Орынбай Ошанов, этноархеолог: Қалаларды көшпелі қоғамнан бөліп қарауға болмайды
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Бүгінде қазақ даласының осындай көне тарихын археологиялық деректер мен этнографиялық мәліметтер негізінде зерделеп жүрген этноархеолог Орынбай Ошанов осы бағытта бірқатар маңызды мәселені алға тартады. Таяуда біз Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы Археология институтына арнайы ат басын тіреп, этноархеологпен мазмұнды сұхбат құрып қайттық.
– Орынбай аға, 2024 жылы Қарасаздан табылған нысан қала, керуен сарайы немесе бекініс болуы мүмкін екенін айтқан едіңіз. Ол кезде нысанды толық зерттеу, қаржыландыру алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе еді. Содан бері екі жыл өтті. Қарасазға қатысты қандай жаңа ғылыми дерекке қол жеткіздіңіз? Нысанның мәртебесін нақтылауға мүмкіндік туды ма?
– Бұл ескерткіш алғаш рет 2024 жылы анықталды. Өкінішке қарай, содан бері ол толыққанды ғылыми зерттеу бағдарламасына енген жоқ. Дегенмен мамандар барып, барлау жұмысын жүргізді. Қазір оған Қарахан дәуіріне тән қалашық деген сипат бердік. Нысанның орналасқан жерінің өзі көп нәрседен хабар береді. Қарасаз – көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты аймақ. Бұл өңірде ханжайлауы болған Шалкөде секілді үлкен жайлау алқабы бар. Кеген-Нарынқол өңірлерінде сақ дәуірінің ірі патша обаларының шоғырлана орналасуы да бұл аумақтың ерте кезеңдерден-ақ ерекше маңызға ие болғанын айшықтап тұр. Кейінгі орта ғасырларда да бұл өңірдің маңызы жоғалмаған. Тарихи деректерде Шағатай ханның осы аймақтарды жайлау ретінде пайдаланғаны айтылады. Көшпелі қауым жаз мезгілінде мыңдаған малымен осы өңірге шоғырланған. Ал адамдар мен төрт-түлік көп жиналған жерде сауда-саттыққа да қажеттілік туады. Сол үшін де Қарасаздағы нысанның пайда болуын көшпелі ортаның экономикалық тіршілігімен байланыстыра қарастыруға негіз бар. Қарахан дәуірінде Жетісу мен Шу-Талас өңірінде қалалық мәдениет пен сауда ерекше қарқынмен дамыды. Қарасаздағы ескерткіш те сол үдерістің бір көрінісі. Ең қызығы, Қарасаз ескерткіші табылған жер тек аялдау орны болмағанға ұқсайды. Нысанның маңында үлкен қорым, зират орындары бар. Күйдірілген кірпіштен салынған құрылыстардың іздері де кездеседі. Мұның бәрі бұл жерде белгілі бір уақыт бойы тұрақты тіршілік болғанын аңғартады. Бірақ қорым да, нысанның өзі де әлі толық қазылған жоқ. Егер кешенді зерттеу жүргізілсе, бұл жерден тарихымызға қатысты тың деректер шығуы әбден мүмкін.
– Сонда көшпелі өңір саналған Нарынқолдан ортағасырлық қалашықтың табылуы көшпелілердің де қала мәдениетімен тығыз байланыста болғанын көрсете ме?
– Әрине. Даламыздағы қалаларды көшпелі қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Сыр бойы мен Жетісудағы көптеген қаланың қалыптасуы көшпелілердің өмір салтымен тікелей байланысты. Далада көш жолдары тоғысатын, халық белгілі бір мезгілде көп шоғырланатын түйінді аймақтар болады. Оның ішінде қыстаулардың маңы ерекше. Сыр, Шу бойындағы қалалардың көбі көшпелілер қыс мезгілінде тұрақтайтын осындай қолайлы жерлерде пайда болған. Өйткені мұнда мал өніміне сұраныс болды. Саудагерлер келді, айырбас жүрді, яғни қала мен дала бір-бірінен бөлек өмір сүрген жоқ. Сондықтан барлық қаланың пайда болуын тек Ұлы Жібек жолымен байланыстыру да жеткіліксіз. Әр қаланың өмір сүруіне себеп болған өзінің экономикалық ортасы, тұтынушысы болды. Көшпелілер көп шоғырланған жерде сауда-саттық та дамыды. Мысалы, Қарасаздағы нысанды осы тұрғыдан қарастыруға болады. Оның белгілі бір кезеңде пайда болып, кейін тіршілігінің тоқтауына саяси және экономикалық орталықтардың ауысуы әсер етуі ықтимал. Билік пен негізгі сауда бағыттары өзгерген кезде қалалардың да маңызы өзгереді. Бір өңір өркендеп, екіншісі бұрынғы рөлінен айырылады. Мысалы, Қарахан дәуірінде Тараз шаһары астана мәртебесіне ие болды. Бірақ саясаттың қайта құбылуының әсерінен қала орта ғасыр кезеңінде маңызын жоғалтады. Сонымен бірге тарихтағы қалалардың дамуын нарық пен сұраныс тұрғысынан қараған жөн. Қай жерде адам мен төрт түлік көп шоғырланса, сол жерде айырбас пен саудаға сұраныс бар. Кейін XIX ғасырда да осы заңдылық жалғасты. Патша үкіметі өз билігін орнатқаннан кейін қазақ жерінде жаңа сауда орындары ашыла бастады. Адамдар бұрынғыдай малын Бұқараға, Самарқанға апармай-ақ, іргесінде қазақ даласында қаптап ашылған Қоянды, Тайынша сияқты жәрмеңкелерге барып саудасын жасады. Бізде қазақ Ресейдің аяғына масыл болған халық сияқты тарихи түсінік қалыптасқан, шын мәнінде, олай емес. Ресей патшалығының ХІХ ғасырдағы экспортқа шығарған тауарлар тізімін қарасақ, бидайдан кейінгі екінші орынды жүн-жұрқа иеленгенін көреміз. Құйрық май (сало) басқа тауарлар қатарында 4-орынға тұрақтайды. Бұлар – қазақ даласынан шыққан өнімдер. Міне, осының өзінен-ақ бір ғана қой өнімінің Ресей үшін қанша пайда әкелгенін көруге болады. Осындай мал шаруашылығы өнімдеріне деген үлкен сұраныстың нәтижесінде жәрмеңкелер ашылып, сауда орталықтары пайда болды. Сол себепті көшпелі қоғамды қаладан, саудадан бөлек қарастыру дұрыс емес.
– Қарасаз қалашығының осы уақытқа дейін анықталмай келуін оның қазіргі және XIX ғасырдағы зираттардың арасында орналасуымен байланыстырасыз. Тіпті археологтардың өзі мұндай аумақтарға көп бара бермейді. Демек, Қазақстанда біз әлі де байқамаған осындай нысандар көп болуы мүмкін ғой?
– Археология жыл өткен сайын дамып келеді. Соған сәйкес, жаңа ескерткіштер де анықталып жатыр. Бұрын біз нысандарды белгілі бір қалыптасқан жүйе бойынша іздейтінбіз. Мәселен, қалаларды көбіне сауда жолдары мен Ұлы Жібек жолының тармақтары бойынан іздедік. Ал Қарасаздағы ескерткіш сол қалыптасқан түсінікке толық сәйкес келмейді. Бұрын бұл жерде қала болуы мүмкін деп ешкім ойламаған. Бірақ осы нысан табылғаннан кейін ғалымдар Кеген-Нарынқол даласына басқаша көзқараспен қарай бастадық. Қазіргі уақытта бұл өңірде түркі кезеңіне жататын басқа да ескерткіштер табылды. Кейде жергілікті халық айтып жүрген аңыздың өзінде тарихтың ізі жатуы ықтимал. Мәселен, Кеген өңіріндегі кейбір көне дуалдар туралы ел арасында түрлі әңгіме сақталған. Жергілікті халықтан сұрасақ, бұл қалмақтардың аққу-қазын өсірген жері екен. Біз оның қандай қажеттілігі барын, бұл жай ғана жұрттың аузында қалған аңыз шығар деп ойладық. Ал оларды жазба деректермен салыстырғанда, кей мәліметтің тарихи негізі бар екені байқалады. Мысалы, парсы тарихшысы Жувейнидің еңбегін қарап отырсақ, онда Шағатай ханның бұйрығымен Кеген-Нарынқол даласында аққу-қаздарға арнап қолдан көлшіктер жасалғаны белгілі болды. Сондықтан археологияда жергілікті халықтың жадын да мүлде елемеуге болмайды. Қазір археологтар қазақ қыстаулары орналасқан жерлерге де көбірек назар аудара бастады. Мұндай аумақтардан қыш ыдыстың сынықтары, көне қоныстар мен басқа да археологиялық белгілер кездеседі. Бұл міндетті түрде қала болмаса да, адам ұзақ уақыт мекендеген қоныс болуы мүмкін.
– Қазіргі археологиялық барлау әдісінде Қазақстанда әлі де «ақтаңдақ» болып отырған аумақтар бар ма?
– Кейінгі жылдары, әсіресе Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңін зерттеуде едәуір нәтижеге қол жеткіздік. Қазір Ертістен Еділге дейінгі ұлан-ғайыр далада Алтын Орда дәуіріне тиесілі түрлі ескерткіш анықталып жатыр. Олардың арасында кесенелер, шағын қоныстар, қалашықтар, сауда орындары мен керуен-сарайлар бар. Ал шығыс өңірінде жағдай басқаша. Біз бұл аумақты Үгедей ұлысымен байланыстырамыз, бірақ сол кезеңнің археологиялық іздерін әлі толық анықтай алмай келеміз. Бәлкім, мәселе ескерткіштердің жоғында емес, оларды қалай және қай жерден іздеу керегін әлі толық түсінбеуімізде шығар. Алтын Орда ескерткіштерін кей жағдайда күйдірілген кірпіш сияқты белгілерінен бірден тануға болады. Ал шығыстағы Үгедей кезеңінің нысандары басқаша сипатта болуы мүмкін. Біз «қала» дегенде көбіне Орталық Азиядағы ірі қалаларды елестетеміз. Ал бұл өңірде шағын бекініс, сарай немесе ықпалды әулеттердің қонысы түріндегі нысандар болуы ықтимал. Сол үшін де қазір жаңа бағытқа назар аударып жүрміз. Қазақ қоғамында төрелердің, бай-ауқатты адамдардың қыстауы мен жайлауы қай жерде болғанын анықтап, сол аумақтарды зерттеу керек деп ойлаймыз. Өйткені даланың ең қолайлы, шұрайлы жерлерін әр кезеңде қоғамның ықпалды топтары мекендеген. Егер кейінгі дәуірдегі төрелер мен ауқатты әулеттер белгілі бір жерді таңдаса, оның ар жағында ортағасырлық қоныстың ізі болуы ғажап емес. Сол себепті біз Әбілфейіз сұлтан, Құнанбай секілді тарихи тұлғалардың қыстауы мен жайлауы сияқты орындарын зерделеп, сол маңнан ортағасырлық тарихты іздеуге тырысып жүрміз.
– Кейінгі кезеңдегі қазақтың қыстаулары мен зираттарын зерттеу одан ертеректегі тарихи жәдігерлерді ашуға көмектеседі дейсіз ғой?
– Иә. Қазақ зираттарының өзі де жоқ жерден пайда болған жоқ. Олардың сәулетінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бар. Қазақстанның әр өңіріндегі зираттарға қарасаңыз, ортақ белгілермен қатар жергілікті ерекшеліктерді де көресіз. Бір жерде төртбұрышты, енді бір жерде алты немесе сегіз қырлы құрылыстар кездеседі. Шығысқа қарай барған сайын өзіндік сәулеттік үлгілер көбейе түседі. Мысалы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі секілді көне ескерткіштердің сәулеттік ықпалын кейінгі қазақ зираттарынан да байқауға болады. Жетісудан шығысқа қарай жылжыған сайын осындай сабақтастықты көруге болады. Шыңғыстау өңірінде сыртқы пішіні крест тәрізді болып келетін, төрт бұрышында күмбезі бар, ортасы ашық құрылыстар кездеседі. Тарбағатай, Ақсуат маңында алты, сегіз қырлы, ағашпен жабылған зират үлгілері бар. Осылардың қайдан шыққаны, қандай дәстүрдің жалғасы екені, меніңше, зерттеуді қажет ететін мәселе.
– Зерттеулеріңізге сүйенсек, Солтүстік Қазақстандағы елді мекен атаулары өзгергенімен, орман-тоғай атаулары өзгермеген. Жер-су атауларын қайтару мәселесінде этноархеология нақты ғылыми негіз ұсына ала ма?
– Дұрыс аңдадыңыз, расында кейбір елді мекендердің қазіргі атауы басқа болғанымен, өзен-көлдердің, орман-тоғайлардың арасында байырғы қазақша атаулар сақталған. Әрине, біз зерттеуіміздің нәтижесінде ұсыныс бере аламыз. Бірақ тек ғылыми тұрғыдан дәлелдей алатын деректерге сүйенуіміз керек. Кей жағдайда тарихи құжаттар мен архив материалдары көмекке келсе, кейде халықтың жадында сақталған ақпарат біз үшін аса құнды дерекке айналады. Мен Солтүстік Қазақстан өңірін аралаған кезде осыған назар аудардым. Одан бөлек, солтүстіктегі кейбір жер атаулары XVIII ғасырдағы батырлар мен белгілі тұлғалардың есімімен байланысты сақталған. Кей ауылдарда бұрынғы рулық, туыстық құрылымның белгілерін көруге болады. Бір қызығы, жергілікті халық олардың көбін әлі күнге дейін жақсы біледі. Этноархеологияда жергілікті тұрғындармен жұмыс істеу – негізгі әдістердің бірі. Біз сол өлкенің тарихын білетін қариялармен, орманшылармен, жергілікті тұрғындармен сөйлесеміз. Солтүстіктегі орманды өңірлерді аралағанымда жергілікті орманшылар бір ғана тоғайдың өзінен бірнеше көне қыстаудың орнын көрсетіп, әрқайсысының атауын айтып берген жағдайлар болды. Кейбір шағын орман алқаптары белгілі бір адамның, әулеттің немесе бұрын сол жерде қыстаған қазақтың атымен аталған. Бұл атаулар ресми картаға түспесе де, халықтың санасында сақталып келген. Бірақ «халық әлі біледі» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Қазір кейбір ауылдың тұрғындары жаппай көшіп жатыр. Ауыл босаса, сол жердің атауын, тарихын білетін адамдар да кетеді. Бір буын ауысқаннан кейін көптеген атау мүлдем ұмыт болуы мүмкін. Сол себепті мұндай деректерді кешіктірмей жинап, арнайы этнографиялық және этноархеологиялық экспедициялар ұйымдастыру қажет. Әр өңірдің орман-тоғайы, қыстауы, өзен-көлі мен тарихи мекендерінің атауын жеке-жеке хатқа түсіруге, тіпті бірнеше томдық еңбек жасауға болады.
– Қазір археологияда LiDAR, дрон, GIS, геомагниттік зерттеу секілді инвазивті емес әдістер кеңінен қолданылып жүр. Қазақтың көне қыстаулары мен көш жолдарын осындай технологиялар арқылы тұтас картаға түсірсек, біз білетін қазақ тарихының географиясы қаншалықты өзгеруі мүмкін?
– Иә, мұндай технологиялардың мүмкіндігі зор. Еліміздің археология саласы да бұл бағыттан қалыс қалған жоқ. Қазір бізде мұнымен айналысатын арнайы «Геоматика және цифрлық археология бөлімі» бар. Онда заманауи сканерлеу, спутниктік түсірілім, дрон және басқа да жаңа технологиялар қолданылады. Кейде экспедицияға шықпас бұрын зерттелетін аумақ алдын ала осындай әдістермен қаралады. Мамандар бізге белгілі бір нысандарды көрсетіп, «осы жерге барып, тексеріп көріңіздер» деп бағыт береді. Қазіргі технологиялар жер бедерін, нысанның құрылымын, көлемі мен жоспарын анық көрсетіп, тіпті оның үшөлшемді моделін жасауға көмектеседі. Сондықтан дрон да, спутниктік түсірілім де, сканерлеу де археология үшін маңызды құрал. Дегенмен археологияның негізгі қағидасы өзгерген жоқ. Нысанды түпкілікті түсіну үшін оны көзбен көріп, қолмен ұстап, қазба арқылы зерттеу қажет. Жоғарыдан түсірілген сурет немесе сканер нысанның құрылымын көрсете алады, алайда оның нақты мерзімін, қызметін, мәдени қабатын толық анықтап бере алмайды. Зерттеудің соңғы нүктесін бәрібір археологиялық қазба жұмысы қояды.
– Түптеп келгенде, жаңа технология дәстүрлі қазбаның орнын баса алмайды дейсіз ғой?
– Дәл солай. Құрылғы жер астында белгілі бір құрылыс немесе зат жатқанын көрсетуі мүмкін. Қаланың жалпы жоспарын да анықтауға болады. Бірақ оның нақты не екенін, қай кезеңге жататынын және қандай мақсатта пайдаланылғанын археологиялық материалды қолға алмай тұрып нақты айту қиын. Бұл жерде этноархеологияның да маңызы айрықша. Археологиялық деректі техникалық немесе зертханалық тұрғыдан түсіндіру жеткіліксіз. Оны белгілі бір халықтың өмір салтымен, шаруашылығымен салыстыра қарауымыз тиіс. Мысалы, кейінгі уақытта Ботай мәдениетіндегі жылқыға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Кейбір шетелдік зерттеушілер Ботайдан табылған жылқы сүйектерінде ауыздық, ер-тоқым немесе мінуге байланысты айқын патологиялық өзгерістер байқалмағандықтан, бұл жылқылар қолға үйретілмеген деген пікір ұсынады. Бірақ мұндай тұжырымға көшпелі өмір салты тұрғысынан да қарауымыз қажет. Қазіргі қазақ ауылдарының өзінде жүздеген, тіпті мыңдаған жылқы ұстайтын шаруашылықтар бар. Бірақ күнделікті өмірде оның бәрі мінілмейді ғой. Үлкен табындағы жылқының санаулысы ғана қолға үйретіліп, мінуге пайдаланылады. Қалғаны еркін жайылып жүреді. Олардың арасынан соғымға немесе басқа да қажеттілігі үшін мал алынады. Сол себепті табылған жылқы сүйектерінің бәрінен бірдей ауыздықтың немесе ер-тоқымның белгісін іздей беру дұрыс емес. Мінілген жылқыны адам күнделікті пайдаланғандықтан, оны бірден сойып тастамайды. Мініс жылқысы көшпенділерде тек жерлеу ғұрыптарымен байланысты келеді. Ал Ботай қоныс орны. Бұл жерде күнделікті өмірде негізінен бағымдағы жылқылар қажеттілікке (сойысқа) жаратылған. Сондықтан археологиялық қоныстан табылған сүйектің көбі шаруашылық мақсатында сойылған малға тиесілі болуы кәдік. Ботайдан мінілмеген жылқы сүйегінің көптеп табылуы керісінше, кешегі қазақ қоғамы сияқты бағымдағы мыңдаған жылқы үйірлерінің болғанының белгісі.
– Бір сұхбатыңызда «қираған қаланың бәрін моңғолдарға жаба беру дұрыс емес» дедіңіз. Бүгінгі археология ортағасырлық қалалардың күйреуіне қатысты қалыптасқан осы бір түсінікті қайта қазбалауды талап етпей ме?
– Біз ақырындап осыған келе жатырмыз. Кеңес кезеңінде тарихты түсіндірудің белгілі бір үлгісі қалыптасты. Көптің санасында моңғол шапқыншылығы қалалардың жаппай күйреуіне, даладағы экономикалық дағдарысқа алып келді деген түсінік орнықты. Біз әлі де сол көзқарастан толық арыла қойған жоқпыз. «Моңғол шапқыншылығының» нәтижесінде бой көтерген мемлекеттердің бірі Алтын Орда ғой. Ал Алтын Орда керісінше Еуразия құрлығында теңдесі жоқ сауда-экономикалық аймағын жасады. Осы себепті бұл дәуірлерге жаңаша қарауға мүмкіндік беретін деректер көбейіп келеді. Қала соғыс кезінде қирауы мүмкін. Бірақ ол экономикалық тұрғыдан тиімді, сауда жолдары тоғысқан маңызды жерде орналасса, уақыт өте қайта жанданады. Отырарды мысалға алайық. Ол Шыңғыс хан жорығы кезінде қирағанымен, біржола жойылып кеткен жоқ қой. Себебі орналасқан жері қолайлы болды. Бір жағында көшпелі, екінші жағында отырықшы халық орналасқан әрі Жібек жолының бойында тұрды. Осыдан кейін қала қайта жанданып, XVI ғасырға дейін өмір сүрді. Тағы бір мысал, Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысы алғашында бір империяның құрамында болғанымен, кейін жеке мемлекеттерге айналды. Өзара саяси, сауда-экономикалық бәсекелестік пайда болды. Нәтижесінде, өзіндік сауда бағыттары іске асты. Бұның салдары екі мемлекет арасындағы кейбір шекаралық қалалардың тіршілігінің баяулауына немесе мүлдем тоқтауына алып келді. Саяси биліктің ауысуы, мемлекеттер арасындағы бәсеке, сауда жолдарының бағыты, экономикалық сұраныс – мұның бәрі қаланың өркендеуіне немесе әлсіреуіне міндетті түрде ықпал етеді.
– Сонымен, ортағасырлық қалалардың дамуын саяси оқиғалармен қатар экономикалық тұрғыдан да қарауымыз қажет дейсіз бе?
– Міндетті түрде. Қай заманды алсақ та, қоғам белгілі бір дәрежеде экономикалық заңдылықтарға бейімделеді. Бір мемлекет саудаға қолайлы жағдай жасаса, керуен жолдары да сол бағытқа ойысады. Алтын Орда дәуірінде Еуразияның үлкен бөлігін бір саяси кеңістік біріктірді. Соның нәтижесінде Қытайдан Қара теңізге дейінгі сауда жанданды. Керуен жолдарының бойында керуен-сарайлар, құдықтар мен басқа да инфрақұрылым іске қосылып, саудагерлердің қозғалысына жағдай жасалды. Алтын Орданың ұзақ өмір сүруінің бір себебін осы экономикалық жүйеден де іздеу керек. Ал мұндай жүйе бұзылған кезде сауда бағыттары да өзгереді. Мемлекеттер арасындағы күресті кейде жай ғана әскери қақтығыс деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, оның астарында сауда жолдарына, экономикалық тораптарға бақылау орнату мүддесі жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:76
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 17 Қазан 2026 07:24 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















