Елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін не істеу керек
Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жаңа жол іздеп, аквамәдениетті дамыту маңызды
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысында балық шаруашылығын заманауи деңгейге көтеру – кешенді реформаны қажет ететін мәселе. Аталған өңірде балық шаруашылығын дамыту туралы айтқанда, тек бір саланы емес, тұтас экожүйені сөз ету керек. Бұл – табиғат, экономика және технология тоғысатын ерекше бағыт.
Серік Рахметоллаұлының сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан үшін бұл бағыт өте маңызды. Өңірдің басты су артериясы – Жайық өзені ежелден балыққа бай болғанымен, бүгінгі күні оның әлеуетін толық пайдаланып отырмыз деу қиын. Табиғи ресурстарға түсетін қысым, климаттың өзгеруі және бақылаусыз аулау саланың дамуын тежейтін факторларға айналды. Сондықтан дәстүрлі тәсілдерден бас тартып, жаңа жол іздеу – уақыт талабы.
– Ең алдымен балық шаруашылығын заманауи деңгейге көтерудің кілті – аквамәдениетті дамыту. Бұл дегеніміз – балықты табиғи ортада ғана емес, арнайы жасалған су айдындарында өсіру. Бұл тәсіл, бір қарағанда, күрделі көрінгенімен, шын мәнінде өте тиімді. Арнайы тоғандар, жабық су айналымы жүйелері, температура мен оттегіні бақылау – мұның бәрі өнімді бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, жыл мезгіліне тәуелді болмай, тұрақты өндіріс жолға қойылады. Мұндай жағдайда бекіре, форель және басқа бағалы балық түрлерін өсіру әлдеқайда қолжетімді болады, - дейді ол.
Фото: "Ауыл" партиясынан
Алайда технологияның өзі жеткіліксіз. Оны іске асыратын инфрақұрылым қажет. Батыс Қазақстанда бұл бағыт әлі де әлсіз. Шабақ өсіретін орталықтар, сапалы жем өндірісі, су сапасын бақылау зертханалары – осыларсыз заманауи шаруашылық құру мүмкін емес. Көп жағдайда фермерлер дайын жүйеге емес, тек өз күшіне сүйеніп жұмыс істейді. Ал дамыған елдерде бұл сала тұтас индустрия ретінде қалыптасқан: бір жерде балық өсіріледі, екіншісінде жем өндіріледі, үшіншісінде өңделеді.
Мәселенің тағы бір маңызды қыры – мемлекеттік қолдау. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – 2030 жылға қарай балық өндірісін 270 мың тоннаға жеткізу, ал ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендету.
Қазақстанда балық шаруашылығына арналған субсидиялар бар. 2026 жылы балық шаруашылығын қолдау үшін 5 млрд теңге субсидия бөлінеді. Сондай-ақ биылдан бастап су беру қызметтерінің құнын субсидиялау тетігі іске қосылды. Бұл шығындардың 60–85 пайызына дейін өтеуге мүмкіндік береді. Мәжіліс депутатының пікірінше, дегенмен, қолдау нақты технология енгізетін, өнім көлемін арттыратын шаруашылықтарға бағытталса, нәтиже айқын болар еді. Сонымен қатар бұл салаға инвестор тарту үшін салықтық жеңілдіктер мен ұзақ мерзімді несиелер қажет.
Балық шаруашылығы тек өндіріс емес, ол – ғылымға сүйенетін сала. Су температурасының өзгеруі, балық аурулары, жемнің құрамы – бәрі ғылыми негізде зерттелуі тиіс. Өкінішке қарай бұл бағытта белгілі бір олқылықтар бар. Жергілікті мамандарды даярлау, университеттер мен ғылыми орталықтарды тарту, халықаралық тәжірибені енгізу – бұл ұзақ мерзімді, бірақ аса маңызды қадамдар.
Тағы бір жиі ескерілмейтін бағыт – балықты өңдеу. Көп жағдайда оны шикізат ретінде сатумен шектеледі. Ал шын мәнінде негізгі табыс дәл осы өңдеу кезеңінде қалыптасады. Ысталған, мұздатылған, дайын өнімдердің нарықта құны әлдеқайда жоғары. Егер БҚО-да осындай кәсіпорындар ашылса, тек ауыл шаруашылығы ғана емес, өңдеу өнеркәсібінің дамуына соны серпін берер еді.
Фото: "Ауыл" партиясынан
– Әрине, мұның бәрі табиғатты қорғаумен қатар жүруі тиіс. Жайық өзені – жай ғана ресурс емес, ол – жанды жүйе. Егер біз тек пайда табуды көздеп, балық қорын қалпына келтіруді ұмытсақ, ертең бұл байлықтан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан шабақ жіберу, аулауды реттеу, су сапасын сақтау – кез келген стратегияның негізі болуы керек. Қорыта айтқанда, БҚО балық шаруашылығын дамыту үшін бір ғана шешім жеткіліксіз. Бұл – технология, инвестиция, ғылым және экология үйлескен кезде ғана нәтиже беретін сала. Егер осы бағыттар бір арнаға тоғысса, өңір тек өз қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа бағытталған ірі орталыққа айналады. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындары, экономикалық өсім және өңірдің тұрақты дамуына жол ашады, - дейді депутат.
Саланың дамуы жоғары технологиялармен байланысты
Серік Егізбаев ел аумағында дәстүрлі аулау тәсілінен заманауи, технологияға негізделген аквамәдениетке көшу – уақыт талабы деп есептейді. Бүгінде әлемде балық шаруашылығы тек табиғи су қоймаларынан балық аулаумен шектелмейді. Ол – жоғары технологиялармен тығыз байланысты, дәл есеп пен автоматтандыруға негізделген салаға айналып келеді. Қазақстан үшін де осы бағыттағы өзгерістер аса маңызды.Ең алдымен, өндірістік балық өсіруде жабық су айналымы жүйелері, яғни RAS-технологиясы ерекше рөл атқарады. Бұл жүйеде су қайта-қайта тазартылып, қайта пайдаланылады. Соның арқасында су үнемделеді, қоршаған ортаға түсетін салмақ азаяды және балық өсіру процесі толық бақылауға алынады.
Қазақстанның климаттық жағдайын ескерсек, қысы суық, жазы ыстық аймақтарда дәл осындай жүйелер тұрақты өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Оған қоса «Ақылды ферма» ұғымы балық шаруашылығына батыл енгізіліп келеді. Түрлі сенсорлар судың температурасын, оттегі мөлшерін, қышқылдығын үздіксіз бақылап, барлық деректі фермерге немесе басқару жүйесіне жеткізіп отырады. Егер қандай да бір көрсеткіш қалыптан ауытқыса, жүйе автоматты түрде әрекет етеді. Бұл тек өнімділікті арттырып қана қоймай, тәуекелдерді айтарлықтай азайтады.
Жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану – тағы бір маңызды қадам. Бұрын балыққа қанша азық беру керек екенін тәжірибеге сүйеніп анықтаса, бүгінде арнайы алгоритмдер балықтың өсу қарқынын, мінез-құлқын талдап, нақты ұсыныс береді. Нәтижесінде азық шығыны азаяды, ал өнім сапасы артады. Бұл – өндірістің тиімділігін бірнеше есе көтеретін мүмкіндік.
Автоматтандырылған азықтандыру жүйелері үлкен өзгеріс әкеліп жатыр. Камералар мен датчиктер балықтың белсенділігін бақылап, тек қажетті мөлшерде ғана жем береді. Артық азық су сапасын бұзбайды, демек, экожүйе тұрақты сақталады. Мұндай ұқыпты тәсіл, әсіресе, өнеркәсіптік көлемде өте маңызды.
Болашақтың тағы бір бағыты – көпдеңгейлі аквамәдениет. Бұл жүйеде балықпен бірге балдырлар немесе моллюскалар өсіріледі. Балық қалдықтары басқа организмдерге қорек болады, сөйтіп табиғи тепе-теңдік сақталады. Мұндай тәсіл экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді.
Сондай-ақ биотехнология саласының дамуы назардан тыс қалмауы керек. Ғалымдар ауруға төзімді, тез өсетін балық түрлерін шығаруда. Бұл антибиотиктерді аз қолдануға, өндіріс қауіпсіздігін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін осы технологиялардың ішінде ең маңыздысы – су үнемдеу мен климатқа бейімделу. Сондықтан жабық жүйелер, автоматтандыру және деректерге негізделген басқару шешімдері бірінші кезекте енгізілуі тиіс. Бұл тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттырады.
Фото: "Ауыл" партиясынан
Өндірістік балық шаруашылығына көшу – жай ғана саланы дамыту емес, бұл – тұтас технологиялық трансформация. Егер Қазақстан заманауи әдістерді батыл енгізсе, балық шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің ең табысты әрі тұрақты бағыттарының біріне айналуы әбден мүмкін.
Су ресурстарын қалай тиімді пайдалануға болады?
Депутаттың пайымдауынша, балық шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы дамытудағы маңызды салалардың бірі. Әйтсе де бұл саланың табысты болуы тікелей су ресурстарын дұрыс әрі тиімді пайдалануға байланысты. Су – тек тіршілік ортасы ғана емес, сонымен қатар балықтың өсуі, көбеюі және денсаулығы үшін негізгі фактор. Сондықтан су ресурстарын ұтымды басқару балық шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болады. Бұл бағытта бірнеше маңызды факторды атап өтуге болады.
Біріншіден, су сапасын басқару. Су құрамындағы оттегінің жеткілікті болуы, температураның тұрақтылығы, рН деңгейінің қалыпты болуы балық тіршілігіне тікелей әсер етеді. Ластанған немесе сапасыз су балық ауруының көбеюіне және өнімділіктің төмендеуіне әкеледі. Сол себепті су сапасын үнемі бақылап, сүзгілеу, аэрация және биологиялық тазарту әдістерін қолдану маңызды.
Екіншіден, су үнемдеу технологияларын естен шығармау керек. Тұйық су айналымы жүйесінде (RAS – Recirculating Aquaculture Systems) су қайта өңделіп, бірнеше рет пайдаланылады. Нәтижесінде су шығыны айтарлықтай азаяды және қоршаған ортаға түсетін жүктеме төмендейді.
Үшіншіден, балық шаруашылығында табиғи экожүйені сақтаудың мәні зор. Су қоймаларына артық жем қалдықтарының түсуі немесе химиялық заттардың қолданылуы су сапасын нашарлатады. Сондықтан экологиялық таза жем қолдану, қалдықтарды дұрыс басқару және биологиялық әдістерді пайдалану арқылы табиғи тепе-теңдікті сақтау қажет.
Төртіншіден, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін алдын ала жоспарлау, яғни су көздерін дұрыс таңдау, маусымдық өзгерістерді ескеру, су көлемін есептеу керек. Мемлекеттік деңгейде су ресурстарын реттеу, заңнамалық бақылау, ғылыми зерттеулер жүргізу естен шықпағаны абзал. Балық шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану – бұл кешенді тәсілді талап ететін процесс. Су сапасын бақылау, заманауи технологияларды енгізу, экологиялық талаптарды сақтау және дұрыс басқару жүйесін құру арқылы ғана бұл сала тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан
Балық қоры қайткенде молаяды?
Мәжілісмен балық қорын қорғау және көбейтудегі маңызды қадамдарға тоқталды. Ең алдымен заңдарды сақтауды (белгіленген кезеңде балық аулау, рұқсат етілген құралдарды пайдалану, аулау мөлшерінен аспау және басқа) ұмытпаған дұрыс. Су айдындарын қорғау (өзен-көлдерді ластауға жол бермеу, өндірістік қалдықтарды бақылау, су сапасын тұрақты тексеру), балықты қолдан көбейту (шабақтарды суға жіберу, балық өсіретін шаруашылықтарды дамыту) іс-шараларын атқарған жөн.
Браконьерлікпен күрес (заңсыз аулауға тыйым салу), табиғи ортаны сақтаумен (өзен-көлдердің экожүйесін бұзбау) қатар халықты ақпараттандыруға (экологиялық сауаттылық, балықты дұрыс, жауапкершілікпен аулау мәдениетін қалыптастыру) мән бермеуге болмайды.
– Тарқата айтсақ, ең алдымен балық аулау кезінде заң талаптарын сақтау маңызды. Әрбір су айдынында балық аулаудың өз ережелері бар. Белгілі бір маусымда ғана аулауға рұқсат беріледі, уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген мөлшерден артық ауламау табиғи тепе-теңдікті сақтауға жәрдемдеседі. Балық қорын қорғаудың тағы бір маңызды жолы – су көздерін таза ұстау. Өзендер мен көлдерге қоқыс тастау, өндірістік қалдықтарды төгу су жануарларына үлкен зиян келтіреді. Су сапасының төмендеуі балықтардың қырылуына немесе басқа аймақтарға көшуіне себеп болады. Сонымен қатар балық санын көбейту үшін қолдан өсіру шаралары маңызды рөл атқарады. Арнайы шаруашылықтарда өсірілген шабақтарды табиғи су айдындарына жіберу арқылы балық қорының азаюын болдырмауға болады. Бұл әдіс көптеген елдерде тиімді нәтиже беріп келеді. Балық аулау мәдениеті тек аулаумен шектелмеуі керек. Ол табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны қорғау мен сақтауды қамтуы тиіс. Егер біз бүгін балық қорына ұқыпты қарасақ, болашақ ұрпаққа бай табиғи мұра қалдыра аламыз, - деп атап өтті депутат.
Браконьерлік – балық қорының азаюына әкелетін басты себептердің бірі. Заңсыз аулау табиғатқа орасан зиян келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттерге қарсы күресті күшейтіп, бақылау шараларын қатаңдату қажет. Әрбір азамат заңсыз әрекеттерді көрген жағдайда тиісті орындарға хабарлауы тиіс.Табиғи ортаны сақтау аса маңызды. Өзен-көлдердің жағалауын бұзбау, өсімдіктерді қорғау, су экожүйесінің тепе-теңдігін сақтауға септеседі. Себебі балықтардың тіршілігі тек суға ғана емес, оның айналасындағы ортаға тікелей байланысты.
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан
Жалпы, Қазақстанда балық шаруашылығы заңмен реттелген, яғни балық шаруашылығын реттейтін заңдық база бар және ол біршама жүйеленген. Бұл сала, ең алдымен, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңы арқылы реттеледі. Сондай-ақ Су кодексі, Экологиялық кодекс, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстер (заңсыз балық аулауға жауапкершілік бойынша) және басқа маңызды құжаттарда қамтылған: балық аулау, су биоресурстарын пайдалану, оларды қорғау және көбейту мәселелері арнайы заңдар арқылы қарастырылған. Оларда балық аулау тәртібі, лицензия алу, квота бөлу, су айдындарын пайдалану ережелері нақты көрсетілген, браконьерлікке қарсы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
– Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жетілдіру қажет тұстары бар екендігі рас. Менің ойымша, бүгінде мәселе заңның бар-жоғында емес, оның қаншалықты тиімді жұмыс істейтінінде. Мысалы, кейбір өңірлерде бақылау әлсіз, ал браконьерлік әлі де белең алған. Бұл тек заңның болуы жеткіліксіз, оның орындалуын қадағалау маңызды екенін көрсетеді. Сонымен қатар шағын балық шаруашылықтарына қолдау көрсету мәселесі өзекті. Көп жағдайда ірі кәсіпорындармен салыстырғанда, ұсақ шаруашылықтардың мүмкіндігі шектеулі болады. Ал бұл салада тұрақты даму үшін дәл осы шағын кәсіпкерлердің рөлі зор, - дейді С.Егізбаев.
Қазақстан әлі де импортқа тәуелді
Депутаттың келтіруінше, бүгінгі күні елде өндірілетін балық өнімдерінің басым бөлігі – мұздатылған балық, балық филесі және әртүрлі өңделген өнімдер. Соның ішінде көксерке филесі шетелдік нарықта сұранысқа ие. Қазақстандық өнімдер Еуропа елдеріне, Ресей мен Қытайға жеткізіледі. Бұл – отандық балық шаруашылығының сыртқы нарыққа бейімделе бастағанының айқын белгісі.
Қазіргі таңда елімізде 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, олардың жылдық қуаты – 120 мың тонна. Оның ішінде 20 кәсіпорын өнімін экспортқа шығарады. Бұл жетістіктерге қарамастан, Қазақстан әлі де балық өнімдері бойынша импортқа тәуелді. Әсіресе, теңіз балықтары шетелден әкелінеді, себебі елдің географиялық орналасуы бұл тұрғыда белгілі бір шектеулер қояды.
Әлемдік нарыққа көз жүгірткенде, балық және теңіз өнімдері саудасы қарқынды дамып келе жатқанын көруге болады. Бұл салада Қытай, Норвегия, Вьетнам сияқты елдер көш бастап тұр. Қазақстанда «Аквашаруашылық туралы» заңның күшіне енуі салаға біршама серпін беріп, балық шаруашылықтарының саны мен өндіріс көлемі айтарлықтай артты. Бұл тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашады. Елімізде шикі балықты емес, өңделген өнімдерді экспорттауға басымдық беріліп отыр. Бұл – экономикалық тұрғыдан тиімді, себебі қосылған құны жоғары өнім елге көбірек табыс әкеледі.
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан
Тағы бір маңызды артықшылық – Қазақстанның географиялық орналасуы. Ел Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқандықтан, ірі нарықтарға шығу мүмкіндігі бар. Ресей мен Қытай сияқты алып көршілердің болуы экспортты дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Егер логистика мен инфрақұрылым дұрыс жолға қойылса, бұл мүмкіндіктер одан әрі кеңейе түседі.
– Осы орайда айта кетерлігі, Мемлекет басшысының берген бағытын назарға ала отырып, «Ауыл» партиясы балық шаруашылығы саласындағы қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалану, нәтижелі жұмыс атқару мақсатында «AUYL FEST. Балық шаруашылығы» бірінші халықаралық фестивалін өткізді. Оған Франция, Дания, Чехия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен 10 мыңнан астам кәсіпкер қатысып, саланы шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық индустрияға айналдыру жолдарын талқылады. Фестиваль қорытындысы бойынша «AUYL FEST - 2026» қатысушылары балық шаруашылығын цифрландыру, «E-fish» жүйесін енгізу және браконьерлікпен күресті күшейту арқылы саланы ашық әрі табысты бизнес ортасына айналдыру туралы ортақ шешімге келді. Фестивальдың қорытынды қарары тиісті мемлекеттік органдар мен ҚР Үкіметіне жолданды, - деп түйді сөзін «Ауыл» партиясының төрағасы.
Батыс Қазақстандағы су айдындарының жағдайы нешік?
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закариннің баяндауынша, өңірде жергілікті маңызы бар 176 балық шаруашылығы су айдыны тіркелсе, соның 57-сі 42 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Қалғаны резервте. 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес аквамәдениет құрып, су айдындарын бекіту арқылы 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін жылына 10 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан
Басқарма деректеріне қарағанда, өткен жылы тауарлы балық өсіру 1 055 тонна көлемінде жоспарланғанымен, ол 636 тоннадан аспаған. Биылғы меже – 1 767 тонна. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 02 маусымдағы №212 бұйрығымен 2025 жылғы 1 шілдеден 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Батыс Қазақстан облысы бойынша балық шаруашылығы су айдындарына және учаскелеріне 193,559 тонна көлемінде лимит бөлінді. Биылға 267,600 тонна лимит қаралды. Лимит бойынша балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға рұқсат беру арқылы бюджетке 2025 жылы 8,2 млн, биыл осы кезге дейін 4,3 млн теңге түсті.
– Өңірде балық шаруашылығы су айдындарын игеру бойынша кей аудандарда көрсеткіш өте төмен. Атап айтқанда, Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе, Жәнібек аудандарында бірде-бір су айдыны балық шаруашылығымен айналысуға тіркелмеген. Өткен жылы жергілікті бюджеттен аквамәдениет өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 10,491 млн теңге қарастырылып, соның 9,347 млн теңгесі игерілді. Төрт шаруашылыққа балық отырғызу материалдарын сатып алуға жұмсалған шығыстарды өтеу үшін 9,124 млн теңге, биологиялық негіздеме сатып алған тағы екеуіне 223,213 мың теңге субсидия берілді. 2026 жылға жергілікті қазынадан 26,491 млн теңге субсидия бөлінді, - дейді Д.Закарин.
Сонымен қатар аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу үшін биылға 89,709 млн теңге субсидия қарастырылған. Ал 2025-2027 жылдар аралығында су беру бойынша көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялауға 4,3 млн теңге жоспарланғанымен, қазіргі таңда қаражат бөлінбей отыр.
– Субсидиялар аквашаруашылық нысандарын көбейтуге және күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін жеке және заңды тұлғаларға беріледі. Оған қоса БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл сайын облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа су айдындарын паспорттау үшін ғылыми-биологиялық негіздеме жасап келеді, - деді басқарма басшысының орынбасары.
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан
БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы Гүлжан Абдулова-Климованың нақтылауынша, балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы халықтың балық өнімдерімен қамтамасыз етілуін арттыруға және балық шаруашылығын (аквамәдениетті) дамыту үшін жағдай жасауға, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын сақтауға және орнықты пайдалануға бағытталған. Жоба аясында жаңа балық өсіру шаруашылықтарын салу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, аквамәдениеттің заманауи технологиялары мен әдістерін енгізу көзделген. Бұл балық өндірісін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өнім сапасын жақсартуға және ішкі және сыртқы нарықта балық өнімдеріне сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар балық шаруашылығының дамуы су ресурстарының биоәртүрлілігін сақтауға және аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.
– Бірақ осы бағдарламаны орындау кезінде салыстырмалы түрде алғанда, тасқынның көптігіне қарамастан, Батыс Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар кейбір су айдындарының сумен толығуы балық шаруашылығын жүргізу үшін жеткіліксіз екені анықталды. Мәселен, облыстың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан бірқатар су айдындары Ресей Федерациясынан су жеткізілімінің ұлғаюына қарамастан, балық шаруашылығын дамытуға жарамсыз болып қалады, - дейді ол.
Тағы бір маңызды мәселе, су айдындарында қыс кезінде балықтың қырылып қалуына жол бермеу үшін тиісті іс-шараларды атқару қажет-ақ. Мұз ойықтары мен тесіктерінің тез қатып қалмауы үшін қамыс сабақтары салынады. Суда еріген оттегінің құрамын бақылау үшін жылжымалы оксиметрлер пайдаланылады. Шекті рұқсат етілген концентрациялар 4 млгр/литрге төмендеген кезде су айдындары мен учаскелерін оттегімен қанықтыру және су фаунасын аэрациялау үшін механикаландырылған техникамен (бензин сорғылары) ойықтан су екіншісіне айдалады. Жаз уақытында ағымдағы техникалық және биологиялық мелиорация жөніндегі іс-шараларды жүргізу арқылы айдындар су өсімдіктерінен, батып кеткен ағаштар мен бұталардан тазартылады. Балықтардың жаппай қырылуын болдырмау мақсатында оларды құтқару, яғни тіршілік етуіне қолайлы су айдындарына көшіру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ жазғы-күзгі кезеңде мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда облыстың су айдындарында балықтардың қырылуына қарсы жұмыстар ұйымдастырылады.
«Алтын балық 07» ЖШС директоры Мүсілім Айтжанов Батыс Қазақстан облысынының балық өсіру үшін әлеуеті жеткілікті деп санайды. Сұраныс та бар. Өзендер тасығанда, біршама мөлшерде су келеді. Барлық ауданда сай-жыралар қар суына толады. Міне, соларды бөгеп, балық шаруашылығымен айналысатын адамдарға берсе немесе сол айдындар Үкімет тарапынан игерілсе, артық болмас еді. Мемлекет тарапынан субсидия беріліп жатыр.
Фото: Мүсілім Айтжановтың жеке мұрағатынан
– Менің айтайын дегенім, жұмысын жаңадан бастаушыларға құжат рәсімдеуге белгілі бір уақыт беріліп, оған барлық орган мүдделілік танытса, қолдаса, жөн болар еді. Әйтпесе бір жыл жүріп қалса, адамның қызығушылығы да жоғалады. Екіншіден, балықтың жемін сатып аламыз. Бірақ субсидия сол жемді шығаратын зауыттарға беріледі екен. Сондықтан жем сатып алу үшін де бізге қолдау көрсетілсе дейміз. Жаңа технология дегенде, өзімізше ізденіп, кейбірін іс жүзінде қолданып жүрміз. Балық өнімін экспортқа шығаруға болады. Кезінде Болгариядан тапсырыс түсті, алайда оларға көлемі көп болуы керек. Алдымен ішкі нарықты қамтып алсақ, сыртқа да жөнелтуге болады деп есептеймін, - дейді М.Айтжанов.
Міне, мамандар балық шаруашылығына қатысты өзекті жайттарды ортаға салды. Мұны кешіктірмей шешу саланы өркендетуге сеп болатыны анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Сарыайдын көлінде балық қырылып қалғанын жазған болатынбыз. БҚО-да балық қырылған көлде тазалау жұмыстары жүргізілгені жазылды. Сондай-ақ депутат балық азығының өндірісі кенже қалып отырғанын айтты.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:65
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 26 Сәуір 2026 08:01 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















