Нұрсұлтан Болатбек, спорт дәрігері: Аты бар, заты жоқ сала
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Бірнеше клубта спорт дәрігері болған, қазір ұлттық құрама сапында жүрген Нұрсұлтан Болатбек сала жайында ойларын бөлісті.
– Нұрсұлтан, биыл ұлттық құрамаға шақырту алдыңыз. Қазір әлеуметтік желіде медтексеріс төңірегінде әңгіме көп. Сол турасында айтып берсеңіз.
– U-17 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасында спорт дәрігері болып жұмыс істеймін. Клубқа келсек, Қызылорданың «Қайсар Жас» «Байқоңыр», Ақтөбенің, бірінші лигадағы «Ақтөбе Жас», «Ақтөбе» мини-футбол клубында жұмыс істедім. Мысалы, бірінші лигадағы турнир кестесіндегі командалардың базасы талапқа сай емес. Өйткені дәрігерлердің отыратын кабинеті, қала берді дәрі сақтайтын мұздатқыш пен қойма жоқ. Сондықтан біз заманауи диагностикалауға жеткенше әлі «тар жол, тайғақ кешеміз». Өзім Youtube-тан өзге клубтың қалай тексерістен өтетінін бақылаймын. Кім не істеп жатыр, қалай істеп жатыр, нендей өзгеріс барын бақылаған ұнайды. Бірде «Зенит» футбол клубының толық медициналық тексерістен өткенін бақыладым. Сонда ойыншы ағзасының жарақат алу жиілігіне мониторинг жасағаны ұнады. Жаңа технологияның көмегімен, бәрін алдын ала білуге болады. Егер жарақат алуға бейім болсаң, не денеңде қандай да бір жарақат болса, кәсіби келісімшартқа отыру қиын. Мысалы, «Ақтөбеде» ойнаған орталық қорғаушы Габи Кики Самараның «Крылья Советов» клубына ауысқысы келіп, сонда барды. Бірақ ол медтексерістен өтпей қалды. Өйткені ескі жарақаты әлі жазылмаған деген диагноз қойды. Сондықтан бюджеттен алған миллиондаған ақшаны қайдағы жоқ легионерлерге бергенше, медициналық кабинетті жабдықтап, түрлі құрал-жабдық сатып алса екен. Ойыншының денсаулығын бірінші орынға қойған клуб қана алға басады.
Қазақстанда заманауи медициналық тексерістен өткізу жүйесі «Қайрат» клубында ғана бар шығар. Мұны организмнің күші мен жарақатты дер кезінде анықтау тұрғысынан айтып тұрмын. Жалпы, ел чемпионатындағы командалар Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде медициналық тексерістен өтіп келеді. Ал бірінші, екінші, QJ лигада доп тебетіндерге заманауи медтексерістің ауылы алыс. Футзалда «Семей» мен «Қайраттың» қаржысы болған соң, жақсы емханаға қаралуға мүмкіндігі бар. Бұған биыл жазда «Семейдің» маусым алды медтексеруін көргенде көзім жетті. Басқа клубтарға келсек, мемтапсырысқа тіркеген өтінімді бір емхана ұтып алады. Қызығы сол, мемтапсырыс сайтында бір адамға 7000 теңге деп белгіленсе, біреуі тұрады да «6500 теңгеге өткіземін» дейді. Артынша сол емханаға бір топ ойыншыны алып барады. Олар әр кабинетке кіріп шығады. Бәрінің «дені сау» деген мөр қойдырып алатыны тағы бар. Шынтуайтынында, хирургке кіреді, ол «операция болған жоқ па, еш жерің ауырмай ма?» деп сұрайды. «Жоқ» дейтін жауап алған соң, «дені сау» деп қол қоя салады. Басқа жерде де сондай. ЭКГ түсіреді, артынша жүректі УДЗ-ға салып, эхокардиографиясын алады. Одан өткен соң, кардиолог көріп, қорытынды жазып береді. Дұрыс емес болса, «мына балада осындай-осындай болып тұр» деп, ем тағайындайды. Бірақ сол балаға артынша профпотологтың рұқсатнама беріп тұрғанын көресіз. Бәрі тексерістен өтіп болған соң, клубтың дәрігері қолын қойып, құжатты федерацияға (ҚФФ) жібереді. Федерацияға ЭКГ, флюрография, жүректің УДЗ-ы қағазы болса болды, чемпионатқа қатысуға рұқсат бере береді. Сондықтан өткен маусымда өзін көрсетіп, жарқырап жүрген бала, биыл жүрегі сыр беріп, қарқынын жоғалтқанын жиі байқаймыз. Кешегі «Жас Қырандағы» Диастың оқиғасы осыған ұқсауы мүмкін. Өйткені кезінде денсаулығы дұрыс болғанымен, уақыт өте келе энергетикалық сусын ішу, ағзаға шамадан тыс физикалық күш түсу, уақытылы демалмау салдарынан жүректе түрлі ақау пайда болады. Сөйтіп, жүректің қанайналым жүйесі бұзылады. Егер ойыншы өмірден өтсе, қазбалай келгенде жыл басында кім рұқсатнама бергені сөз болады. Мысалы, «осындай емхананың профпотологы Иван Иванов» дейді. Сөйтіп, неге дұрыс қарамағанын сұрап, соның артына түседі. Баланың жыл басындағы денсаулығы бір бөлек, маусым ортасындағысы басқа, маусым соңындағы жағдайы бір бөлек. Сондықтан, медтексерісті арнайы спорт медицинасына қатысы бар клиникалардың өткізгенін қалаймын. Өйткені сіз 50 градус ыстықта Қызылордаға, Жетісайға барып, доп теуіп көріңіз. Жазда Жетісайда футбол ойнау мүмкін емес. Ал бірінші, екінші лигада доп тебетіндер соған көнуге мәжбүр.
– Спорт дәрігері тапшы дейтін дерек бар. Сол турасында тоқталсаңыз.
– Футболшылар үшін бюджеттен ақша бөлініп жатыр дейміз. Мысалы, ақшаның көп бөлігі легионер мен премьер-лигадағы командаларға кетеді. Ал бірінші, екінші және QJ лигада анау айтқандай жағдай жоқ. «Қайрат» сияқты өзінің базасы бар команда да ешқандай мәселе тумасы анық. Қазақстанда спорт медицинасын бітірген мамандардың саны көп емес. Сондықтан кей клубтарда дәрігер жеткіліксіз. Жұмысқа шақырайын десе мардымды жалақы төлеу керек. Сондықтан сізді спорт дәрігері ретінде тіркеп қояды да, жұмысты басқа біреу істеуі мүмкін. Мысалы, қағаз жүзінде спорт дәрігерінің аты-жөні басқа, ал іс жүзіндегі басқа адам. Медицина колледжін бітірген қаншама бала бірінші, екінші, QJ лигада жұмыс істеп жүр. Көзім жеткені кейбір клубта тіпті дәрігер жоқ. Матч кезінде «біреу құлап қалса көмектесіп жіберші, бізде дәрігер жоқ» деп қолқа салады. Сондайды көрген соң, үнсіз бас изейсің.
Жалпы, интернатурадан кейін, спорт медицинасын оқуға болады. Жалақы аз болған соң, бірен-саран талапкер құжатын тапсырады. Одан да жалпы хирург болып, емханадан, ауруханадан кезекшілік аласыз, 5 жұмыс жасап 2 күн демалысыңыз бар. Жалақыңыз тәп-тәуір. Ал клубта 24/7 жұмыс істейсіз, түнгі сағат 3-те ауырып жатқанын айтып, хабарласуы мүмкін. Сосын дәрігердің жұмысынан бөлек, команданың ас-суына жауаптысыз, рацион құрайсыз. Клубта айналдырған 3-4 медицина маманына мардымды жалақы төлей алмайды. Ал «шетелге барып тәжірибеден өтейін, клуб көмектесе ала ма?» десең, «бізде оған ақша қарастырылмаған» деп жауап береді. Мысалы, биыл резидентураға «реабилитолог» мамандығына қайтадан тапсырдым. Резидентурадағы мамандығым бойынша екі жылдық білім бағдарламасының құны – 4 миллион теңге. Клуб басшылығына қолқа салып «маған көмектессеңіздер, менде ондай ақша жоқ, кейін 5 жыл еңбек өтілімді өтеймін» деймін. Бірақ, ол жақтан «Нұрсұлтан ренжіме, оған бюджет қарастырылмаған» деп жауап алдым. Кейіннен жергілікті басқару органының бөлген гранты бұйырып, оқуға түстім. Енді диплом алған соң, 5 жыл мемлекеттің грантын өтеймін. Ал дайын маман болып келген соң, кей клубтар «бізге кел» дейді.
Шетелде тәжірибеден өтіп, Ресейге, Түркия, Германияға барсам деймін. «Барселона» клубының спорт медицинасы бойынша жазғы мектебі бар. Сонда барып, оффлайн қатысқым келеді.
– Футболшының жүктемесі мен ойыннан кейін қалыпқа келу жайында айтып берсеңіз?
– Ойыншының біркүндік жүктемесіне келсек, бас бапкер командаға тапсырма бермей тұрып, жалпы дене дайындығына көңіл бөледі. Оған дене қыздыру, әртүрлі жаттығу түрі кіреді. Одан кейін дайындықтың негізгі бөліміне көшеді. Футболшының ағзасы жүктемеге төзімді болуы үшін дұрыс тамақтанып, сапалы ұйықтау керек. Таңғы, түскі, кешкі асы рационға сай, дәруменге бай болса жақсы. Жас ойыншыға айтарым, уақытылы ұйқы болмаса, ағза жүктемені көтере алмайды. Өйткені шамадан тыс көп жүктеме жүрекке салмақ түсіреді. Сондықтан жүрекке көп күш түспеуі үшін жоғарыда айтқандарды орындап, толық 8 сағат ұйықтау керек. Ағзаны қосымша дәрумендермен қаматамасыз етуді естен шығармағаны дұрыс. Энергетикалық, құрамында кофеин мен таурині бар сусыннан аулақ болған жөн.
Ойыннан кейін қалыпқа келу үшін түрлі әдіс-тәсіл бар. Мысалы, үлкен бөшке сатып алуға көп ақша кетпейді. Әр клубта мұз дайындайтын генератор бар. Массажист, физиотерапевт пен спорт дәрігері бірігіп, әрбір бөшкені мұзға толтырады. Футболшы матч біткен соң 3-5 минут көлемінде сол мұзда, салқын суда тұрады. Бұл қалыпқа келуге жақсы көмектеседі. Кей команданың маркетологы дәмханамен келісімшарт жасап, ойын біткен соң пицца жеткізуін сұрайды. Бұл да ағзаға едәуір көмек. Пиццасын жеп алған футболшы аяғын салқын суға салып, жайланады. Егер премьер-лигада клуб базасы болса, сол жерде тамақтанып, әл-қуат жинайды. Болмаса, үйіне барып, құнарлы тамақ жейді. Артынша уақытылы ұйқыға жатады. Ұзақ жолға шыққанда аяғына компресті гетри киеді. Жалпы, әлеуметтік желіні жиі бақылап, заманауи қалыпқа келу жолдарын іздейміз. Оған қоса ойыншылар да шетел футболшыларына қарап бой түзеп, үйренгісі келеді.
Десе де, бізде шетелдегідей жағдай жоқ. Жалақы аз болған соң, ішіп-жемнен артылмайды. Жылма жыл команда ауыстыратыны да содан. Басқа клубта 100-200 мың теңге жоғары төлесе, соған ауысайық деп отырады. Шалқып өмір сүретін жағдайы жоқ. Соңғы 3-4 жылдықта ҚФФ «UEFA Doctor education» бағдарламасы бойынша шетелден мамандар келіп, семинар өткізеді, қалмай қатысамыз. Көбінесе, алғашқы жедел көмек көрсету, жүрекке массаж жасау, шок алған кезде қалай көмектесу керек, қандай препарат тағайындау керегін үйретеді. 3-4 күндік оқу курсы, сосын емтихан тапсырып, сертификат аласың. Өтпей қалсаң, одан да құр қаласың. Ақшасы төленген, қатысқаның үшін деп бәріне қағаз үлестірмейтіні жақсы.
– Мысалы, бокста медициналық ғылыми база барын білеміз. Футболға да осындай база керек пе?
– Бокста ғылыми база барын бәріміз білеміз. Бір жағынан, бокс әлемінде беделі биік Головкин – ҰОК президенті, ал федерация президенті – Шахмұрат Мүтәліп. Олар Әлем чемпионатына, олимпиадаға барады. Бірақ олимпиада жеңімпазы шықпағаны рас. Сөйтіп, олар Украинадан мықты нутрициолог маманды шақырды. Сол кісімен жұмыс істейді. Бокс жекелей спорт түрі, он салмақта он боксшы бар, оның жанында спаринг-партнері бар. Ал футболда бір командада 23 адам бар. Бір ғана Ақтөбе қаласын алсақ, премьер-лигада – 23, әйелдер лигасы – 23, бірінші лигада – 23, футзал – 23, QJ лигада төрт жас аралығы бойынша 23 баладан бар. Сонда бір қалада 184 футболшы профессионалды түрде спортпен айналысады. Бокста ұлттық құрама мен жастарды қоса алғанда әрі кетсе 100 адам десек, бір Ақтөбедегі цифрмен салыстыруға келмейді. Мысалы, премьер-лигада – 14 команда, бірінші лигада – 14 команда, QJ лигада жас шамасы бойынша 12 команда бар. Сонда елімізде кәсіби футболмен байланысты 70 команда бар десек, оны 23-ке көбейтсек – 1 610 адам. Оған қыздардың чемпионатын қосыңыз, футбол орталықтары тағы бар. Сол үшін әр клуб өзіне нутрициолог жалдап, физикалық дайындыққа жауап беретін жақсы маман жалдауы керек. Бірақ оны кез келген клубтың жағдайы көтере бермейді. Бәрін жинап алып, шетелге апара алмайтының тағы бар. Сол үшін жергілікті мамандарға мастер-класс ұйымдастырып, шетелден маман шақырып, оқытқан жеңіл. Мысалы, «Қайрат» «Лейпциг» футбол клубымен тығыз қарым- қатынаста. Бапкерлері сол жаққа барып, білімін арттырады. Ол жақтан түрлі лектор «Қайраттың» базасына келіп, үйретеді. Осындай тәжірибе бәріне қолжетімді болғанын қалаймын.
– Ал қос тайм бойы шаршамай жүру мен алаңдағы медициналық көмекші құралдар жайына тоқталсаңыз?
– Ойыншының екі тайм бойы күшін сарқымай, бір темпте жүруі – тікелей физикалық даярлыққа жауапты бапкердің жұмысы. Сол маманның футболшыларға жүктемені дұрыс бере білуі маңызды. Олар жыл басындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде дұрыс жүктеме берсе, ағза маусым бойы алған жүктемеге шыдауы керек. Футболшылар көбінесе кросс жүгіреді, аяқтары мығым келеді. Тыныс алу жүйесінде де мәселе болмайды. Аяқтың бұлшық етін қатайту үшін жаттығу залына апаратыны тағы бар. Байқасаңыз, спортшылар тауға қарай, әртүрлі биіктікке қарай жүгіреді. Теңіз деңгейінен жоғары. Мысалы, боксшылар Ақбұлақта дайындалады. Олар жоғарыда дайындалған соң, төменге түскенде жеңіл болады. Өйткені жоғары атмосфералық қысымда дайындалған соң, төмен деңгейге барғанда ештеңені сезбей, күші толастамайды. Сондықтан физикалық бапкердің біліктілігіне сай, маусымды алып шығуға болады. Оған бұлшық ет жарақатының, бұлшық еттің созылуының аз болуы да кіреді.
Көмекші құралдарға келсек, салқындатқыш спрей құрамында азот бар, бұл денені уақытша мұздатады. Ашық денеге сепсеңіз, күйдіріп тастайды. Сондықтан соққы тиген жерді шұлықпен жауып, үстіне су сеуіп, сыртынан спрей шашқанда мұз болып қатып қалады. Өйткені соққы тигенде бұлшық ет ісініп кетеді. Ал мұз болып қатқанда салқындатып, ісіну мен ауырсынуды басады. Одан кейін ойын алдында футболшы қолын, саусағын ауыртып алған жағдайда спорттық тейп бар, соны ораймыз. Кинезио-тейп бар, бұлшық еттің бастапқы бөлігінен ауырсынған жерге дейін жапсырамыз. Тобығын қайырып алмауы үшін тобықты алдын ала орап беретініміз бар. Сосын ойыншының алаңда қасы, басы жарылған жағдайда жарақаттың сипатына мән береміз. Егер жараның беті қатты ашық болса, футболшыны алмастырып, ары қарай ем- шара жасаймыз. Ал матчты жалғастыра алса, жараны таңып, тейппен орап береміз. Өткенде жанкүйерге Темірлан Анарбековтің басына суда жүзгенде киетін баскиім кигізгендей көрінді. Негізі, жарақат бетінде тұрған таңғыш дәке түсіп қалмауы үшін үстінен сетка баскиім кигіземіз. Матч кезінде ойыншыларға изотоник үлестіреміз. Бұл су, электролит, тұздың балансын ұстап тұрады. Өйткені жүгіргенде ағзадағы дәрумендер сумен, термен шығып кетеді де, адам әлсірей бастайды. Сонда изотоник сусын жақсы көмектеседі. Күн ыстық кезде де таптырмайды. Спорттық протеиннің жейтін батончик, печенье түрі бар. Алаңда шайнаңдап жүрген ойыншыны байқасаңыз, не ол мармелад тәрізді энергетикалық конфет жеп жүр, не шынымен сағыз шайнап жүргені.
– Мансабыңызда кезіккен ең ауыр жарақат қандай? Жалпы, жарақаттан айналып өтудің жолы бар ма?
– Мансабымдағы ең ауыр жарақат тізе буыны байламының үзілуі болған. Ота жасалып, содан кейін футболшы жарты жылға дейін физикалық жүктеме алмады. Бес айға дейін үзіліс жасап, алтыншы айда жұмыс істей бастадық. Бұл оқиға 2023 жылы «Қайсар» клубы екінші лигада да ойнап жүрген тұста болды. Футболшы жаттығу кезінде доп тебем дегенде аяғын дұрыс қоймай, құлады. Барып, аяғын көріп, бірінші көмек көрсетіп, МРТ түсірдік. Салдарынан Астанада ота жасатуға мәжбүр болды. Жыл соңында физиотерапияға шақырдық. Базада ем алды. Қазір ойнап жүр. Әрине, ойыншының ішкі оты сөнбей тұрса, әлі өзімді дәлелдеймін деп түйсе, ол қайтсе де жасыл алаңға оралады. Мұндай футболшының рухы мықты болады, тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Ал екі ойлы болып жүрген, «әй мен енді доп теппеймін-ау» деген адам қала береді. Кімнің ерік-жігері мықты, сол жеңіске жетеді.
Ал жарақаттан сақтану үшін ағза толық демалуы керек. Жаттығудан соң организмге қажетті демалыс беріп, компресі бар затты киіп, уақытында ұйқыға жатқаны жөн. Қайталап айтамын, ұйқы дұрыс болмаса, бұлшық еттің бәрі әлсірейді. Ал әлсіреген бұлшық ет жүктемені көтере алмайды. Созылып кетеді, жыртылуға бейім болады. Егер футболшы өзіне қарап, ұйқысы мен тамағы дұрыс болса, физикалық жаттығу жасап тұрса, жарақатты айналып өтуге болады.
Одан кейін «жаттығу алдында ерте келіңдер, жаттығу 16:00-де десе, сен 14:30-де кел» деймін. Келіп, киімін ауыстырып, бір сағат бұрын қимыл-қозғалыс жасауы керек. Дене бұлшық етін қыздырып, жүктемеге дайындау керек. Ал кей жігіттер мектеп, университетте оқыған соң, жаттығуға 15-20 минут қалғанда жүгіріп келіп, тез-тез алаңға шығып кетеді. Қызбаған дене жүктемені көтере алмай, аяқ тартылады, бұлшық ет созылады, жыртылады. Сондықтан денені қыздырып, жаттығу залында физикалық даярлыққа жауапты бапкердің нұсқауын орындаған абзал. Жүктемеден артық 100 келі көтерем деп батыр болудың қажеті жоқ. Оған «60 келіден артық көтерме, 5 подход жаса десе, соны істеу керек. Аз аздан үздіксіз жасау керек.
– Еліміздегі спорт медицинасының өркендеуі үшін нені өзгерткен жөн?
Бізде спорт медицинасы мамандарын дайындауда заманауи тәжірибеге көңіл бөлсе деймін. Шетелден болсын, алысқа бармай, Ресейден де бір-екі спикер келіп, оқу барысында лекция өткізсе екен. Мұнда да «2013 жылы осындай оқиға болған» демей, қазіргі технологияны таныстырып, сонымен жұмыс істеуді үйретсе екен. Соңы жарнама емес, оның қанша тұратынын есептемей, тәсілі мен құралды қолдануды қолға алса құба-құп. Спорт медицина мамандарына арналған база ашып, елімізге антидопинг лабораториясын алып келсек. Алматыдағы антидопинг филиалының нәтижесін Венгрия, Германияға барып, тексереді. Себебі ол – өте қымбат тұратын лаборотория. Расын айтайын, Еуропа чемпионатына барғанда ғана антидопинг лабораториясын көрдік. Бізде ондай орталық жоқ болған соң, ойыншының не ішіп, не жеп жүргенін ешкім білмейді. Шетелге барғанда қанынан бірдеңе шықпауын тілеп, жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. Құрамында не бар екенін білмей, дәрі іше салуы мүмкін. Дәрі іше салады, құрамында рұқсат етілмеген препараттың кішкентай дозасы болса, бірден шығып тұрады.
Тәжірибе алмасуға мүмкіндік болса, жалғыз футбол емес, басқа спорт түріне де барып, жұмыс істеуге мүмкіндік туса деймін. Мысалы, басқа спортта не болып жатқанын білмейміз. Олар да жалақы азын айтады. Біз футболда 24/7 бос емеспіз. Спорт дәрігерлерінің жалақысын көтерсе екен. Медтексерістен өтетінін емхана жайын дұрыстаса. Бір нақты бас емхананы бекітіп, ал қалған облыста соның филиалы жұмыс істесе игі. Сонда облыстарда медтексеріс кезінде жаппай қол қойдырып алудың алдын алатын едік. Баяғыда спорт мектебінде өзінің тексеру бөлімшесі болатын. Әр облыста бар-ды. Сол нәрсені қайтадан жандандырса деймін. Кеңес үкіметі кезінде де, тәуелсіздік алған жылдары да жақсы болған. Кейінгі жылдары бұл жүйе құрдымға кетті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:41
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 01 Қараша 2025 06:00 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















