Арқалықта қазақ қытай достығын дәріптеген мәдени шара өтті
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстан мен Қытайды жақындастыратын алтын арқаудың бірі – ортақ тарих пен мәдени байланыс. Соның айқын дәлеліндей, Арқалық қаласында қос халықтың достығын өнер арқылы дәріптеген мазмұнды мәдени шара өтті. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған делегация қатысқан басқосуда қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытай музыканты Сянь Синхайдың тағылымды өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту, тарихи тұлғалардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа таныстыру. Бағдарлама аясында мәртебелі меймандар білім ордасының жұмысымен танысып, қос композитордың достығына арналған көркем фильмді тамашалады. Кездесу концерттік бағдарламамен жалғасты.
Алдымен делегация Бақытжан Байқадамов атындағы жалпы білім беретін мектепке барды. Қонақтар оқу кабинеттерін аралап, білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Сондай-ақ сабақтарға қатысып, оқушылардың білім алуына жасалған жағдайды көрді. Бұдан кейін мәртебелі меймандар қазақтың көрнекті композиторы атындағы балалар музыка мектебінде болып, өнер ошағының тыныс-тіршілігімен танысты.
Бұл сапардың мәні тереңде жатыр. Өйткені Бақытжан Байқадамовтың есімі мен шығармашылығы қазақ-қытай мәдени байланыстарының тарихымен сабақтас. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматыда қазақ композиторы мен қытайдың әйгілі музыканты Сянь Синхайдың жолы тоғысады. Қиын кезеңде тағдыр табыстырған қос өнер иесін музыкаға деген сүйіспеншілік, өзара құрмет пен адами қолдау жақындастырды. Олардың достығы уақыт пен шекараға бағынбайтын өнердің құдіретін танытқан тағылымды оқиғаға айналды.
Осы тарихи оқиғаны арқау еткен «Композитор» көркем фильмі Арқалық қаласындағы Мәдениет сарайында көрсетілді. Кинотуындыда туған жерінен жырақта жүрген адамның тағдыры, өнер адамдарының өзара түсіністігі мен шынайы достығы баяндалады. Фильм көрерменге екі композитордың шығармашылық байланысын танытып қана қоймай, адамгершілік пен ынтымақтың қай кезеңде де маңызын жоғалтпайтынын ұғындырады.
Шара барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қос композитордың мәдениет тарихындағы орнына тоқталды.
– Бақытжан Байқадамов қазақ даласының үнін музыка тілімен жеткізді. Ал Сянь Синхай қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы шығармалар жазып қалдырды. Оның есімі Қостанай өңірімен де тығыз байланысты. Композитор облыстық филармонияның қалыптасуына елеулі үлес қосып, халық батыры Амангелді Имановтың ерлік жолына арналған «Амангелді батыр» симфониялық туындысын дүниеге әкелді, – деді аймақ басшысы.
Расында, Сянь Синхайдың Қостанай өңірімен байланысты шығармашылық жолы – екі халықтың мәдени сабақтастығын айғақтайтын құнды мұра. Оның қазақ халқының тарихына арнап шығарма жазуы, жергілікті өнер ордасының қалыптасуына үлес қосуы қытай композиторының қазақ еліне деген ықыласын аңғартады. Жылдар өтсе де, оның туындыларының қайта орындалып, сахна төріне оралуы – өнер мұрасының өміршеңдігінің белгісі.
Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың мәдени негізіне тоқталған Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь де тарихи тұлғалардың мұрасы халықтарды жақындастыра түсетінін атап өтті.
– Тағдыр тоғыстырған таланттардың өнері мен достығы ешқашан маңызын жоғалтпайды. Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың берік негізі қаланған. Осындай іс-шаралар көрнекті тұлғалардың есімдерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қана қоймай, екі ел арасындағы достық байланыстарды да тереңдете түсетініне сенімдімін, – деді елші.
Мәдени шара «Музыкамен үндескен достық» атты концерттік бағдарламамен түйінделді. Кеш барысында Бақытжан Байқадамовтың әндері мен Сянь Синхайдың шығармалары орындалып, сахнада екі елдің музыкалық дәстүрлері тоғысты. Әуенмен өрілген кеш көрерменге қос композитордың шығармашылық әлемін танытып, олардың достығының мәнін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Музыка – тілге де, шекараға да бағынбайтын ортақ құндылық. Арқалықта өткен тағылымды кездесу осы ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеді. Білім ордасындағы жүздесуден басталып, тарихи фильм мен концертке ұласқан мәдени бағдарлама қос халықтың рухани байланысын айшықтады. Ал Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығы ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасып, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып қала бермек.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:30
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қазан 2026 17:35 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















