Жұмыспен қамту саясаты жүйелі жүргізілді
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Шаһардың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева биыл Шымкент қаласында 49 655 адамды жұмыспен қамтудың түрлі шарасына тарту жоспарланғанын, қазір бұл меженің негізгі бөлігі орындалып, 48 174 тұрғын мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігіне қатысқанын атап өтті. Яғни, жоспардың 97 пайызы орындалған.
Шымкентте еңбек нарығы дамып келеді
Басқарма басшысының айтуынша, жылдың аяқталуына дейін көрсеткіш толық орындалып қана қоймай, кейбір бағыттарда нәтижелер белгіленген жоспардан да жоғары шығуы ықтимал. Бұл – қаладағы жұмыспен қамту саясатының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсететін оң үрдістердің бірі. Жұмыспен қамту шараларының ішінде 27 825 орын тұрақты және субсидияланған уақытша жұмыс орындарын қамтиды. Оларға жастар практикасы, қоғамдық жұмыс, алғашқы жұмыс орны, әлеуметтік жұмыс орны, сондай-ақ «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты мемлекеттік қолдау жобалары кіреді. Сонымен қатар қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстары мен онлайн платформалар арқылы кәсіпкерлік дағдыларын жетілдіруге арналған оқыту бағдарламалары да бар. Қазірге дейін бұл бағыттарға 22 178 азамат тартылған. Сондай-ақ Шымкент қаласының даму концепциясы аясында жеке бастамалар арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар да жұмыспен қамтуды кеңейтуге зор мүмкіндік беруде. Жекеменшік мектептер, балабақшалар, емханалар, спорт нысандары мен қызмет көрсету салалары бойынша 21 830 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Дәл қазір аталған бағыттарда 25 996 азамат жұмыспен қамтылған, яғни жоспардан асып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген. Бұл – қаладағы еңбек нарығының дамып келе жатқанын және жұмыс орындарын көбейту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Еңбек заңнамасын қатаң сақтауды назарға алды
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауға, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлықты қолдауға, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттауға бағытталған. Жуырда жұмысшы мамандықтары жылына орай Көрме орталығында өткен «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты кеңауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қала тұрғындарының ерекше назарын аударды. Таңертеңнен бастап орталыққа ағылған жұмыс іздеушілер түрлі саладағы мүмкіндіктермен танысып, өздеріне қолайлы қызмет орнын табуға талпынды. Бұл жолғы жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, өз кәсіпорындарының қызметі мен даму бағыттары жайында мәлімет берді. Компаниялар мен мекемелер өндіріс, құрылыс, медицина, білім беру, қызмет көрсету сияқты алуан түрлі сала бойынша шамамен 2000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Іс-шараға келгендер ұсынылған вакансиялар жөнінде толық ақпарат алып, жұмысқа орналасу талаптары мен еңбек шарттары туралы кәсіпорын өкілдерінен тікелей сұхбат ала алды.
Іс-шара барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жәрмеңке аумағын аралап, ұсынылған бос жұмыс орындарының ауқымымен жақынырақ танысты. Әкім алдымен түрлі сала бойынша жұмыс ұсынған кәсіпорындардың өкілдерімен тілдесіп, олардың еңбек нарығына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар жәрмеңкеде кәсіпкерлер көрмесін де аралап шығып, 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған 60-тан астам жас және жаңа бастаған кәсіпкерлердің өнімдерімен жіті танысты. Онда қолдан жасалған тұрмыстық бұйымдар, тағам өнімдері, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, IT-бағыттағы жобалар және қызмет көрсетуге арналған заманауи шешімдер кеңінен ұсынылды. Қала басшысы жас кәсіпкерлердің еңбегін жоғары бағалап, олардың бастамалары өңірдің экономикалық белсенділігі мен жаңа жұмыс орындарының көбеюіне ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге жұмыс берушілермен өткізілген кездесуде Ғабит Әбдімәжитұлы еңбек заңнамасын қатаң сақтау әрбір мекеменің басты міндеті екенін ерекше назарға салды. Ол жалақыны кешіктірмей төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау және міндетті салықтық төлемдерді уақытында орындау жұмыс берушінің жауапкершілігін айқындайтын негізгі көрсеткіштер екенін айтты. Сонымен қатар әкім адал еңбек пен сапалы жұмыс мәдениетін қалыптастырудың бүкіл қала экономикасының тұрақты дамуына әсер ететінін атап өтіп, кәсіпорын басшыларын осы бағытта жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды. Сонымен қатар осындай жәрмеңкелердің жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосатынын жеткізді. Биылдың өзінде Шымкент қаласында осындай форматтағы сегіз жәрмеңке ұйымдастырылған. Әр шарада қала кәсіпорындары тұрғындарға 1500-2000-ға жуық жұмыс орнын ұсынуды дәстүрге айналдырған. Өңірдегі еңбек нарығының тынысын аша түскен бұл жәрмеңкеде өнеркәсіптен бастап ауыл шаруашылығына, қызмет көрсету саласынан құрылыс пен медицинаға дейінгі түрлі бағыттағы жұмыс берушілер өз талаптарын жан-жақты түсіндірді. Әрбір кәсіпорын өкілі еңбек жағдайы, жалақы көлемі, әлеуметтік қолдау тетіктері және қызметкерге қойылатын талаптар жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат беріп, жұмыс іздеушілер үшін нақты әрі түсінікті бағыт-бағдар ұсынды.
Мемлекеттік қолдауды сезінгендер
Жәрмеңкенің тағы бір маңызды тұсы – мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңауқымды ақпараттың қолжетімді болуы. Мұнда келген азаматтар кәсіби қайта даярлау курстары, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орындары», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары және қайтарымсыз грант алу секілді бағдарламалармен танысып, олардың әрқайсысының өзіне тиесілі артықшылықтары жөнінде толық мәлімет алды. Бұл бағдарламалар жұмыссыз жүрген жандарға ғана емес, мамандығын ауыстыруды немесе жаңа бағытты игеруді көздегендерге де үлкен мүмкіндік сыйлайтыны айтылды. Мемлекеттік қолдаудың осындай кешенді түрлері көптеген азаматтың еңбек нарығына тез бейімделуіне жол ашып келеді. Қалада жыл басынан бері өткен жәрмеңкелер өз нәтижесін беруде. Бүгінге дейін тұрақты және уақытша жұмыс орындарына шамамен 1000 азамат орналастырылған. Оның ішінде 615 тұрғын тұрақты табысы бар қызметке ие болса, 269 адам уақытша жұмысқа қабылданған. Бұл көрсеткіштер қаланың жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмысының нақты жемісі екенін аңғартады. Ал үшінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, Шымкенттегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,7 пайызды құраған. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың 3 пайызға азаюы еңбекті қолдау бағытындағы бастамалардың нәтижелі жүріп жатқанын тағы бір дәлелдейді.
Еңбек мобильділігін арттыруға бағытталған бұл жәрмеңкеде орталық мамандары арнайы ұйымдастырған кеңес беру алаңы іс-шараның маңызын одан әрі айшықтай түсті. Келушілерге бір ғана ақпараттық таныстырылым емес, жан-жақты бағыт-бағдар, өз мүмкіндігін дәл табуға көмектесетін кәсіби кеңестер ұсынылды. Мамандар 227 мекеменің ұсынған 1 500-ден аса бос жұмыс орны туралы егжей-тегжейлі мәлімет беріп, әр қатысушының қабілеті мен қызығушылығына сай жұмыс табуына ықпал етті. Еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтар, жұмыс берушілер талаптары, заманауи кәсіптерге қойылатын негізгі дағдылар және жұмысқа орналасудың тиімді жолдары туралы да жан-жақты түсіндірілді. Жәрмеңке алаңына жиналған әрбір азамат болашақ кәсібін таңдауда жаңа мүмкіндікке жолыққандай әсерде болды. Ірі өндіріс орындарының, танымал компаниялардың белсенді қатысуы іс-шараның ауқымын кеңейтіп қана қоймай, оның маңызын арттыра түсті. Қала экономикасының түрлі саласына серпін беріп отырған «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Алтын-Дан», Marvik Partners, Wan Sheng Ceramic, Karlskrona, Altyn Land, «Фиркан», OKS Group, Rixos Khadisha Shymkent секілді беделді кәсіпорындар жәрмеңкеге өздерінің ондаған вакансияларын ұсынып, келушілерге тікелей ақпарат берді. Әр компанияның бөлім басшылары мен мамандары өз саласының ерекшеліктері, жұмысқа қабылдау талаптары, жалақы көлемі мен әлеуметтік пакеттер туралы түсіндіріп, кейбір үміткерлермен жедел әңгімелесуден өткізді.
Мысалы, жәрмеңкеге қатысқан ірі компаниялардың бірі Alsera KZ ЖШС өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты 52 жаңа қызметкер қабылдауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Соның ішінде 50 орын – түрлі жұмысшы мамандықтарына арналған. Кәсіпорын өкілдері айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері 150 мың теңгеден басталатынын атап өтті. Бұдан бөлек, ұйымға тәжірибелі бас бухгалтер мен шығындарды есепке алу жөніндегі маман қажет екені хабарланды. Бұл лауазымдар үшін белгіленген еңбекақы 500 мың теңгеден жоғары екені айтылып, жәрмеңкеге келгендер тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Сондай-ақ компания еңбек жағдайына да айрықша мән беретінін атап өткен жөн. Қызметкерлерге тегін әрі тұрақты тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету секілді әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылған. Мұндай жағдайлар көптеген жұмыс іздеушінің көңілінен шығып, бірқатары фирма өкілдерімен сол жерде-ақ толыққанды сұхбат жүргізді. Ал қаладағы жетекші тоқыма кәсіпорындарының бірі – «Бал Текстиль» ЖШС 54 жаңа маманға қажеттілік бар екенін жариялады. Компания ұсынған жұмыс орындарының ішінде тоқыма машинасының операторы, байланыс орталығының қызметкері, дизайнер секілді мамандықтар ерекше сұранысқа ие екені байқалды. Айлық жалақы көлемі де қызмет түріне қарай 165 мыңнан 275 мыңға дейін екен. Сонымен қатар мекеме аспаз, тазалықшы, күзетші сияқты қосалқы сала мамандарына да бос орындар ұсынды. Компания жұмысшыларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында тегін жол тасымалы мен күнделікті тамағын ұсынады. Қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі саналатын AIZHAMAL GROUP ЖШС жәрмеңкеге келушілерге өз ұжымын жаңа мамандармен толықтыруға ниетті екенін жеткізді. Компания өкілдері сауда нүктелерінде қызмет атқаратын сатушы-кассирлерге қажеттілік жоғары екенін айтып, бұл қызметке 230-270 мың теңге көлемінде жалақы белгіленгенін мәлімдеді. Сонымен қатар кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар дайындайтын мамандар да сұраныста. Құйма, нан-тоқаш, тәттілер әзірлеу ісіне бейімі бар азаматтар үшін бұл өз шеберлігін кәсіби деңгейде шыңдауға таптырмас мүмкіндік.
Компаниялар жұмысшы маманға зәру
Ал ауыр өнеркәсіп саласында тұрақты жұмыс орындарын ұсынып отырған «Стандарт Цемент» ЖШС 12 маманға қажеттілік бар екенін жариялады. Компания өндіріс қуатын арттыру бағытында инженер-электрмен жабдықтаушы, КИПиА құралдарын реттеуші, гидравлика инженері секілді техникалық білімі жоғары кадрларды іздеп отыр. Бұған қоса, дәнекерлеушілер, слесарьлар және цех жұмысшыларына да жұмыс ұсынылуда. Өндіріс аймағындағы тұрақтылық пен әлеуметтік қолдау шаралары бұл кәсіпорынды жұмыс іздеушілер үшін тартымды ете түсті. Өңірдің жетекші өндіріс компанияларының бірі – KARLSKRONA LC AB ЖШС да кадр тапшылығын жасырмай, жұмыс іздеп келген азаматтарға өз мүмкіндіктерін ұсынды. Компанияға бүгінде тәжірибелі дәнекерлеушілер, құрылғыларды жөндеумен айналысатын слесарь-жөндеушілер, металл өңдеудің қыр-сырын меңгерген темір ұсталары керек екен.
Жәрмеңкеге ағылған тұрғындарға Еңбек мобильділігі орталығы мен қаланың әр ауданындағы мансап орталықтарының мамандары Enbek.kz электронды платформасының мүмкіндіктерін кеңінен түсіндірді. Келушілер портал арқылы онлайн түйіндеме қалыптастырудың жолдарын, еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарын қадағалап отыру тәсілдерін, сондай-ақ жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату мүмкіндіктерін меңгерді. Бұл ақпараттық қолдау жұмыс іздеп келген азаматтардың өз бағытын анықтап, тиімді шешім қабылдауына жол ашты.
«Жұмысшы мамандар» форумы өтті
Шымкент қаласында жұмысшы мамандықтар жылына орай тағы бір маңызды іс-шара өтті. Аталған шараны «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы, партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытымен бірігіп ұйымдастырды. Жиынға «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, «AMANAT» партиясының қалалық филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, зауыт президенті Цзян Жиюань, бірінші вице-президент Бақыт Тасқынұлы, қала әкімдігі өкілдері, жас мамандар, студенттер, депутаттар мен спортшылар қатысты. Форум қатысушылары алдымен зауытқа экскурсия жасап, технологиялық үдерістермен және жас мамандарға арналған мүмкіндіктермен танысты. Кәсіпорындар бос жұмыс орындарын ұсынып, кәсіби бағдар беру бағытында еркін кездесу ұйымдастырды.
Пленарлық отырыс барысында Ақерке Искандерова форумның Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай өткізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, еңбекқор, жаңашыл жастарды біріктіріп, олардың пікірін тыңдайтын алаң қалыптастыру маңызды. «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев жұмысшы жастарды қолдау бағытындағы жобаларға тоқталды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында іске асып жатқан бастамалардың жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, сондай-ақ шымкенттік жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, қалада 331 мыңға жуық жас болса, соның 8 мыңнан астамы жастар ұйымдарының мүшесі.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань зауыттағы жаңғырту жұмыстарының жүйелі жүріп жатқанын жеткізді. Ол өндірістің дамуы білікті мамандарға, әсіресе жаңа технологияларды меңгерген жастарға тікелей байланысты екенін айтты. «Жас мамандарға инвестиция – компания болашағына салынған инвестиция», – деді М.Жолдыхожаев.
40 жылдан астам еңбек өтілі бар цех бастығы Болат Қалдыкөзов жас мамандарға еңбексүйгіштік, ұжыммен жұмыс істеу, қателіктен қорықпау және өмір бойы үйренуден жалықпау жөнінде кеңес берді.
Жұмысшы мамандықтар жылы – тек бір жылдың ұраны емес, елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған стратегиялық қадам. Еңбек адамына құрмет – қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан білікті жұмысшылар даярлау, олардың еңбегін бағалау және кәсіби өсіміне жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан осынау ілкімді жұмыстар еліміздің экономикасын алға сүйреп, жаңа буын мамандарының қалыптасуына серпін береді.
Назгүл НАЗАРБЕК
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:97
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қараша 2025 07:23 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















