженерлік инфрақұрылымның болмауы, қуат көздерінің тапшылығы және экономикалық тиімділіктің төмендігі бұл бағыттағы дамуды баяулатып отыр. Сондықтан алдағы уақытта электр қуаттау станциялары алдымен көлік ағыны жоғары магистральдар мен ірі қалалардың маңында орнатылады.
Министрліктің бұл шаралары сервистік инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, жол бойындағы кәсіпкерлікті ынталандыруға, жүргізушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ электромобильдерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.
Сарапшылар не дейді?Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, бұл мәселе жай ғана инфрақұрылымның жетіспеушілігі емес, кеңістікті жоспарлаудағы жүйелік қателіктің салдары.
- Бізде жол тек көлік қатынасы үшін салынады. Ал дамыған елдерде трасса – экономикалық аймақтың өзегі. Онда жолмен бірге сервис, бизнес, шағын сауда орындары дамиды. Бізде, керісінше, алдымен жол салынып, кейін не қоярымызды ойлаймыз, – дейді сарапшы.
Фото: Андрей Чеботаревтың жеке мұрағатынан
Оның айтуынша, осының салдарынан көптеген аймақтарда жол бар, бірақ соның бойында өмір жоқ. Инфрақұрылым мен бизнес өзара байланыспаған.
Мәселенің тағы бір қыры – басқару деңгейлерінің үйлеспеуі. Жолдың сапасына Көлік министрлігі жауап береді, ал аумақ - әкімдіктердің құзырында. Ал жеке кәсіпкерлер өз жобаларын іске асыруға тырысқанымен, осының бәрін біріктіретін ортақ жүйе жоқ.
- Жер жетіспейді деген мәселе емес, жер бар – бірақ ол қолжетімсіз. Көп учаскелер жеке меншікте, ал иелері оларды дамытпайды немесе бағасын тым жоғары қояды. Мұндай жағдайда инвестордың ынтасы төмен болады, – дейді А. Чеботарев.
Мемлекет сервистік аймақтарды дамыту үшін түрлі бағдарламалар ұсынғанымен, нақты нәтиже аз. Кәсіпкерлер үшін ең үлкен кедергі – жерге қол жеткізу және инженерлік коммуникацияның жоқтығы.
Фото: ШҚО ақпараттық орталығы
Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бұл мәселе басқаша шешілген. Еуропа мен Оңтүстік Кореяда жолдар экономикалық дәліз ретінде жоспарланады: трасса салынбас бұрын бойындағы аумақ сервис пен бизнеске арналып дайындалады. Польша мен Түркияда концессиялық тәсіл бар – инвесторға инфрақұрылымы дайын жер беріледі, ал ол өз кезегінде сапалы қызмет көрсетуге міндеттеледі.
- Қазақстан да осы бағытқа бет бұруы керек. Жол бойындағы сервис – жай ғана демалыс орны емес, аймақ экономикасын жандандыратын нүкте. Егер жер кадастры ашық, стандарттар бірыңғай болса, бизнес те белсенді болады, – деп түйіндеді Чеботарев.
Жол бойындағы сервис нысандарының теңсіздігі: бизнес неге белсенді емес?Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының «Көлік және логистика» комитетінің мүшесі Ерлан Төлендиевтің айтуынша, Қазақстанның кең аумағы мен әркелкі географиялық жағдайы жол бойындағы сервистік инфрақұрылымның дамуына тікелей әсер етеді. Елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі көлік қозғалысының қарқындылығы әртүрлі болғандықтан, сервистік нысандардың тығыздығы да өзгеше.
- Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Егер жолмен өтетін көлік саны көп болса, кәсіпкерлер міндетті түрде сервистік нысандар ашады. Мысалы, оңтүстіктегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінде қозғалыс қарқыны жоғары болғандықтан, мұнда қонақүйлер мен дәмханалар жеткілікті. Ал Алматы – Павлодар – Шығыс Қазақстан бағытындағы жолдарда көлік қозғалысы төмен, сондықтан бизнес үшін ол тиімсіз, – дейді сарапшы.
Фото: Ерлан Төлендиевтің жеке мұрағатынан
Маусымдық тәуекелдер де бизнес белсенділігіне әсер етеді. «Мысалы, Астана – Бурабай трассасында жазда қозғалыс көп, ал қыста азаяды. Мұндай айырмашылық нысандардың өзін-өзі ақтауына кедергі келтіреді», – деп толықтырды Е. Төлендиев. Солтүстік және орталық өңірлерде ауа райының қаталдығы мен көлік ағымының аздығы да сервистік бизнесті тежейді.
Кәсіпкерлердің құлықсыздығының тағы бір себебі – қаржыландыру мен жер алу мәселелері.
- Мемлекет ұсынған қолдау құралдары бар, мысалы, «Даму» қоры арқылы жүзеге асатын лизинг және жеңілдетілген несие бағдарламалары. Бірақ оларға қатысу үшін кепілдік мүлік немесе қаржылық айналым талап етіледі. Ал ауылдық кәсіпкерлердің көпшілігі осы шарттарға сай келмейді, – дейді сарапшы.
Жер бөлу процесі ұзақ әрі бюрократиялық сипатта, бұл бизнес бастамаларының тежелуіне әкеледі.
- Кәсіпкерлердің ынтасы бар, бірақ жер рәсімдеу мен рұқсат алу жолдары тым күрделі. Егер бұл тетіктер ашық әрі жедел жүргізілсе, жол бойындағы сервистік инфрақұрылым әлдеқайда жылдам дамыр еді, – деп толықтырды сарапшы.
Қазақстандағы жол бойындағы сервистік инфрақұрылымның теңсіздігі – тек нысандардың жоқтығы емес, жүйелік мәселелердің салдары. Сарапшының айтуынша, саладағы негізгі кедергілер – жер алу және инфрақұрылымға қол жеткізу қиын, қаржы тапшылығы, мамандардың біліктілігі жеткіліксіз.
Фото: ҚР Үкіметінің Инвестициялық штабы
Ерлан Төлендиев жол бойындағы сервистік нысандарды дамыту бағытындағы бизнес белсенділігін арттыру үшін алты кешенді шараны ұсынады:
Бағдарламалық қолдау мен ақпараттық ашықтық. Жергілікті органдар арнайы бағдарлама қабылдап, мемлекеттік қолдау шараларын ашық жариялап, әр кәсіпкермен жеке кездесулер арқылы барлық мүмкіндіктерді толық түсіндіруі тиіс.
Жер алу және инвестициялық механизмдер. Сервистік нысанды арендаға алу немесе сатып алу тәртібі кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Халықаралық деңгейдегі нысандар салуға жағдай жасау, инвесторларды тарту және кәсіпкерлер арасында бәсекелестік ортаны қалыптастыру маңызды.
Кадр дайындау және қызмет сапасы. Жергілікті әкімдіктер мен аймақтық ұйымдар туризм мен сервистік салада тәжірибесі бар мамандарды даярлап, нысандардағы қызмет сапасын арттыруға жауапты.
Маркетингтік қолдау. Ашылған нысандарды жарнамалау, әлеуметтік желілерде жариялау және басқа маркетинг құралдары арқылы қызметін тиімді жүргізуге мүмкіндік беру қажет.
Қаржылық ынталандыру. Кәсіпкерлерге жер алу немесе нысанды дамыту үшін жеңілдетілген несие немесе инвестиция тарту мүмкіндігі берілуі тиіс.
Салық жеңілдіктері. Өз қаражаты есебінен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салық преференцияларын енгізу бизнеске қосымша стимул болады.
Санитарлық тораптар – басты сынСанитарлық-гигиеналық инфрақұрылым әлі толық шешімін тапқан жоқ.
- Ақылы жол телімдерінде заманауи санитарлық тораптар міндетті түрде болуы тиіс. Өйткені жүргізушілер ақы төлейді, демек, қызмет сапасы соған сай болуы керек. Ал ақысыз республикалық жолдарда мұндай инфрақұрылымды «ҚазАвтожол» сияқты мекемелер ұйымдастыруы қажет, – дейді Төлендиев.
Сервистік нысандарды салатын кәсіпкерлерге санитарлық тораптарды сол объектінің құрамында, бірыңғай стандартпен тұрғызу талабы енгізілсе, сапа да, жауапкершілік те артар еді.
Фото: Александр Павский/ Kazinform
- Бұл мәселе жеке-жеке емес, кешенді түрде қарастырылуы керек. Егер санитарлық нысандар сервистік инфрақұрылымның ажырамас бөлігі ретінде талап етілсе, нәтиже де, тәртіп те өзгереді, – деп түйіндеді сарапшы.
Сарапшылардың пікірі бойынша, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту тек нысандар салуға ғана емес, кешенді жоспарлау, бизнеске қолжетімділік, инвестиция тарту, кадр дайындау, маркетингтік қолдау және қаржылық ынталандыру арқылы жүзеге асуы тиіс. Егер осы кешенді шаралар іске асса, жол бойындағы сервистік бизнес тек дамып қана қоймай, аймақтық экономиканы жандандыратын маңызды нүктеге айналады.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:96
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Қазан 2025 09:38 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















