Мейіржан Альбеков: Инвестициялық жобалардың маңызы зор
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бұл бағыттағы жұмыстар экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Міне, осындай мақсатты даму жолында келе жатқан ауданның бірі – Шығыстағы Күршім ауданы.
Кейінгі жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы өзгеріп, жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын байқауға болады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары серпінді дамып, инфрақұрылым жаңартылып, әлеуметтік қолдау жандана түскен. Осы орайда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары жөнінде Күршім ауданының әкімі Мейіржан Альбековпен сұхбат құрған едік.
– Биыл ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай деңгейде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын негізге ала отырып, 2026 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші оң динамика көрсетіп отыр.
2026 жылдың 4 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 млрд 180,8 млн теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 9 млрд 286 млн теңгені, тау-кен өнеркәсібі 623,5 млн теңгені құрады.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімінің көлемі 3 млрд 407,8 млн теңгені, өсу қарқыны – 112,2%, нақты көлем индексі – 101,3%; Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3 млрд 109,9 млн теңгені, өсу қарқыны – 113,6%, нақты көлем индексі – 101,4%; Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 1 млрд 274,1 млн теңгені, оның ішінде нақты секторға тартылған инвестиция көлемі 854,2 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 150 млн теңгені құрады, 1 225 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бөлшек-сауда тауар айналымының көлемі 1 млрд 241,2 млн теңгені, өсу қарқыны 111,8%, нақты көлем индексі 100,1%-ды құрады.
– Инвестиция дамудың бір көрсеткіші екені анық. Осы орайда ауданда қандай инвестициялық жобалар жүзеге аспақ?
– Инвестициялық жобалардың аудан үшін маңызы зор. Өңірлік жобалар санатына кірген туризм, суару жүйелерін салу, жемшөп базасын ашу, балық өнімдерін өңдеу секілді жобалар биылғы жылға межеленген. Мысалы, Абай ауылдық округі аумағында «Деен» ЖШС-ның демалыс базасын салу жобасын айтуға болады. Жобаның инвестиция көлемі – 2 млрд теңге (жеке қаражат). Жалпы ауданы 71,5 гектар жер учаскесі рәсімделген. Қазір аумақты көгалдандыру мақсатында әртүрлі сұрыптағы 150 жеміс ағашы, оның ішінде негізінен алма ағаштары отырғызылды. Балық аулауға арналған тоған жасақталды. Жоба аясында туристік нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 25 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаны толық аяқтау және пайдалануға беру жұмыстары 2029 жылы аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар «Алтай инвест» форумы аясында аудан төрт ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Соның бірі – «АБС-САРТАУ» ЖШС-ның 7 млрд теңгені құрайтын «Демалыс базасын салу» жобасы. Демалыс орны Маралды ауылдық округінің Үшбұлақ ауылының оңтүстік-шығысында орналасқан. Шаруашылыққа тиесілі жер аумағы 2000 гектарды құрайды, оның 600 гектары қоршалды. Жоба құрылысын салу 2026-2030 жылдарға жоспарланған. Форель тоғаны мен пантотерапия, 200 орындық қонақүй салу көзделген. Алаңда 1 коттедж, 2 қонақүй салынды. Бүгінде ЭБЖ жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, жоба әзірленуде, құрылысқа қажетті материалдар, техника жеткізілді. 2026 жылдың сәуір айынан бастап жұмыстар жүргізілуде.
– Кейінгі жылдары халықтың игілігі үшін қандай әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді?
– Білім беру саласы да аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Биыл екі мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге қаржы бөлінді. Сонымен қатар биология және химия кабинеттері сатып алынды. Офтейк-келісімшарт аясында 2025 жылы Бірлік ауылында 50 орындық мектеп пайдалануға берілген болатын. Бұдан бөлек, Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Сенімгерлік басқару аясында биыл Балаларды қорғау күні Күршім ауылында 140 орындық «Дара бала» балабақшасы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқу кабинеттері, ойын бөлмелері және басқа да қажетті инфрақұрылым толық қамтылған.
– Ауыл шаруашылығы саласы қай өңірдің болса да іргетасы секілді көрінеді. Дәл осы сала Күршімде қалай дамып жатыр?
– Ауданды дамытудағы маңызды салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Мал басының барлық түрі бойынша өсім қарқыны 100%-дан асты. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы егістік көлемі 22,7 мың гектар құрайды деп күтілуде.
Оның ішінде: дәнді дақылдар 1202 гектар, майлы дақылдар 1050 гектар, бақша 605 гектар, көкөніс 320 гектар, картоп 625 гектар, малазықтық дақылдар 20 мың гектар құрайды.
2026 жылдың 4 айында аудан бойынша ірі қара мал басы 51 199 басты құрады, өсу қарқыны 103,2%. Ұсақ мүйізді мал 114 590 бас, өсу қарқыны 96,1%. Ұсақ мүйізді мал басының азаюына негізгі себептердің бірі 2023 жылдан бастап Өзбекстан азаматтарының етті көп көлемде тасымалдап әкетуі болып отыр. 2023 жылы 7 мың тонна, 2024 жылы 15 мың тонна, ал бүгінгі күнге дейін 8 мың тоннаға жуық ұсақ мал етін тасымалдаған.
Асыл тұқымды ірі қара – 2878 басты, ұсақ мүйізді малдар 6831 басты құрады. Мал тұқымын түрлендіру және асылдандыру бағытында субсидия алуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 247 шаруа қожалығының өтінімі табысталды, оның 144-і мақұлданып, 153,5 млн теңге көлемінде субсидия төленді.
Ауданда 500 бастан астам ұсақ мал ұстайтын 23 шаруа қожалығы және 100 бастан астам ірі қарасы бар 38 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Шаруашылықтар мал басын көбейтумен қатар, асыл тұқымды мал өсірумен, бордақылаумен және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сатумен айналысады. Биыл 144 шаруа қожалығына жалпы сомасы 153 миллион теңгеден астам субсидия берілді.
Қойтас ауылында «Деен» ЖШС жылыжай салып, көкөністерін арзан бағамен саудалауда. Бүгінде 20 жылыжайда түрлі көкөніс алғашқы өнімдерін беруде. 20 жылыжайдың 12-сінде қияр өсіріліп тұр. Тағы бір айта кетерлігі, өнімдері қолжетімді әрі сапалы. Бағаны тұрақтандыру мақсатындағы аудан әкімдігі арасындағы келісім бойынша алғашқы өнімдерін ауылшаруашылық жәрмеңкесінде саудалап, тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып отыр.
– Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қандай бағдарламалар іске асырылуда?
– Мемлекеттік қолдау ауылдағы басқа кәсіпкерлерге де көрсетілуде. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы тоғыз кәсіпкерге 117 миллион теңгеден астам қаржы берілген. Тағы 11 кәсіпкер 200 миллион теңге көлеміндегі қолдауға өтінім тапсырған. Сонымен қатар жеті шаруа қожалығы 100 миллион теңгеден астам сомаға лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Аудан экономикасының дамуына омарташылық саласы да елеулі үлес қосып отыр. Қазір ауданда жеке қосалқы шаруашылығы бар 50-ден астам кәсіпкер тіркелген. Олар өндірген бал өнімдері Астана, Алматы қалаларына және Шығыс Қазақстан облысының өзге өңірлеріне жөнелтіледі.
Кейінгі жылдары кәсіпкерлік бағытын қолдау мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы өз игілігін беруде. 2025 жылы осы бағдарламамен 11 жобаға 82,5 млн теңге қарастырылса, «Кең дала» бағдарламасымен үш жоба мақұлданған.
Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы 9 кәсіпкерге 117,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 жоба иесінің 16,9 млн теңге несие қаражатын беруге құжаттары мақұлданды. 11 жоба иесінің 200,3 млн теңге көлемінде қаражат алуға құжаттары тапсырылды. 7 шаруа қожалығы лизингке 101 млн теңгеге 7 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
– Жол, ауызсу және электр желілерін жаңарту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Күршім ауданы бойынша таза ауызсумен 21 елді мекеннің 20-сы қамтамасыз етілген, 95,2 пайызды құрайды. 2026 жылы құны 6,7 млрд теңгені құрайтын Күршім ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңарту жобасын іске асыруға 305,7 млн теңге бөлінді. Жоба 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда. 2023-2025 жылдары аталған жобаға барлығы 885,2 млн теңге бөлініп, толық игерілді. 2026 жылдың мамыр айында су құбыры желілерін тарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен ағымдағы жөндеу жұмыстарына 27 млн теңге бөлініп, Топтерек және Қыстау-Күршім ауылдарында су құбыры желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жолдарды жаңарту да аудан билігінің негізгі міндеттерінің бірі саналады. Бұл бағытқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Күршім – Қалжыр – Ақсуат автожолының 37-47 шақырым аралығын орташа жөндеуге 737 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Сондай-ақ Қаратоғай, Барақ батыр және Құйған ауылдарында жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жол жұмыстарында Топтерек ауылының ішкі көшелері де жөнделгенін айта кету керек.
Ал жарық тарту жұмыстары бойынша Күршім ауылының ішіндегі Алғабас, Топтерек және Мульковое ауылдарындағы көше шамдарын ауыстыру, қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылды. Бұл мақсатты жұмыстардың аясында жыл басынан бері ауылдық округ ауқымында 350 көше шамдары ауыстырылып, қисайып немесе майысып, апатты жағдайда тұрған 30 баған қалпына келтірілді.
– Баспанамен қамту бойынша «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы сіздердің аудандарыңызда жалғасын тауып отыр ма?
– Кейінгі жылдары үлкен қолдауға ие болған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мемлекет қолдауымен баспанамен қамтамасыз етілуде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету Күршім аудандық әкімдігінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Өткен жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде ауданда 14 тұрғын үй құрылысы салынған. Биыл тұрғын үй кезегінде 379 адам тұр. Оның ішінде 200-ден астамы әлеуметтік осал топтарға жатады. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл 30 тұрғын үй салу жоспарланған. Қазір Алғабас, Күршім, Қыстау-Күршім және Жолнұсқау ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Мердігерлер үйлерді салып қана қоймай, барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартып беруге міндеттелген.
– Көші-қон бағдарламасы аясында ауданға қоныс аударушылар саны артқан. Қоныс аударушыларды жаңа ортаға бейімдеу қалай жүргізілуде?
– 2026 жылы Күршім ауданына еңбек күші артық өңірлерден 50 адамы бар 17 отбасын көшіріп әкелу жоспарланған болатын. Ал бүгінде ауданымызға аталған өңірлерден 56 адамы бар 11 отбасы қоныс аударып келді. Олардың арасында жұмысқа жарамды адам саны – 15.
Жіліктеп айтар болсақ, Алматы облысы Іле ауданынан, Түркістан, Алматы қаласынан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан көшіп келген отбасылар Аманат, Қайыңды, Үшбұлақ, Қыстау-Күршім ауылдарына табан тіреп отыр. Қоныс аударушыларға тиісті мемлекеттік көмек көрсетіліп, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру жұмыстары өз деңгейінде атқарылып отыр. Бұл көші-қон бағдарламасы шалғай жатқан ауылдарда халықтың тұрақтануына, мектептердегі бала санының азаймауына өз септігін тигізері анық.
– Әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында қандай шаралар қолданылуда?
– Күршім ауданындағы қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға сауықтыру және демалыс ұйымдастырылуда. Күршім ауданында халықтың әлеуметтік осал топтары мемлекет қолдауымен оңалтудан өтіп, демалуға мүмкіндік алуда. Мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, қалпына келтіру мақсатында алты адам «Мойылды», «Адал ниет», «Ақбұлақ», «Бақсы» шипажайларына жіберілді. Сондай-ақ 42 зейнеткер «Үба» шипажайында, ал 16 зейнеткер «Өскемен–Таловка» шипажайында демалып қайтты
– Аудандағы туризм бағытын дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Туризм саласы – аудан үшін маңызды саланың бірі. Бұқтырма су қоймасы арқылы салынған көпір пайдалануға берілгеннен кейін Құйған ауылдық округіне қарасты «Орақ пен балға» учаскесінде туризм бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Көпір маңынан туризм бағытына 51 жоба келіп түскен. Ал «Алтай инвест» жобасы бойынша Үшбұлақ ауылынан 200 адамға арналған демалыс орнын салу да осы туризм бағытына серпін бермек. Ауданда Қиын Керіш, Шәкермес секілді туристік нысандарға келушілер жылдан-жылға артып отыр.
– «Таза Қазақстан» акциясы сіздерде қалай жүзеге асуда?
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы ерекше маңызға ие. Осы шара шеңберінде біздің ауданда да ауқымды жұмыс атқарылып, ағаш отырғызу, көшет егу, өзен-көл, бұлақтардың көзін ашу кезең-кезеңмен атқарылды.
Елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы тазалық шарасы өз деңгейінде ұйымдастырылды. Акция аясында әр сенбі күндері сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізілді. Биылғы жылдың өзінде 100 терек, 50 шырша отырғызу жоспарланған. Оның ішінде Сарыөлең, Бурабай ауылдарына, №3 Күршім гимназиясы орталық саябағына, Юбелейное ауылындағы жаңадан салынған үйлердің маңайын абаттандыруға 70 терек, 10 шырша отырғызылды.
Сонымен қатар «Жасыл ел» жасағы да осы акцияға өз үлестерін қосып жүргенін айта кету керек. Биылғы жылы «Жасыл ел» жасағына Күршім ауданынан 100 жас қамтылып, ауданның тазалығына атсалысуда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Мадияр Төлеу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:50
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 16 Шілде 2026 05:01 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















