Балалар мерекесіндегі шаттық күй
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жазғы лагерьлер сақадай сай
Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, оқушылардың шығармашылық жұмысымен танысты. Мольберттегі сурет көрмесін аралап, жас музыканттар оркестрінің концертін тамашалады. Мерекеге балдырғандарын алып келген ата-аналармен суретке түсіп, барша қауымды балалар күнімен құттықтады. Шаһар басшысы балаларға жазғы демалысты қызықты өткізіп, оқуда да спортта да озат болуға шақырды.
«Бүгінгі жас өскін – елдің болашағы. Мемлекеттің келешегі жарқын болу үшін сіздер сабақты жақсы оқып, үлгілі де тәртіпті болыңыздар. Қазір біліммен жарысатын уақыт. Сол себепті ілім-білімге ден қойып, спортты да ұмытпай, мықты азамат болып қалыптасыңыздар!», деді ол.
Қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға жекеменшік, мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары атсалысып, жұмылдырылды. Шаһардың бас ұстазы мерекеде Балалар үйінің жүзден астам тәрбиеленушісі қала әкімінің атынан арнайы сыйлықпен марапатталғанын жеткізді. Сала басшысының мәлімдеуінше, балалар құқығы елімізде жақсы қорғалған. Бала қауіпсіздігі Конституциямен кепілдендірілген. Оқушылардың күндіз қалада емін-еркін қыдырып жүруі, білім ордасында өздерін қауіпсіз сезінуі, медициналық көмекті тегін алуы, басқа да әлеуметтік жағынан қамсыздандырылу құқықтары қорғалған. Қ.Ысқақовтың сөзіне зер салсақ, жазғы демалыста оқушыларды 350 жекеменшік пен 12 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары үйірмелермен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, әрбір мектеп ауласында жарты күндік мектепішілік лагерь жұмыс істейді. Конкурс арқылы төрт жекеменшік лагерь жеңімпаз деп танылып, жазғы каникулда балалар сонда демалады. Дәл сондай үш мемлекеттік лагерь балаларды осы жазда қабылдайды. Олар: Ақсу, Машат-Арасан мен Дендросаябақтағы бұрынғы Президент резиденциясы болған лагерьлер. Сондай-ақ көп бала жазғы демалыстарын қаладағы Оқушылар сарайында өткізеді. Шаһарда төрт Оқушылар сарайы қызмет көрсетеді. Онда 12 үйірме жұмыс істесе, балаларды шығармашылық өнерге баулитын мамандар саны толығымен жетеді. Қ.Ысқақов бала құқын қорғау кең ұғымды түсінік екенін айта келе, мектепке әлі бармаған балдырғандардың 96 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Биыл мемлекет тарапынан бөлінетін ваучер қаражаты 3.5 мың балаға жоспарланса, соның бүгінгі таңда 1.5 мыңы игерілді. Бас ұстаз атап өткендей, биыл қаланың білім саласы өткен оқу жылын табысты аяқтады. Нақты статистикаға үңілетін болсақ, осы жылы мектеп түлектерінен 785 оқушы «алтын белгіге», 1 124 шәкірт «үздік аттестатқа» тәмамдады. Түрлі деңгейдегі пәндік олимпиада мен халықаралық жарыстарда Шымкенттің оқушылары 1 алтын, 10 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Сала басшысының мәлімдеуінше, әртүрлі рейтінгтік есептеулер бойынша білім сапасы былтырғымен салыстырғанда 4 пайызға өскен. Жеңіп алынған медальдар мен марапаттар саны жағынан да өсім бар. Бұл қаланың жалпы білім саласы сапа тұрғысынан бір сатыға жоғарылағанын көрсетеді.
Бүгінде буллингке қарсы күрес балалар құқын қорғаудағы ең өзекті мәселенің бірі. Осы жағынан келгенде Шымкентте біраз жетістіктің барын айтқан жөн. Мәселен, қала мектептерінде сенім телефоны орнатылған. Арнайы QR кодтар жұмыс істейді. Оқушылар осы кодтарды сканерлеу арқылы жасырын түрде өзінің шағымын жоғары жаққа жеткізе алады. Бұдан бөлек, білім басқармасы жанынан психологиялық қолдау орталығы ашылды. Осы орталықтың сарапшылары мектептегі психолог мамандармен тығыз байланысты. Соның нәтижесінде мектептерде оқушылардың бір-біріне қысым жасауы, суицидтік жағдай басқа да құқық бұзушылық деректер біршама төмендеген. Сала басшысы оқушылардың білім мен тәрбиеге қатысты көрсеткіштерін жақсарту бойынша басқарма алдағы уақытта да қарқынды жұмыс істей беретінін мәлімдеді.
Әуені көкте қалықтаған джаз оркестріХалықаралық балаларды қорғау күніне орай өткен мерекелік іс-шарада Нұрғиса Тілендиев атындағы №3 эстетикалық балалар саз мектебінің «Чилдрен джаз» деп аталатын джаз оркестрі өнер көрсетті. Осы оркестрдің дирижері Үсен Жезмұрзин бізге берген сұхбатында жас музыканттардан құралған өнер ұжымы республикалық конкурста лауреат атанғанын, Ресейдің Обнинск қаласындағы байқауда екінші орын жеңіп алғанын, енді алда болатын үлкен жарысқа қызу дайындалып жатқанын жеткізді. Аталған саз мектебі биыл 50 жылдығын атап өтті. Жартығасырлық уақыт ішінде білім ордасынан талай танымал музыкант түлеп ұшты. Айталық, олардың алды түрлі аспаптарда ойнап, Еуропа мен Америка жұртшылығын таңғалдырса, қалған шәкірттер рухани қазынамызды байытып отандық музыка саласының дамуына үлес қосып келеді.
Дирижер Ү.Жезмұрзиннің айтуынша, саз мектебі музыкалық қабілеті бар балаларды тәрбиелеп, талантын шыңдауда үлкен еңбек сіңіріп отыр. Жыл сайын тамыз айының соңында мектепке талапкерлер қабылданады. Үміткерлер ішінде музыкалық есту қабілетінің болуы, әншілік таланты, ойналған сазды жадында сақтау дарыны қатаң ескеріледі. Оқушылар күндіз орта білім беретін мектепте оқыса, түстен кейін саз мектебінде оқуларын жалғастырады. Білім ордасының үйірмеден айырмашылығы бала осы мектепте 5-7 жыл оқып, қолына диплом алып шығады. Сол құжатпен ол саз колледжіне қабылданады. Әрі қарай музыкалық білім жолын қуса, консерваторияға түсуіне мүмкіндік бар. Саз мектебінің балалардың бос уақытын тиімді өткізуге қосар үлесі зор. Оқушы әншілік өнерді меңгеріп, музыкалық аспаптарда ойнай алуды үйренсе, эстетикалық талғамы артып, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайды. Ішкі жан дүниесі рухани байып, мәдени болмысы қалыптасады. Дирижер Ү.Жезмұрзиннің пікірінше, қоғамға дәл қазір рухы биік, ішкі мәдениеті жоғары азаматтар керек. Музыка өнері адам баласының бойына сол қасиеттерді дарытуға көмектеседі. Маманның айтуынша, джаз өнері музыка саласында орындаушының ішкі талантын аша түсетін керемет бағыт. Өйткені джаз шығармаларын орындау барысында музыкант импровизацияға, яғни өзінің қиялынан әртүрлі музыканы туғызуға еркі бар. Осылайша, оркестрдің әр мүшесі жан дүниесінде қандай сезім жатқанын табан астында музыка арқылы сыртқа білдіре алады. Мұндай еркіндік басқа музыкалық оркестрлерде жоқ. Олар парақтағы жазылған ноталармен ғана шектеледі. Халықаралық балалар құқығын қорғау күні мерекесінде «Чилдрен джаз» джаз оркестрі қазақша және шетелдік көптеген музыкалық шығармаларды орындады. Олардың қатарында джаз өнеріне тән, сондай-ақ эстрадалық туындылар болды. Балалардан құралған джаз оркестрінің репертуарында Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Төлеген Мұхамеджановтың «Балалық шақ», Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас», Монгинидің «Пьеса» секілді танымал композициялары бар. Ү.Жезмұрзиннің сөзінше, балаларды джаз өнеріне көбірек қызықтыра беру керек. Өйткені джаз Америкадан басталып, әлемге таралған керемет музыкалық сала. Бүгінгі таңда дүние жүзінде саз өнерінің майталмандары джаз музыкасымен айналысады. Дирижер маман, әсіресе Шымкентте музыкаға әуес балалардың осынау өнермен шұғылдануына жағдай жасалғаны ерекше қуандыратынын айтты. Биыл 50 жылдығын тойлаған саз мектебі елдің атын әлемге танытатын әлі талай ізбасар тәрбиелеп шығаратынына сенім білдірді.
Бала миын дамытушы құралМерекелік іс-шара барысында саз балшықтан құмыра жасау әдісі жұртқа таныстырылды. Он саусағынан өнер тамған оқушылар құмыра жасаудың тәсілін көрсетті. Бұл өнерді үйреткен Әдемі Айдар есімді бойжеткен «Айша керамикс» ұйымында ұстаз болып жұмыс істейді. Шеберлік сыныбына қатысқан балалар сол қосымша білім беру ұйымының тәрбиеленушілері. Бүгінгі таңда «Айша керамикс» мекемесіне алпысқа жуық бала тіркелген. Олардың біразы саз балшықтан құмыра жасаудың қыр-сырын меңгерсе, қалған оқушылар бейнелеу өнері секілді басқа да үйірмелерге қатысады. Қолөнер шебері Ә.Айдардың айтуынша, жазғы демалыста үйірмеге келуші балалар саны бірнеше есеге артуы мүмкін. Атадан қалған кәсіп саз балшықты илеуді, әртүрлі бұйымдар жасауды үйрететін қосымша білім беру ұйымы Шымкентте көп емес. Соның бірі – «Айша керамикс» мекемесі. Қолөнершінің айтуына қарағанда, саз балшықпен жұмыс істеудің бала денсаулығына үлкен пайдасы бар көрінеді. Біріншіден, балшықты нәзік саусақтарымен ұстау арқылы баланың ұсақ моторикалары дамиды. Ол өз кезегінде ми қызметінің жақсаруына көмектеседі. Санасы сергек бала білімде де, спортта да алғыр болып өседі. Екіншіден, саз балшық қолөнеріне шынайы берілген балада әртүрлі қорқу, уайымшылдық жоғалады. Саз балшықты айналдыра отырып бұйымдар жасау сәтінде бала миында тыныштық орнайды. Ол айналасында болып жатқан бүкіл нәрсені ұмытып, бар назары айналып тұрған дүниеге ауады. Сол сәтте ми да бір ауық демалып, бала өзінше бір рухани ләззат алады. Мұндай жан дүниені рахатқа бөлейтін терапияны басқа бірде-бір әдіс-тәсіл алмастыра алмайды. Сол үшін де ата-аналар бойында қорқынышы бар, ой қабылеті әлсіздеу балаларын «Айша керамикс» ұйымына жетектеп әкеледі. Шебердің сөзінше, саз балшық қолөнерін игеру баланың қабілетіне байланысты. Біреулер бір айда меңгеріп алса, басқаларына бір жыл уақыт қажет болады. Дегенмен, осы өнерді үйренгісі келген балаға керемет талантты болудың керегі жоқ. Әр кәсіп еңбекпен, тәжірибемен игерілетінін ескерсек, саз балшықтан бұйым жасау үшін де балаға алдымен уақыт керек. Ең бастысы, жас өреннің бойында осы өнерге деген қызығушылық болса, соның өзі де жеткілікті дейді шебер. Оның айтуынша, балалар қолынан шыққан дүниелер түрлі көрмелерге қойылады. Кейбір өздеріне ұнаған бұйымдарын жас қолөнершілер өздерімен бірге үйлеріне алып кетеді. Кейде ұлттық стильдегі дәмханалар «Айша керамикс» ұйымына арнайы тапсырыс береді екен. Осы арқылы қосымша білім беретін мекеменің ұлттық қолөнер шеберлігін үйретуде шынайы жұмыс атқарып жатқанын білуге болады. Алдағы уақытта ұйым өзін жан-жақты таныту мақсатында үлкен жоспарлар құрып отыр.
Балалар мерекесі қалалық қуыршақ театры әртістерінің қатысуынсыз өткен бе? Биыл да театр әртістері кішкентай көрермендерге қызықты қойылымдарын тарту етті. Соның бірі – Оспанхан Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» спектаклі. Қуыршақ театры директорының орынбасары Қайрат Қарғабаевпен әңгімелескенде, 45 жылдық тарихы бар өнер ордасында сан алуан қуыршақтың бес жүзден аса түрі сақталғанын, репертуарындағы қойылым саны үш жүзден асатынын, биылғы спектакльдер репертуарына елуден көп қойылым енгізілгенін айтты. Өнер ордасы үнемі балдырғандарға Отанды, ата-ананы сүюді, достықты қадірлеуді, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды үйретеді. Сол себепті театр ұжымы балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына үнемі түрлі қойылымдарын ұсынады.
Ерекше балаларға қамқорлық«Бала – біздің болашағымыз. Олардың санасына ізгілік пен жақсылықтың дәнін себе білуіміз керек. Бүгінде бұл міндеттің бір жүгін Қуыршақ театры көтереді. Сондықтан өнер ордасы жай ғана сахна алаңы емес, мәдениет пен тәрбиенің мәйегі, алтын қазығы», деді Қ.Қарғабаев. Оның пікірінше, заман қанша өзгергенімен театрға деген халықтың сұранысы жоғары. Мәселен, қуыршақ театрларының пайда болғанына сан ғасыр өтті. Адамзат прогрестің талай сатыларын бастан кешіріп, ақырында цифрлық технология мен жасанды интеллектіге табан тіреді. Технологиялық даму осымен тоқтамасы белгілі. Әлі адам баласын көз көрмеген, таңғажайып прогресс күтіп тұр. Бірақ соған қарамастан қуыршақ театрына деген сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Әр сенбі күні ата-аналар балаларын жетектеп қуыршақ театрының кезекті қызықты қойылымдарын тамашалауға келеді. Әсіресе кейінгі жылдары кішкентай көрермендердің қатары көбейді. Демек, халық шынайы өнерді сүйе бастады деген сөз. Жас ұрпағы тәрбиелі, мәдениетті, білімді, ғылымды жақсы көретін мемлекет тек ілгері қарай дамитыны ақиқат. Қ.Қарғабаевтың ойынша, гаджеттерге алданған баланың көңілін аулау үшін бір сәт Қуыршақ театрына апарып, өнер құдіретінің қандай болатынын сездіндіре білу керек. Түрлі қуыршаққа жан бітірген әртістердің ойынын тамашалаған бала көз алдындағы шынайы қойылымды көріп, одан тәрбиелік бір ой түйіп қайтады. Театр өкілінің айтуынша, өнер ұжымының әртістері шетінен талантты. Олардың алдыңғы толқындары Ленинград, Ташкенттегі өнер институттарын бітіріп келген майталман өнерпаздар. «Биыл театрымыздың 43-маусымын табысты аяқтадық. Осы күзде қалалық Қуыршақ театрының жаңа 44-маусымы басталады», деді театр директорының орынбасары.
Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде ерекше балалар да қоғам назарынан тыс қалмады. Шымкент қаласындағы креативті индустрия қауымдастығының жетекшісі Жанна Байтелиеваның ұйымдастыруымен ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Оның аясында балаларға өз қолымен салған суреттері орамалға бейнеленіп, сыйға тартылды. Сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың одағы мен креативті индустрия қауымдастығы әріптестікті нығайту мақсатында өзара меморандумға қол қойды.
Ж.Байтелиеваның айтуынша, ерекше балаларға қамқорлық акциясы бір күндік іс-шара емес, ұзақ- мерзімді жоба саналады. Оның мақсаты – ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мен ата-аналарына қолдау көрсету. Жоба шеңберінде қауымдастық мүшелері жаз бойы ерекше балаларға тегін шеберлік сабақтарын өткізеді. Ал ата-аналар креативті мамандықтар бойынша білім алып, жаңа дағдыларды меңгереді.
Сонымен бірге қауымдастық алдағы уақытта ерекше балаларға шығармашылық сабақтар үйретуді жоспарлап отыр. Соның аясында балалар жасаған дүниелер көрмесі мен қайырымдылық жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Балалардың ата-аналары әртүрлі кәсіпкерліктің негіздеріне оқытылады. Осылайша, қауымдастық ерекше бала өсіріп отырған отбасыларға көмек қолын созуды мақсат тұтып отыр.
Қоғам белсендісінің пікірінше, ерекше балаларға ең алдымен түсіністік, мейірім мен үлкендердің қолдауы қажет. Балалар әрдайым өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне білулері керек. Сондықтан ерекше бала қоғамнан өз орнын таба білсе ол отбасы, педагог, дәрігер жалпы адамдар үшін өте маңызды.
Әсіресе ата-аналар психологиялық және әлеуметтік қолдауды көбірек қажетсінетінін айтады қауымдастық жетекшісі. Өйткені ерекше баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Осындай отбасыларға тұтас қоғам тарапынан қолдау болғанда ғана ата-аналардың иығындағы жүк жеңілдеп, ерекше балалардың бойындағы беймәлім құпия таланттары ашыла түседі.
Ресми деректерге сәйкес, Шымкент қаласында өткен жылдың басында 18 жасқа дейінгі 7 978 ерекше бала тіркелген. Соңғы деректер бұл көрсеткіштің 8 мыңнан асқанын растайды.
Ж.Байтелиева ерекше баласы бар ата-аналар ең алдымен оның денсаулығына, ерте диагностикасы мен оңалту шараларына көңіл бөлу керектігін айтады. Ол сондай-ақ балаға қоғамнан оқшаулануға болмайтынын ескертті. «Қайта баланың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалуы шарт. Ерекше бала болса да әрқайсысының өзіне тән айрықша қабілеттері бар. Сол дарынды дер кезінде байқап, дамыту – ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті», деді ол.
Ең бастысы, балаға аяушылық көзбен қарамай, оның алға ұмтылуына мүмкіндік беру керек. Сонда ғана ерекше балалар қоғамның белсенді мүшесіне айналады.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:91
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 04 Маусым 2026 09:37 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















