Қытай кәсіпкерлері БҚО да инвестициялық жобаны жүзеге асырады
24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қытай кәсіпкерлері Батыс Қазақстан облысында 14 инвестициялық жобаны жүзеге асырады.
Көрші елдің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты бірқатар маңызды салаларға жалпы құны 134 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты нақты келісім бар. Енді санаулы күндерден кейін екі зауыттың құрылысы басталады. Оған қажетті құрал-жабдық тиелген контейнерлердің алғашқы легі Қытайдың Вэйфан қаласынан елімізге қарай жөнелтілді.
Қытайлар Ақжайық өңіріндегі инвест жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Олар алдымен өңірге газ электр станциясын салады. Осы арқылы кейінгі зауыттарды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Қуаты 34 мегаваттық жоба индустриалды аймақта жүзеге асады. Сонымен қатар мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталады. Оған қажетті қондырғы бүгін Қазақстанға жөнелтілді. Алғашқы жүкті тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі бастаған делегация арнайы қатысты.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы атап өткендей, шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығына үлкен күш салып жатырмыз. Егерде осы жобалардың бәрі жүзеге асатын болса, ол Батыс Қазақстан облысының экономикасына үлкен әсер береді.
Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құрамындағы бірнеше компания тек энергетика саласын ғана емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақтау салаларын да инвестициялайды. Жұмысшы топ Шандун провинциясындағы кешенді аралап тың технологиямен танысты.
Гэ Цзянь - Vega Power компаниясының бас директоры:
- Бәрін кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Бүгіннен бастап нақты іске көштік. Алғашқы бес контейнер жөнелтілді. Бастапқыда 30 млн доллар көлемінде инвестиция салып отырмыз. Жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шығарылады.
Елімізден келген делегация сапар аясында Vego Power компаниясы жетекшілерімен кездесті. Сол кездесуде алдағы жұмыс жоспары пысықталды. Мамандар аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Бірнеше талап қойып отырмыз. Біріншіден, компаниялар жергілікті біздің өңірге тіркелу керек. Компания тіркелді деген сөз олардың барлық салығы біздің облысқа түседі. Екіншіден, ол компаниялардың алдында жергілікті кадрларды жұмысқа орналастыру. Үшіншіден, болашақ жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық мамандарды компаниялардың өздерінің қаражаты есебінен оқыту.
Өңір Қытаймен медицина саласы бойынша байланысты нығайтады. Осы мақсатта Ақжайыққа көрші елдің үздік инвесткомпаниялары тартылатын болды. Айта кету керек, биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша республикада 3-орында тұр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын


