Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Қ. Тоқаев Индонезия президенті мен Таиландтың премьер министріне көңіл айтты

Каспий құбыр Консорциумына қарасты нысанға шабуыл жасалды

Семейде полицейді қағып кете жаздаған жүк көлігі жүргізушісі ұсталды

Қазақстандағы Airbus ұшақтарының кешігуі: мәселе бүгін шешілетіні айтылды

“Құдай жазалады“: мүгедек жандар туралы ауыр сөз айтқан шенеунік кешірім сұрады

Абу Дабидегі дзюдодан Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Қазақстан қоржынында тек бір медаль!

Қытайда тоқ өндірудің тың тәсілін тапты

Елімізде таяқ тарту ойыны дамып келеді

Елімізде Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды

ЖАСҰО өкілі “Назарбаев“ университеті студенттерімен кездесті

Волейбол: Жетісу клубы Ақтөбені камбэкпен жеңді

Дәстүрлі әншілер сайысы

Қатал күйеу Алланың сыйы : белгілі коучтың сөзі қызу талқыға түсті

UFC жауынгері Арман Царукян өзінің неге титулдық жекпе жексіз қалғанын айтты

Асқабақтан қайық жасаған АҚШ фермері

Қазақстан Швейцария: әйгілі сағаттар, ірімшік пен шоколадтың отаны Астанаға несімен қызық

Арнаулы салық режиміне енгендер ЖК тіркемей ақ 4 пайыздық төлем арқылы жұмыс істейді

Калифорниядағы балалар мерекесінде болған атыстан төрт адам қаза тапты

Шұғыл хабар! Енді Ресей Байқоңырдан зымыран ұшыра алмайды

Airbus рейстерінің кешегуі: бағдарламалық жасақтаманы жаңарту қашан аяқталады

Тарих тоғыстырған құндылықтар кезеңі

Тарих тоғыстырған құндылықтар кезеңі

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Жоғары деңгейдегі келіссөздерге дейін Ақор­дада Түрікменстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауы­лының бастығы рапорт берді. Екі елдің әнұран­дары шырқалған соң президенттер келіссөз өтетін залға барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Түрікменстанды стра­тегиялық серіктес және бауырлас мемлекет са­найтынын жеткізді.

– Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан дос­тық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, эко­номикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері жә­не мәдени-гуманитарлық байланыстар қар­қын­ды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Бүгін олардың ше­шімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын, – деді Қазақ­стан Президенті.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге түрікмен халқының Ұлт көш­басшысы, құрметті Гурбангулы Мяликгу­лыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды, – деді Түрікменстан Президенті.

Бұдан кейін келіссөздер екі ел делега­цияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айт­қанда, сауда-экономикалық, мәдени-гума­нитарлық және көлік-логистикалық ық­палдастық мәселелері қарастырылды. Энер­гетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және ме­дицина салаларындағы бірлескен жо­баларды іске асыруға баса назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.

– Қазақ пен түрікмен – ежелден дос­тығы жарасқан туыс халықтар. Біздің та­рихымыз және мақсат-мұратымыз – ор­­тақ, мәдени-рухани құндылықтары­мыз – бір. Біз Түрікменстанмен ынтымақ­тастықты тату көршілік және өзара қолдау рухында барынша нығайтуға айрықша мән береміз. Жарқын болашаққа бірге қадам басу үшін күш жұмылдырамыз. Бауырлас халықта­рымыздың игілігі үшін стратегиялық се­ріктестікті нығайта түсеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Үкімет­теріміз жүйелі жұмыс жүргізіп, ведом­ство­аралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, ха­лықаралық күн тәртібіндегі көптеген мә­селе бойынша көзқарастары мен ұста­нымдары ұқсас.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпал­дастыққа айрықша назар аударды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды.

Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты.

Мемлекет басшысы мәдени-гумани­тарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қай­раткерлердің ескерткіштерін ашу шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан мен Түрікменстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес мемлекеттер деп атады.

– Мемлекеттерімізді ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан ортақ тарихи та­мырластық, мәдени-рухани ұқсастық, салт-дәстүріміздің жақындығы секілді құндылықтар біріктіреді. Саяси-дип­ломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ, – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің елімізге сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, достық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Мемлекеттер басшыларының қаты­суымен ресми делегация мүшелері мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени-гуманитарлық сала бойынша ынтымақ­тастық туралы келісім; Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында көші-қон саласындағы ынты­мақтастық туралы келісім және тағы басқалары бар.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Тү­рік­менстан Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Тү­рікменстанның мемлекеттілігін, әлеу­мет­тік-экономикалық әлеуеті мен халық­аралық аренадағы орнын дәйекті түрде ны­ғайтып келе жатқан прогрессивті, мық­ты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.

– Сіз түрікмен халқының Ұлт көшбас­шысы, аса құрметті Гурбангулы Мялик­гулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің са­лиқалы басшылығыңызбен Түрікмен­стан эконо­микасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұры­лы­мы белсенді түрде жаң­ғырып жатыр. Энер­гетикалық әлеуетті нығайту және техноло­гиялық транс­фор­мация бағытында ауқым­ды жұмыс атқарылуда. Баянды бас­тамала­ры­ңыздың арқасында бауыр­лас Түрікмен­станда ірі әлеуметтік жоба­лар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім са­ласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шы­найы құрметке және жоғары бағаға ла­йық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халықаралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікмен­стан басшылығының күш-жігеріне ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблея­сының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің бауырлас елдер арасындағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

– Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдалас­тықтардың табысты жүзеге асырылуы көпжоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Сердар Бердімұхамедов Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстан­дықтарға алғыс айтты.

– Бұл марапатты Түрікменстан халқына көрсеткен құрметіңіз, елдеріміз арасында ғасырлардан жалғасып келе жатқан берік достық пен тату көршіліктің белгісі ретінде қабылдаймын. Екі мемлекет халықаралық аренада тығыз әрі нәтиже­лі ықпалдастық орнатқан. Ынты­мақ­тастығымыз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде өзара түсіністіктің, бірліктің және қол­даудың жоғары деңгейін көрсетіп келеді, – деді Түрікменстан Президенті.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің қазақ жеріне мемлекеттік сапарының мәні айрықша деп санайтынын, Түрікменстан Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес, бауырлас ел екенін атап өтті.

– Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих пен рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Осындай мызғымас тұғыры бар қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып жатыр. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономика саласындағы байланыс жылдан-жылға күшейіп келеді. Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық нығая түсті. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов пен бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.

– Бейтарап саясат жүргізу Түрікмен­станның халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік қағидаттарына бейіл екенін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, ықпалдастықтың басым бағыттары белгіленгенін жеткізді. Әуелгі кезекте сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге назар аударылды.

– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын жарты миллиард доллардан асады. Биылғы көрсеткіштерге де көңіл толады. Құрметті Түрікменстан Прези­дентімен бірге өзара сауда көлемін бір миллиард долларға дейін ұлғайту үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Осы мақсатта Қазақстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспарын қабылдауды ұсынды. Екі елдің бизнес өкілдерін қолдау үшін Сауда үйлерін ашу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ қос мемлекеттің қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға келістік, – деді Президент.

Қазіргі уақытта көлік-транзит саласы стратегиялық басымдыққа ие. Бұл орайда Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше рөл атқарады.

– Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайызға ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңының инфра­құрылымы белсенді түрде дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр. Түрік­менбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымдарын ұштастыру мәселесі біртіндеп шешілуде. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрік­менбашы порттарының көлік-логистика­лық әлеуетін толық пайдалануға уағдалас­тық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында Ауғанстан арқылы өтетін Оңтүстік Азия бағытындағы теміржол желісін тарту перспективасы қарастырылған.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылы­ғы ықпалдастықтың маңызды саласы сана­латынына тоқталды.

– Қазақстан бидайын түрікмен на­рығына жеткізу көлемін арттыруды ег­жей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнім­дерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан – Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика саласындағы бірлескен жоба­ларға баса мән берілген. Қазақстан түрікмен газын Қытайға тасымалдауда ұзақ жылдар бойы сенімді серіктес болып келеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласқан. Оған былтыр қол қойылған Газ саласын дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім негіз бола алады.

Еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және ІТ технологияларды енгізу ісіндегі тәжірибесін ескере отырып, түрікмен тарапын аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Бұдан кейін екіжақты қарым-қатынас­ты өрістетуде мәдени-гуманитарлық бай­­ланыстар ерекше орын алатыны айтылды.

– Қазақ халқы Астанада өткен Түрікменстанның Мәдениет күндері мен түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына орай ескерткішінің ашылуын жылы қабылдады. Ашхабадта Абайға ескерткіш қойылуы халықтарымыздың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы болды. Фестивальдар, гастрольдер және басқа да бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы мәдениет саласында жан-жақты ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталдық. Ғылым-білім беру және жастар арасындағы байланысты дамыту перспек­тивасы жан-жақты талқыланды. Түрік­менстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүм­кіндігін қарастыруды ұсындық, – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.

– Өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымда тұрақтылық, қауіпсіздік және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін түрікмен тарапымен тығыз ықпалдастық орнатуға әзірміз. Консультативтік кездесулер өткізу, сондай-ақ Каспий теңізінің проблемасы жөнінде ықпалдастық орнату өте өзекті. Қазақстан Ашхабадтың бастамасы бойын­ша жарияланған Халықаралық бейбітші­лік және сенім жылы аясында Түрікмен­стан өткізген іс-шараларды жоғары баға­ла­й­ды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сапар екі ел қарым-қатынасының тарихи кезеңіне бастау болады.

Сердар Бердімұхамедов мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты Түрікмен­станның ұстанымымен бөлісті.

– Екіжақты күн тәртібін талқылау ба­рысында сауда-экономикалық ын­тымақтастықты дамытуға айрықша мән берілді. Өзара сауда-саттық аясын кеңейту және әртараптандыру, сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық саясатты жандандыру мәселелері қарастырылды. Бұл ретте екі мемлекеттің бизнес қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызы зор. Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым ба­ғыттарының бірі. Түрікменстан бұл бағыт­тағы жұмысты одан әрі жалғастыруға да­йын. Сонымен қатар еліміздің электр энер­гиясы мен химия өнеркәсібіндегі серік­тестікті нығайтуға айтарлықтай мүм­кіндігі бар. Көлік және логистика өзара ықпалдастығымыздың стратегиялық сипатқа ие бағыты саналады. Қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде Шығыс – Батыс және Сол­түстік – Оңтүстік бағдарындағы көлік-тран­зит дәліздерінің жұмысын жандандыру аса өзекті, – деді Түрікменстан Президенті.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
seeКөрілімдер:66
embedДереккөз:https://aikyn.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қараша 2025 04:42
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Қ. Тоқаев Индонезия президенті мен Таиландтың премьер министріне көңіл айтты

29 Қараша 2025 20:57see111

Каспий құбыр Консорциумына қарасты нысанға шабуыл жасалды

29 Қараша 2025 23:22see111

Семейде полицейді қағып кете жаздаған жүк көлігі жүргізушісі ұсталды

29 Қараша 2025 21:18see110

Қазақстандағы Airbus ұшақтарының кешігуі: мәселе бүгін шешілетіні айтылды

29 Қараша 2025 12:09see107

“Құдай жазалады“: мүгедек жандар туралы ауыр сөз айтқан шенеунік кешірім сұрады

29 Қараша 2025 15:14see107

Абу Дабидегі дзюдодан Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Қазақстан қоржынында тек бір медаль!

30 Қараша 2025 18:05see105

Қытайда тоқ өндірудің тың тәсілін тапты

29 Қараша 2025 23:22see105

Елімізде таяқ тарту ойыны дамып келеді

29 Қараша 2025 14:55see105

Елімізде Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды

30 Қараша 2025 03:20see103

ЖАСҰО өкілі “Назарбаев“ университеті студенттерімен кездесті

29 Қараша 2025 19:14see103

Волейбол: Жетісу клубы Ақтөбені камбэкпен жеңді

30 Қараша 2025 18:48see103

Дәстүрлі әншілер сайысы

29 Қараша 2025 12:44see102

Қатал күйеу Алланың сыйы : белгілі коучтың сөзі қызу талқыға түсті

29 Қараша 2025 14:39see102

UFC жауынгері Арман Царукян өзінің неге титулдық жекпе жексіз қалғанын айтты

29 Қараша 2025 13:09see102

Асқабақтан қайық жасаған АҚШ фермері

29 Қараша 2025 14:06see101

Қазақстан Швейцария: әйгілі сағаттар, ірімшік пен шоколадтың отаны Астанаға несімен қызық

29 Қараша 2025 10:08see101

Арнаулы салық режиміне енгендер ЖК тіркемей ақ 4 пайыздық төлем арқылы жұмыс істейді

29 Қараша 2025 10:09see101

Калифорниядағы балалар мерекесінде болған атыстан төрт адам қаза тапты

30 Қараша 2025 18:49see100

Шұғыл хабар! Енді Ресей Байқоңырдан зымыран ұшыра алмайды

29 Қараша 2025 18:03see100

Airbus рейстерінің кешегуі: бағдарламалық жасақтаманы жаңарту қашан аяқталады

29 Қараша 2025 13:01see99
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары