Отандық комикстер феномені
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Қазіргі уақытта елімізде балалар арасында кітап оқу мәселесін мемлекеттік деңгейде қолға алынып отыр. Осы мақсатта мәдени ошақтар мен кітапханаларды жаңғырту, заманауи баспа өнімдерін шығаруды қолдау және жастар арасында кітап оқу трендін қалыптастыру бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыстар іске асырылуда.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде балалар мен жасөспірімдердің басын қосып, қиялдарына қанат бітіріп отырған 300-ден астам кітапхана бар. Олардың сөресінде 7 миллионнан астам құнды қазына көздің қарашығындай сақтаулы тұр. Ең қуаныштысы – осы сиқырлы әлемнің есігін жиі қағатын 1,7 миллионнан астам тұрақты жас оқырман бар. Бұл статистика жаңа буынның кітапқа деген кіршіксіз махаббатының, білімге деген құштарлығының айқын көрсетіп отыр. Кітапханаға жиі бас сұғатын жас оқырман жыл өткен сайын отандық балалар әдебиетіне деген сұраныстың ерекше артып келе жатқанын сездіреді.
Биыл осы үлкен сұраныс пен бала үмітін ақтау үшін кітапхана қорлары балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың жаңа туындымен толықпақ. Буыны бекіп, ойы толысып келе жатқан жас жеткіншектер үшін бұл әлемдік классиканың інжу-маржандарымен қауышып, қазіргі заманғы үздік әдебиеттің тылсым сырларына үңілуге ашылған үлкен мүмкіндік. Жыл басынан бері кітап дүкендерінен 200 мыңнан астам балалар кітабы өз оқырманын тапты.
«Алты жасар балаға бірнәрсе түсіндіре алмай жатсаңыз, демек ол нәрсені өзіңіз де түсінбегенсіз», – дейді әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн. Сондықтан кішкентай балаға кез келген тақырыпты түсінікті әрі оңай түсіндірудің бүгінгі төте жолы – комикс. Бұл – өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығын арттырудың алғашқы қадамы. Қазіргі отандық комикс авторлары тылсымы терең, тұтас бір ғажайып әлемдерді дүниеге әкеліп жатыр. Онда кешегі күннің аңызы мен ертеңгі күннің белгісіз тұсы бір арнада тоғысып, байырғы фольклорымыз суық та сұсты антиутопиямен қатар өріледі. Ең бастысы, мұндағы кейіпкерлер сырттан келетін жаулармен ғана емес, өз жүрегінің түкпірінде бұғып жатқан ішкі қорқыныштармен, жан дүниесін мазалаған үрей мен күдіктің көлеңкелерімен бетпе-бет келіп, арпалысады. Соның бірі – Әлібек Қожагелдиевтің «Басқа Мақта қызы». Аталған комикс елге кеңінен танымал «Мақта қыз бен мысық» халық ертегісінің интерпретация нұсқасы. Автор оқырмандарды сиқыр мен халық салт-дәстүрлері астасқан, жеңіл әзілмен көмкерілген қазақтың жартылай мифтік әлеміне жетелейді. Басты кейіпкерлер – Ерке есімді қыз бала мен оның інісі Қаһар. Бауырларды қауіпті де қызықты шытырман оқиғалар күтіп тұр, себебі Ерке інісін ежелгі қарғыстан құтқаруға тиіс.
Осыдан бірнеше ай бұрын жарыққа шыққан «ATA Creative Hub» баспасынан мың данамен жарық көрген жазушы Сәуле Досжанның «Көк түрік» комиксі «Ұлттық кітап» баспагерлер байқауында «Үздік комикс» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Автор бұл туындыны жазбас бұрын түркі халықтарының фольклоры мен тарихын мұқият зерттеп, көптеген дерек жинаған. Осылайша, комикстің негізіне көк түріктердің көне тарихы мен байырғы аңыз-әпсаналары арқау болды. Балаларға арналған бұл комикс кітабының сюжеті өте қызықты әрі шытырман оқиғаларға толы. Хикая желісі бойынша, көк түрік тайпасынан шыққан Ашина есімді бала кішкентайында жетім қалып, оны бөрілер асырап алады. Ол ержеткен соң, жан-жаққа шашырап кеткен көк түріктердің басын қосып, дұшпандарына қарсы тұрады және тайпаның көсеміне айналады. Соңында өзінің сүйіктісі, сұлу Гүрбелжіңге үйленіп, бақытты өмір кешеді. Бұл туынды мектеп жасындағы балаларды отандық тарихпен таныстырудың және оларды кітап оқуға қызықтырудың жақсы мысалы болып отыр.
Кейінгі жылдары қазақ тіліндегі балалар контентіне сұраныс айтарлықтай артты. Соған байланысты жарық көріп жатқан отандық комикстердің көбі түркі тарихына, батырлар ерлігіне және көне шежірелерге негізделіп жазылуда. Мәселен, Ринат Ахмедиярдың Besqonaq комиксінің сюжеті оқырманды XIII ғасырға, яғни Қыпшақ хандығы мен Шыңғыс хан шапқыншылығы дәуіріне жетелейді. Басты кейіпкер тұтқынға түсіп, жадын (есте сақтау қабілетін) жоғалтады. Туған ауылындағы қасіреттен кейін, батыр өз есімі мен тағдырын қайта табу үшін сапарға аттанады. Бұл жолда оған мифтік тіршілік иелері мен өткен шақтың елестері көмектеседі. Бұл – дарк-фэнтези жанрындағы қазақ мифологиясына, тәңіршілдікке негізделген комикс. Қазір Besqonaq-тың қазақша және орысша нұсқасы бар. Осындай мазмұнды комикстің қатарын толықтыратын тағы бір автор Жеңіс Тасболатовтың «Степь» (Дала) комиксі бар. Бұл оқиға оқырманды XVIII ғасырға – қазақ даласы Жоңғар хандығының қыспағында қалған ең ауыр кезеңге алып барады. Сюжеттің бас кейіпкері – Жанболат есімді кедей жігіт. Күнкөрістің қамын әрең күйттеп жүрген оның жанында тек анасы мен кезінде батыр болған қарт атасы ғана бар. Айналасындағы халық болса, басқыншылардың езіп-жаншуына көніп, амалсыз момындықпен күн кешіп жатады. Алайда Жанболаттың тағдыры бір бойжеткенді жолықтырғаннан кейін мүлдем өзгереді. Осы бір пәк махаббат жігіттің өмірінде үлкен бетбұрыс жасап, оның бойындағы бұғып жатқан күш-жігерін оятады және елді қорғауға деген үлкен үміт сыйлайды.
Ал Ескендір Жандәулеттің QATYGEZ комиксі – қоғамдағы әділетсіздікке қарсы соғыс жариялаған алғашқы қазақстандық антибатыр (жағымсыз кейіпкер) туралы хикая. Кейіпкер қатал әрі ешқандай ымырасыз әрекет етеді, ал комикстің өзі іш пыстырарлық, ауыр атмосфераны айқындай түсу үшін күңгірт әрі бұлыңғыр визуалды стильде салынған. Мағира Тілеубердінің «Мерген» комикстер жинағы қазақ фольклоры мен көне аңыздарынан шабыт алып жазылған. Оқиға желісі соғыстан оралған соң бейбіт әрі тыныш өмір кешуді аңсаған Мерген есімді батыр туралы өрбиді. Алайда оның тыныш өмірі ұзаққа созылмайды: жұмбақ күштер жауынгерді қайтадан шайқасқа араласуға мәжбүр етеді. Бұл жолы батыр туған жеріне қауіп төндірген тылсым дүниенің құбыжықтарымен және о дүниенің тіршілік иелерімен күреседі. Данияр Орынбаев пен Оразхан Жақыптың «Алты адам» комиксінің басты ерекшелігі – оның ортасында бір-біріне еш ұқсамайтын алты кейіпкердің тұрғанында. Олар тек мінез-құлқымен ғана емес, сыртқы келбеті мен салыну стилімен де ерекшеленеді. Себебі әр кейіпкерді бөлек суретші ойлап тауып салған. Содан болар, кітап бетіндегі олардың кездесулері мен өзара диалогтары өте жанды әрі шынайы қабылданады. Оқиға барысында бұл кейіпкерлер әртүрлі қиындыққа тап болып, одан бірлесіп шығар жол іздейді. Сонымен қатар оқырман бұл туындыдан күнделікті өмірде жақсы таныс, күтпеген қызықты жайттарды байқай алады.
Былтыр жарық көрген QAZAQSTAN атты ауқымды танымдық комикстер сериясы халқымыздың рухани әрі дәстүрлі құндылықтарын заманауи форматта насихаттайтын ерекше мәдени-ағартушылық жоба болды. Он бөлімнен тұратын бұл комикстің оқиғасы 13 жастағы Димаш есімді бала мен оның атасы арасындағы тәрбиелік мәні зор диалогтар арқылы өрбиді. Жинақтың әр парағында патриотизм, үлкенге құрмет, ұрпақ сабақтастығы және дәстүрдің маңызы көркем суреттермен бейнеленген. Комикске енген «Абай әлемі», «Сенің батырларың кім?», «Ұлт ұстазы», «Төрт түліктің патшасы» және «Қазақтың жаны» сияқты бөлімдер балаларға қазақ халқының даналығы мен тарихын, ұлттық мәдениет пен адамгершілік құндылықтарды қарапайым әрі ұғынықты тілмен танытады.
Суретті хикаялардың осы бір сан қырлы әлеміне үңілгенде, заманауи графика мен көне тарихтың астасқан ғажайып үрдісін көреміз. Бәлкім, бүгінгі жас буынның жүрегіне жол тауып, оларды тарих пен әдебиетке баулудың ең жарқын, ең заманауи кілті де осы комикс әлемінде шығар.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:23
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 14 Шілде 2026 07:06 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















