Бурабайда экологиялық тыныштық режиміне дайындық басталды
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
2027 жылы көлде «экологиялық тыныштық» режимін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жаңа режимнің негізгі мақсаты – су айдынына түсетін сыртқы әсерді барынша азайтып, көл экожүйесінің табиғи жолмен қалпына келуіне мүмкіндік беру. Осы бағыттағы алғашқы шаралардың бірі ретінде Бурабай көліне ақ амур жіберу жұмыстары қолға алынды. Биыл күзде көлге 150 мың шабақ жіберілмек.
Көлді қалпына келтіру қажеттігін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастамасымен жүргізілген ғылыми зерттеулер де көрсетіп отыр. Мамандардың айтуынша, су айдынындағы негізгі мәселелердің бірі – балдырлардың шамадан тыс көбейіп кетуі.
Балдырлар қурап, ыдыраған кезде суда еріген оттегіні көп мөлшерде тұтынады. Бұл жағдай әсіресе қыс мезгілінде өзекті. Себебі көл мұз құрсауында жатқан кезде су мен атмосфера арасындағы табиғи оттегі алмасуы шектеледі.
«Бурабай» МҰТП инженері-ихтиологы Сергей Кучеренконың айтуынша, балықтандыру жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең 22 қыркүйекте өткен, ал екіншісі 5 қазанға жоспарланған.
- Ақ амурдың таңдалуы кездейсоқ емес. Ол су өсімдіктерімен қоректеніп, олардың шамадан тыс өсуін табиғи жолмен тежеуге көмектеседі. Біздің мақсатымыз – көлдегі өсімдіктерді толық жою емес, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру, – дейді Сергей Кучеренко.
Ақ амур жіберілгеннен кейін көлдің жағдайы тұрақты ғылыми бақылауда болмақ. 2027 жылы және одан кейінгі кезеңде мамандар судың сапасын, су өсімдіктері мен микроорганизмдердің жағдайын зерттеуді жалғастырады. Ал қыс мезгілінде судағы оттегінің мөлшері бақылауға алынады.
Жиналған ғылыми деректер көл экожүйесінде қандай өзгерістер болып жатқанын бағалауға және алдағы уақытта қосымша шаралар қажет пе, жоқ па деген мәселені анықтауға мүмкіндік береді. Бақылау кезеңінде әуесқой және спорттық балық аулауға берілетін жолдамаларды сату толығымен тоқтату жоспарланыпты.
Дегенмен көлді қалпына келтіру тек оның биологиялық жағдайын жақсартумен шектелмейді. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін су айдынына түсетін сыртқы жүктемені де қатар азайту қажет. Осыған байланысты Бурабайды жаңа режимге көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.
Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі – биыл көлде электрлі су көлігін сынақтан өткізу. Жаңа көлік түрі көлге ғана емес, ұлттық парк аумағына түсетін жалпы жүктемені азайтуға бағытталған.
Электрлі өзен трамвайлары су айдынындағы қозғалысты реттеп, біртіндеп жанармаймен жұмыс істейтін моторлы көлікті алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су бағыттары ұлттық парк ішіндегі жеке автокөлік қозғалысына балама болуы тиіс.
Жоспар бойынша келушілер автокөліктерін арнайы ұстап қалатын тұрақтарға қалдырып, негізгі туристік нысандарға көл арқылы экологиялық таза көлікпен жете алады.
Осылайша, Бурабай көліне балық шабақтарын жіберу, ғылыми мониторинг жүргізу, электрлі су көлігіне көшу және акваторияға түсетін жүктемені азайту – бір-бірінен бөлек шаралар емес, бір мақсатқа бағытталған кешенді жұмыстың бөліктері.
Ал 2027 жылы енгізу жоспарланған «экологиялық тыныштық» режимі осы шараларды бір жүйеге біріктіріп, көл экожүйесіне ең қажетті жағдайды қалыптастыруды көздейді. Яғни табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге мүмкіндік беретін, сыртқы әсері барынша аз кезеңді қамтамасыз ету – Бурабайды табиғи қалпында сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:88
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Қыркүйек 2026 10:49 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















