Жұрт жадындағы Ғазиз ғұмыр
Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Біреулер ғұмыр жолында биік-биік қызметімен есте қалады, енді біреулер атақ-даңқымен жер-жаһанға мәшһүр болады. Ал ел ішінде мансабы әлдеқашан тарих қойнауына кетсе де, жасаған жақсылығы жұрт жадынан өшпейтін азаматтар болады. Олардың есімі туралы сөз болса, салған мектебімен, елге жеткізген суымен, қиын шақта көрсеткен қамқорлығымен бірге аталады. Мұндай адамдардың ғұмыры өз басының ғана емес, тұтас бір өңірдің шежіресіне айналады. Сондай азаматтардың бірі – биыл тоқсан жастың төріне озғалы отырған Батыс Қазақстан өңірінің аса қадірлі ақсақалы Ғазиз Усағалиұлы Хаймулдин.
Тоқсан жыл... Иә, бұл – тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде қаншама ұрпақ алмасты, қоғам өзгерді, кешегі ыдырамастай көрінген кеңестік кезең сол уақытта өмір сүрген адамдардың алдында «тірі» тарихқа айналып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа шежіресі жазылды.
Трактор тізгіндеген бозбаланың даңғылы
Біз сөз еткелі отырған арда азамат Ғазиз Усағалиұлы 1936 жылғы 13 қазанда Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Талап ауылында дүниеге келген. Әкесі Усағали мен анасы Үлпеш колхоз жұмысында шыңдалған қарапайым жандар еді. Болашақ басшының балалық шағы ауыл тіршілігімен біте қайнасып өтті. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін сол кездегі Чапаев ауданындағы «Коммунизм» колхозында жұмыс істеді. Әуелі мал бақты, кейін трактор тізгіндеді. Тың игеру науқаны қызған сонау 1955-1956 жылдары ауысымдық тракторшы, комбайншының көмекшісі болды. Жас жігіттің ауыл шаруашылығының қыр-сырын кітаптан бұрын күнделікті тіршіліктің өзінен үйренген кезеңі де осы еді. Дегенмен Ғазиз Хаймулдиннің арманы мұнымен шектелмеді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін білектің күшімен қатар, терең білім де қажет екенін түсінген ол 1957 жылы Саратов малдәрігерлік-зоотехникалық институтына оқуға түседі. Бес жылдан кейін ғалым-зоотехник мамандығын алып, туған өлкесіне оралады. Министрліктің жолдамасымен Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозына бас зоотехник болып тағайындалады.
1963 жылы Ғазиз Хаймулдин облыста алғашқылардың бірі болып жас шопандар бригадасын ұйымдастырды. Қилыбай елді мекенінде құрылған бұл ұжымға ауылдың жалынды жастары тартылды. Бастама көп ұзамай өз нәтижесін беріп, кейін басқа шаруашылықтарға да үлгі болды. 1966 жылы небәрі отыз жасында «Есенсай» совхозының директоры болып тағайындалған Ғазиз Усағалиұлының алдында енді тұтас шаруашылықтың «тағдыры» тұрды.
Оның есімімен байланысты ең ерекше бастамалардың бірі – қыз-келіншектерден тұратын механизаторлар бригадасын құруы еді. 1967 жылы «Есенсайда» облыста алғаш рет әйел механизаторлар ұжымы ұйымдастырылды. Сол кезеңде ауыр техниканы негізінен ер адамдар жүргізетін. Сондықтан қыз-келіншектердің трактор тізгіндеп, егістікке шығуы ауыл өміріндегі елеулі жаңалық болатын. Сөзсіз, сенім ақталды. Бригаданың атағы ауданнан асып, облысқа тарады. Ұжым мүшесі Райхан Мамаева бүкілодақтық жер жыртушылар жарысында үздіктер қатарынан көрініп, арнайы трактормен марапатталды. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ғазиз Хаймулдиннің жаңашылдығы мұнымен шектелмеген.
Ю.Гагаринмен жүздескен ұмытылмас сәт
Ғазиз Хаймулдиннің жастық шағындағы ең жарқын естеліктерінің бірі – адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринмен байланысты. Тіпті оның ғарыш тарихындағы осы айтулы тұлғамен тағдыры екі мәрте тоғысқан екен. 1961 жыл. Сәуір айының 12-сі. Адамзат баласы алғаш рет ғарышқа көтерілген тарихи күн. Юрий Гагарин мінген «Восток-1» кемесі Жерді айналып ұшып, ғарышкер Саратов өңіріне қонды. Ол кезде Ғазиз Хаймулдин Саратовтағы институтта оқып жүрген еді. Ал ғарышкер қонған жер институттың оқу-тәжірибе шаруашылығының аумағында болған.
Арада үш жыл өткенде Ғазиз Хаймулдин тұңғыш ғарышкермен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсетінін қайдан білсін?! 1964 жылғы наурызда Мәскеуде Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық комитетінің пленумы өтеді. Жиынға ауыл шаруашылығын дамытуда ерекше көзге түскен жас мамандар шақырылады. «Есенсайда» жас шопандар бригадасын ұйымдастырып, тың бастамасымен танылған Ғазиз Хаймулдин де солардың қатарында еді. Пленум жұмысына Юрий Гагарин мен Герман Титов қатысады. Жиын барысында жастар ұйымдарының бір топ жетекшісі тұңғыш ғарышкермен арнайы барып кездеседі. Ғазиз ақсақалдың айтуынша, Гагарин әрқайсысымен қол алысып, қай жақтан келгенін сұрап, жылы сөйлескен. Кезек оған жеткенде:
– Сіз қайдан келдіңіз мұнда? – деген екен.
– Мен бе, мен – Қазақстаннан, Оралданмын, – деп жауап беріпті албырт студент. Мұны естіген ғарышкер де жылы шырай танытып:
– Иә, біз көршіміз ғой, – депті. Кездесуден кейін Ғазиз Хаймулдин Гагаринмен бірге суретке түседі. Сол фотосурет 1964 жылғы 19 наурызда жарық көрг ен «Правда» газетінің екінші бетінде жарияланады.
Ел тағдырын шешкен су жолы
Ғазиз Хаймулдиннің Тайпақ өңірінде атқарған қызметін сөз еткенде, Азынабай суландыру жүйесін айналып өту мүмкін емес. Бұл – оның өміріндегі ең ауқымды істердің бірі ғана емес, арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, көңілінен шықпай жүрген ғұмырнамалық мәселесі. 1970 жылдың соңында «Есенсай» совхозындағы басшылық қызметін аяқтаған Ғазиз Усағалиұлы Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы болып тағайындалады. Кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Осы жылдары ол ауданның шаруашылығын өркендетумен қатар, елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, құрылыс пен су мәселелерін шешуге күш салды. 1977 жылы облыстық партия комитетінің пленумында Ғазиз Хаймулдин Азынабай өңірін сумен қамтамасыз ету мәселесін көтереді. Оның ұсынысы бойынша Өлеңті өзенінің арнасына су жіберіп, Азынабай көлінің табанын суландыру көзделген. Ұсыныс облыс басшылығы тарапынан қолдау табады. Арнайы су өткізу құрылысы салынып, өңірге су жеткізіледі. Десе де Ғазиз Усағалиұлы мұнымен тоқтап қалмайды. Суландыру жүйесін әрі қарай жалғастырып, суды шалғайдағы жайылымдарға дейін жеткізу қажет екенін алға тартады. Ақыры бұл бастама да жүзеге асады. «Зауральный» совхозының аумағына дейін ұзындығы 100 шақырым канал жүргізіліп, мыңдаған гектар жайылым суландырылады.
Халық сенімінің жүгі
Өткен ғұмырына зер салсақ, Ғазиз Хаймулдин бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Х шақырылымының депутаты атанды. Республикалық деңгейдегі осы бір мәртебе оған туған өңірінің өзекті мәселелерін жоғары билік мінберінен көтеруге мүмкіндік берді. Оның қызмет жолында аудандық аурухана мен кәсіптік-техникалық училище салу жөніндегі ұсынысы жоғары мінберлерде қолдау тауып, кейін екі нысан да пайдалануға берілді. Бірі – 120 орындық аурухана болса, екіншісі – 750 орындық кәсіптік-техникалық училище. Бұл – сол кезеңдегі аудан үшін ауқымды құрылыстар еді. Аурухананың салынуы тұрғындардың медициналық көмек алу мүмкіндігін кеңейтсе, училищенің ашылуы ауыл жастарына кәсіп меңгеруге жол ашты. Тағы бір маңызды мәселе елді мекендерді газдандыру болатын. Ғазиз Хаймулдин Қалмыковқа Индер жақтан газ құбырын тарту мәселесін республикалық деңгейде көтеріп, оның шешілуіне атсалысты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында аудан совхоздарындағы білім беру нысандарының жеткіліксіз екенін айтып, құрылыс жұмысына қатысты сын-ескертпелерін жеткізді. Кейін ауданда типтік жобамен салынған мектептер мен балабақшалар бой көтерді.
Ғазиз Усағалиұлының қызмет жолында қиын міндеттер де аз кездеспеді. Соның бірі 1988 жылы болды. Аудандық атқару комитетін он жылға жуық басқарған тәжірибелі басшыны жоғары жақ артта қалған Котельников совхозының жұмысын түзетуге жібереді. Бұрын тұтас ауданның шаруасына жауап берген азамат осылайша қайтадан совхоз директорлығына оралады. Бұл жолы да алдына нақты міндет қояды. Екі жылдың ішінде шаруашылықта жаңа типтік мектеп салынып, 1100 гектар жерді қамтитын лиманды суару учаскесі іске қосылады. Кейін ол облыстық ет өнеркәсібі саласында басшылық қызмет атқарып, мал бордақылау шаруашылықтарының жұмысын үйлестірді. 1994-1997 жылдары облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі болды. Осылайша қырық жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы мен ел басқару ісінің әртүрлі сатысынан өтті. Сол еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды.
Жайық жағасындағы жақсылар
Барша қазаққа кезінде «Шет жүрсем сағынарым, жабықсам, шағынарым» деген жыр жолдары өте танымал өлең еді. Кейін оны атақты әнші Нұрлан Өнербаев гитарада нақышына келтіріп орындады. Сол «Анашым» әнінің сөзін жазған ақын – Қайрат Жұмағалиев. Ол өзінің «Ақ еркем, Ақ Жайығым» атты мақаласында Жайықтың бойында келе жатқанын ерекше жылылықпен: «Қасымда ескі досым Ғазиз Хаймулдин. Бала кезден доспыз», – деп жазады. Неге мұны жазып отыр дейтін шығарсыз... Өйткені тура осы Қайрат ақын – әңгімемізге арқау болып отырған Ғазиз ақсақалдың досы, бір партада бірге оқыған сыныптасы, өмірдегі ең сырлас, қанкөйлек жолдасы еді. Мектепті бітірер-бітірместен тағдыр жолы екеуін екі жаққа алып кеткен. Бірақ бала күннен жалғасқан достық ешбір үзілген жоқ. Қайрат ақын Ғазекеңнің туған өлкенің тарихын терең білетінін, кездескен сайын одан өткен-кеткенді сұрап, әңгімеге тартатынын көзі тірісінде жиі сөз қылатын. Ал сол жолы әңгімені Ғазиз атаның өзі бастапты. Сөз қазақтың қайсар ақыны Жұбан Молдағалиевтің тоқсан жылдық мерейтойынан өрбиді. Ғазиз досына мерейтойдың қалай өткенін, елдің Жұбан рухына қандай құрмет көрсеткенін әңгімелейді. Әсіресе ақынға орнатылған ескерткіш туралы ерекше толғанады. Ақын Жұбанның жары Софья апайдың ұрпақтарымен бірге елге келіп, құрметке бөленгенін де ризашылықпен жеткізеді.
Жұбан Молдағалиев туған өлкесіне келгенде Ғазекеңді арнайы іздеп, жүздесіп отыратын болған. Екеуінің 1982 жылы бірге түскен фотосуреті де сақталған. Кейін Ғазиз Усағалиұлы ақын туралы естеліктерін қағазға түсіріп, «Қайсар қазақ» атты жазба қалдырды.
Ғазиз Хаймулдиннің әдебиет пен өнерге жақындығы тек Жұбан Молдағалиевпен шектелмейді. Ол қазақ музыка өнерінің белгілі өкілдері Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Базарбай Жұманиязов сынды тұлғалармен де азды-көпті араласқан. Әсіресе белгілі композитор Базарбай Жұманиязовпен достығы ерекше болған. Ғазиз Усағалиұлы қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар композитордың есімі туған өлкесінде сақталуы үшін арнайы бастама көтеріп, Орал қаласындағы көшелердің біріне оның атын беруге атсалысқан. Нәтижесінде, облыс орталығындағы ұзындығы екі шақырымға жуық көше Базарбай Жұманиязовтың есімімен аталды. Міне, бұл – достықтың сөз жүзінде қалмағанының анық мысалы.
Туған жердің қамын күйттеген тоқсан жыл
1997 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ғазиз Хаймулдин қоғамдық жұмыстан шет қалған жоқ. 2000 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық ұйымдар қауымдастығын басқарды. Ғазиз Усағалиұлы сонымен қатар Қарашығанақ кен орнындағы алаулардың қоршаған ортаға әсері жөніндегі мәселелерді де көтеріп, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жеткізген.
Ал Ғазиз ақсақалдың өмірлік серігі Ақкенже Жұбанышева да саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Екеуі – ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Бірі ел басқару мен шаруашылық ісінде жүрсе, екіншісі жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді. Қос ғұмырдың тоғысқан тұсында да халыққа қызмет етудің өз жолы жатыр. Бүгінде, міне, Ғазиз Усағалиұлы тоқсан жасқа келіп отыр. Осы жасқа жеткен адамның өткеніне көз жүгіртіп, атқарған істеріне шүкіршілік етуіне әбден болады. Оның өмір жолында абыройлы қызмет те, мемлекеттік марапат та, халықтың құрметі де бар. Бірақ өзі үнемі сөз ететіндей, Ғазиз ақсақалдың бүгінгі ойы тағы да сол Азынабайға ауып отырады.
Мұның өзі көп нәрсені аңғартса керек. Өмір бойы ел ісіне араласқан азаматтың зейнет жасында да сол жұрттың болашағына алаңдауы – кез келген адамға бұйыра бермейтін мұғжиза қасиет. Бәлкім, ұзақ ғұмырдың шын мәні де осында шығар. Адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – өзі үшін жинаған дүниесі емес, өзгелерге жасаған жақсылығы. Есесіне қаңқу сөз бен өсек-аяң ермей, ел-жұрттың шынайы тілеулес болған ықыласы оны осы тоқсанның төріне аман-есен шығарып, абыз ақсақал атандырды.
Алтынбек МЕРСАДЫҚ
Көрілімдер:52
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 17 Қазан 2026 06:25 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















