Өмір мен өлім арбасқан алты сағат
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Бір мезетте екі бірдей күрделі операция... Ұлттық нейрохирургия орталығында симультантты операция сәтті жүргізілді. Аталған науқасты қоса есептегенде, бұл – Нейрохирургия орталығында бүгінге дейін жасалған бесінші операция. Яғни осы күнге дейін төрт науқасқа босандыру кезінде басына күрделі операция қатар жасалған еді. Асқан жауапкершілік жүктелген операция қалай өтті?
Медицина әлеуеті
«Операция барысында бір мезетте екі күрделі хирургиялық араласу қатар орындалды: нейрохирургтер бас миындағы ісікті алып тастап, акушер-гинекологтер кесар тілігі арқылы сәбиді дүниеге әкелді. Жүктілік кезінде нейрохирургиялық диагнозбен түскен әйелдер арасында әртүрлі клиникалық жағдайлар кездеседі. Орталық тәжірибесінде мұндай 26 жағдай тіркелген. Олардың бір бөлігінде жүктіліктің ерте кезеңінде операция жасалып, ісік алынды. Операциядан кейін науқастар жүктілігін әрі қарай жалғастырып, белгіленген мерзімге дейін жеткізіп, уақытында аман-есен босанған. Сонымен қатар 17 жағдайда науқастар босанғаннан кейінгі кезеңде нейрохирургиялық ем қабылдаған. Айта кету керек, мұндай симультантты операция біздің орталықта алғаш рет 2008 жылы жүргізілген. Ол кезде тұңғышын күтіп жүрген жас әйел артериовенозды мальформация диагнозымен ауыр жағдайда, комаға түсіп, орталыққа жеткізілген еді. Науқасқа шұғыл түрде нейрохирургиялық операция жасалып, бір мезетте кесар тілігі арқылы бала дүниеге әкелінген. Бүгінде бұл кісі – үш баланың анасы, бақытты отбасының ұйытқысы. Аталған операциялар жоғары кәсіби біліктілікті, көпсалалы мамандардың үйлесімді, жедел жұмысын талап етеді».
Бұл – Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі жариялаған ақпарат. Ал біз 8 қаңтарда күн көкжиекке тырмыса өрлеп арқан бойы көтерілгенде операция бөліміне кіріп, аса күрделі ахуалды көзімізбен көрдік.
Жауапкершілік салмағы
«Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» дейтін тіркес бар. Шерағаң қалам ұстаған журналист қауымды «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп алқалап өтті. Көзбен көріп, көңілден өткізіп қағазға төккен жанды, нанымды әрі қонымды болатыны анық. Осыны мұрат тұтып, симультантты операцияға қатысып, көзбен көріп жазуға ұсыныс білдірдік. Орталықтың кіреберісіне сырт киімді тапсырғанда қатарымыз толығып үшеу болдық. Ұлттық нейрохирургия орталығы халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс секторының бас маманы Мирамгүл Жұбаниязова Ұлттық арна тілшісі мен оператор үшеумізді ілестіріп операция залына жол бастады. Алдымен қолымызды арнайы сұйықтықпен жуып-шайып, тағы да киім ауыстырдық.
Өзгелерді қайдам, өзім дәл сол мезетте жауапкершіліктің салмағы арқама батқанын сезіндім. Қазір мұнда соқырішекті кесіп алып тастайтын, болмаса кемікке біткен кеселді жонбайды. Дәл біздің көз алдымызда ана мен баланың өмірі үшін арпалыс басталады. Бұған дейін 4 қызды өмірге әкелген 33 жастағы батыр ана операция төсегінде ұйықтап жатыр. Бірер сәтте батыр ананың құрсағын жарып бесінші перзенті жарық дүние есігін ашады. Одан кейін уақыт ұттырмай Ұлттық нейрохирургия орталығының білікті нейрохирургтері науқастың бас миындағы ісікті сылып тастауға кіріседі.
«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!»
Біз операция бөлмесіне жеткенде Ана мен бала орталығынан келген акушер-гинекологтер білектерін түрініп, операцияға кірісіп кеткен екен. Таңғы сағат тоғыздан екі минут сырғығанда жарық дүние есігін тағы бір сәби ашты. Өмірге атұстар келді! Төрт әпкесінің ізінен ерер балапанды акушерлер құндақтап алды да, едел-жедел тексеріп, арнайы құрылғының ішіне салды. Бірер сәттен кейін нәрестенің іңгәлағаны құлағымызға шалынды. «Оу, адамдар, мен өмірге келдім. Анама апарыңдар мені» дегендей естілді періштенің үні.
«Науқасты жүктіліктің 34-35 аптасында кесар тілігімен босандырдық. Бұған дейін төрт баласын өзі босанған екен. Бесінші сәбиі құрсағына біткеннен кейін басында ісіктің пайда болғаны анықталды. Шымкент қаласынан санавиациямен елдордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді. Арнайы консилиум өткізіліп, шұғыл операция жасау арқылы босандыруға шешім қабылдадық. Нәрестенің жағдайы қалыпты, шала туғандықтан, бірнеше күн Ана мен бала орталығында біздің бақылауымызда болады. Салмағы 2,5 кг, бойы 49 сантиметр деп тіркелді», деді Ана мен бала орталығының жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінің дәрігері, неонатолог-реаниматолог Евгения Ахмедова.
Ол Нейрохирургия орталығының басшы, мамандары құрамында акушер-гинекологтер, реаниматологтер мен неонатологтер бар дәрігерлер командасын жүктілігіне 35 апта толған, бас ми ісігі диагнозы қойылған әйелге операция жасауға шақырғанын, екі операция бір мезгілде жүргізілгендіктен де, жауапкершілік еселене түскенін мәлім етті.
«Жеке тәжірибемде бұған дейін де осындай операциялар болды. Ұлттық кардиология орталығына да жиі барамыз. Себебі ол жақта жүрегінде ақауы бар жүкті әйелдерге де операция жасалады. Сондықтан мұндай жағдайлар біздің орталықта арагідік орын алады», деді Е.Ахмедова.
Акушер-гинекологтердің бір тобы едел-жедел басып, арнайы құрылғының ішінде құндақтаулы жатқан сәбиді Ана мен бала орталығына алып кеткен соң операция залына қайта кірдік. Бұл кезде...
Ми ішіндегі ісік
Дәрігер нейрохирург Мұратбек Тілеубергенов операция алдында бізге науқасқа қатысты аз-кем сұхбат берді.
«Бірнеше күн бұрын орталыққа науқасты жеткізді. Шүйдесінің сол жақ бөлігінде ісік пайда болғандығы анықталған соң осында жатқызылды. Ісіктің көлемі ұлғайып, орналасқан аймағындағы ми бөлігін өте қатты қысып тұр. Науқастың жүктілігіне 34-35 апта болғандықтан, Ана мен бала орталығының акушер-гинекологтерімен тізе қосып екі, яғни симультантты операцияны бір мезетте жасауға шешім қабылдадық. Ең алдымен нәрестені кесар тілігін жасап аман-есен босандырған соң, анасының басына операция жасаймыз. Науқас орталыққа жеткізілгеннен кейін консилиум өткізіліп, орталық басшысы Серік Ақшолақов, бөлім меңгерушісі Нұржан Рыскелдиев, Серік Кәрібаев, акушер-гинеколог Берік Ұзақбайұлы, нәрестені қадағалап қарайтын неонатологтермен кеңесіп, симультантты операция жасауға шешім қабылданды», деген Мұратбек Абдіғалиұлы.
Бұған дейін дәл мұндай көріністі көгілдір экраннан – фильмдерден ғана көргендікі ме, жүрегім шайлыққандай атқақтап соға бастады. Тысқа шығып кеткім-ақ келді. Егер кірген ізіммен кері қайтсам бірнеше сағатқа созылатын, өмір мен өлім арбасқан сәтте, орасан зор тәуекелмен жанкештілікке баратын дәрігерлердің ерен еңбегін жүрегімнен өткізе алмас едім. «Тәуекелге бел будың екен, Жаратқаннан жәрдем сұрап науқастың жанында тұр!» дедім іштей күбірлеп дегбірді сабырға жеңдіре.
Жерге тырс-тырс тамған қанды дәрігерлер дереу сүртіп ала қояды. Адамның бас терісі астындағы құйқасы мұншалықты қалың болар ма? Шамалап айтқанда жарты сантиметрге жуықтайды. Бас сүйектің қаттылығы трепан аппаратымен аралағанда аңғарылды. Әп-сәтте операция бөлмесінің ішін сүйектің күйген иісі алып кетті. Бас сүйекті кесіп ашқаннан кейін менің долбарым теріске шықты. Ісік мидың сыртына желімдене біткен шығар деп топшылағам. Жоқ, олай болмады. Мерез сұғына еніп, мидың ішіне кеулеп алыпты. Күн өткен сайын ұлғайып жондана бергендіктен басты қыса түскен. Мидың бұл бөлігі тірек-қимыл, көздің көру қабілетіне жауап береді.
Білікті маман асқан ептілікпен мидың сыртқы қабатындағы жамылғысын тілмес бұрын қан саулап кетпесін деп ұсақ тамырларды күйдіріп алды. Одан кейін ісікті сылып тастауға кірісті.
Пойызда да, ұшақта да кіндік кескен акушер
– Сіз кім боласыз? – деді ту сыртымнан шыққан дауыс. Жалт қарасам, ақ халат киген дәрігерлердің бірі екен.
– Журналиспін, осы үдеріске арнайы қатысып, елімізде дәл осындай аса күрделі операция жасалатынын жариялауға келдім. Өзіңіз кімсіз?
– Мен акушермін. Науқасты біздің команда келіп босандырып, нәрестені Ана мен бала орталығына алып кетті. Қасымдағы әріптесім екеуміз операция аяқталғанша бақылау мақсатында бөгеліп отырмыз. – Барынша ашық-жарқын әңгімешіл жан екен. Самбырлап сөйлеп жатыр. – Бұған дейін пойызда аяғы ауыр келіншекті босандырғаным бар...
– Мәссаған!
– Одан кейін ұшақта шетел азаматшасының да баласын ақ шарбы бұлттың үстінде өмірге әкеліп, кіндігін кестім. Енді міне операция төсегінде аса күрделі диагнозбен түскен келіншекке де операцияны сәтті жасадық, – деді. Аты-жөнімізді сұрасып танысқаннан кейін әлгі оқиғалардың жай-жапсарын сұрадым.
2021 жылы акушер Лунара Ерғалиева Астана қаласынан Оралға жету үшін пойызға отырады. Алматыдан шыққан теміртабан көлік вагон толы жолаушыларды тербетіп діттеген бағытта жүйткіп бара жатады. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы да қатар жүреді. Пойызда айы-күні жақындаған жас келіншек те болған екен. Қыс мезгілі болғандықтан, вокзалдан жүрерде жолсеріктер аяғы ауыр келіншекті аңғармаса керек. Әйтпесе жүктіліктің дәл мұндай мерзімінде жолаушылап шығуға көбіне рұқсат етілмейді. Лунараның айтуынша, жол-жөнекей әлгі келіншектің толғағы қысып, байбалам басталады. «Айтолғаққа көріне гөр» деген тілегі ақталмай, жас ананың жатырындағы нәресте жарық әлемге шығуға талпынып бұлқынады. Ендігі тоқтайтын стансаға дейін әлі сағаттан аса уақыт бар. Жолсеріктер бастап, жолаушылар қостап, барлығы да Жаратқанға жалбарынып дәрігердің көмегінен үміт күтеді. Алда тек тәуекел тұр. Жаны мұрнының ұшына келіп, толғағы безектетіп қиналған жас ана. «Менің айтқанымды бұлжытпай орында!» дейді қайратын бойына жиып білегін түрінген акушер жолаушыға. Купедегі басы артық адамды тамбурға шығарып, ана мен баланың өмірі үшін арпалысты бастайды. Сүт пісірім уақыт шамасында шар еткен шарананың үні естіледі. Бәрі мәре-сәре. Пойыздың мейрамханасында сәбилі болған әкесі жолаушыларға ақсарбас айтып, тойды бастап кетеді. Кейін осы тәуекелі үшін акушер Лунара Ерғалиева «Жыл адамы» аталымына ие болады.
Екінші оқиға араға үш жыл салып 2024 жылы болған. Әуедегі даңғыл жолына түскен лайнердің ішінде стюардесса «Арамызда дәрігер бар ма? Шұғыл көмек қажет» дейді дауыстап. Ешкім қозғала қоймайды. Ақыры Лунара науқастың жағдайын білмекке жақындай түседі. Іштей «аяғы ауыр болмаса екен» деп тілеп адымдай басып жақындап келсе... Жүктілікпен тіркеуде тұрған жолаушы екен. Шегінерге жол жоқ, апатты жағдайда шығатын есіктің маңындағы кеңдеу орынға жайғастырады да, тағы да тәуекелге бел буып аман-есен босандырады. Ұшақта туған нәресте бүгінде аяғын нық басып, «өзінің тілінде» шүлдірлеп жүрген болар.
– Бүгін операция төсегінде жарық дүниеге әкелген нәрестені біз бірнеше күн орталықта бақылауда ұстаймыз. Анасы аман-есен оянып, сауыққан соң сәбиінің қасына келеді, – деді акушер.
Сырттай бақылап тұрғанның өзінде қажырың қожырап, белің талып, табаныңа күш түсіп қипақтай бастадым. Қимылымды бағып тұрған дәрігерлердің бірі орындық әкеліп берді. Ал бұл кезде Мұратбек Тілеубергенов көлемі үлкен ісікті кертіп-кертіп алып, толықтай тазалап, мидың сыртқы қабатын көктей тігіп жатты. Бас сүйекті де дәл орнына қойып жиектеп тікті. Полигликоль, полилактид қышқылдарынан жасалған, тіндерді біріктіргеннен кейін ағзада ыдырайтын викрил, сонымен қатар нейрохирургия, офтальмология мен пластикалық хирургияда қолданылатын, тіндерді тартпайтын, деформацияға төзімді, тез үйлесетін полипропилен жіптерін қолданды. Соңыра құйқаны сүйектің бетіне жауып айналдыра тігудің аяғына жеткенде операцияның алтыншы сағаты соғып жатты. Тапжылмай еш кідіріссіз табандап тұрып алты сағаттан астам уақыт операцияға қатысып, ана мен баланың өмірі үшін барын салып еңбек еткен ұжымның маңдай тері қандай марапатқа да, құрметке де лайық.
Есімің кім, нәресте?
Операциядан кейін жансақтау бөліміне жеткізілген науқас бірнеше сағаттан кейін оянды. Аяқ-қолы қозғалысқа келді. Күдік, күмәннің бұлты ыдырап үміт шоғы маздай түсті. Енді аз күнде ана мен бала қауышады. Қандай ерекше сәт!
Арада екі күн ұзағанда Ұлттық нейрохирургия орталығына қайыра бардық. Мақсатымыз – батыр ананың жақындарымен тілдесу. Өрекпіген көңілдерін орнына түсіріп, операцияның сәтті өткенін айту. Ағасы Руслан Ахмедов Шымкент қаласынан келіп, қарындасының тілеуін тілеп жүр. Аталары кезінде Грузияның Месхети аймағынан Шымкент қаласына көшірілген ахыска түріктері екен.
«Әкем колхоздың шопыры болды, анам бағбаншылықпен шұғылданып, шалғы тартып, кетпен шапты. Өзіміз қазақ мектебінде оқыдық. Үйде бес ағайындымыз, кенжеміз осы Дилфуза қарындасым. Дилфуза бала күнінен томаға-тұйық, өз ісіне мығым, байсалды болып бойжетті. Ұзатылып, құдай қосқан жарымен шаңырақ көтерді. Өмірге төрт қыз әкелді. Олар да інілерін қатты сағынып күтіп жүр. Әкем мен шешем қарындасыма операция жасайтын күннің таңында ауыз бекітіп, Алладан медет тілеп дұғасын оқыды. Бауырларым да қатты уайымдады. Бірақ мен бәріне бірден ескерттім. «Операция сәтті аяқталып, дәрігер нейрохирургпен сөйлескен соң өзім қоңырау шаламын. Оған дейін мазаламаңыздар», дедім. О баста бес сағат мөлшерінде жасалады деп еді. Алты сағаттан асқанда уайымымыз күшейді. Сабырмен күттік, бәрі оңтайлы болды. Қарындасым мен жиенімнің өмірі үшін бар біліктілігін салып, орасан жауапкершілікпен операция жасаған дәрігерлер қауымына зор алғыс айтамын. Жиеніміздің есімін дәрігер нейрохирургтің құрметіне Мұратбек қойсақ деген ұсыныс айттым. Құдаларымыздың өздері де немересіне ат қоюға ақылдасып жатыр», деді Р.Ахмедов.
Бес баланың әкесі атанған Ханалы Сүлейменов те толқып жүр. Екінші қызы Айдана мен аса күрделі операциямен өмірге келген ұлының туған күні бірдей болмақ – екеуі де 8 қаңтарда дүниеге келді.
«Келіншегім балабақшада дәрігер болып қызмет етеді. Басында ісік пайда болғанын бертінде аңғардық. Өйткені қимыл-қозғалысы баяулап, көру қабілеті де кеми бастады. Дер кезінде көмек көрсетіп, шұғыл операция жасаған дәрігерлерге мың алғыс», деді Х.Сүлейменов.
Астанаға тұңғыш рет келген Ханалы Жолшыбекұлына бірер жылдан кейін отбасымен қыдырып келуге жазсын деген тілегімізді айтып аттандық. Тұран даңғылымен бойлап, Ана мен бала орталығынан өтіп келеміз. Аз күнде өмірдегі ең қымбат жанды асыға күтіп жатқан нәрестенің іңгәлаған үні естілетіндей.
Соңғы жаңалықтар
Ақмола облысында 7,3 млн теңгенің жерін алаяқтықпен сатқан экс-директор сотталды
Заң • Бүгін, 00:19
ҚМДБ: фолловер санын бот арқылы көбейтуге тыйым салынады
Қоғам • Кеше
Алматыда құны 300 млн теңгеден асатын институт мемлекет меншігіне қайтарылды
Алматы • Кеше
ЕАЭО-да шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауар бажсыз жеткізіле береді
Сауда • Кеше
Тілсіз жау бір отбасын ойрандап кетті
Төтенше жағдай • Кеше
Жалған нөмірмен жүрген көліктер анықталды
Заң • Кеше
Yenlik Colors ән жобасына қатысатын алғашқы қазақстандық әнші болды
Жасанды интеллект • Кеше
TikTok-та қазақ ұлтына тіл тигізген Қостанай тұрғыны 2 жылға сотталды
Қоғам • Кеше
Иран келіссөз жүргізуді ұсынды, бірақ АҚШ диалогқа дейін әрекет етуі мүмкін
Әлем • Кеше
Тұлға • Кеше
Биыл Павлодарда 10 балабақша мен 13 мектеп жөндеуден өтеді
Құрылыс • Кеше
Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы: марқұм әйелдің соңғы аудиожазбасына қатысты жаңа дерек шықты
Қылмыс • Кеше
Ұлттық ұланның «BURKIT TEAM» командасы AMMA Азия чемпионатында жүлдегер атанды
Әскер • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады
Президент • Кеше
Депутат өңдеу өнеркәсібінің проблемаларымен танысты
Экономика • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:86
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 13 Қаңтар 2026 08:42 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















