Жасанды интеллект төрге озды, төрелігі қандай болмақ?
Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Республиканың жаңа Стратегиясы енді осы болады. Бұл мұратқа жету үшін Президент 3 жыл ғана мерзім кесті. Оған уақыт көп қалған жоқ, демек биліктің барлық тармағы іс-қимылын жылдамдатқаны жөн. Осы орайда Қ.Тоқаев жасанды интеллект туралы ел тарихында болмаған тұңғыш заңға қол қойды. Бұл заңды Парламент рекордтық мерзімде қабылдады. Ол елге не жаңалық, қандай іргелі өзгеріс әкелмек?
Макиавеллиден қалған даналыққа жүгінсек, егер қандай да бір құбылысқа тосқауыл қойып, тоқтата алмасаң, дұрысы – оның басшылық тізгінін ұстап, басқару болса керек. Қазақстан Президенті биылғы қыркүйектегі Жолдауында жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне қатты әсер етіп жатқанын еске салды.
– Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және ЖИ технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Арада екі айдай уақыт өткенде, 2025 жылғы 17 қарашада Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған және ЖИ-ге тікелей қатысты заңнамалық топтамаға қол қойды. Пакетке «Жасанды интеллект туралы», «Кейбір заңнамалық актілерге жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» үш заң жобасы кірді.
Бір қызығы, осы арқылы Қазақстан ЖИ-ді заңмен жүгендей алған әлемдегі аз шоғыр көшбасшының – «он бестіктің» қатарына кіріпті. Қазақ елінің жасанды интеллектіні енгізудің нормативтік-құқықтық базасын әзірлегенін, цифрлық даму саласында тұрақты ілгерілеуді паш етуін жоғары бағалаған америкалық Стэнфорд университеті AI Index Report есебінде Қазақстанды «ұлттық заңнаманы жасанды интеллект технологияларын дамытуға бейімдей алған» әлемнің үздік 15 мемлекетінің қатарына қосты.
Бүгінде бұл салада Қазақстанның 11 өңірінде 27 университет пен 6 ғылыми институт белсенді зерттеу жұмыстарын жүргізеді, бұған 479 ғалым жұмылдырылған. ЖИ-ге қатысты 62 жоба іске асырылып жатыр. Жобалардың ең көбі Алматы мен Астанада шоғырланған. Оның ішінде, озық өндіріс құруға, цифрлық технологияларды енгізуге, ғарыш және медицина салаларын дамытуға ерекше назар аударылады.
Заңнамалық тиімді реттеусіз ЖИ технологияларын оңтайлы енгізу мүмкін емес. Сондықтан Президент қол қойған «Жасанды интеллект туралы» заңы арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Бұдан былай ЖИ «адамның белгілі бір міндеттерін орындаудың құралы» ретінде қарастырылады. Тиісінше, адамға тиесілі функциялардың бір бөлігі соған тапсырылуы мүмкін. Мысалы, болашақта ЖИ заң жазумен айналыса алады.
Қ.Тоқаевтың Жолдауда жариялаған бастамасымен Қазақстан бір палаталы Парламентке көшсе, ЖИ оған үлкен көмекші, тіпті ақылшы-кеңесші бола алады. Мемлекет басшысы қос палаталы қазіргі Парламент ретті-ретсіз қаптаған заң қабылдап тастағанына назар аудартты. Жуырда оны ретке келтіру ісі ЖИ-ге табысталады. Яғни, заң шығаруға қатысты қызметіне ол қазірден кірісе бастамақ.
– Елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Заңды күрделендіре бермеу керек, – деді Қ.Тоқаев. Сөйтіп, болашақта ЖИ арқасында Қазақстанға қос палатадан тұратын Парламентті және көп депутатты ұстап тұру қажет болмай қалуы мүмкін.
Жауапкершілік – «жарым ырыс»
Жаңа заңнамалық топтама жауапкершілік пен бақылау қағидаттарын бекітті. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Заңды әзірлеуге атсалысқан сенатор Бибігүл Аққожинаның айтуынша, ЖИ-ді қолдану арқылы жасалғанынан хабардар ету үшін осы жүйелер жасаған «синтетикалық» тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді міндетті түрде тиісті таңбамен таңбалау талабы енгізілді.
Өйткені қазіргі кезде әлемдегі түрлі төңкерістер, бейберекетсіздіктер кезінде ЖИ көмегімен құрастырылған жалған видео, фотоматериалдар қолданылып, ел арасына лаң салады. Мысалы, Калифорниядағы алапат су тасқыны кезінде отбасынан күшігі екеуі ғана аман қалып, жылап отырған балдырған қыздың бейнесі салмақты интернет басылымдарда да таралып, қоғамның құтқарушыларға деген ашынысын туғызды. Соңынан оны ЖИ жасағаны әшкереленді.
Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында түпсаналық, манипуляциялық мүмкіндіктері бар немесе дербес деректер туралы заңнаманы бұзу арқылы жеке деректерді жинап, өңдеу әдістерін қолдана алатын және басқа да бірқатар мүмкіндіктерге ие, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын жасанды интеллект жүйелерін Қазақстан аумағында құруға және пайдалануға тыйым салынды.
– Бұл заңда адам мен қоғамды ықтимал қауіпті технологиялардан қорғауға бағытталған қатаң шектеулер бар. Атап айтқанда, ЖИ-ді адамның мінез-құлқын бұрмалайтын және саналы түрде шешімдер қабылдау қабілетін шектейтін немесе зиян келтіретін түпсаналық, манипуляциялық немесе өзге де әдістерді пайдалану үшін қолдануға жол берілмейді. ЖИ арқылы әлеуметтік мінез-құлқының, жеке қасиеттерінің, биометриялық деректерінің негізінде жеке тұлғаны, адам тобын бағалауға және сыныпқа бөлуге тыйым салынды, – деді сенатор.
Ілеспе заңмен енгізілген түзетулер криптовалюталардың, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақстан аумағындағы айналымын реттейді. Бұған дейін биткоин, басқасының айналымы тек «Астана» қаржы орталығының аумағында рұқсат етіліп келген еді.
Азаматтардың жеке деректерін қорғау амалдарын күшейту үшін жеке деректерді өңдеуге келісім беру мерзіміне қатысты талап енгізілді. Енді бұл мерзім жеке деректерді өңдеу мақсатына жету үшін қажетті мерзімнен аспауға тиіс. Бұған дейін азаматтың осыған қатысты бір рет келісімін алған банктер, өзге ұйымдар оны «мәңгілік» режимінде қолдана беретін. Сондай-ақ енді субъект немесе оның заңды өкілі иесін, операторды, үшінші тарапты ескертіп, жеке деректерін жинауға, өңдеуге берген келісімін қайтарып алуға құқылы.
Ұстазын «шәкірті» алмастырады
Жасанды интеллект депутаттарды ғана емес, шенеуніктерді де ауыстыра алады. Мысалы, қазіргі кезде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлерін ЖИ-мен ауыстыру талаптары жасалып жатыр. Қабылданған жаңа заң барлық меморгандарды ЖИ саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысуға міндеттейді. Олар ортақ деректер кітапханасын қалыптастырып, осы ұлттық платформа операторына өзінің барлық ақпараттық ресурсын қолжетімді етеді.
Соның негізінде жасанды интеллект аталған кітапхана мен бірыңғай платформа арқылы әрбір меморганның немен айналысатынын, қандай уәкілеттік, міндет пен функцияларды орындайтынын, әрбір нормативтік актілерін лезде зерттеп, өз бетінше үйренеді. Нәтижесінде, ЖИ Үкіметтен, министрліктер мен әкімдіктерден бастап, түрлі мемлекеттік мекемелердің белгілі бір қызметтерін өз мойнына ала алады. Тиісінше, жасанды интеллект атқаратын лауазымдарда шенеунікті ұстап тұруға ешқандай қажеттілік қалмауы мүмкін.
Осы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жақсартылады, әрі мерзімі күрт қысқартылады. Себебі ЖИ шаршамайды, тәулік бойы ың-шыңсыз істейді, жалақы талап етпейді. Адам-шенеунік алдында пәпкі-пәпкі құжаттың үйіліп жатқанын, оның бәрін қарап, заңдылығын тексеріп, сараптама не сауатты жауап беруге қолы тимейтінін алға тартып, өзге өтініш иелеріне бірнеше күн кезек күттіріп қоюы мүмкін. Ал ЖИ-шенеунік миллиондаған адамның өтінішін бір мезгілде қарап шыға алады.
Мұның бәрі Қазақстанда әлі күнге қиял-ғажайыптай көрінуі мүмкін. Бірақ Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, бұл бағытта қоғамға байқалмайтын, елге еленбейтін жұмыс қызу жүргізіліп жатыр.
– Қазірдің өзінде 10-нан аса түрлі ЖИ-ассистент жасап шықтық. Оның бәрін Ұлттық жасанды интеллект платформасы біріктіреді. Мысалы, тек ауыл шаруашылығына бағдарланған AI-ассистент, өнеркәсіп салаларына маманданған AI-ассистент және басқасы бар. Бүгінде олардың жауабының дәлдігі, дұрыстығы 80-85% арасында құбылады. Аз ғой дерсіз. Бірақ адам-шенеунік те біліктілігі жетпесе, өзіне жүгінген өтініш иесіне қате кеңес беріп, бұрыс шешім қабылдап жатады емес пе? – деді ЖИ вице-министрі.
Сауатты болуы үшін әрбір депутат, министрлік пен әкімдік қызметкері, барлық мемлекеттік қызметші үнемі оқуы, біліктілігін жетілдіруі керек, ол енді өзіне, қарым-қабілетіне, еңбекқорлығына байланысты. Мойны жар бермесе, әлеуеті, ақылы жетпесе, білімін жетілдірмейді.
– Одан айырмашылығы, біз ЖИ көмекшілерді ақпараттық жүйелер, аналитикалық материалдар, үлкен деректер негізінде тоқтаусыз, үнемі үйретудеміз. Сонда беретін жауабының, қабылдайтын шешімінің дәлдігі, дұрыстығы 90-95%-ға, тіпті 99-ға дейін жетеді. Бұл – біздің мұрат. Оған қол жеткізу үшін арнайы процедура енгіздік: нақты бір тақырыпты түбіне, жік-жапсарына дейін егжей-тегжейлі білетін тәжірибелі қызметкерді, маманды жалдаймыз. Ол ЖИ-ді оқытады, өз шәкіртіндей бар білімін соған береді. Мысалы, мемлекеттік қызметтер бойынша AI-ассистентті жасадық және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 150 білікті қызметкерін алдық. Оны солар «тәрбиеледі», – деді Дмитрий Мун.
Үйрету тек оқытумен аяқталмайды екен. Оның соңғы кезеңінде түрлі сұрақтар қойылып, ЖИ-көмекшінің берген жауабының дұрыстығы, заңнамаға, соның ішінде жаңартылған заңдар мен НҚА-ларға сәйкестігі тексеріледі. Мұның сыртында нақты міндеттер жүктеліп, өмірден алынған кейстер бойынша шешімі сұралады. Қысқасы, олқылығы мен кемшін тұстарын анықтау үшін сынақ-тестілеудің түр-түрі қолданылып жатқан көрінеді.
ЖИ-дің досы – Дата-ревизор
Әйткенмен, бір мәселе туындайды. Билік органдарында отырған бірқатар шенді өздерін ЖИ-дің ауыстырғанын қаламауы мүмкін. Сондықтан сарапшылардың алаңдауынша, «саботаж» жасалып, қасақана жаңылыстырулар жаппай жолға қойылуы ықтимал. Жуырда депутаттар шенеуніктердің Парламентке бір ақпарат беретініне, ал шынында, нақты статистика мүлдем басқаша болып шығатынына шағымданған. Мысалы, жауапты шенеуніктер жасанды интеллектіні әдейі қате мәліметке үйретпей ме? Немесе барлық меморган ЖИ пайдаланатын дерекқор кітапханасына жаңсақ деректерді жүктеуі мүмкін. Соның салдарынан ЖИ жалған ақпарат береді, өрескел шешім қабылдайды, сөйтіп абыройы төгіледі.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мұндай кесірлі құбылыстың болуы ықтималдығын жоққа шығармайды. Сол себепті оның алдын алу шараларын пысықтау үстінде екен.
«Мұны болдырмау үшін dataset ақпараттар, кітапханаға құйылатын деректер міндетті түрде қосымша тексеруден өтеді. Деректердің дұрыстығы туралы Салыстыру актісіне (Акт сверки) ай сайын қол қойылады. Деректерді басқару талаптары аясында «Ақпараттандыру туралы» заңында міндетті жауапкершілік енгіздік. Оған сәйкес, Smart Data Ukimet жүйесіне берілетін деректердің сапасына тікелей бірінші басшылар жауапты болады. Ұлттық ЖИ платформасы да осы жүйеден ақпарат суырады», – деді вице-министр Д.Мун.
Бұл Қазақстан тарихында болмаған жаңа мамандық иелері пайда болуына жол ашты: олар – Data-аудиторлар. Дерек-аудиторларының жаңа институты Ұлттық статистика бюросы базасында құрылды. Жаңа тұрпатты бұл «ревизорлар» әртүрлі мемлекеттік құрылымдардан, квазимемлекеттік сектордан, жеке бизнестен күн сайын келіп түсетін статистиканы өзара салғастырып, қажет болса, хабарласып, сұрау салып, түзетеді, дұрысын базаға енгізеді. Статистика түзелсе, мемлекеттік деректер базалары жөнге келеді. Мемлекеттік дерекқорлар ретке келсе, оған сүйенетін ЖИ-дің жауабы мен шешімі де дұрысталмақ.
Айхан ШӘРІП
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:55
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 25 Қараша 2025 12:23 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















