Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Шалқардың шырайы кірді

Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа жылу электр орталықтары салынады

Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ: Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарына не айтты?

Тоқаев: Жылу және электр стансаларын жаңарту еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтеді

Конституциялық реформа: Институционалдық өзгерістер арқылы жаңа қоғамдық келісім қалыптастыру

Қазақстан ауылдарында 6 жыл ішінде 7,6 мың инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды

Елімізге көшіп келетіндер көбіне қай өңірге қоныстанады?

Үшінші рет үйленген актер Әбілмансұр Серіков өзін сынағандарға жауап берді

Референдум: Бүгін үгіт аяқталады

Депутат Снежанна Имашева жаңа қызметке тағайындалды

Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан мен Канада құрамаларында кімдер ойнайды

Бас прокуратура халыққа үндеу жасады

Инвестиция тартуға құқықтық сенімділік керек

Ипотекамен үй алатындар үшін нотариус ақысы 3 есе арзандады

Құқық қорғау органдары азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады

Волейбол: Төртінші турдың алғашқы күні фавориттер жеңіске жетті

Дональд Трампты енді Нобель сыйлығы қызықтырмайды

​Ақтөбеде бейімдеу орталығынан қашып кеткен үш жасөспірім іздестіріліп жатыр

Қазақстанда қашан күн жылынады?

Астанада көлік салығын төлемеген жүргізушілерге ескерту жасалды

Жұмагүл Сариева, ақынның жары: Жарты ғасыр жарасымды ғұмыр кештік

Жұмагүл Сариева, ақынның жары: Жарты ғасыр жарасымды ғұмыр кештік

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Ақынның лирикалық шығармалары да оқыған жанды толғанысқа түсіреді. Қазақтың қабырғалы ақыны Шөмішбай Сариевтің туғанына биыл 80 жыл толды. Ақынның бірінші оқырманы – сүйген жары. Бүгін біз «Жақсының жары» айдарында ақынның жары Жұмагүл Сариевамен әңгімелескен едік.

– Шөмішбай Сариев қазақтың қабырғалы қаламгерінің бірі еді. Ол кісінің артында мол мұрасы қал­ды. Ақынның өмірінің жартысы сізбен бірге өтті. Шөмішбай ақын­мен алғаш қалай таныстыңыз? Біл­уімізше, сіз байланыс саласын­да  оқыған екенсіз, ол кісі – Қаз­МУ-дың журналистика факульте­тінің  студенті. 

– Менің туған жерім – Қоста­най өңірі. Қазақтың біртуар аза­маты, мемлекет және қоғам қай­рат­кері, әдебиет сыншысы, пуб­ли­цист, қазақ мәдениеті мен өнеріне үлкен қамқор болған тұл­ға Ілияс Омаровтың туған наға­шысының қызымын. Сол кездегі Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалғыз қазақ орта мектебін бітіріп, арман қуып Алматыға жол тарттым. Ілияс ағайдың үйіне келдім, өзі Монреальға кетсе де, жары Гүл­шат апай мені өте жылы қарсы алды. Алматыға келген соң, ба­йла­ныс саласын таңдап, сонда оқуға түстім. 

Шөмішбай ағаңмен таныс­ты­ғымыз қызық басталды. Студент кезіміз. Бір күні кешкілік қыздар­мен орталық алаңда өтетін от­ша­шуға барғанбыз, кенет алдымыз­дан бір топ жігіттер шығып, біз­­бен таныса кетті. Ол кезде Шө­кең­нің қолында Оралхан Бө­кеевтің «Қамшыгер» деген кітабы бар еді, «Қыздар, осы кітапты оқып, кейін өзімізге қайтарың­дар», – деп ҚазМУ-дың Вино­градов көшесіндегі жатақхана­сының мекенжайын, бөлмесінің нөмірін айтып кетті. Танысып білісе келе, бұл жігіттер ҚазМУ-дың  журналистика факультетінің студенттері екенін білдік. Сол кезде олар Самарқанд қаласын­дағы төрт айлық әскери дайын­дық­тан келген беті екен.

– Ол кісі есімін Шалқар деп, сіз Жәмила деп танысқан кездеріңіз осы кез емес пе? Сіздерді табыс­тыр­ған Айтматов деп айта аламыз ба?

– Жазушы Шыңғыс Айтма­тов­тың «Жәмила» повесіндегі кейіпкері Жәмиланың есімі өзіме қатты ұнайтын. Шөкеңе өзінің группаластары Шөмішбай деген үлкен кісінің аты сияқты, «саған Шалқар деген есім қатты жара­сады» деп, солай атап кеткен екен. Уақыт өте келе, Шөкеңнің Шалқар деген есімі өзінің әдеби псевдониміне айналды. Мен де сол танысқан сәттен бастап оны Шал­қар деп кеттім. 

Шөкеңнің берген кітабы өте мұқият оқылған, әр жері қаламсап­пен түртілген, кейбір жерінің асты сыз­ылған екен. Кітапты оқып бол­ып, дос қыз екеуміз оны жігітке қайтарайық деп, айтқан мекенжай бойынша жатақханаға бардық. Сол жолы Шөкең мені үйге шығарып салды. Екеуміздің таныстығымыз жалғасып,  жеті айдан кейін шаң­ыр­ақ көтердік.

– Сіздердің таныстықтарыңызға себепкер болған Оралхан Бөкейдің кітабы екен ғой.

– Мен үнемі Оралханның ал­дында басымды ием. Біздің тағ­дыры­мыздың тоғысуына да оның ықпалы болғанын айтып жүремін. Шөмішбайдың қолында Оралхан­ның кітабы болды. Сол кітап бізді таныстырды. Тағы бір қызығы – біз кейін 41 елге сапар шегіппіз. Оның да бастауында Оралхан тұр. Сочидің маңында Пицунда деген демалыс орны бар. Орекең сол жерге Айман екеуі жолдама алып қойған екен. Бірақ Айманның бір туысы қайтыс болып, бара алмай қалады. Жазушы Сәбит Досанов сол кездері Жазушылар одағында Бюро пропаганданың директоры болған. Сол кісі Шөмішбайға: «Мына жолдама бос қалып қоятын болды. Бір адамға тегін, екіншісіне 50 пайыз ғана төлеу керек», – деп ұсынады. Шөмішбай да көп ойлан­бай келіседі. Осылайша, біздің шет­елге алғаш сапарымыз бастал­ған еді. Сол сапардан кейін саяхат­қа деген қызығушылығымыз ар­тып, әлемнің түрлі елін бірге аралауға тырыстық. Қай елде қан­дай курорт бар, қандай көрікті жерлер бар – бәрін бірге көріп, жаңа әсерлер жинауға ұмтылдық.

– Отбасын құрған соң бірден жұ­мысқа шығып кеттіңіз бе?

– Байланыс саласына жұмысқа орналасуымның да өзіне тән қыз­ық тарихы бар. Сол кезде Сара Мың­жасарова деген апаларың болды. Ол кісі министрліктегі жазы­л­ым бөлімінде қызмет атқа­ратын. Өзі ер мінезді, өжет, өте мығым адам еді. Бірде жігіттерге: «Қазақ ССР министрлігінде жал­ғыз министр ғана қазақ, қалғаны­ның бәрі орыс. Сондықтан әйел­деріңді жіберіңдер, жұмысқа ал­а­мын» деген екен. Содан қатар жүрген жігіттердің бәрі келіншегін жіберіпті. Сара апай – алғаш роман жазған қазақ әйелі. Бір күні Шөмішбай маған: «Ол кісінің мінезі ерекше, кез келген адамды жақтыра бермейді. Сен барып көрші», – деді.

Ол кезде жеті айлық балам бар. «Баланы тастап, қалай бара­мын?» – дедім. Сонда ол: «Алса – алар, алмаса – үйде отыра бересің ғой», – деді. Сөйтіп, 21 жасымда Сара апайдың алдына бардым. Ол кісі мені көрді де, еш ойланбастан: «Сені жұмысқа аламын», – деді. Осылайша, тұңғышымызды ауылға  қалдыруға тура келді. Бірақ бөлім бас­тығы бірден: «Бізде екі ай сай­ын іссапар болады. Соған келіс­сең­із ғана жұмысқа аламын», – деді.

Содан кейін Сара апайдың өзіне кіріп едім, ол кісі: «Сенің жеті айлық балаң бар. Заң бойын­ша бала 12 жасқа толғанға дейін анасын іссапарға жібермеуге бола­ды. Сені ешкім күштеп жіберейін деп жатқан жоқ», – деді.

Солайша, байланыс саласын­дағы еңбек жолым басталып, жұ­мыс­қа кірісіп кеттім.

Өлең – жан дүниенің толқынысынан туған сыр

– Шөмішбай аға әдеби ортаға ерте ілікті. Алғаш Ленинградта өт­кен форумға қатысқанын білеміз. 

– Әдебиеттің үлкен аға буын өкілдері, өлең шеберлері Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Сағи Жиенбаев Шөмішбайдың творчес­твосы туралы пікірлерінде ақын­ның әлеуметтік кең тыныстағы толғауларына жылы лебіз білдірді. Ленинград қаласында өткен «Қазақ әдебиетінің күндері­не» үлкен классик ақындар Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, сыншы Мұхамеджан Қаратаев секілді алып тұлғалармен сол кез­де­гі жас ақындардың ішінен Шөм­іш­бай мен проза саласында жазып жүрген жас жазушы Роллан Сей­сен­баевтың қатысуы кездейсоқ емес деп ойлаймын.

Кейін Шерхан аға Мұртаза Шөм­іш­байды Мәскеуде өткен жас ақындардың форумына алып кетті. Жарасқан Әбдіраш, Ибрагим Иса және Шөмішбай. Оның жалынды жырлары, отты өлеңдері оқыр­манның ыстық ықыласына бөл­ен­ді. Әдеби орта да Шөкеңді бірден бағалап, топқа қосып жіберді. Әдеби форумдарға да алғаш іліккені де сондықтан болар.

Оқуды бітірген соң бірден «Қазақстан» баспасының «Марк­сизм-ленинизм классиктері» бөлі­міне редактор болып қабылданды. Екі жылдан кейін жазушы ағасы Шерхан Мұртазаның шақыруымен «Жұлдыз» журналының «Сын және библиография» бөліміне ауыс­ты. Осы кезеңдерде Шөкең әдебиет сынымен айналысып, «Тура би Туғансызов», «Әділ сын, Жұлдыз ұлы» атты мақалалар жаз­ып, сыни трибунаны жүргізді. Кей­ін­ ұзақ жылдар бойы «Жұлдыз» жур­налының «Поэзия» бөлімін бас­қарды. Соңғы отыз жылдың кө­л­емінде, өмірінің соңғы жыл­дарына дейін Ұлттық Ғылым ака­демиясының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінде ғылыми қыз­меткер болып жұмыс істеп, қазақ әдебиетінің дамуына  үлесін қосты.

– Ақынның шабыты келген уақытта өлең жазатыны белгілі. Өлең жазуға белгілі бір себеп бола ма, әлде шабыт қысса, жаза бере ме?

– Ақын үшін өлең – тек сөз тізбегі емес, жан дүниенің толқы­нысынан туған сыр. Кейде белгілі бір оқиға, адам тағдыры, қоғамдағы құбылыс немесе жүректі қозғаған бір сәт өлеңге себеп болады. Ал кей­де ақынның жан дүниесін бел­гісіз бір сезім тербеп, ойы мен көңілі арнасынан асып, шабыттың өзі өлең болып төгіледі. Мұндайда ақын арнайы себеп іздеп отыр­майды – ішкі толғаныс қағазға өзінен-өзі түседі. Сондықтан өлең кейде өмірдегі нақты жағдайдан туса, кейде жүректің тереңіндегі сезім мен шабыттың әсерінен дүниеге келеді. Ақынның шабыты қысқан кезде ол кісінің мазасын алмауға тырыстық. Қандай өлең жазса да, сезімнің, ішкі толған­ыстың жемісі. 

 – Сіздің буын пәтер тапшы­лы­ғын көп көрді. Бұл тапшылық сіз­дер­дің де бастан өткен шығар.

– Біз де сол пәтер тапшылығын көп көрдік. Бес жылдай пәтер жал­дап тұрдық. Ол кезде шығарма­шы­лық адамдары үшін баспана мәсе­лесі оңай болған жоқ. Біздің тұрған үйдің маңында Оралхан да, Жарас­қан да тұратын. Олар да біз сияқты пәтер жалдап жүрген. Жарас­қан­ның жары Нәзік бірде мебель сатып алыпты. Содан Жарасқан көшсе болды, бәріміз жиналып, әлгі мебельдерді көтеріп, жаңа пәтерге тасып жүретінбіз. Ол кез­дері бір-бірімізге көмектесу – қалыпты жағдай еді. Біреу көшсе, бәріміз барып қолғабыс жасаймыз. Жалдамалы пәтерде тұрғаны­мызбен, үйіміз қонақтан арылмай­тын. Бір бөлмелі үй болса да, дос­тар да, туыстар да жиі келетін. Әң­гіме-дүкен құрып, шай ішіп, түнге дейін отырып қалатын кез көп болатын. Кейде бір бөл­меде бірнеше адам түнеп шыға­тын­быз. Бірақ соған ешкім рен­жімейтін, бәрі бір-біріне жа­қын, көңілдері кең еді. Қазір ой­ласам, сол жыл­дардың қиындығы­мен бірге ерек­ше жылылығы да болды. Жоқшы­лық болса да, адам­дардың арасы жақын, пейілі кең еді. Бір-бірімізге сүйеу болып, сол кезеңнен бірге өттік.

– Ең жақын араласқан достары кім еді?

– Шығармашылық адамдар­дың көбі бірге жүреді ғой. Шөкең араласқан адамдар өте көп. Жа­рас­қан екеуі қатар жүрді. Курс­тас­тары – Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Дәулет Сейсенұлымен жақсы жос болды. Сосын ком­по­зи­торлар – Сейдолла Бәйтереков, Мұрат Құсайынов, Кеңес Дүй­се­кеев, Төлеген Мұхамеджановпен жақын араласты. 

– Шығармашылық адамдарына тән бір қызық мінез болады ғой. Шө­міш­бай ағаның болмысы  қандай еді?

– Ақын адам бала сияқты бола­ды, ботам. Мен де ол кісіні еркеле­тіп ұстадым. Сәл нәрсеге ренжіп қа­лады, сәл нәрсеге мұңайып қа­лады. Еш уақытта көңіліне кірбің түсірмеуге тырыстым. Біз дүние жиған жоқпыз, тапқан-таянғаны­мызды ел көруге, жер көруге жұм­садық. Қайда барсақ та, бірге жүр­дік. Әлемнің қаншама елін бірге тамашаладық. 

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары нарықтық дағдарыс бастал­ды. Ақша жоқ, қаламақы тағы жоқ. Сол қиындықтан қалай өттіңіз­дер?

– 1991 жылы біз Самал мөлтек ауданынан пәтер алған едік. Жазу­шы достары әзілдеп: «Жазушылар­дың ішінде пәтерді ең соңғы ал­ған – Шөмішбай» деп күлетін. Бірақ сол шаңырақ біз үшін нағыз құтты үй болды. Сол үйде бала­ла­ры­мыз өсіп, ер жетіп, кейін неме­ре­леріміз дүниеге келді. Тәуелсіз­діктің алғашқы жылдары оңай бол­ған жоқ. Нарықтық кезең бас­та­лып, көпшіліктің тұрмысы қиындады. Ақша тапшы, қаламақы сирек төленетін уақыттар болды. Дегенмен қандай қиындық болса да, отбасының берекесі мен бірлігі бәрінен биік тұрды. Сол шаңырақ бізге үміт пен күш берді. Бүгінге дейін сол шаңырақта тұрып келе­мін, қазір де немерелеріммен бірге сол үйде өмір сүріп жатырмын.

– Кітаптары шыққан кезде бір­інші қолтаңба жазып, сізге ұсы­на­тын ба еді?

– Кітабы шыға салысымен, қол­таңба жазып, анасына апарып беретін. Одан кейін маған ұсына­ды. Анасы дүниеден өткеннен кейін бірінші қолтаңбасын маған жазып беретін болды. 

– Ақынның анасының портреті «Анаға құрмет» музейіне қойылған екен. 

– Тұңғыш ұлым Бақытжан біраз жыл әкеміз бен анамыздың қолында өсті. Ол кезде бала болған соң, бізге үйренісуі оңай болған жоқ. Жеті жасында үйімізге келгенде, бізді атымызбен атай­тын, ал енемді «мама» дейтін. Бірте-бірте бауыр басты ғой.

Шөмішбайдың анасы көп бала­ны дүниеге әкеліп тәрбие­леген, «Алтын алқа» иегері болған аяулы ана еді. Өте еңбекқор, са­быр­лы, мейірімді жан болатын. Балаларына ғана емес, айналасына да қамқор болып, үлкен жүректі ана ретінде көпке үлгі болды.

Қарасай ауданында «Анаға құрмет» атты ерекше музей бар. Бұл музей аналардың қадір-қасие­тін дәріптеп, олардың өмір жолын, еңбегін насихаттауға арналған. Музейдің көрмелері тек Қазақ­стан­да ғана емес, шетелдерде де көрсетіліп жүр. Сол музейге Шөк­ең­нің анасының портретін беруді жөн көрдім. Арнайы комиссия қарап, қабылдап алды. Мен үшін бұл үлкен құрмет деп ойлаймын. Себебі ол кісі тек біздің отбасымыз­дың ғана емес, қазақтың ардақты аналарының бірі еді. Оның бейнесі сол музейде тұруы – аналардың еңбегіне көрсетілген құрметтің бір белгісі.

Ән-өлең мәтін жазудың шеберіне айналды

– Ақын Ғафу Қайырбеков Шөмішбайды «Қос қанатты» ақын деп бағалаған екен. Біріншісі – лирикалық жырлары болса, екін­шісі – ән-өлеңдері. Шөмішбай ақын қанша әнге өлең жазды? 

– Шөмішбай Сариев – қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол 300-ге жуық әннің сөзін жазған. Қызығы, Шөкең ән мәтіндерін жазуды елу жастан ас­қан­нан кейін ғана бастаған. Соған қарамастан, аз уақыттың ішінде қазақ әдебиетіндегі ән-өлең мә­тінін жазудың шеберіне айнал­ды. Бүгінде оның сөзін жазған ән­дері­мен тұтас бір ұрпақ өсіп шықты, көптеген туындысы халықтың сүйікті әндеріне айналды.

Бірде ол Композиторлар ода­ғына барған кезде алғаш рет ком­позитор Кеңес Дүйсекеевпен жолы­ғады. Сонда Кеңес: «Мен композитормын, маған бір әннің мәтіні­н беріңізші», – деп өтініш білдіреді. Кейін белгілі болғандай, Кеңес Дүйсекеев біздің үйдің жан­ындағы ауруханада жатқан екен. Шөмішбай  оған жиі барып, екеуі ұзақ әңгімелесіп, сырласатын. Сол кездесулердің бірінде Шөкең «Ерке­ледің сен» әнінің мәтінін жазып, композиторға береді.

Бір күні барғанында Кеңестің әлгі әнді ыңылдап айтып отырған­ын естиді. Әннің әуені мен мәтіні үйлесім тауып, Шөмішбайдың өзіне де қатты ұнайды. Осыдан кей­ін ол ән мәтіндерін көбірек жазуға ден қоя бастайды. Сөйтіп, Шөмішбай Сариев пен Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық бір­лестігі осылай бастау алады.

Олардың бірлесіп жазған ән­дері тыңдарманның көңілінен шығып, халық арасында кең тарай бас­тай­ды. Осыдан кейін өзге ком­пози­торлар да Шөкеңмен жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Ақын Төлеген Мұхамеджановпен де бір­қатар сәтті әндер дүниеге әкелді. Сейдолла Бәйтерековпен шығарма­шылық тандемі де жемісті болды. Сонымен қатар Мұрат Құ­сай­ынов­тың әндеріне де сөз жазды.

Жалпы, Шөмішбай Сариевпен бірге жұмыс істемеген композитор кемде-кем деуге болады. Мәселен, Гүлнәр Дәукенованың «Сағын­дым, сағым жылдар», «Қайран уақыт» әндерінің мәтінін де Шөкең жазған. Осылайша, ақын­ның сөзіне жазыл­ған әндер қазақ музыкасының алтын қорынан орын алды.

– «Атамекен» қалай жазылды?

– Шөкең жазған «Айналдым сенен, Атамекен-ай», «Домбыра», «Боз жорға», «Сарыарқа», «Қара­ғым-ай», «Ғашықтар жыры», «Ерке­ледің сен», «Аралдан ұшқан аққу­лар», «Ойлайсың ба, сен» әндері қазақ­тың майталман әнші­лерінің берік репертуарына енді. Қазақтың белгілі жазушысы, әде­биет зерт­теу­шісі, профессор Зей­нолла Қабдолов: «Әннің өміршең болуы, халық сүйіп айтатын әніне айналуы, ол тек әннің мәтініне байланысты, мәтіні жақсы ән ғана өміршең болады», – деп Шөміш­байдың әндерге жазған мәтіні туралы ұстаз ағасы осын­дай баға берді.

Шөмішбай Сариевтің әндері уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа буынға қайта жол тартып кел­еді. Бүгінде оның сөзін жазған көптеген әнді әншілер қайта ор­ын­дап, тыңдарманға жаңаша тан­ыстырып жүр. Мәселен, «Сері­лер» тобы «Боз жорға» әнін айтып, халық­тың ықыласына бөленіп келеді. Ал Роза Рымбаева орын­даған «Атамекен» әні – қазақ муз­ыка­сының алтын қорына енген туындылардың бірі. Бұл ән Роза­ның шығармашылық төлқұжатына айна­лған десек, артық айтқандық емес.

Жақында Роза Рымбаеваның шығармашылық кешінде әнші Жұбаныш Жексенұлы осы «Ата­мекен» әнін орындады. Оның орын­дауындағы әсер ерекше бол­ды. Әннің мазмұны мен әуені тыңдарманның жүрегіне жетіп, залды ерекше күйге бөлегендей әсер қалдырды.  «Атамекен» әнінің шығу тарихы да қызық. Бір күні композитор Жанбота Тұяқ­баев Шөмішбай ағасына келіп, жаңа әнге мәтін жазып беруін сұрайды. Ән махаббат туралы бол­уы керек деген өтініш айтады. Бұған дейін ол осы әуенді Тұман­бай Молда­ғалиев пен Мұхтар Шах­ановқа да апарып көрген екен, бірақ олар мәтін жазбаған. Жан­бота Тұяқбаев, негізінен, орыс тілінде білім алғандықтан, бәлкім, ойын толық жеткізе алмаған болуы мүмкін. Сол кезде Шөмішбай әу­ен­ді тыңдап отырып, оған махаб­бат жайлы емес, туған жер туралы ән жазған дұрыс деп шешеді. Сөйтіп, жүректен шыққан «Атаме­кен» әнінің мәтіні дүниеге келеді.

«Дүниені жалт қаратсам деп едім»

– Шөмішбай ағаның ақын ретіндегі рөлі белгілі, әке ретіндегі рөлі қандай еді?

– Әке ретінде Шөмішбай өте мейірімді, балажан жан еді. Неме­ре­лерін ерекше жақсы көріп, олар­ды «менің патшаларым» деп ерке­лететін. Үй ішінде де қамқор, жылы мінезді, отбасының бере­кесін ойлап жүретін әке болды.

Үш баласының екеуі шығар­ма­шылыққа қызығушылық тан­ыт­қанымен, ол балаларын бұл жолға түсуге аса құптай қоймады. Себебі «егер жаман жазсаңдар, маған ұят болады, ал жақсы жаз­саңдар, жұрт «әкесі жазып берді» деп айтады» деп әзіл-шыны ара­лас айтып отыратын. Сондықтан ол бала­лары­ның өз жолын, өз маманды­ғын тапқанын қалаған.

– Шөмішбай ағаның жолын қуған ұрпақтары бар ма?

– «Менің бар жазған жыр­ларым, әндерім саған арналады» дейтін.  Шөкең екеуміз 50 жыл бірге болдық. Мәнді де, мазмұнды ғұмыр кештік. Үш ұрпақ сүйдік. Үлкен ұлымыз – Бақытжан, ортан­шы қызымыз – Шолпан, кенже ұлы­мыз – Байсал. Өсірген ұл-қыз­дан сегіз немере көрдік. Шөкең өте бауырмал адам. Әкесі Наға­шы­бай атамыз ерте қайтыс болған соң, іні-қарындастары өзінің қам­қорлығында болды. Оларды оқытып, үйлендіріп, үлкен өмір жолына салды. Оның адамгер­ші­лігі мен жасаған жақ­сы­лықтары барлық туған-туысы­ның орта­сын­да сыйластыққа бөледі. Оның бауырларының ба­ла­лары мені «мама» деп, Шөкеңді көкелеп өтті. Біз­дің оларға деген алғысы­мыз шексіз.

– Ақынның құрметіне ес­керткіш тақта, көше аттары берілді ме?

– Шөкең өмірден озғаннан кейін екінші ғұмыры басталды деп ойлаймын. Алматыда біз тұрып жатқан үйде ақынның құр­метіне мемориалдық тақта ашыл­ды. Кеңсайда басы көтерілді. Қызылорда қаласында Облыстық өлкетану музейінде Шөкеңе ар­нал­ған бұрыш ашылып, онда ақынның кітаптары мен ол қол­дан­ған машинкасы, зерделі шапаны, басқа да құнды заттары қойылды, Қызылорда қаласында үлкен жол жиегіне бильборды ілінді, өзі туып-өскен Қызылорда облысы Арал қаласында ақын Шөмішбай Сариевтің туған күніне орай «Халқымның жүр­егіне жыр жазамын» атты ғылы­ми-танымдық конференция өтті. Астана қаласында республикалық Ұлттық академиялық кітапханада «Қос қанатты ақын – Шөмішбай Сариевтің шығармашылық залы» ашылды. Алматы қаласының архивінде «Дүниені жалт қаратсам деп едім» атты көрме бұрышы ашы­лып, оған да Шөкеңнің бар­лық құнды құжаты қойылды. «Сыр елінің тұлғалары» атты се­риямен телехабар түсіріліп, «Ата­мұра» баспасынан «Жүрегім – қазақ елі», «Теңізден соққан жел» атты жыр жинақтары басылып шықты. «Дәуір» баспасынан «Қос қанатты ақын Шөмішбай Са­риев» деген атпен фотоальбомы жарыққа шықты. Жақында 2026 жылдың 19-20 қаңтар аралығында Қызылорда қаласында өткен 5-ші Ұлттық құрылтай кезеңінде 19 қаңтар күні  «Атамекен-ай» атты шығармашылық кеші болып өтті. Осындай айтулы іс-шараларды ұйым­дастырып, ақынның шығар­ма­шылығына құрмет көрсетіп жүрген бірқатар азаматқа, Сыр елінің халқына басымды иіп, риза­шылығымды білдіремін.

Шөмішбай ақынмен қол ұста­сып өткен жарты ғасырлық өмір жолыма, онымен қызықты да мән­ді өткізген ғұмырыма, бірге қол ұстасып жүрген кездеріме, оның мұңайған шақтарында жанынан табылып, шығармашы­лығына демеу болғаныма, әдеб­иеттегі үлкен ағаларына, оның көп достарына қызмет жасағаны­ма, жанынан тастамай мен көрген қызықты, сен де көр деп, бірге жүріп көрген алыс-жақын шетел­дергі сапарыма – бәріне-бәріне ризамын. Жаның жәннатта бол­сын! Ұрпағыңды желеп-жебеп жат­қайсың.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Аман жүріңіз! 

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
seeКөрілімдер:98
embedДереккөз:https://aikyn.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 14 Наурыз 2026 07:29
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Шалқардың шырайы кірді

12 Наурыз 2026 10:29see163

Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа жылу электр орталықтары салынады

12 Наурыз 2026 16:49see160

Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ: Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарына не айтты?

12 Наурыз 2026 13:52see117

Тоқаев: Жылу және электр стансаларын жаңарту еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтеді

12 Наурыз 2026 13:50see116

Конституциялық реформа: Институционалдық өзгерістер арқылы жаңа қоғамдық келісім қалыптастыру

12 Наурыз 2026 15:49see113

Қазақстан ауылдарында 6 жыл ішінде 7,6 мың инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды

12 Наурыз 2026 11:41see113

Елімізге көшіп келетіндер көбіне қай өңірге қоныстанады?

13 Наурыз 2026 15:02see113

Үшінші рет үйленген актер Әбілмансұр Серіков өзін сынағандарға жауап берді

12 Наурыз 2026 22:08see113

Референдум: Бүгін үгіт аяқталады

13 Наурыз 2026 13:45see113

Депутат Снежанна Имашева жаңа қызметке тағайындалды

13 Наурыз 2026 14:10see113

Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан мен Канада құрамаларында кімдер ойнайды

12 Наурыз 2026 23:05see113

Бас прокуратура халыққа үндеу жасады

13 Наурыз 2026 14:10see112

Инвестиция тартуға құқықтық сенімділік керек

13 Наурыз 2026 08:47see112

Ипотекамен үй алатындар үшін нотариус ақысы 3 есе арзандады

13 Наурыз 2026 13:09see112

Құқық қорғау органдары азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады

13 Наурыз 2026 13:12see111

Волейбол: Төртінші турдың алғашқы күні фавориттер жеңіске жетті

13 Наурыз 2026 08:12see111

Дональд Трампты енді Нобель сыйлығы қызықтырмайды

13 Наурыз 2026 23:06see110

​Ақтөбеде бейімдеу орталығынан қашып кеткен үш жасөспірім іздестіріліп жатыр

12 Наурыз 2026 14:56see109

Қазақстанда қашан күн жылынады?

12 Наурыз 2026 10:24see108

Астанада көлік салығын төлемеген жүргізушілерге ескерту жасалды

12 Наурыз 2026 17:13see107
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары